Армия ойындары татулықты нығайтып, кәсіби шеберлікті шыңдады

Осы айда жарты әлем көз тіккен байрақты бәсеке өтті. Армия халықаралық ойындары-2016 – Ресей және Қазақстан полигондарында ұйымдастырылған іргелі сайыс. Шара халықаралық ынтымақтастықтың, тәжірибе алмасудың, бейбітшілік пен ниеттестік кепілінің жаңа символына айналды. Бұл дода екінші мәрте ұйымдастырылуда. Алайда, тың сапалы және сандық деңгейге шығып отыр. Биылғы жылы ойын 3 000-нан аса әскери қызметшінің, 20 мемлекеттің, яғни, Азия, Еуропа, Африка мен Латын Американың 120-ға жуық армия командаларының басын біріктірді. Далалық, әуе және теңіз машығы бойынша 23 байқау бір уақытта Ресей мен Қазақстанның 20 әскери полигонында және Балтық, Қара, Каспий теңіздерінің су айдындарында өрістетілді.
Келесі жылы Армия халықаралық ойындары бағдарламаларының ауқымы ұлғая түспек. Қазақстандағы Армия халықаралық ойындарының тың жаңа жарыстары қосылады. Бұл – броньдалған автомашиналардағы ралли және әйел әскери қызметшілер арасындағы көпсайыс.
Хош, айдың басында Армия халықаралық ойындары-2016 салтанатты жағдайда шымылдығын ашты. Ресей Федерациясының Мәскеу облысынан бастау алған байрақты шараның бір бөлігі Қазақстанда ұйымдастырылды. Жамбыл облысының Қордай ауданы Отар стансасындағы «Гвардейск» полигонында өткен «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» сайыстарына үздік мергендер мен артиллерияшылар әлемнің түкпір-түкпірінен жиналды. Думанды басқосуда олар салтанатты шеру жасап, қазақ сарбазының бейнесін сомдаған театрландырылған көріністі тамашалады.

Ұлттық құндылықтарымызды ұсынды

Алдымен ҚР Қорғаныс министрлігі оркестрінің салтанатты маршымен «АрМИ-2016» додасының туы көтерілді. Барша қазақ жұрты мен спортсүйер қауым «mod.gov.kz» ресми сайты мен отандық «KAZsport» телеарнасы арқылы тікелей транляциямен тамашалаған жиында Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов сөз сөйледі. «Армия халықаралық ойындары – дәстүрге айналған бірегей әскери шара ғана емес, халықтар, мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты, достықты нығайтатын үлкен жоба. Осындай ірі бәсекенің бір бөлігі Елбасы – Жоғары Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей қолдауымен биыл қонақжай қазақ топырағында өтуде. Әлем алдында беделі биік ойынның тартысты, тартымды өтуіне бар күш-жігерімізді саламыз.

Еліміздің Қарулы Күштері Армия халықаралық ойындарына жыл белсене атсалысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді. Мұнда қатысатын командалардың ешқайсысын осал дей алмаймыз.

...Армия ойындарының өткізілу ауқымын кеңейтетін алғашқы болғанымызға қуаныштымыз. Сайыс пішімінде өз армиясы артиллериясының үздік өкілдері мен мергендік оқ ату шеберлері баға жетпес тәжірибелерімен бөлісіп және иық тіресе додаға түсіп, достық қарым-қатынастарын нығайтып, сондай-ақ, әскери ынтымақтастықты дамыту жөніндегі әрі қарайғы жоспарды белгілеп қоятындарына кәміл сенімдімін. Сіздерге адал және ымырасыз күрес, дәйекті төрешілік, жақсылық және бейбітшілік тілеймін!» деген Иманғали Нұрғалиұлы көпшілікті сайыстың ашылуымен құттықтады.

