АрМИ - 2016: Қазақ армиясы қайрат пен жігердің үлгісін көрсетті

Армия халықаралық ойындары-2016 мәресіне жетті. Қазақстан командасы жалпы есепте екінші орынды еншіледі. Қарулы Күштеріміздің әскерилері қорғаныс саласындағы кәсібиліктерін барынша паш етті. Біліктіліктері мен күш-жігерлерінің жоғары деңгейде екенін көрсетті.
Қазақстанның Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов атап өткендей, биылғы жылы Армия халықаралық ойындары өзінің мазмұны мен ауқымдылығы жағынан ерекшеленіп, халықаралық ынтымақтастықтың, жаңа символына айналды. Тәжірибе алмасу, бейбітшілік пен келісімнің кепілі ретінде танылды.

Күміс жүлде қажырлы еңбекпен келген

Армия халықаралық ойындары-2016 Ресейдің Алабино полигонында аяқталды. Қазақстан Қарулы Күштерінің құрамасы сайысты жеңіспен аяқтады. Біздің әскери қызметшілер Азия, Еуропа, Африка және Латын Америкасының 19 мемлекетінен келген 120 армиялық команданың арасында жалпыкомандалық екінші орынды иеленді. Бірінші орынға Ресей командасы шықса, үшінші жүлдені Қытай құрамасы місе тұтты. Біздің команда бірден-бір өкілді команда деп танылды. Атап айтқанда, ойындарға қатысу саны жағынан сайысты ұйымдастырушы команда мен Қытай командасын алға жіберіп алды. Қазақстандық әскерилер 23 байқаудың 21-не қатысты. Бұл ауқымды қатысу қазақстандық армияның жаңа мүмкіндіктерін көрсетті.

Қазақстан армия ойындарына қарапайым сайыс ретінде ғана қарамайды, сонымен қатар, жарыс жауынгерлік бауырмалдық рухын көтереді деп санайды. Ресейдің барлық аймағындағы 19 әскери полигонда – құрлықта, теңізде және әуеде Қазақстан Қарулы Күштерінің намысын 600 әскери қызметші қорғады.

Әскери ұшқыштар, теңізшілер, десантшылар, жүргізушілер, танкистер мен инженерлер, кинологтар, әскери дәрігерлер және аспазшылар – барлығы халықаралық дәрежедегі біздің әскеріміздің айбынын асыру үшін күресті. Ондаған сағаттар жаттығуларда өтіп, жүздеген қашықтықтар мен кедергілерді еңсерді. Нәтижесінде жалпыкомандалық екінші орын жүлдесімен «Теңіз кубогында» әскери теңізшілер, «Сенімді дос» байқауында кинологтар, «Десантты взвод» және «Инженерлік формула» байқауларында жеңімпаз ретінде елге оралуда. Сондай-ақ, «Танк биатлоны», «Эльбрусстік шеңбер», «Рембат», «Қару шебері», «Дала асханасы» және «Автобронетанк техника шебері» байқауларында жүлделі үшінші орынды жеңіп алды.

Аталған ойындардың жарқын сәттерінің бірі  - жеке есепте алдыңғы орынға шығып 699 балл жинаған Қазақстандық әскери қызметші Бауыржан Мұқышев үздік кинолог деп танылды. «Суворов тегеуріні» байқауы біздің команда үшін жеңісті болды. Құрамында жауынгерлік машина командирі аға лейтенант Марат Мауенов, оператор-бағдарлаушы сержант Жақсылық Ескендіров, механик-жүргізуші сержант Сәттібек Бекбаулин бар команда ең үздік деп танылды.

 

Келер жылы байқау ауқымын кеңейтеміз

Қазақстан үшін Армия ойындары-2016 байқауының тағы бір ерекшелігі – алғаш рет «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» атты екі байқауы біздің жерімізде өтті. 12 мемлекеттің үздік мергендері мен артеллерияшылары қазақ топырағында жеңіс үшін сайысты. Байқаудың алғашқы кезеңдері түнгі жағдайда өтті. Атыстар елімізде өндірілген түнгі көру құралдарын қолдану арқылы ұйымдастырылды. Отандық «КАЕ» кәсіпорнының құрал-жабдықтары арқасында түнгі түсірілім жүргізу мүмкін болды.

Сайыс барысындағы айтулы кезеңдер мен оқиғаларды, біздің әскери қызметшілердің жеңісін және салтанатты марапаттау рәсімін қазақстандықтар тікелей эфирден көру мүмкіндігін алды. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің сайтында онлайн-трансляция жүрді. Жеті күн ішінде 204 000 көрушілер тіркелді. Сайыстың онлайн көрсетілімін Қазақстаннан өзге, Канада, Ұлыбритания, Япония, Қытай, Беларусия, Ресей, АҚШ және басқа да мемлекеттердің тұрғындары тамашалады.

