Әскери химиктер ядролық, химиялық және биологиялық қорғауды қамтамасыз етеді

Әскери химиктер бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде пайда болып, химияға қарсы қорғаныс мәселесімен Қызыл Армияның жұмысшы-крестьян Бас артиллериялық басқармасының ерекше химиялық бөлімі (9-шы бөлім) айналысты, деп хабарлайды Sarbaz.kz тілшісі.

Ол 1918 жылы құрылып, бұрынғы орыс армиясынан қалған әскери-химиялық мүлікті тіркеу және сақтау мәселелерімен шұғылданды. Ал, 1918 жылы 13 қарашада Революциялық Әскери Кеңестің 220-шы бұйрығымен радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскері ресми түрде құрылды. Көп ұзамай химиялық қорғаныстың алғашқы органдары мен бөлімдерінің негізі қаланды.

 1925 жылдың басында атқыштар полкінде, 1927 жылы дивизиялар мен бригадаларда химиялық бөлімшелер жасақталды. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында да химиктер алдыңғы шепте болды. 28 жауынгер-химик Кеңес Одағының Батыры атанды. Мәселен, Батыс, Орталық, Брянск, Ленинград, Балтық жағалауы майдандарында жоғары әскери қызметтерді атқарған Шәкір Жексенбаев туралы айтпай кету мүмкін емес. Ол азамат соғысының аты аңызға айналған батыры В.И.Чапаев, соғыс теоретигі М.В.Фрунзе, революционер В.И.Куйбышев, Кеңес Одағының маршалдары К.Е.Ворошилов, С.М.Буденный, Л.А.Говоров, Ф.И.Толбухин, К.К.Рокоссовский, С.К.Тимошенко сынды басшылармен қоян-қолтық қызмет етті. Бар күш-қайраты мен ынта-жігерін әскер мүддесіне жұмсады. Майданда жоғары дәрежелі әскери химик ретінде күрделі соғыс операцияларының жеңіспен аяқталуына күш салды. Әскердің танктерден қорғануы үшін от тұтандырғыш шөлмектерді де ойлап тапты. Шәкір Жексенбаев –химиялық әскери басқарманың және химиялық қорғау академиясының жетекшілері алдында генерал атағын қазақ арасында тұңғыш алған адам.

   Келтірген залалы мен салдары жағынан XX ғасырдағы ең ірі техногендік радиациялық апат – Чернобыль атом электр стансасындағы жарылыстың зардабын жоюға да 600 мыңға жуық адам қатысты. Басым бөлігі әскери қызметкерлер болды. Химиялық қорғау полкінің құрамында шамамен 32 мың қазақстандық болды. Ядролық реактордың жалыны 300 метрге көтеріліп, салмағы 1тоннаға жететін темір жабулар әуеге ұшты. Атомның отыны жалғанған 1661 канал ашық аспан астында қалып, атмосфераға араласты. Белоруссияның Гомель мен Могилев, Украинаның Киев пен Житомир және Ресейдің Брянск облыстарының тұрғындары АҚШ-тың Хиросима мен Нагасаки қалаларына тастаған атом бомбасына тең келетін радиоактивті сәулеге шалдықты. Сондай-ақ, радиоактивті түтін аймақтан асып, оннан астам мемлекеттің 145 мың шаршы шақырым жерін ластады. Апаттың алғашқы күні-ақ 80 адам қаза болды. Кем дегенде 5 миллион адам зардап шекті.

   Бүгінгі күні радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау әскерінің парызы  – Қарулы күштердің жеке құрамын және халықты ядролық, химиялық және биологиялық қарудың зақымдағыш факторларынан қорғау. Сондай-ақ, қоршаған ортаға ықпал етуші жағымсыз факторлардың әсерін барынша азайту. 

Майор Расул ҚҰРБАНОВ, 35804 әскери бөлімінің командирі:

-Расул Қайырұлы, ҚР ҚК арнайы әскерлерінің құрылу және қалыптасу тарихынан аз-кем ақпарат берсеңіз.

-         1992 жылы тамыз айында химиялық әскерлері радиациялық, химиялық және биологиялық қорғау болып өзгертілді. ҚР ҚК арнайы әскерлеріне инженерлік және РХБ қорғау басқармалары енгізіліп, 2003 жылы 7 мамыр күні жеке арнайы әскерлер болып қайта құрылды. ҚР ҚК арнайы әскерлерінің РХБ қорғау басқармасының және құрамаларының дамуы мен қалыптасуына ҚР ҚК арнайы әскерлерінің бастығы полковник Т.Битебаев, ҚР ҚК арнайы әскерлері РХБ қорғау басқармасының бастығы Т.Қасымбаев, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлері қолбасшылығы Басқармасының РХБ қорғау әскерлерінің бастығы полковник Қ.Тұрғанбеков көп үлес қосты.

-         Сіз басшылық ететін әскери бөлімнің басты міндеті қандай?

