Әскерге жұмылдыру жиындары басталды

    Жақында Нұр-Сұлтан қаласындағы №10 мектепте ұйымдастырылған әскери міндеттілерді алдын-ала жинау пунктінен 100-ге жуық запастағы офицер оқу-жаттығу жиындарына аттанды. Әскери тәртіп бойынша бұрын әскери борышын өтеп келіп, есепте тұрған әскери міндеттілер 30 күн бойы дайындықтарын шыңдайды. Олар 12750 әскери бөлімі мен әскери полиция жасақтарының мекемелерінде физикалық мүмкіндіктерін жетілдіріп, қару-жарақ пен әскери техникалардың жаңа түрлерін меңгеруді үйренеді.

   Жалпы мұндай жиындар армияның жауынгерлік әзірлігін қолдау үшін қажет. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, «ел басына күн туса» армиядағы сарбаздармен қатар, запаста, резервте тұрған офицерлер де «жаудың өтінен, жердің шетінен» табылуы керек. Ол үшін сақадай-сай дайындық, жауынгерлік әзірлік қажет. Мұндай жиындар Қорғаныс министрінің бекіткен жоспары бойынша жылда бірнеше мәрте өткізіледі. Запастағы жауынгерлер медициналық тексерістен өтіп, денсаулық, моральдық-психологиялық тұрғыда «жарамды» деп танылғандары әскери жиынға аттанды. Еліміздің Қарулы Күштерінің қару-жарағы мен техникасының үнемі жаңартылуын есепке алғанда, бұл жиындардың маңыздылығы орасан зор. Сонымен қатар, запастағы әскери қызметшілер өздерінің теориялық білімдері мен тәжірибелік дағдыларын жаңарта түседі.

–       Әскери міндеттілерді әскери оқу орындарына шақыру Нұр-Сұлтан қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті тарапынан «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» ҚР Заңының 33 бабына, «Қазақстан Республикасының азаматтарын әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және өткізу ережелерін бекіту туралы» №620 Үкімет қаулысына, сонымен қатар «2019 жылы әскери қызметке әскери міндеттілерді шақыру туралы» Қорғаныс министрінің №302 бұйрығына сәйкес өткізілуде, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары – жасақтау басқармасының бастығы подполковник Рустам Жалбинов.

Әскери жиынға әскери мекемелерде есепте тұрғандар, оның ішінде медициналық қызметкерлер, артиллерия, байланыс саласында жүргендер, жалпы алғанда Қорғаныс министрлігінің талаптарына сәйкес қажетті мамандықпен іріктелген азаматтар тартылды.

Әскери жиынға шақырылған запастағы офицер Алмас Тұрақов Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің әскери кафедрасында жауынгерлік қолданыстағы мотоатқыштар бөлімшесі бойынша есептеу мамандығын алып шыққан. Қазір ауылшаруашылығы саласын сандық жүйеге көшіру бойынша жүйелік талдаушы болып қызмет атқарады.

–       Мен ҚР Қарулы Күштерінің запастағы офицері болғандықтан, шақырту бойынша әскери міндеттілердің жиынына келдім. Мұндай жиындар біздің Отан алдындағы борышымызды, ант қабылдаған сәтімізді тағы бір мәрте есімізге салады. Біздің жауынгер, өр ұлттың ұрпағы екенімізді паш етіп, әскери кафедра қабырғасында алған білімімізді тәжірибемен ұштастыруға үлкен мүмкіндік береді, - дейді ол.

Жиынның басты мақсаты, негізінен, жұмылдыру ресурстарының дайындығын қайта машықтандыру, әскери-далалық даярлықтың және қимылдардың үйлесімділігін сәйкестендіру, әскери міндеттілердің білімдерін арттыру, жауынгерлік даярлығын күшейту, сапалы сержанттар дайындау.

Әскери жиынға медициналық сараптамадан өткен, денсаулығы жарамды, қырық жасқа дейінгі азаматтар тартылды. Запастағы 100 офицерді іріктеу үшін 2 есе көп азаматтар шақырылған. Көз ауруы, майтабан дерті, омыртқаның қисаюы, семіздік сынды аурулармен өтпей қалғандар да бар.

–       Әскери жиынға шақырылған офицерлер оны сапалы меңгерген жағдайда оларға жақсы мінездеме мен кезекті әскери шен беріледі. Жиын барысында офицерлік және сержанттық құрам болып бөлініп, мәселен, офицерлік құрам басшылық құрам есепті адамдармен, жеке құраммен жұмыс істейді. Жиынға шақырылғандар техниканы үйренеді, қосымша тәжірибелік сағаттар қарастырылған, жоспармен бекітілген қару-жарақпен атудың өзінің белгіленген сағаттары бар. Іріктелген азаматтардың ішінде «бармаймын» деген азаматтар жоқ. Өйткені барлығы заң аясында, - дейді Нұр-Сұлтан қаласы Есіл ауданы қорғаныс істері жөніндегі басқармасының кадрлар және саптық бөлімінің бастығы капитан Қайрат Исаев.

Шақыртылып отырған әскери міндеттілердің әрқайсысы әртүрлі салада жұмыс істейді. Бір айлық оқу азаматтардың қызметтеріне ешқандай кедергі келтірмейді.

Мәселен, телеарна саласында қызмет етіп жүрген Серікбол Селеубай енді бір ай бойы әскери салада тәжірибе жинақтайды. Кафедрада әскери аудармашы мамандығын қоса алып шыққан ол бұл салаға бала кезімнен бері қызығатынмын дейді.

–       Мектеп бітірген соң, Ұлттық қауіпсіздік комитеті академиясына оқуға тапсырып, балым жетпегеннен кейін түсе алмаған болатынмын. Қазір запастағы офицерлерді жинап жатқанын естіп, мүмкіндікті пайдаланайын деп өз еркіммен келдім. Бұл маған әскери өмірді түсінуге, өз басымнан өткізіп көруге көмектеседі деп ойлаймын. Әскери-патриоттық бағдарламаларды жасау үшін әскер өмірін сезініп көру керек. Бұл маған таптырмас эксперимент. Әскери тақырыпта жазып жүрміз, оқып жүрміз. Бірақ оны шын мәнінде казармаға барып, жатып, өз көзіңмен көру басқа мәселе. Әскери кафедрада оқыған саптық жүріс, техникалық сабақтар уақыт өте келе ұмытылады. Соны жаңғыртып, қайтадан есімізге түсіріп, одан әрі ұштау арқылы біздің Отан қорғауға дайындығымыз жоғары болады деп есептеймін. Егер «ел басына күн туса» біз сапқа тұруға дайынбыз, сол үшін жиынға өз еркіммен келіп отырмын.

ҚР қолданыстағы заңнамасына сәйкес әскери міндеттілердің оқу жиындарына қатысу кезеңінде жұмыс орны сақталады және республикалық бюджет есебінен орташа айлық еңбек ақысы төленеді. Сондай-ақ әскери жиын барысында әскери міндеттілер толықтай әскери киім-кешекпен, азық-түлікпен және медициналық қолдаумен қамтамасыз етіледі.

Ал осы категорияға жататын азаматтардың ішінде үш және одан да көп баласы барлар, ауылдық жерлерде білім беру саласында қызмет ететіндер, күндізгі оқу бөлімінде білім алатындар және астық жинау науқанында ауылшаруашылығы саласында еңбек етіп жатқан жұмысшылар заң бойынша оқу-жаттығу жиындарынан босатылады.

Меруерт Сафаева

                                                   

Суреттерді түсірген Ағыбай АЯПБЕРГЕН


 

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"