Басқосуда Қазақстанның мемлекеттік Әнұраны шырқалып, Халық әртісі Роза Рымбаева бастаған белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Содан кейін

Қазақстан Әскери-әуе күштерінің әскери ұшқыштары көк аспанда ғаламат авиа-шоу ұйымдастырды. Армия халықаралық ойындарының салтанатты ашылу рәсімінің меймандары мен сайыстың шетелдік қатысушыларын әуе хас шеберлеріміз ұшақты басқарудағы жоғары сынамамен таңғалдырды. Жаңа «Су-30» ұшағында подполковник Владимир Ткач пен Теміртас Ыбыраев жеке дара ұшақты басқарудың ғажап үлгісін паш етті.  Олар жоғары пилотаж, яғни, «Нестеров ілмегі», «Төбешіктегі жылдамдатылған бұрылыс», «Басқарылатын бұранда», «Қоңырау» және «Шағын жылдамдықтардағы үдемелі бұрылыс» фигураларын орындады.

«Су-27»-нің үш ұшағы мен бір «Су-30» жойғышы ұшағымен «Жетісу» пилотаждық тобы ұшу шеберлігін көрсетті. Топтың жетекшісі полковник Тимур Омаров, оның артынан жауынгерлік ұшақтарда подполковник Нұрлан Оразов пен Арслан Ғалымов, сондай-ақ, пилотаждық топты тұйықтаған полковник Ерлан Қозығұлов әуелетті.  «Жетісу» ұшақтары «Бәйтерек» бірегей тарқатуды орындап, салют берді. 

Ұшқыш полковник Талғат Сыздықовтың да өнері есте қаларлықтай болды. Қазақстан зауытында құрастырылған ЕС-145 тікұшағында ол «Воронка», «Шиыршық», «Жылдамдатылған бұрылыс», «Төбешікте айналым жасау және бұрылу» күрделі пилотаж фигураларын орындады. Мұндай авиа-шоу барлық қатысушыларды тәнті етті. Ал қазақстандық ұшқыштарды іс-қимылда алғаш рет бақылаған кейбір шетелдік әскери қызметшілер олардың дайындығы мен шеберлігін жоғары бағалады.

Жиын парашютшілерді дайындау орталығы әскерилерінің қимылдарымен, сексен барлаушы-десанттың қоян-қолтық ұрыс ойындарын көрсетуімен жалғасын тапты. «Номад» каскадерлық тобының ат жалындағы өнері көрермен көңілінен шықты. Ал шетелдік қонақтар мен қатысушыларды Ұлы дала елімен таныстыру үшін полигонның аумағында дәстүрлі тұрмыс, қолданбалы өнер және ұлттық дәмнен ауыз тиюге болатын нағыз этноауыл өрістетілді.

Сөз басында Ресейдегі Армия халықаралық ойындары – 2016 додасында Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы ең көрнекі командалардың бірі болып танылғанын айта кетейік. Ал ондағы жарыстың ресми түрде ашылу рәсімі «Патриот» саябағының басты алаңында өтті. Салтанатты шара «Танк биатлоны» байқауына қатысатын танк экипаждары додасының  басталуын білдіретін оқ атудан басталды. «АрМИ-2016» ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов те қатысты. Қорғаныс ведомствосының басшысы сайыста еліміздің Қарулы Күштерінің намысын қорғайтын қазақстандық құрамамен жүздесіп, әскери қызметшілерге сәттілік және жеңіс тіледі.

 

Артиллерияшылар мен мергендер – абсалюттік жеңімпаз

АрМИ-2016 шеңберіндегі «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» ірі сайыстары Қазақстанда тамыздың 2-інде басталып, 9-ына дейін жалғасты. Байрақты дода талай елдің дарабоздарын бәсекеге салды. Әр мемлекеттің әскерилері намыс жолында, достық сапында бар күш-жігерлерін сарп етті. Ең қуанатыны, Қазақстан армиясы әлемге айбынын әйгіледі, қуаттылығын көрсетті, кәсіби шеберлігін мойындатты. Жарысқа қатысу үшін елімізге 12 елден командалар келді. «Мерген шебі» байқауында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Арменияның әскери қызметшілері өнер көрсетсе, үздіктер атағы үшін бақ сынасудағы артиллерияшылардың сайысында Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай және Ресейдің өкілдері бәсекеге түсті. Жалпы алғанда, екі байқауға 278 адам тартылған. Яғни, 32 қазақстандық әскери қызметші және 246 шетелдік қатысушы.

