Бауыржан Момышұлының соғыс психологиясы мен соғыс философиясы туралы ойлары

Бүгін біз оқырмандарымызға даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, көрнекті жазушы  Бауыржан Момышұлының «Қанмен жазылған кітабын» оқып, ойдан ой туындаған ғалымдар мақаласын ықшамдап жария қылғанды жөн санадық.

...Баукең, Бауыржан Мо­мыш­ұлы: «Мен соғыс туралы жазамын, бірақ соғысқа қарсымын», дейді. Арына дақ түсірмей өткен азаматтың әскери өнер мен соғыс­тың философиясына байланыс­ты «Қанмен жазылған кітап» («Психо­логия войны») деп аталатын шығармасы батыр­дың 1944 жылы Алматыға келіп, сондағы зиялы қауыммен бес күн бойы өткізген дәрі­сінің стенограммасы негізінде жария­ланған.

Кітаптың атына заты сай. Ол соғыстың философиясы мен психологиясын терең­нен қозғайды, соғыстағы адамның орны мен оның рухани-адамгершілік құнды­лық­­тары әрбір эпизодтан аңғарылып тұра­ды, әскери өнердің тактикасы мен стра­тегиясы қысқа әрі нұсқа стильде сөз бола­ды. Бұл шағын еңбек басынан аяғына дейін шынайы әрі өткір ойларға, ойдың тобықтай түйінін білдіретін сентенциялар мен афоризмдерге толы, олар ел аузын­дағы қанатты сөздерге айналып кетті. Мә­тін­нің жігерлілігі сондай, оқырманның қанын тасытып, жанын толқытып, кейде көзге жас келтіріп, таза да шынайы пат­риоттық сезіммен баурап алады. Гвардия полковнигінің терең біліміне, нәзік бай­қам­паздығы мен сезімталдығына, соны­мен бірге қатаң талап қоя білетін жауапкершілігіне еріксіз тәнті боласыз. Естуі­міз­ше, Баукеңнің осы бағыттағы туын­ды­лары Шығыс Еуропа, Орталық Америка елдерінің, тіпті Израильдің әскери оқу орын­дарында арнайы оқытылатын көрі­неді. Біздің елімізде болса, Б. Момыш­ұлы­ның соғыс теориясы мен философиясы мә­селесі әлі беті ашылмаған тың күйінде қалып отыр.

...Біздің заманымызға дейінгі VI-V ғғ. өмір сүрген данышпан, Қытайда соғыс туралы ғылымның негізін қалаушы Сунь Цзы былай дейді: «Жүз рет шайқасып, жүз рет жеңген – бұл жақ­сының жақ­сысы емес, жақсының жақсы­сы бөтен әс­керді шай­қас­пай бағындыру». Дәл осын­дай пікірді стратег Баукеңнен де естиміз: «Шайқас­тың мұраты – оны шы­ғын­сыз жеңу, ал аз шығынмен шайқасты жеңу – өнер. Шайқаста кездейсоқтықтар болмай­ды, қарсы­лас­тар үшін күтпеген нәрселер болады».

...«Сарбаз шайқасқа өлім үшін емес, өмір үшін аттанады… Өмірге құштарлық, тірі қалу­ды құмарлана аңсау, өлімді жеңу – өлім­ді өмірдің атымен бар ашуыңмен өл­тіру үшін оған қарсы жүріп бетпе-бет келуге мәжбүрлейтін, адамға өлімді жек­кө­рінішті ететін шайқастағы ең басты қоз­ғау­шы күш. Өмір – сарбаздың туы». Со­ғыс ешқандай шашыраңқылықты көтер­мей­ді. «Шеру мен шайқастың ара­сында қандай айырмашылық бар? Нағыз шеру, әскери күштердің нағыз бай­қауы, олар үшін ең жан-жақты, ең қатал сынақ – шайқас. Әркімнің тағдыры, халықтың тағдыры, елдің тағдыры шешілетін бұл нағыз шеруде әдеттегіден ерекше қатаң, жинақы, мұнтаздай таза, ұқыпты әрі әдемі болу керек», – дейді ішкі тазалы­ғымен қа­тар, үстіне қылау түсірмейтін, жан таза­лы­ғы­мен қатар, тән салауат­тылығын сақ­таған Баукең. Батыр адам мен адам соғыс­қанда, олардың әсер ету құралдары бірдей болғандықтан, оның соншалықты қорқы­нышты емес екендігін, ал «қорық­қандарға қос көрі­нетінін», шайқаста адам бойын­дағы бар­лық жақсы және жаман қасиет­тердің барынша ай­қын­далатынын айтады.

...«Отанды сүю – иманнан», деп хадисте айтылғандай, Бауыржан елім деп еңіреген ерлердің санатынан еді. Ол «қазақ халқы дәл осы Ұлы Отан соғысында өзін ха­лық ретінде әлемге танытты, аса бай тә­жірибе жинап, жоғары көтерілді», дей оты­рып, осы ұлт өкілдерінің бұл соғыста көрсеткен ерліктерінің еленбей қалып жатқанына, тарихтың айнасынан бейнеленбей жатқа­ны­на қынжылыс білдіреді: «Сарбаздың ерлігін ұрлау – адам кейпіндегі хайуанның ең төменгі қылмысы», «Командир сарбаздың ерлігін бағалауы тиіс», «Сіздер үшін де қан төгіп, өмірін қиған жігіттердің жарқын да жалынды есімдері немқұрайдылықтың сал­қын желімен сөне бастады», «Батыр­лық­ты ұмыту – халықтың трагедиясы. Тарих мұны бізге кешірмейді».

