Халық қаһарманы, майор Азамат Жұмаділов: "Тәуелсіз елдің бақытты ұрпағымыз"

– Азамат Тілеуханұлы, Тәуелсіздіктің таңы атқан сол жылдары (1991 ж.) сіз жеті жастағы балдырған екенсіз. Тәуелсіздіктің дәмін татқан бала ғұмырыңыз қалай өтті? Талай тәтті қиялға да шомған шығарсыз, кім болуды армандадыңыз? Кімдерді үлгі тұттыңыз? 

– Балалық шағым бақытты болды. Тәуелсіздік алғаннан кейін қиын жылдар өтсе де, екі қанатым – әкем мен анамның бар болғандығынан өзімді бақытты санайтынмын.

«Армансыз адам қанатсыз құспен тең» дегендей, бала күнімде полиция қызметкері (сол кездегі милиционер) болуды армандадым. Өйткені, сол кезде нағашы ағам милиционер болып қызмет атқарған еді. Мен сол ағамның бітім-болмысы мен жүріс-тұрысына қызығатын едім. Тіпті, киген формасына қызыққаным сонша, оның фуражка, погондарын балалықпен ұрлап та алатынмын.

Азамат болып қалыптасуыма ең бірінші әкем үлгі болды, ықпал етті, қолдады. Әрине, батыр Бауыржан Момышұлы, Талғат Бигелдинов сияқты біртуарлар да әсерін тигізбей қалған жоқ.

–  Әкеңіздің тәлімі, ана тәрбиесі  қандай еді? Оқушы Азаматпен жақынырақ таныссақ...

–  «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген  – тон пішер» демекші, менің адам болып қалыптасуыма себепкер – осы екі ардақты жан. Осындай болғаным, әрине, әкем мен анамның тәрбиесі десем артық болмас. Олар мені «біреудің ала жібін аттама, еңбекқор, шыншыл, адал, адамгершілікті бол» деп тәрбиеледі. Шынымды айтсам, балалық па екен, әлде, еркелік пе екен, мектепте бұзықтау болдым.

– Сөзіңіздің басында о бастан әскери болуды армандағаныңызды білдік. Үштөбеден ұшқан ұлан соған қалай қол жеткізді?

– Сол арманымның орындалу жолында бар күшімді салдым. Жоғарғы оқу орнын бітірген соң полиция қызметкері болып жұмысқа орналасуға әрекет еттім. Алайда, Ішкі істер министрінің сол кездегі бұйрығы бойынша бойым 1,75 м-ге жетпегендіктен, тексеру комиссиясынан өтпей қалдым.

 Бұл – менің ғана емес, әкемнің де арманы болатын. Ол кісі кейін мені Алматы қаласындағы Қазақ гуманитарлық Заң университетінің әскери кафедрасына өзі апарып орналастырды. Сол кафедраны тәмамдаған соң Үштөбе қаласындағы бөлімге қызметке орналастым.

– Дегеніңізге жетіп, қазір әскери қызметшісіз. Яғни,  2007 жылдан бері еліміздің Қарулы Күштері сапындасыз. Сол бір жылдарға шегініс жасасақ. Дәл осы жылдың күзінде, лейтенант кезіңізде ерлік жасағаныңыз есімізде...

–  Ол 2007 жылдың 10 қазан күні болатын. Түн жарымғы уақыт. Анамды тойдан алып келе жатқан едім. Сонадайдан будақтап шығып жатқан қара түтінді көзім шалды. Көлікті кілт тоқтатып, өртке қа­рай ұмтылдым. Өйткені, сол маңайда күндіз аулада ойнап жүрген балалар бірден ойыма оралды. Айтқандайын, өрт ішінде үш баласы мен анасы қалған екен. Ең бірінші үш жастағы Алмасты көрпесіне орай салып, екінші қолымен газ баллонын (жарылып кетуі мүмкін еді) қапсыра құшақтап, сыртқа ұмтылдым. Одан соң үйдің ішіне қай­та кіріп, не болғанын ұғып үл­гере алмай жатқан үйдегі екі ересек баланы және ананы сыртқа алып шықтым. 

Өзімді елден ерек ерлік істедім деп ойламаймын. Менің орнымда қызметтестерімнің қай-қайсысы болса да, лаулап жанып жатқан үй ішінде шырқыраған балалар мен ананы құтқарып қалуда жанын аямайтын еді. Оған кәміл сенімдімін.

– Міне, содан бері тоғыз жылдан астам уақыт өтіпті. Қазір сол кездегі құтқарған үш жастағы Алмас та, оның ағасы мен әпкесі де егемен елде өмір сүріп жатыр. Олармен қазір байланыстасыз ба?

– Қызмет бабымен гарнизоннан гарнизонға ауысып жүргендіктен бүгінгі күні байланысымыз үзілген.