Енді қос жарыстың өту барысына аз-кем тоқтала кетсек. Мергендер байқауының ақтық кезеңіне турнирдің бірінші және екінші кезеңдерінің қорытындысы бойынша төрт үздік команда, яғни, Қазақстан, Ресей, Қытай мен Беларусьтің командалары өтті. Ойынның барлық кезеңінде байқаудың қатысушылары жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Екінші кезеңнің жарқын сәттерінің бірі «Арнайы оқ ату» сайысы болды. Қатысушыларға 150-200 метр қашықтықта жоюдың азайтылатын аймағымен тұтқыны бар «шартты» лаңкесті елестететін бес нысананы жою қажет еді.

Ал сайыстың ең көзтартарлық сәті үшінші кезеңінде орын алды. Бұл сайыс бір шақырым қашықтықты қамтыды. Онда мергендерге қабырғадағы ойылған жерді, биіктігі екі метр қақпаны, орды, сымды қоршаудағы өтуді еңсеруге, Макаров тапаншасынан оқ атуға, Драгуновтың мерген винтовкасынан 300 метр қашықтықта кеуде фигураларына дөп тигізуге, РГД-5 оқу гранаталарын лақтыруға, динамикалық дуалдан, автомобиль дөңгелектерінен жасалған үйінді мен көлбеулі баспалдақтан өтуге тура келді. Үшінші кезеңде қазақстандық мергендер командасы ең үздік нәтиже – 18 минут 18 секундты көрсетті. Қытайдың командасы эстафетаны 18 минут 58 секунд нәтижесімен аяқтады. Ресейлік команда 20 минут және Белоруссияның командасы 21 минут 3 секунд нәтижесімен мәреге жеткенін айта кеткен жөн. 

«Қарсыластардың барлығы мықты болды. Алайда, ең мықты, әрине, Қазақстанның командасы жеңіске жетті. Біз бұған дайындалдық, жеңіс тұғырынан көрінуге талпындық. Біз өзімізді іс жүзінде көрсете білдік және Қорғаныс министрі қойған тапсырманы орындадық деп есептейміз. Осындай бәсекелі тартыстардың жыл сайын өткізілуін қалар едік. Бұл – барлық бөлімшелер, күллі ел үшін өте жақсы тәжірибе» деді шешуші сайыстың қатысушысы, қазақстандық мерген 3-сыныпты сержант Дмитрий Охотников. Одан басқа, «Артиллериялық оқ ату шеберлері» халықаралық байқауында да барлық қатысушылар жоғары шеберлік деңгейін, дене төзімділігі мен дәлдікті паш етті. Әскерилерге «Жеке жарыс», «Түнгі спринт», «Эстафета» және «Эстафета. Мәре» аталымдарының төрт кезеңін еңсеруге тура келді. Олар барлық кезең бойы оқшашардан, минаатқыштан, гранатаатқыштан, автоматтан дәлдікке оқ ату және «Ирелең», «Мина-жарылғыш қоршаудағы сорап өткел», «Төмпешік» және «Сорап көпірдің сұлбасы» кедергілері бар тас жолдарды өту шапшаңдығынан бақ сынасты. Сондай-ақ, қатысушы минаатқыштардың есептоптары түнгі жағдайларда нысаналарға дөп тигізуден тартысқа түсті.

Әскери қызметшілер 2Б11 минаатқышынан, РПГ-7В-дан, түнгі көздеуіштері бар АК-74 автоматынан оқ жаудырды. Минаатқыштан оқ ату радиусы 15 метрлік жеке құрамға арналған тасалары бар арнайы дайындалған ордан жүргізілді. Межеге дөп тигізу үшін әрбір командаға үш минадан бөлінді. Әрбір мүлт кеткен оққа бір айып шеңбері қосылып отырды. Оқ атулар нысананы үздіксіз жарықтандыруды қамтамасыз ету үшін белгіленген қарқынмен «Оңтүстік» ӨңҚ 85395 әскери бөлімінің 122 мм Д-30 гаубицаларының атыс есептоптарымен өрістеді. Конкурстың ақтық кезеңінде Қазақстанның минаатқыш есептоптары кедергілерді ойдағыдай еңсеріп, барынша жылдамдықта мәре сызығына келіп жетті.