-         Біздің бөлім 2010 жылы 21 қыркүйекте ҚР ҚК мүмкіндіктерін арттыру, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерін РХБ қорғаумен қамтамасыз ету мақсатында құрылды. РХБ қорғау батальонының мүмкіндіктері зор. Ол – РХБ барлау және бақылау жүргізу, қару-жарақ пен әскери техниканы және басқа да материалдарға толық арнайы өңдеу жүргізу, аймақ, асу, бағыттарды,  колонна жолдарын залалсыздандыру, барлау құралдарына аэрозольді қарсы әрекет ету, жауға өрт қаруын қолдану, РХБ қорғау құрамаларына қоймалардан қажетті құралдар мен сұйықтарды жеткізу, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскерлерін РХБ қорғау қызметімен, бейбіт заманда қауіпті нысандарда болған апаттың залалдарын жоюды қамтамасыз етеді. Осы мақсатта келешекте «АРС-14 КЗ», «БТР-80» әскери техникалары, «Кестрел», «Спироматик QS II» заманауи құралдары, «ММТД» көп режимдік детекторы, «Trellhem» химиялық қорғауға арналған киім-кешегімен жабдықталмақ.

-         «Шығыс» жалпыәскери полигонында ұйымдастырылатын РХБ қорғау әскерінің далалық жиындары не береді?

-         Мысалы, барлау ротасы БРДМ-2 әскери техникасының көмегімен радиациялық, химиялық және биологиялық бағытта белгілі бір ауданға барлау жүргізеді. Бақылау бекетін құрып, радиациялық аймақты зерттейді. Улы заттарды химиялық барлаудың ГСА-12, биологиялық барлаудың АСП, радиациондық барлаудың ДП-3Б әскери құралдарымен анықтайды. Радиацияның деңгейі, өлшемі, болжамы туралы деректі жазып, белгі қояды. Ал, залалданған ауданның көрсеткіштерін ВПХР және ДП-5В жылжымалы құралдары арқылы белгілейді. Әскери қару-жарақ пен техниканы және өзге де материалдық құралдарды залалсыздандыратын автостанция, әскерді жасыру үшін термотүтін аппаратурасы да тартылады. Жаттығу алаңындағы ГАЗ-66 жүк автомобилінің артына термотүтін аппаратурасы орналастырылады. Жалпы алғанда, далалық жағдайдағы кез-келген жиын әскерилердің теориялық білімін тәжірибе жүзінде бекітуге мол мүмкіндік береді.

Аға лейтенант Бахытқан Жампозов: 

-    Сіз ҚР ҚК әскер түрлерінің ішіндегі РХБ қорғау бағытындағы мамандықты қалай таңдадыңыз?

-         Бала күнімнен әскери қызметкер болуды жан-жүрегіммен қаладым.

-         РХБ қорғау құрамаларына офицерлерді қайда дайындайды?

-         М.О.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік Университетінде РХБ қорғау командирлерін төрт мамандық бойынша дайындайды. Сондай-ақ, Ресей Федерациясының Кострома қаласындағы С.К.Тимошенко атындағы РХБ қорғау және инженерлік әскерлерінің әскери академиясында да әзірлейді. Мен дәл осы Ресейдегі әскери академияда 2007-2012 жылдары білім алдым. Бітірген соң Аягөз гарнизонындағы 10810 әскери бөліміне РХБ қорғау взводының командирі лауазымынан қызметімді бастадым. 2013 жылы 35804 әскер бөліміне РХБ барлау ротасының командирі болып тағайындалдым. Бар білген-түйгенімді қарамағымдағы жауынгерлерге үйретіп келемін.

-         Әскери химик мамандығы несімен қызықтырды?

-         Мамандықтың миссиясы – жаппай жою қаруына қарсы қызметету. Бүгінгі Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған  көшбасшысы. Кешегі ядролық сынақтардан зардап шеккен жерде бүгін атом энергиясы бейбіт тіршілік және прогресс мақсатына пайдаланылып жатыр. Ұлттық ядролық орталық және ядролық технологиялар паркі базасында кемел келешекті инновациялық жобалар да іске асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – ірі ядролық державаның кейінгі ұрпақтың бейбіт болашағы үшін жаппай қырып жою қаруын жинақтаудан бас тартудың айшықты үлгісін көрсеткен мемлекет.

-         Жауынгерлік шеберлік шыңдалған сайын, кәсіби дайындықтың деңгейі де арта түсері анық. Бұл тұрғыда не айтар едіңіз?

-         РХБ қорғау батальонының жауынгерлері БРДМ-2РХБ, АРС-14  ЗИЛ-131 базасында, КРПП ГАЗ-66 базасында, ТДА-М ГАЗ-66 базасында, ПРХМ-Д ЗИЛ-131 базасында әскери техниканы жүйелі меңгеріп келеді. Бұған қоса АРС-4, МКС-У, МКС-АТ 1117М, ИТ-09, ЛИМБ, оқшаулағыш және дем алу аппараты да бар. РХБ қорғау әскерлері сержанттар оқулығы бойынша және жаңа РХБ қорғау құралдарын қамтамасыз ету нұсқамаларын жетекшілікке ала отырып жұмыс жүргізеді. Әскери химиктердің кәсіби амалдар мен қимыл-әрекеттерді орындау деңгейі жыл сайын артып келеді.



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"