Әскери байланыс – қарулы күштерді басқарудың негізі

Байланысшылар әскері – Қарулы Күштерді басқару және байланыспен қамтамасыз ететін арнайы әскер. Әскери байланыс Қарулы Күштерді басқарудың құрама бөлігі, сондай-ақ негізі. Әйгілі қолбасшы Г.К. Жуков «байланыс-армияның жүйкесі» деп жоғары баға берген. Әскери құрал мен қаруды дер кезінде қолдану және әскерді басқарудың жеделдігі көп жағдайда әскери байланыстың жағдайы мен жүйелілігіне қатысты. Байланыс жүйесі және әскерді басқарудағы автоматтандырылған жүйе – басқарма жүйесінің техникалық негізі болып саналады. Әскери байланыстың даму тарихы Қарулы Күштердің құрылуымен, түрі мен форманы қолдануымен, әскери өнердің жетілуімен тікелей байланысты.



Байланысшылар әскеріне – 101 жыл

   XIX ғасырдың ортасында электрлі телеграф ойлап шығарылған соң, орыс армиясында байланыс құрылымдары пайда бола бастады. Алғашқы әскери далалық телеграф 1853-1856 жылдары Қырым соғысында қолданылды. Әлемдегі тұңғыш радиобөлім – «Кронштадтық ұшқындық әскери телеграф» 1899 жылдың мамыр айында құрылды. Бірінші дүниежүзілік соғыстың басында, яғни 1914-1918 жылдар аралығында орыс армиясындағы жаяу әскердің, кавалерияның, артиллериялық бөлімдері түгел дерлік байланыс құрылымдарымен қамтылды. Құрамында шамамен 119 мың адам бар 768 жеке байланыс бөлімі 1919 жылдың қазан айында құрылды. Бұған қоса майдан, армия, дивизия және бригада штабтарына далалық азаматтық 510 пошталы-телеграфтық кәсіпорын мен мекеме іссапарға жіберілді. Оның қарамағында 16 мыңға жуық қызметкер-байланысшы еңбек етті. Азаматтық соғыс аяқталғаннан кейін байланысшылар әскері 32600 адамға дейін қысқартылып, негізінен шетелдік ескі байланыс құралдарымен қамтамасыз етілді. Қызыл армия құрылған 1917-1918 жылдары батальондар мен байланыс командалары атқыштар және кавалерия бірлестіктерінің құрамына қарағанымен, атқыштар дивизиясының штабында байланыс батальоны, бригадада байланыс ротасы, полкте байланыс командасы болды. Бөлімдер мен құрылымдардың командирлері бір уақытта дивизияның, бригаданың, полктің байланысын басқарды. Алайда, байланысқа жетекшілік етудегі бәсеңдік әскерді басқаруға кері әсерін тигізбей қоймады. 1919 жылы 20 қазан күні республиканың революциялық әскери кеңесі әскери байланысқа жетекшілік ету жөніндегі орталық орган – байланыс Басқармасын құрып, майдан, дивизия, бригаданың байланыс әскерінің басшылары қызметін іске қосу жөніндегі бұйрығын шығарды. Осылайша 1919 жылдың 20-шы қазаны Қарулы Күштердің байланыс әскерінің құрылған күні ретінде тарихқа енді.

   Екінші дүниежүзілік соғыстың алғашқы айлары байланыс кей жерде бірнеше рет бұзылып, кейбір бағыттарда мүлдем үзіліп әскерді басқаруға толық мүмкіндік бермеді. Сол себептен ең басты міндет – байланысты қайта  қалпына келтіру болды. Байланысты жөндеп қана қоймай, фашистік солдаттар тобының шабуылын анықтаған алғашқы әскери байланысшылардың бірі А.В. Рыжиковке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Уақыттың тығыздығына қарамастан Ладожск көлі арқылы Москва-Ленинград, Сталинград-Элиста және тағы да басқа байланыс желілері тартылды. Москва үшін шайқаста техниканың аздығына қарамастан байланыс әскері айтарлықтай тәжірибе жинақтап, қалыптасты. Қыстың қарлы аязында байланыс техникасы істен шыққан кезде арнайы оқытылған иттер жедел хабарды жеткізуге және кабель желісін тартуға үлкен көмегін көрсетті. 1943 жылы кең көлемді стратегиялық шабуылға қатысты Днепр үшін шайқаста әскерді бір бағыттан келесі бағытқа ірі су бөгеттері арқылы өткізуде жоғары деңгейдегі байланыс талап етілді. Ірі шайқасқа қатысқан 130-дан астам байланысшының барлығы Кеңес Одағының Батыры атағын алды. Партизан отрядтары үшін де байланыс маңызды рөл атқарды. 1942 жылы партизан қозғалысының Орталық штабының жанынан байланыс басқармасы құрылып, партизан отрядтарын радиоқұралдармен қамтамасыз ету жақсартылды. Осылайша орталықтандырылған байланыс қолға алынды. Бұл партизан қозғалыстарының жау тылында стратегиялық тапсырмаларды жүзеге асыруына зор мүмкіндік берді. 