Қуана жеткізетініміз, Қазақстанның әскери қызметшілері екі байқаудың да абсолюттік жеңімпаздары атанды. «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауында Ресей командасы екінші орынға жайғасты, Қытай командасы үшінші орынды, олардың артынан ілескен Қырғызстан және Венесуэла командалары болды. Бұл ретте «Үздік минаатқыш командирі» марапатына ҚХР-дың сержанты Чжай Чжитао ие болса, Ресейдің аға матросы Ильдар Файзуллин «Үздік көздеуші» болып танылды. Ал Қазақстанның сержанты Төлепбек Жанатаевқа «Үздік механик-жүргізуші» деген марапат таңылды.

«Мерген шебі» байқауында, сәйкесінше, Ресей және Беларусь елдерінің әскерилері екінші және үшінші орындарды еншіледі. Жеке есепте Беларусьтен келген прапорщик Вадим Ребковец үздік мерген, ал үздік мерген жұбы Ресейден келген аға сержант Андрей Мячин мен сержант Павел Петравичюс болып саналды.

Жақында «Артиллериялық оқ ату шеберлері» мен «Мерген шебі» байқауларының жеңімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімі өтті. Топырағымызда тұңғыш рет өткен Армия халықаралық ойындары-2016 турнирлерінің жеңімпаздарын Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов құттықтады. Салтанатты басқосуда Иманғали Нұрғалиұлы сөз сөйлеп, барша халықаралық сайысқа қатысушыларды жеңістерімен құттықтады. «Біз «әскери рух» және «жауынгерлік бауырластық» сияқты қарапайым, бірақ, сыйымды ұғымдардың сана-сезімімізде күш пен мән-мағынаны шынайы нығайтатын тамаша және игі дәстүрдің куәсі болдық. Бұл аса маңызды. Осынау сайыстарды өткізе отырып, біз барлығына, ең алдымен, бейбіт аспан астында татулық пен  өркендеуде өмір сүруге деген ынтызарлығымызды дәлелдейміз.  Осы баянсыз құндылықтар Армия халықаралық ойындарының идеясында және оның әрбір қатысушысының жүрегінің түкпірінде жатыр. Сондықтан әр елден келген достарымызбен қауышу, олармен бар білгеніміз және тәжірибе бөлісу, бірлік пен бауырластық рухын сезіну – біз үшін үлкен абырой» деді қорғаныс ведомствосының басшысы.

Үздік мерген мен артиллерияшылардың құрметіне бұл күні полигонда қазақстандық эстрада жұлдыздарының орындауында патриоттық композициялар шырқалды, әскери қызметшілердің флешмобы және көрсетпелі оқ атуы өтті.

 

Ұшқыштарымыз алғашқы үштікте

«Авиадартс» та ауыз толтырып айтарлық жаңалықтарға толы. Ресейдің Рязань облысының «Дубровичи» полигонында ұйымдастырылған ұшу экипаждарының халықаралық байқауында Қазақстанның тікұшақшылары  үшінші орынды еншіледі. Осылайша, сайыстың үздіктері қатарына қазақстандық тікұшақшылар да ілінді.

«Жерүсті нысаналары бойынша жауынгерлік қолдану» сайысының соңғы кезеңі шеңберінде ұшқыштар межелердің әртүрлі үлгілері бойынша зымыран-зеңбіректік және бомбалық қару-жарақты жауынгерлік қолдануға сынақ ұшуларды орындады. Қазақстанның командалары арасында армиялық авиацияның ұшқыштары – Ми-171Ш тікұшақтарындағы екі экипаж бәрінен жақсы өнер көрсетті. Бірінші экипаждың құрамында буын командирі капитан Григорий Кондратюк, ұшқыш-штурман аға лейтенант Абай Боранбаев және борт технигі капитан Александр Куценко болды. Екінші экипаждың құрамын экипаж командирі капитан Алмас Тағаев,  штурман лейтенант Сергей Кондратюк пен борт технигі капитан Рауан Атанбұзов толықтырды. Дәл осы ұшқыштар шешуші сәтте барлық күш-жігерлерін жинап, толқыныс пен сезімді артқа тастап және сәттілікке жетуге бет алып, бағдарламаның барлық түрлерінде жақсы нәтижелер көрсетуге тырысып бақты.

