Жауынгер жүрегіне жол тапқан командир

Қазақстан дербес мемлекет атанып, тәуелсіздігін алған соң, ел алдында қиын да өмірлік маңызды міндеттер тұрды. Солардың біреуі – мемлекет өзінің Қарулы Күштерін құру керек болды. Жаңа мемлекеттің жас әскерін құру, жасақтау оңайға соққан жоқ. Бірақ сол кездегі Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Тұңғыш Қорғаныс министрі С.Нұрмағамбетовтың басшылылығымен еліміздің қорғаныс саласы Президент қойған барлық міндеттерді абыроймен орындап, талап үдесінен шыға білді.

Ол кездермен қазіргі кездерді салыстыру мүмкін емес. Бүгінгі күні Қазақстан өз азаматтарының әскери қызмет атқаруының жағдайы мен тәртібін дербес анықтайды. Өз аумағында әскерлердің, қару-жарақтың және техниканың орналасу мәселесін шешті. Әскери кадрларымызды өзіміз дайындайтын жағдайға жеттік. Мұның барлығы бір күнде жасалған шаруа емес екендігі анық. Қаншама қажырлы еңбек бар екендігі айтпаса да түсінікті. Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері қатарында білімді де білікті офицерлер қатары көп екендігі қуантады. Сондай офицерлердің бірі – еліміздің батысында орналасқан 51809 әскери бөлімінде қызмет атқаратын майор Әділ Сәбитұлы Романов. Бүгінгі әңгімеміздің арқауы осы кісі жайында болмақ.

Әскери өмірде әке-шешені алмастыратын тұлға командир деп білетін болсақ, майор Ә.Романов – батальон командирі. Командир болу – екінің бірінің қолынан келе бермейтін шаруа. Жөн сілтеп, жол бастау, айналып келгенде, тұлғалық тұрғыда қарамағындағыларға үлгі болу барлық адамның пешенесіне  жазыла бермейді. Қуаныштысы сол, нағыз командир атанып жүргендер әскерімізде молынан кездеседі.

Батальон командирі жеке құрамның жауынгерлік және жұмылдыру даярлығына, әскери тәрбиесіне, тәртібіне, моральдық-психологиялық жай-күйіне және әскери қызмет қауіпсіздігіне, қару-жарақ пен әскери техниканың, оқ-дәрілердің, жанар-жағармай материалдары мен басқа да материалдық құралдардың жай-күйі мен сақталуына, батальонның жауынгерлік міндеттерді табысты орындауына, ішкі жарғылық тәртіп пен әскерлер қызметінің жай-күйіне, әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін әлеуметтік-құқықтық қорғауға жауап беретіндігі белгілі.

Офицер Әділ Сәбитұлының жеке құрамға берген үлгі-өнегесі көп. Өз ісін жетік меңгеруі, тәлім-тәжірибесі мол әскери азамат екендігі, отансүйгіштік тәрбиеге ерекше көңіл бөлуі қарамағындағы жауынгерлерді әрқашан жігерлендіре түседі.

Әділ Сәбитұлы 1986 жылы маусым айының 19 жұлдызында Ақтөбе қаласында дүниеге келген. 1992 жылы Қызылорда облысы Арал қаласында орналасқан №220 орта мектепке барған мектеп оқушысы әскери адам болуды жастайынан армандайды. 2003 жылы Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және Байланыс әскери инженерлік институтына түсіп, аталған оқу орнын 2008 жылы үздік бітіреді. Сөйтіп әскери оқу орнын үздік бітірген жас офицер Шығыс Қазақстан облысы Боран елдімекенінде орналасқан 31767 әскери бөлімінде взвод командирінен бастап, Қарағанды облысы Балхаш қаласында, Қызылорда облысы Арал қаласында, Жамбыл облысы Айша Бибі елдімекендерінде орналасқан әскери бөлімдерінде батальон командирі лауазымына дейінгі барлық лауазымдардан өткен.

Майор Ә.Сәбитұлы – 51809 әскери бөлімінде  офицерлік өнегелігімен ұжым арасында беделді. Өзінің қарапайымдылығы, еңбекқорлығы, бастаған ісін аяғына дейін жеткізуге талпынысы, қашанда ізденісте жүретіні және  әскери еңбек жолы –қарамағындағыларға үлгі. Өзіне тапсырған қызмет саласына зор жауапкершілікпен қарайтын  майор Ә.Романовтан тәлім, үлгі алған офицерлер Қазақстан Қарулы Күштері қатарында түрлі салада еңбек жолдарын абыроймен атқарып жүр.

«Жетістік қашанда көптің маңдай терімен келеді. Бұл кісінің де томаға командир болуына үлес қосқан тәлімгерлерін атауға болады. Яғни әділ, қатал, талапшыл командир болып қалыптасуына үлес қосқан білікті офицерлер деп 51809 әскери бөлімінің командирі подполковник Әділ Мәлікұлы Субебаев, Радиоэлектроника және Байланыс әскери инженерлік институтының штаб бастығы полковник Талғат Ажибаевтарды ерекше атауға болады.

Әділдің жары Романова Мадина Бүркітқызы да жолдасының білікті офицер болуына елеулі үлес қосып отыр деуге толық негіз бар. 3 ұл тәрбиелеп, берекелі отбасының ұйытқысы болған Мадина – жарымен бірге Қазақстанның Шығысы мен Батысына, Оңтүсігі мен Солтүстігіне көшпелі қазақ болып көшсе де, қиыншылықтарға мойымай шыдай білген жар. Ол – офицердің жары болу қаншалықты қиын болса да, әрдайым қолдаушысы, тіреуіші болуды жан-тәнімен түсінген жан.

Меруерт САФАЕВА

"САРБАЗ"


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"