Қазақстандағы сайыстың қорытындысында барлық команда жетекшілері мен төрешілер арасында сауалнама жүргізілді. Белгілі болғандай, сайысты төрелік етудің жоғары дәрежеде өткені және сайысқа алдағы уақытта қатысуға деген қызығушылық анықталды. Алайда, бұл Қазақстан жеріндегі армия ойындары тарихының басы ғана саналады. Келесі жылы біздің әскери полигондар тағы да әскери мамандар «сайысының» орталығына айналмақ. Енді бізде екі емес, бес сайыс өткізіледі. Армия ойындарының бағдарламасына бронды автомашиналардың сайысы, әскери қызметші қыз-келіншектерге арналған сайыс, басқарусыз ұшақтардың қатысуымен байқаулар қосылады. Сондай-ақ, биыл елімізде өткен  «Артиллериялық ату шебері» және «Мерген шебі» байқаулары өтеді.

 

Генерал-полковник танкішілерімізге сағат тақты

Енді Армия халықаралық ойындарының соңғы сәттерін оқырман назарына ұсынсақ. «Танк биатлоны» байқауынан кейін ҚР Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері атаулы сыйлықтарға ие болды. Әзірбайжанның Қорғаныс министрі Зәкір Ғасанов Армия халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» байқауында Қазақстанның әскери қызметшілері қол жеткізген нәтижелерді жоғары атап өтті. Генерал-полковник Зәкір Ғасанов қазақстандық танкішілерге атаулы сағаттар табыс етті.  Қазақстан Қарулы Күштерінің әскери қызметшілері Армия халықаралық ойындарының «Танк биатлоны» байқауында 17 қатысушы команда арасында үшінші болып, осы сайыстың қола жүлдесін жеңіп алды. 

«Танк биатлоны» байқауының финалында Мәскеу қаласының маңындағы «Алабино» полигонында Ресей, Белоруссия, Қазақстан және Қытайдың экипаждары өнер көрсетті. Барлық командалар Ресей тарапынан ұсынылған Т-72Б3 танктерінде өнер көрсетті. Қытай командасы сайыстарға жекеменшік өндірісінің танкісінде, ал Белоруссияның әскери қызметшілері республиканың кәсіпорындарында жаңартудан өткен Т-72 танкісінде қатысты.

 

«Авиадартста» қола алдық

Армия халықаралық ойындарының «Авиадартс – 2016» сайысында қола жүлделерге ие болған ұшқыштар Қазақстанға оралды. Ұшу экипаждарының «Авиадартс – 2016» халықаралық байқауында сәтті өнер көрсеткен және бағдарламаның екі түрінде қола жүлделерді жеңіп алған Қазақстан Республикасы Әскери-әуе күштерінің қазақстандық экипаждары өздерінің әуеайлақтарына қонды.

Отанына ұшар алдында Рязаньдағы Дягелево әуеайлағында  «Авиадартс – 2016» халықаралық байқауының жабылу рәсімі өтті. Бұл байқауда Ми-171Ш тікұшағындағы армиялық авиация мен Су-27 ұшағындағы жойғыш авиацияның ұшқыштары қола  жүлдегер атанды. Бұдан бұрын хабарланғанымыздай, соңғы турда қазақстандық тікұшақшылар үшінші орынға ие болған еді. Конкурстың аталмыш түрінде 5 команда өнер көрсетті. Үш ресейлік, бір белорус және біздің команда. Қазақстандық ұшқыштар бұрандалы қанатты машиналарда екі аса тәжірибелі ресейлік командадан басып озды. Бірақ, мәлім болғандай, сол күні тікұшақшыларға ғана сәттілік серік болған жоқ. Нысаналарды жою, бейнежазба, дәйекті бақылау мәліметтері нәтижелерінің талдауы және төрешілер алқасының шешімімен жойғыш авиациясының Су-27 ұшағында Қазақстанның командасына жүлделі үшінші орын берілді. 

Біздің жұп – капитан Әділбек Ысқақов пен Руслан Мақадиев жойғыш авиацияның бес командасы арасында да жүлделі үшінші орынды еншіледі. Командамыз қызу тартыста Су-35 және Су-30СМ сияқты Ресей Федерациясының анағұрлым заманауи жойғыштарының экипаждарымен бақ сынасқанын айта кету қажет. Халықаралық байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттау барысында қазақстандық ұшқыштар Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Әуе қорғанысы күштерінің бас қолбасшысы авиация генерал-лейтенанты Нұрлан Орманбетовтің қолынан кубоктар мен медальдар алды. Байқау ұйымдастырушыларынан 2 скутер табысталды.