Тағы айта кетерлігі, «Дубровичи» полигонындағы байқаудың соңғы кезеңі барысында Ресей Федерациясы Әуе-ғарыш күштері ұшқыштарының қатысуымен «Авиамикс» авиациялық шоуы өтті. Су жаңа жойғыштар, бомбалаушылар мен тікұшақтардың 70-тен аса экипажы әуе дуэльдерін ойнатып, жерүсті нысаналары бойынша авиациялық зымырандардың іске қосылуын жүзеге асырды. Әуе межелерінің қағып алынуын, ауыр жүктердің дәлдікке лақтырылуын пысықтады, сондай-ақ, жеке дара және топ құрамында жоғары пилотаж фигураларын паш етті. 

Көк аспанда қалықтаған Су-27, «Стрижи» (МиГ-29), «Крылья Тавриды» (Як-130), «Соколы России» (Су-30СМ) ұшақтарында, «Беркуты» на вертолётах Ми-28Н» тікұшақтарында «Русские Витязи» пилотаж топтары өнер көрсетті. Ал жеке дара пилотажды Ка-52 мен Ми-26Т тікұшақтарының экипаждары орындады.

«Авиадартс» байқауы Армия халықаралық ойындары – 2016 шеңберінде өтетін додалардың қызықты әрі белділерінің қатарында. Оған биыл Қазақстан, Ресей, Қытай және Беларусьтің ұшқыштары қатысқанын еске саламыз. Сайыста Су-25, Су-27, МиГ-29 ұшақтары мен Әскери-әуе күштері Ми-171Ш тікұшақтарының ұшу және инженерлік-техникалық құрамдары еліміздің намысын қорғады. «Әуе хас шеберлері» пилотаждау, дәл оқ ату мен бомба лақтыру шеберлігінде, сондай-ақ, спорттық алаңдарда сайысқа түсті. Одан басқа, биылғы жылы нысаналар үлгілерінің саны екі есеге ұлғайтылғанын айта кеткен жөн.

 

Ойынның арқасында отандық өнімге сұраныс артты

Жағымды жаңалықтар легін үзбей, елдегі оқиғаларды да сөз етсек. Қазақстандық түнгі көру приборларымен алғаш рет Армия халықаралық ойындарының түсірілімі жүргізілгені белгілі. Қазақстандағы байрақты бәсеке сайысына қатысушы елдер «Мерген шебі» және «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауларында пайдаланылған қазақстандық өнімге қызығушылық білдірді. Оның ішінде, сайыстарда мергендер белсенді түрде қолданып жүрген отандық приборларға Зимбабве, Қырғызстан және Иран елдерінің өкіл-мамандары таңдай қаққан.

Еліміздегі «КАЕ» өндіруші кәсіпорнында хабарлағандай, қазіргі уақытта аталған елдердің тиісті өкілдерімен келіссөздер өткізіліп те қойылды. Әлеуетті клиенттер зауыттың мамандарына көкейлерінде жүрген барлық сауалдарын қойды. Бүгінгі таңда біздің өнімге кәсіпорын келіссөздер жүргізуді жалғастырып жүрген бірқатар өзге де мемлекеттер қызығушылық танытуда.

Жалпы алғанда, қазақстандық «КАЕ» кәсіпорны экспортқа электронды-оптикалық приборлар мен жүйелердің кең түрін ұсынуға әзір. Сайыстардың түнгі кезеңдері Армия халықаралық ойындары шеңберінде алғаш рет өткізілгенін жеке атап өткен жөн. Отандық өндірістің оптикасының арқасында қараңғыда мергендердің оқ атулары ғана емес, сонымен бірге, жарыстың кейбір сәттерін толыққанды түсіруге мүмкін болып отыр.