                           Мамандығы – әскери байланысшы

    
Әскери байланысшы мамандығына қажетті күн сайын алатын жаңа білімі
мен тәжірибесін қолдану арқылы кәсіби біліктілікті, жоғары тәртіп пен
жауынгерлік әзірлікті одан әрі арттыруға өз үлесін қоса білуі керек. Осы
қағиданы Семей гарнизоны 44793 әскери бөлімінің командалық пункті
байланыс батальонының байланыс ротасының командирі аға лейтенант
Дастан Ақылбек өмірлік ұстанымына айналдырған. Радиоэлектроника және
байланыс әскери-инженерлік институтының түлегі 2018 оқу жылының қысқы
оқу кезеңінде бақылау тексеруді тапсыру барысында жоғары нәтижелер
көрсетіп, байланыс взводтары арасында бірінші орын алғаны үшін ҚР
Қорғаныс министрінің грамотасымен марапатталды. Өткен жылы байланыс
әскерінің құрылғанына 100 жыл толуына орай жоғары кәсіби дайындығы мен
үлгілі әскери тәртібі үшін «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлері
қолбасшысының грамотасына ие болды. Сонымен қатар мемлекеттік жастар
саясатын іске асыруға қосқан үлесі үшін «Жылдың жас әскери қызметкері»
номинациясы бойынша Семей қаласы әкімі сыйлығының жеңімпазы атанды.
Биыл да қысқы оқу кезеңінің қорытындысы бойынша командалық пунктің
байланыс батальонының байланыс роталары арасындағы жауынгерлік
сайыста бірінші орынды иеленді. «Әскери мамандықтарға қатысты «Армия
ойындары» халықаралық жарысының шеңберіндегі әскери-кәсіби
шеберліктің «Сенімді қабылдау» сайысында жоғары нәтиже көрсету үшін
әскерилеріміз намысты қолдан бермей келеді. Іріктеуден өткендерден өте
жақсы дайындық талап етіледі», дейді үздік байланысшы. Ол рас. Бірнеше
кезеңнен құралған былтырғы байқауда әскерилеріміз барын салып, бірінші
орынды ұстап қалды. Еліміздің аумағында ұйымдастырылған әскери
байланысшылардың «Сенімді қабылдау-2019» байқауына Әзербайжан,
Армения, Беларусь, Венесуэла, Египет, Иран, Қырғызстан, Ресей, Сирия
және Өзбекстан мемлекетінен келген болатын.