– Осы бір ерлігіңіз ел тарапынан ескерусіз қалмады. Алматы облысының құрметті азаматы болдыңыз, мерзімінен бұрын аға лейтенант шенін алдыңыз, «Алтын жұлдыз» және «Отан» ордені  кеудеңізге тағылды. Халық қаһарманы да атағы берілді. Бұдан сіз нені түйсіңдіңіз, неге ұмтылдыңыз?

– Бұдан менің түйсінгенім, игі іс істеген жай ғана қарапайым азаматты да мемлекет жоғары бағалайтыны. Оны мен тек өзіме берілген атақ деп санамаймын, ол мен сияқты ауылдан шыққан қарапайым қазақ жігіттеріне берілген атақ деп санаймын. Бұл атақты алғаннан кейін оны аса үлкен жауапкершілікпен алып жүруге ұмтылдым.

–  Қазір – майорсыз. Шеніңізге шен қосып, дәрежеңізді одан сайын арттырғыңыз да келетін шығар. Мүмкін халық қаһармандары Мұхтар Алтынбаев, Бақытжан Ертаевтар ағаларымыз сияқты сізді кейін Парламент төрінен де көріп қалармыз...

– Әрине, әскери адам болған соң «генерал болуды армандамайтын сарбаз жоқ». Жалпы, ел игілігіне қызмет ететін ел қалаулысы боламын деген мақсатым бар. Оны уақыт көрсете жатар...

–  Байқап қарасақ, әскери ортада жүргеніңізге аз болмапты. Тәуелсіздіктің алғашқы жылында құрылған Қарулы Күштеріміз ендігі жылы 25 жылдығын атап өтпек. Осы жылдар ішінде Қорғаныс саласының да өркендегені бар...

– Тәуелсіздік алғаннан кейінгі алғашқы жылдары жас мемлекетіміздің әскері әлсіз, әскери техникасы ескі болды. Жоғары Бас Қолбасшымыз Н.Ә.Назарбаев пен тұңғыш Қорғаныс министрі C.Қ.Нұрмағамбетовтың басшылығымен құрылған әскеріміз қазіргі таңда мықты әскерлердің қатарына енді. Әскеріміздің әл-ауқаты жақсарып, әскери техникамыз да жаңартылды, әскерилердің мәртебесі жоғарылады. Бұған үлесін қосқан басқа да генерал ағаларымыздың еңбегі ерен.

–       Ал, биыл – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы. Сіз үшін Тәуелсіздік несімен құнды?

– 1991 жылы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік таңы арайлап атты. Біз сол «таңды» көрген бақытты ұрпақпыз. Тәуелсіздік пен Назарбаев – ажырамас егіз ұғымдар. Жас тәуелсіз мемлекеттің дәрежесін 25 жылда биік белестерге (шыңдарға) жеткізген, алдыңғы қатарлы дамыған 30 елдің қатарына енгізуді мақсат тұтқан Елбасымыз оны бүкіл әлемге танытып, мойындатты.

Тәуелсіздік несімен құнды десек, біз ең алдымен мәні де, маңызы да айрықша тарихымызды, өткеніміз бен жоғалтқанымызды түгендедік, тілімізді тірілтіп, дініміз бен ділімізді қайта оралттық. Шекарамыз шегенделді, айбынды армиямыз ел қорғанына айналып, қатарға тұрды. Мемлекеттігімізді білдіретін ұлттық рәміздер қабылданып, ұлттық салт-дәстүрімізді жандандырдық, барша қазақстандықтардың берекелі ісіне жол аштық. Осының бәріне Тәуелсіздік болмаса қол жетуі де мұң емес пе? Ең ақыры қазақ атты ұлттың сақталуы, ықылым заманнан өзі мекендеген ата жұртында дербес жұрт ретінде шаңырақ көтеріп, егемен ел ретіндегі өркендеуінің бастауы Тәуелсіздікке келіп тірелетіні анық. Сондықтан да қазақ үшін қандай да болсын мерекенің, мейрам мен тойдың атасы  Тәуелсіздік күні екендігі даусыз.

Тәуелсіз елдің бүгінгі ұрпақтары тәуелділіктің не екенін білмегендіктен, тәуелсіздіктің қадірін түсінбейтін сияқты. Алайда, тәуелділіктің тауқыметін көрген қарттарымыздың «тәуелсіздікті қастерлеңдер, сендер осындай заманда өмір сүріп жатырсыңдар. Тәуелсіз елде өмір сүріп жатқан бақытты ұрпақтарысыңдар» деген ақылдарын үнемі өзімнің үш қызыма және жастармен әрбір кездесуде айтып жүремін.

– Тәуелсіз Қазақстанның ел-жұртына тілегіңіз...

– Тәуелсіздігіміздің 25 жылдық мерейтойы құтты болсын! Бірлігі жарасқан егемен еліміздің тәуелсіздігі тұғырлы болсын! Жанұяларыңызға – бақыт, береке-бірлік, денсаулық, қызметтеріңізге табыс тілеймін.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"