Сөз арасында қазақстандық белгілі зауыттың халықаралық сайысты полигондық жабдықпен қамтамасыз еткенін айта кетсек, артықтық етпес. «Қазақстан инжиниринг» ҰК» АҚ-тың құрамына кіретін «С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ кәсіпорны Армия халықаралық ойындары – 2016 байқауларына роталық тактикалық жиынтық әзірлеп қойған. Жаңа жабдық Қазақстанда өтіп «Арми-2016» жарысының «Мерген шебі» және «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауларын қамтамасыз етуде. Роталық тактикалық жиынтық «Гвардейск» полигонында тәуліктің күндізгі және түнгі уақытында жауынгерлік бөлімшелердің оқу атыстарын ұйымдастыру үшін арналған. Жабдық қытымыр климаттық жағдайларда немесе үскірік аяз бен аптап ыстықта жұмысты қамтамасыз етеді.

«С.М. Киров атындағы зауыт» АҚ – 2015 жылдан бастап ҚР Қорғаныс министрлігіне арналған әртүрлі полигондық жабдықты жеткізуді жүзеге асырып келе жатқан бірден-бір отандық өндіруші болып табылады. Жабдық кез келген уақытта жеке құрамның жауынгерлік даярлық тапсырмасын орындауға мүмкіндік беретін ұтқыр, берік, жеңіл орнатылады әрі пайдалануда ыңғайлы.

 

Ұлттық тағамдарымыз шетелдіктерге ұнады

Сонымен қатар Армия ойындарына қатысу үшін Қазақстан Республикасына келген әскери қызметшілерді ұлтымыздың ерекше мәдениетімен таныстырдық. 2016 жылғы байрақты доданың екі байқауына қатысу үшін елімізге келген әлемнің 12 елінің әскери қызметшілері кезеңдерде өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетуге үлгеріп қана қоймай, өңірлерімізбен, құндылықтарымызбен етене жақынырақ танысты.

«Мерген шебі» мен «Артиллериялық оқ ату шеберлері» байқауына қатысушылар үшін айрықша мәдени бағдарлама ұйымдастырылды. Ойынға қатысушылар Алматы шаһарының мәдени мұрасы элементтерін тамашалады. Қазақстан, Венесуэла, Қырғызстан, Қытай, Ресей, Беларусь, Зимбабве, Үндістан, Иран, Моңғолия, Грекия, Арменияның әскери қызметшілері ҚР Тұңғыш Президентінің саябағына, Ұлттық мұражайы мен әйгілі биік таулы «Медеу» мұз айдынына барды. Әскери қызметшілердің назарына әртүрлі концерттік нөмірлер ұсынылды, қазақтың ұлттық және эстрадалық композициялары шырқалып, сондай-ақ, билеріміз орындалды. Одан басқа, қатысушыларға қалалық мейрамханалардың бірінде түскі қонақ асы ұйымдастырылды. 

Меймандар қазақтың ұлттық ас мәзірі, яғни, бесбармақ, бауырсақ, құрт және ұлттық сусын – қымыз бен шұбаттан дәм татты. «Маған ұлттық ас мәзірлеріңіз өте қатты ұнады. Әсіресе, бесбармақ. Бәрі дәмді және тіл үйіреді» деді Армениядан келген әскери қызметші Севад Погосян. Ол барлық  тағамдардың дәмінен қуана-қуана ауыз тигенін де атап өтті.  

Полковник Болат Жүнісбековтің айтуынша, бағдарлама шетелдік қатысушыларды Қазақстанның ірі қалаларының бірі Алматының мәдениеті және өнерімен етене таныстыру үшін өткізілген.

 

«Аспан кілті» мен «Адал достан» алғашқылардың қатарындамыз

«АрМИ-2016» ойындары шеңберінде өткен «Аспан кілті» зениттік-зымыран әскерлері жауынгерлік есептоптарының  далалық машығы бойынша байқаудың ақтық кезеңінде де жерлестеріміз қалыс қалмады. «С-300ПС зениттік зымыран жүйесі» номинациясында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері үшінші орынды еншіледі.  Бірінші орынды Ресей Федерациясының командасы иеленсе, екінші орынды Беларусь Республикасының командасы жеңіп алды.

