Жауынгерлік қабілетті арттыру - уақыт талабы

«Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысы басқармасының комиссиясы 2016 оқу жылының қорытындысы бойынша 44736 әскери бөлімін тексеруді аяқтады, деп хабарлайды Sarbaz.kz. Әскери бөлімнің жауынгерлік әзірлігінің деңгейін бағалауды мақсат еткен комиссия жұмысына «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штабтар бастығы полковник Талғат Қабдыбекұлы Исмаилов жетекшілік етті.

Кәсіби біліктілік пен білім шыңдалды

   Комиссия мүшелері әскери қызметшілердің саптық дайындығын, сапта жүріп әскери әндерді орындау шеберлігін көрді. Мамандығына қатысты сұрақтар қойып, кәсіби біліктілігін тексерді. Автопарктердегі техниканың жағдайына, қару-жарақ қоймаларының қызметіне, әсіресе қару-жарақ пен оқ-дәріні сақтау тәртібіне, қауіпсіздік шараларының қатаң қадағалануына да көз жеткізді. Бөлімнің құрамы жеке және ұжымдық қорғану құралдары жөніндегі №1-ші, 4А және 4Б нормативтерін орындады. Жалпыәскери «Шығыс» полигонында АК-74 автоматынан, 7,62 миллиметрлі СВД мерген винтовкасынан, жетілдірілген Калашников пулеметінен және БМП жаяу әскер машинасынан оқ атудан мергендіктерін танытты. Атыстың негізгі әдіс-тәсілдері мен ережелерін, қарулану барысындағы әрекет пен техникалық қызмет көрсету тәртібін, қаруды ұрысқа келтірудің әдістемесі мен көздеу құралдарын дұрыстауды тағы бір мәрте меңгерді. Кәсіби шеберліктерін түнгі уақытта да шыңдады. Сондай-ақ, әскери техниканы жүргізуден бақтарын сынады. Ал, дене әзірлігі бойынша 100 метрге және 3 шақырымға жүгірді. Жалпы алғанда, әскери қызметшілер саптық әзірлік, жалпыәскери жарлықтар, мемлекеттік-құқықтық дайындық, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс, атыс даярлығы, дене дайындығы, мобилизациялық әзірлік, роталық тактикалық (тактикалы-арнайы) дайындық , инженерлік және техникалық дайындық, көлік жүргізу пәндері бойынша сынақтан өтті.

 

Екі жақты роталық арнайы тактикалық жаттығу

   «Шығыс» жалпыәскери полигонында екі жақты роталық тактикалы-арнайы жаттығу да ұйымдастырылды. Роталар жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтірілген соң, белгіленген аудандарға жеткізілді. Барлаудың арнайы құралдарының көмегімен аймақты зерттеп, барлау жүргізді. Инженерлік жағынан қамтамасыз етілмеген елді-мекенге жаяу кетіп бара жатқан қарсыласты, топты, колоннаны, заңсыз жасақталған құраманы торуылдайтын құрылғы қойды. Тактикалық арнайы жаттығудың негізгі кезеңінде қорғанысқа кірген шартты қарсыласқа соққы беріп, заңсыз жасақталған қарулы топтың бетін қайтарды. Жаттығуда дұрыс тактикалық әрекеттерге, қару-жарақты тиімді пайдалануға, әрі қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға ерекше көңіл бөлінді. Барлаушылар тактикалық кәсіби қимылдарды жүзеге асырудың әдіс-тәсілдерін жетілдіріп, күрделі далалық жағдайда жауынгерлік тапсырманы орындаудағы дайындықтың деңгейін көрсетті. 

Барлау аппаратының тиімділігі

   «Шығыс» жалпыәскери полигонында Skylark- I LEX (Long Endurance) пилотсыз ұшу аппаратының жүйесі де қолданылды. «Бозторғай» деп аталатын пилотсыз ұшу аппараты оптикалық барлауды, нысананың сәйкестігі мен бақылаудың мүмкіндігін қамтамасыз етеді. Ол түрлі-түсті CCD камерамен, ИК алдыңғы барлау жүйесімен, мәліметтерді тарату каналымен, бейнені тарату VSAT жүйесімен, сондай-ақ, басқару және ізге түсудің автономды жүйесімен қамтамасыз етілген. Жылдамдығы сағатына 92 шақырымды құрайды. Қанаттарының құлашы 3 метрге жуық, ұшу салмағы болса 7,5 кг. Тиімді пайдалану қашықтығы 20-40 шақырымға дейін жетеді, ал, әуеде үш сағатқа дейін ұша алады. Биіктікке 4 880 метрге дейін жетеді, көкке 100 метрден артық көтерілгенде жерде оның дыбысы да естілмейді.

Электр жетегі арқылы жүзеге асырылатын құралға екі оператор қызмет көрсетеді. Израильдің Silver Arrow компаниясы ойлап тапқан Skylark- I LEX аппаратын әлемнің көптеген елі әскери әуе күштерінде қолданады.

 

Тексерудің қорытындысы

   Тексерісті қорытындылаған мәжілісте кез-келген күрделі жағдайда тапсырманы орындауда барлаушылардың дайындық деңгейін арттыру, әсіресе лаңкестік пен экстремизмге қарсы күресте барлаушыларға бүгінгі заманның талабына сай кәсіби амалдар мен қимыл-әрекет әдістерін үйрету аса қажет екені айтылды. Комиссия мүшелері әскери бөлім басқармасы мен арнайы тағайындалған барлау роталарының дайындығына жеке-жеке баға берді. Сондай-ақ, 1-ші әскери барлау ротасының командирі аға лейтенант Артур Жакупов пен арнайы тағайындалған барлау (амфибиялық) ротасының командирі аға лейтенант Қалибек Рысбаев комиссия төрағасының алғысын алды. 44736 әскери бөлімінің жауынгерлік дайындығына комиссия төрағасы «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штабтар бастығы полковник Талғат Қабдыбекұлы Исмаилов оң бағасын берді.

   Сөз соңында. Құрлық әскерлеріне жүктеліп отырған міндет – қазіргі соғыс пен қарулы қақтығыстардың түр-сипатына сәйкес, әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік және мобилизациялық әзірлігін одан әрі көтеру, әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, жеке құраммен жұмыс сапасын арттыру. «Мәңгілік ел» тұғыры – Қуатты Армия!» ұранымен басталған оқу жылында жауынгерлік әзірліктің жоғары деңгейіне келтіруде жеке құрамның қимылын одан әрі жетілдіруге, елді мекендер мен таулы жерде ұрысты жүргізу үшін құрылымдардың дайындығын арттыруға, басқарма жүйесі мен әскерилердің дене дайындығын күшейтуге ерекше көңіл бөлінді. Жауынгерлік әзірлікті ұйымдастыру барынша жақсартылып, әскерилердің кәсіби біліктілігі мен жоғары тәртібіне де ерекше мән берілді. Жыл өткен сайын жауынгерлік әзірліктің деңгейі жетіліп, тиімділігі де анағұрлым артып келеді. Ең бастысы – жаттығуларды және сабақтарды дайындау мен өткізудің санына емес, сапасына күш салынады. Мұның барлығы не үшін қажет? Еліміздің Қарулы Күштерін мына заманның талабына сай ұдайы жетілдіру үшін керек. Қазір әлем тыныш емес. Мемлекеттің қорғанысы – ең жоғарғы халықаралық стандарттарға сәйкес қазіргі кәсіби армияны дамыту деген сөз. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"