Соғыстағы адамның мо­раль­дық-адамгершілік қасиеттерін рухани күштер ретінде анықтай отырып, олардың ақыл, ойлау, сезім, ерік, парыз, ар-ұят, намыс тәрізді қозғаушы күштеріне, сон­дай-ақ қорқыныш, күдік, салақтық пен сыл­бырлық, қызғаныш, батырлық, батыл­дық, ептілік, табандылық сияқты адами қа­сиеттерге кеңінен тоқталады.

Әскери тақырыпта шығарма жазудың қыры мен сыры, шындық пен жалғанның арақатынасы мәселелерін қа­рас­тырғанда Баукең әдеби сыншылық қабілетін аңғартады. Одан ары әскери ғы­лым мен өнердің негізгі мәселелері, так­тика, стратегия, оперативті өнер, со­ғыс, шай­қас, маневр, қоршау түсініктері сарап­талады. Өз батальоны мен диви­зиясының соғысқа кіріскен күннен бастапқы маңыз­ды деген оқиғалары гвардия полковнигі­нің жадында бүге-шүгесіне дейін жақсы сақталған, оның бір себебі: үнемі күнделік жүр­гізіп отыруы.

Ол генерал Панфиловтың неміс бас­қын­шы­ларына қарсы қолданған соғыс тәсілін линиялық емес, спиральдық деп анық­тайды. Дарынды қолбасшы ретінде Бауыржан Момышұлы соғыстың талай әдіс-тәсілдерін көрсетті... Ғылыми түрде өңделген әскери дүние­таным ретіндегі «соғыс философиясы» ау­қымында зерттеуді талап ететін нәрселер Баукеңнің қызметі мен шығармашы­лы­ғын­да жеткілікті.

Соғыстың мәні мен мазмұны, оның адамға, қоғам мен мемлекетке тигізетін әсері жайында айтылған батырдың ойлары өте көп. Және бұл ойлардың астарында терең дүниетаным мен философия жатыр. Мысалы үшін, олардың кейбіреуін келтірейік. «Даналық шығармашыл ойдың мәйегінен тұрады, ол өткеннің тәжірибесін, осы шақтың са­лауат­ты талдануын және болашақты бол­жау­ды бойында қорытады». «Сынақ ер кісіні шынықтырады, қорқақты шаршата­ды». «Адамгершілікке шақырып ақыл үй­рету кейде адамгершілікті қашырады». «Екі­жүзділіктің балына тойынғанша, әділ­дік уының ащы дәмін татқан артық». «Бар­лық халықтар ұлылық пен әдемілікке қабілетті». «Құтылу қашуда емес, қорға­ну­да және шабуылдауда». «Соғыс­тағы ең мықты қару – адамның жаны, ал оның оқ-дәрісі – рухани азық-түлік». «Майданда сарбаздар өз ана тілінің, туған әде­бие­ті­нің, ән-күйінің қорынан ең қарапайым, аз да болса үлесін ала алмаса, мен мұны қылмыс деп есептеймін». «Тобыр әскер емес және әскер де тобыр емес». «Ақыл бәріне берілген, ал жүрек барлығына емес». Бұл қанатты сөздерді ары қарай жалғастыра беруге болады.

Қазіргі кезеңде біздің елімізде қазақ­стандық патриотизмді қалыптастыру және оны әрі қарай дамыту мәселесінің айтар­лықтай өткір болып тұрғаны шындық. Халықты патриоттық тұрғыда тәрбиелеуді қалыптастыру мен оны дамыта түсудің тиімді жүйесін құру бүгінгі таңда өзекті мәселеге айналды.

Біздің ойымызша, бұл салада да және жалпы қазіргі білім беру мен тәрбиелеуде жұмыстар нәтижелі болуы үшін осы Бауыржан Момышұлының өмірі мен шығармашылығын көбірек насихаттау аса маңызды. Өйткені болашаққа алаңдаған батырдың да «қорыққаны» бар еді: «Оттан да, оқтан да қорықпаған Бауыр­жан едім. Кейінгі кезде қорқы­нышым көбейіп барады.

Балаларға бесік жырын айтатын келіндерімнің азайып бара жатқандығынан қорқам, екінші, немерелеріме ертегі айтып беретін әжелердің азайып бара жатқандығынан қорқам. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспегеннің көкі­регі қор бола ма деп қорқам. Ал көрдің қолына балта берсең шаба салады, бақыр берсең ала салады, найза берсең сұға салады, намыстанбай бұға салады. Мен таби­ғатынан, тағдырынан болған соқыр­лықты айтып отырғам жоқ, тауып алған со­қырлықты айтам. Егер ондай соқыр­лықтан жазылмасақ, халық болудан қаламыз ба деп қорқамын!».

Бұған біздің алып-қосарымыз жоқ. Қазақ халқының қазіргі рухани ахуалына қо­йылған дәл диагноз. Сондықтан Бау­кеңнің айт­қан өсиетін, насихатын жиі еске алып, содан ауытқымауға тыры­сып өмірді сүре білу, оларды қас­терлеп қадір­лей отырып, кейінгі ұрпаққа табыстау қазақ халқының әрбір перзентінің парызы болса керек.

Әбдімәлік НЫСАНБАЕВ, ҚР ҰҒА академигі,

Бақытжан САТЕРШИНОВ, философия ғылымдарының докторы


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"