«Өткізілген жарыс бізге жауынгерлік жағдайдағы есептоптар мен экипаждардың шынайы іс-қимылдарын көрсетті. Ұрыс машиналарын жүргізу, есептоптың техниканы жауынгерлік әзірліктің әртүрлі, яғни, жорықтық және жауынгерлік дәрежелеріне көшіру шеберлігі бойынша байқау кезеңдері бізге жақсы тәжірибе берді» дейді ҚР ҚК Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетов. Байқау соңында қатысушы командалардың жауынгерлік есептоптары «Армавир» және «Қабан» зымыран нысаналары бойынша зениттік басқарылатын зымырандарды, елестетілетін аэродинамикалық және баллистикалық межелерді іске қосумен әуе нысаналары бойынша әуе шабуылына қарсы ұрыс жүргізді. Меймандар С-300 ЗЗЖ жауынгерлік зымырандарының іске қосылуын, әуе және жерүсті нысаналар бойынша «Панцирь-С» ЗРПК-ның оқ атуларын, сондай-ақ, басқарылатын зымырандарды іске қосу мен МиГ-29 жойғыштары арасындағы әуе «шайқасын» және Ту-22М3 және Су-34 ұшақтарының жерүсті нысаналар бойынша бомба лақтыруын тамашалады.

«Аспан кілті» халықаралық сайысы алты байқау кезеңі бойынша өткенін естеріңізге сала кетейік. Атап айтқанда, шынайы авиацияны белгілеумен қарсыластың әуе соққысына тойтарыс беру, іске қосу қондырғысын оқтаумен зымырандардың іске қосылуын елестету, механик-жүргізушілердің жарысы, зениттік зымыран дивизионының маневр жасауы және жауынгерлік іске қосулармен әуе қарсыласының соққысын тойтару. Сайыс жеңімпаздарына Ресей Федерациясы әуе-ғарыш күштері қолбасшылығының өкілдері және шетел мемлекеттерінің әскери сарапшылары бағалы сыйлықтар табыс етіп, медальдар және атаулы грамоталармен марапатталды.

Ал «Адал дос» алғашқы халықаралық кинологиялық байқауында әскерилеріміз Қытайдың командасынан жеңіліп, Ресей командасымен бірге екінші орынды еншіледі. Осылайша Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери полиция органдарының әскери қызметшілері бұл сайыста да көшбасшылар қатарында болды. Үшінші орында Белоруссияның командасы, төртінші орынды ФААЕҚҰ командасы жеңіп алды.

«Дог-биатлон» (эстафета) сайысының соңғы кезеңі шеңберінде кинологтар өздерінің қызметтік иттерімен бірге тұру қалпында ұсақ калибрлі винтовкадан оқ атуларды орындай отырып, 800 метрден 2 шеңберді айналып өтті. Осы кезеңде жеке есепте байқауда бірінші болып, 699 ұпай жинаған капитан Бауыржан Мұқышев бәрінен үздік өнер көрсетті.

«Адал дос» тұңғыш халықаралық кинологиялық байқауы Мәскеу облысының Дмитров ауданында Қызметтік итті бағып-өсіру орталығы Қызыл Жұлдыз 470-ші оқу орденінің («Қызыл Жұлдыз» тайпалық тәлімбақ) базасында аяқталғанын айта кетейік. «Армия халықаралқ ойындары – 2016» шеңберінде өткізілген әскери кинологтардың байқауына Ресей, Қытай, Белоруссия және Қазақстанның 25 қызметтік иттерімен бірге 50 тәлімгер қатысты. ФААЕҚҰ-ның «Ардагерлер одағы» командасы байқаудан тыс негізде өнер көрсетті. Байқауға қатысу үшін қазақстандық қызметтік иттерді дайындау кезінде ҚР Қарулы Күштері Әскери полициясы бас басқармасы малинуа және неміс овчаркасы тұқымдас иттерге басымдық берді. Кинологтардың жарысы төрт байқау кезеңі бойынша өткізілді. Атап айтқанда, дог-биатлон (жеке жарыс), қорғаныс қызметі, кедергілер жолағын бұзып өту және дог-биатлон.

 

Теңіздегі тартыста Ресеймен тірестік

Қазақстанның әскери теңізшілері Ресей Федерациясының су айдынындағы «Теңіз кубогы – 2016» байқауы үш кезеңінің қорытындысы бойынша жақсы нәтижелер көрсетіп, екінші орынды еншіледі. Бірінші оқ ату кезеңінде теңізшілеріміз барынша ұпай санын жинап, жақсы нәтижелер көрсетті.

