Жанар Ибраева - ТМД бойынша әскери кемедегі жалғыз қыз

Ол бала күнінде шексіз қиялдайтын. Арманы – көп, көздегені – соған қол жеткізу. Сол үшін де талпынды, өзінше ұмтылды. Ақыры, дегеніне жетті.
Қазір – ол Қазақстанда ғана емес, ТМД елдерін де тамсандырып жүрген  әскери кемедегі жалғыз қыз. Оның жуырда ғана Елбасымен жүздескені тағы бар. Енді бағын «Батыр аруларда» сынауда. Бағаналы сөз етіп отырғанымыз, әрине, еліміздің Әскери-теңіз күштеріне танымал, сұлу да сымбатты  I сыныпты старшина Жанар Ибраева.

Өзін дәлелдеді

Ақтөбелік ару бала күнінен шексіздікті қалайтын. Кеңістікті жаны сүйетін.

Теміржолшылар отбасында дүниеге келсе де оның жүрегі басқа саланы таңдады. Әскери қызметті. «Бала күнімнен әскерилерге қызыға қарайтынмын. Ерекше киімі, бітім-болмысы сонадайдан тартып тұратын. Содан да болар, әскери болуды қаладым», - дейді ол.

Осы арманы оны еліміздің Қорғаныс саласымен қауыштырды. 2011 жылдан бері Қазақстанның Қарулы Күшінде қызмет етіп келе жатқан Жанар талай қиыншылықты бастан өткерді.

«Бастапқыда қиындықтар болмады емес, болды. Кейбіреулер күмән да келтірді. Қыз баланың қолы емес, алып кете алмайды дегендер де болды. Бірақ, мен намысқа тырысып, нағыз әскери қызметшіге лайықты әрекет еттім».

Иә, «қоянды қамыс, ерді намыс өлтіреді» дегендей,  ештеңеге дес бермей, өзін дәлелдеген жігерлі Жанар қазір ҚР ҚК Әскери-теңіз күштерінің 21814 әскери бөліміне  қарасты «Орал» зымырандық-артиллериялық кемесінде қызмет етеді.

 

Даусын естіп, таңғалыпты

Былтыр, естеріңізде болса, Каспийдің акваториясында осы теңіз маңы елдері әскери-теңіз күштерінің қатысуымен «Каспий теңізі – 2015» сайысы тұңғыш рет өтті. Оған отандық «Сарыарқа» зымыранды-артиллериялық кемесімен қатар, кейіпкеріміз қызмет ететін «Орал» кемесінің экипаждары қатысқаны бәрімізге мәлім. Осында жауынгерлік байланыс бөлімінің технигі Жанар сайыс кезінде байланысқа шығып, даусымен өзге ел экипаждарын таңғалдырыпты. Оның даусын естігендер құлақтарына сенбей, біздің әскерилерден: «Рациямен шығып жатқан қыз бала ма, сіздерде қызмет істей ме?», - деп сұрастырыпты. Олардың «иә» дескен жауабына сенбегендер кемеге арнайы келіп, танысқан екен.

«Біз сол жолы Махачкалада үш елдің кемесімен жарысқа түстік. Байланысқа шыққан кезде даусымды естігендер алғашқыда таңғалғанымен, көріп-танысқан соң көздері де үйренді маған», - дейді І сыныпты старшина.

 

Елбасымен жүздесті

 

Көктемнің сәтінде кейіпкеріміз ерекше күй кешті. Бір ай бұрын ескертіп айтылғаннан кейін бе, сәт жақындаған сайын қобалжу да күшейді. Енді, дегенмен екінің бірі Елбасымен кездесуге қол жеткізе бермесі анық. Басшылық солай ұйғарған соң не тұрыс! Көңіл шіркін желдей ескенмен, жүректе толғаныс болғаны рас.

«Президентпен кездесесін дегенде қатты толғандым. Сол сәтке жеткенше, асықтым. Сәт жақындаған сайын, жүрексіндім»,- дейді сондағы күйін жеткізген аруымыз.

Наурыздың 4-і. Мемлекет басшысы Ақордада қоғамымызда орны бар 25 әйелзатымен жүздесті. Сол «Көктем шуағы» атты дәстүрлі кездесудің бел ортасында біздің әскери қызметші Жанар Ибраева айрықша көңіл-күйге бөленіп отырды. Тебіренісін басып, Елбасыға деген лебізін де жеткізді. Тіпті, Жоғарғы Бас Қолбасшыға қолқа салып, би де биледі.

«Президентіміз өзі әңгіме бастаған сәттен бастап, қобалжуымыз да басылды. Емен-жарқын отыруымызға, жүректегі тебіренісімізді сейілтуге сол кісі сеп болды. Күнделікті араласып жүрген адамымыз сияқты әңгімеге тартқан соң ба, сонда жиналған барлық әйел еркін отырып, лебіздерін жылы жеткізді. Мен де өз ризашылығымды білдірдім. Ең қызығы, ол кісіні биге шақырдым. Ол кезде де әр қимылды жаңылыспай, билеуіме дем берді», - дейді жүзі балбұл жайнаған Жанар.

 

Бәрі сенеді

 

Ашық теңіздегі айымымызды әріптестері ерекше құрмет тұтады. ҚР Әскери-теңіз күштерінің Бас қолбасшылығына бара қалсаңыз, алдымен еститін есім – Жанар. «Жан дегенде – жалғызым» дегендей, кемедегі жалғыз әскери әйелді олар мақтан қылмағанда, кімдер мақтан етеді?! Өйткені, Жанар – экипаж құрамында жауынгерлік кезекшілік атқарып, екі рет Каспий теңізіне шұғыл шығуларды жүзеге асырып, корабльмен өткізген барлық жауынгерлік атыстарды қамтамасыз етіп жүр. Былтырғы жеңісі – анау, биылғы кездесуі – мынау. Енді тағы бір қамалды алмақшы. Одан кейін, әне-міне деп, «Каспий теңізі – 2016» халықаралық сайысы күтіп тұр.

«Жанар – өз ісінің білгірі. Баяғыда біз тұңғыш ғарышкер Валентина Терешкова деп, жас кезімізден жадымызға жаттап өстік қой. Айға ұшпаса да, біздің Жанарымыз – жалғыз өзі кемеде жүрген ТМД-дағы тұңғыш әйелзаты. Біз осынысымен-ақ оны мақтан тұтып, бағалаймыз. Қатып қалған қағиданы бұзып, бірегей істі бағындырып жүрген оған бәріміз сенеміз», - дейді ҚР Әскери теңіз күштерінің Бас қолбасшысы тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасары I дәрежелі капитан Серік Боранбаев.

Осы арада айта кетейік, теңізшілер арасында сонау заманнан келе жатқан «кемеде әйел адам болмауы керек, болса бақытсыздыққа ұшырайсың» деген жазылмаған қағида бар. Сол стереотипті сейілткен сүйкімдіні Серік Жақсығалиұлы керісінше, келгелі бері Жанар жақсылықтың жаршысы болып жүр дейді.

P.S.  Кезінде оған арман қанат бітірсе, бүгінде оны мақсат алға ұмтылдырады. Қазір Жанардың мақсаты бәріне мәлім. Осы орайда «Батыр аруларда» топ жаруды көздеген қызға сәтін берсін дейміз. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"