Өздерінің әуеайлақтарында оларды командирлері, қызметтестері мен отбасылары күтіп алды. Ұшу экипаждарының «Авиадартс – 2016» халықаралық байқауы 2016 жылғы шілденің 31-і мен тамыздың 9-ы аралығында Ресей Федерациясының аумағында өткенін естеріңізге сала кетейік. Екі қазақстандық команда қола жүлделерге ие болып, «АрМИ-2016» Армия халықаралық ойындары шеңберінде Қазақстан құрамасының ортақ қоржынына сүбелі үлес қосты.

 

Өзара іс-қимылды нығайтады

Қазақстанның әскери қызметшілері «Далалық ас үй» және «Қауіпсіз орта» байқауларында да қола медальдарды місе тұтты. Ресей Федерациясында «Далалық ас үй» халықаралық байқауының қорытындысы шығарылып, оның жүлдегерлері мен жеңімпаздарына наградалар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Қазақстан әскери қызметшілерінің командасы Армия ойындарының аталмыш  сайыстарында қола жүлдегер атанды.

Ангола, Қазақстан, Қытай, Моңғолия және Ресей Қарулы Күштерінің азық-түлік мамандары шеберлік сыныбын көрсетті. Оның барысында өздерінің шеберліктері мен далалық жағдайларда дәмді және денсаулыққа пайдалы тағамды дайындаудың заманауи технологияларын ұсынды. РФ Қорғаныс министрінің орынбасары армия генералы Дмитрий Булгаков осындай байқаулардың өткізілуі әртүрлі елдердің армиялары арасында өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ, өзге де әскери кәсіптердің арасында материалдық-техникалық қамтамасыз ету мамандарының беделін арттыруға ықпал етеді деп сенімін білдірді.

«Қауіпсіз орта» халықаралық байқауында Қазақстанның командасы үшінші орынды еншіледі. Сайыс жүргізу, атыс даярлығы, сондай-ақ, радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау бойынша 24 нормативтің орындалуын қамтыды. Жарыста әрбір экипажға орлармен, эскарптармен, траншеялармен, габариттік тоннельдермен, төбешіктермен, беткейлермен, айналып өтетін жерлермен, сулы кедергі және атыстық-шабуылдау жолағымен жабдықталған бағдарды еңсеруге тура келді.

 

Эльбурс шыңына ту тікті

Армия халықаралық ойындары шеңберінде Кабардин-Балқарда «Эльбрус шығыршығы» байқауы аяқталды.  Сайысқа Қазақстан, Ресей, Қытай және Иранның командалары қатысты. Жарыстың 10 күні ішінде қатысушылар биіктіктердің үлкен құламалары бар ұзындығы 105 шақырымдық бағдардан өтті, таулы өткелдерді, мұз айдындарын, өзендерді еңсерді. Сондай-ақ, еуропалық құрлықтың жоғары нүктесі – Эльбрус тауының шыңына шықты. Қазақстандықтар бұл сайыста үшінші орын иегерлері атанды.

«Тек жоғары кәсіпқойлық, рух пен ерлік күші ғана сайыс қатысушыларына бағдардың барлық қиындықтарына төтеп беруге және Эльбрус шыңында туларын желбіретуге мүмкіндік берді. «Эльбрус шығыршығы» халықаралық байқауы серіктестік қарым-қатынасты дамыту, әртүрлі елдердің қарулы күштері арасында сенім мен өзара түсіністікті нығайту үшін қарымды ынталандыру болды», - дейді РФ Қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панков.

Армия халықаралық ойындарындағы қызу тартыста қазақстандық десантшылар тағы бір күміс медальдар жиынтығын жеңіп алды. Новороссийсктің маңындағы Раевский полигонында «Десанттық взвод» халықаралық байқауы аяқталды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің командасы Қытай мен Белоруссияның командаларынан оза шауып, дүбірлі додада екінші орынды еншіледі. Парашюттік-десанттық және десанттық-шабуылдау бөлімшелерінің «Десанттық взвод» халықаралық байқауы 4 кезеңде өтті. Сайыстарға Ресей, Қазақстан, Белоруссия, Қытай, Иран, Мысыр және Венесуэланың әскери қызметшілері қатысты.

 

P.S. Хош делік, биылғы Армия халықаралық ойындары да мәресіне жетіп жеңімпаздарын осылай анықтады. Қазақстанның әскери командасы байрақты додада қайрат пен жігердің ерен үлгісін көрсетті. Аталған сайыстағы ел қорғанысының нәтижесі жыл санап ұлғайып келе жатқанын мамандар жасыра алмайды. Яғни, жауынгерлеріміздің, сарбаздар мен сардарлардың кәсіби машығы, біліктілігі һәм білімі уақытпен бірге жаңарып, шыңдалып, биіктеу үстінде. Алдағы Армия ойындарында алар асуымыз бұдан да өрлейтіні сөзсіз.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"