Теңіз межесі бойынша оқ атуда жауынгерлік бөлім командирі аға лейтенант Шахрух Әбдіразақов қана нысанаға дөп тигізді. Теңіз нысанасы бойынша оқ атуда ҚР ҚК ӘТК-нің теңізшілері әуеден лақтырылған меже атып өтудің бұрышына сай келмейтін жерде орналасқанына қарамастан, үздік нәтижелер көрсетті. Алғашқы дүркін атыстан-ақ нысанаға дөп тиді. Екінші өміршеңдік үшін күресті ұйымдастыру кезеңінде әскери қызметшілеріміз 1 минутқа РФ-ның командасынан жеңіліс тауып, екінші нәтиже көрсетті. Үшінші теңіз машығы мен құтқару дайындығы кезеңінде ҚР ҚК ӘТК-нің теңізшілері екінші атанды.  

Армия халықаралық ойындары – 2016 сайысының «Теңіз кубогы» байқауында мемлекетіміздің намысын «Орал» зымыран-артиллериялық кораблі, корабль командирі аға лейтенант Асқар Қапашов қорғағанын айта кетейік. «Инженерлік формула» байқауында әскери инженерлер қазақстандық команданың қоржынын тағы бір күміс медальмен толықтырды.

РФ Волгоград облысының Волжский қаласында халықаралық байқаудың шешуші кезеңі өтті. Оған Қазақстан, Қытай және Ресейдің командалары қатысты. «Инженерлік формула» байқауы «Формула 1» автожарысының қағидаты бойынша ұйымдастырылды. Экипаждар ұзындығы 4 шақырым жылдамдық шеңберлерінен өтіп, пит-стоптарда арнайы инженерлік тапсырмаларды орындады. Командаларға өткелден, төбешіктен, теміржол айрығынан, миналық алаңнан өтуге тура келді. 

Байқаудың ақтық кезеңі күрделі болды. Командалар жүзбелі транспортерларға жүк машиналарын тиеп, бір уақытта шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс бере отырып, өзеннен өте бастады. Қорытындысы бойынша қазақстандық команда Ресей Федерациясының командасынан жеңіліп, екінші орынға ие болды. Одан басқа, эстафета нәтижелері бойынша Қазақстанның командасы  «ҚҚМ-ның үздік есептобы» және «ЖТС-тың үздік экипажы» номинацияларында жеңімпаз атанды.

Кабардин-Балқарда өткен «Эльбрус шығыршығы» байқауының нәтижесі де көңіл көншітеді. Сайысқа Қазақстан, Ресей, Қытай және Иранның командалары қатысты. Жарыстың 10 күні ішінде қатысушылар биіктіктердің үлкен құламалары бар ұзындығы 105 шақырымдық бағдардан өтті, таулы өткелдерді, мұз айдындарын, өзендерді еңсерді. Сондай-ақ, еуропалық құрлықтың жоғары нүктесі – Эльбрус тауының шыңына шықты. Қазақстандықтар бұл сайыста үшінші орын иегерлері атанды.

«Тек жоғары кәсіпқойлық, рух пен ерлік күші ғана сайыс қатысушыларына бағдардың барлық қиындықтарына төтеп беруге және Эльбрус шыңында туларын желбіретуге мүмкіндік берді. «Эльбрус шығыршығы» халықаралық байқауы серіктестік қарым-қатынасты дамыту, әртүрлі елдердің қарулы күштері арасында сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін қарымды ынталандыру болды» дейді РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков. Армия халықаралық ойындарындағы қызу тартыста қазақстандық десантшылар тағы бір күміс медальдар жиынтығын жеңіп алды.

Новороссийсктің маңындағы Раевский полигонында ұйымдастырылған «Десанттық взвод» халықаралық байқауында Қазақстан Қарулы Күштерінің командасы Қытай мен Белоруссияның командаларынан оза шауып, дүбірлі додада екінші орынды еншіледі. Парашюттік-десанттық және десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің «Десанттық взвод» байқауы 4 кезеңде өтті.  Сайыстарға Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Қытай, Иран, Мысыр және Венесуэланың әскери қызметшілері қатысты.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"