Әскери байланыс құралдары жүйелі меңгеріліп келеді

   «Әскери байланысшы мамандығы несімен қызықтырды?» деген сұраққа ол «Отан қорғаушы болуды бала күнімнен армандадым, әскери адам болатыныма сендім» деп жауап берді. Әңгіме арасында әскери-техникалық және арнайы тактикалық дайындықты жетілдіру мақсатындағы жаңа үлгідегі радиостанциялар мен радиорелелік станция көліктерінің және командалы-штабтық машиналардың қызметінен хабардар етті. Мәселен, МТУ базасында дивизион командирінің командалы-штабтық машинасына құрамдас танкілік екі бірдей Р-123 радиостанциясы, кең диапазонды, жиілік модуляциясы бар, алып жүруге ыңғайлы телефондық Р-111 радиостациясы, жедел әрекет аппаратурасымен қосылуда біріккен жұмысты қамтамасыз ететін Р-130 радиостанциясы, сондай-ақ, мәліметтер алмастыру мен дыбыстық ақпарат беруде қолайлы Иранның «TADIRAN» зауытының PRC – 620 радиостанциясы қолданылады. Аға лейтенанттың айтуынша, әскерилер байланыс құралдарын жүйелі меңгеріп келеді. Телеграф, телефон, радио, жаңа технология – космостық байланыс станциясын қолданып, жүктелген міндетті сапалы және белгіленген уақытта орындауда жақсы жағынан көрініп жүрген мамандар жетерлік. Байланыс жөніндегі кешенді жаттығулардың аясында да байланыстың далалық жүйесі іске қосылып, байланыстың ұтқыр тораптарынан жедел топтардың байланысы қамтамасыз етіледі. Байланыстың стационарлық тораптарының байланыс жүйесі күшейтіліп, өзара қимыл байланысы орнатылады. Радиорелелік станция көлігінде каналдарды сапалы іріктеуді байланыстың стационарлық желісінде қамтамасыз ету, телеграфтық хабарламаларды игеру міндеттері де пысықталады. Бұл өз кезегінде Жоғарғы Бас қолбасшы қойған Қарулы Күштердің басты міндеті – еліміздің егемендігі мен аумақтық тұтастығын әскери құралдармен қамтамасыз етуге ұдайы әзірлікте болуды еске салады.

 

Мол тәжірибе далалық жағдайда жинақталады

   Семейдегі радиотехника және байланыс колледжін «Байланыс жөніндегі техник» мамандығы бойынша, Омск гуманитарлық академиясын қашықтықтан тәмамдаған Максим Зайцев ҚР Қарулы Күштеріндегі белгіленген мерзімді қызметін Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде өткерді. Бөлімнің 2-ші мотоатқыштар батальонында пулеметші, нысанашы, бөлімше командирі, байланыс взводының сержанты, оқу полигоны торабының бастығы лауазымдарында болды. Бүгінгі күні 2-ші мотоатқыштар батальонының технигі – байланыс және автоматтандырылған басқару жүйелерінің бастығы. Ол елдің егемендігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатындағы жедел-тактикалық командалы-штабтық «Шығыс-2009» жаттығуында, Қазақстанның Қарулы Күштерінде дағдарыстық ахуалдарды оқшаулау кезінде әскердің іс-қимыл мәселелерін пысықтауға бағытталған «Айбалта – 2016», «Айбалта – 2019» жедел-тактикалық командалы-штабтық оқу-жаттығуларында жетілдірілген жаңа байланыс құралдары мен жаңа сандық стансаларын шебер қолдануда кәсіби біліктілігін танытты. ҚР Қарулы Күштерінің 22 жылдығына, 23 жылдығына және 25 жылдығына арналған әскери парадтарға да белсенділікпен қатысты. «Байланысты ұйымдастыру мен пайдалануда мол тәжірибе далалық жағдайда жинақталады. Себебі, даладағы жаттығуларды сыныптағы сабақтармен алмастыруға болмайды. Бұл – емтихан, теорияны іс жүзінде тексеру. Әскери байланысшылардың барлық жұмысы еліміз әскерінің жауынгерлік дайындығын арттыруға бағытталып отыр», дейді 3-ші сыныпты сержанты.

Қызметтік міндетіне адал, қойылған тапсырмаларға жауапты, ұжымында беделді Максим Зайцев – шаңырақтың тірегі. Жұбайы Надеждамен екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Бұған қоса байланыс және автоматтандырылған басқару жүйелері бастығын қазақ тілінің жанашыры деуге де болады. Максим Зайцев әскери бөлімдегі мемлекеттік тілді дамыту мақсатындағы іс-шараларға қатысып қана қоймай, қазақ халқының шешен де, көркем тілін үйренушілерге үлгі болып келеді. Оның пікірінше, Отан, мемлекеттік мүдде, саяси қауіпсіздік пен дербестікті қорғайтын Отан қорғаушылар үшін мемлекеттік тілдің маңызы зор. Кеудесінде намысы, жүрегінде оты бар әрбір жан үшін мемлекеттік тілді құрметтеу – басты парыз, адами міндет.

                                                        

Алуа СӘКЕНҚЫЗЫ, «ШЫҒЫС» өңірлік қолбасшылығы

                                                         


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"