2-тамызда «Гвардейск» полигонында халықаралық армия ойындары басталады

Шілденің шіліңгір ыстығына қарамай, күндіз-түні тынбай жауынгерлеріміз халықаралық армия ойындарына қызу дайындықта. Жарты айдан соң басталатын додаға дайындықтары күн ілгерілеген сайын күшеюде. Не дегенмен, екінші мәрте Ресейде және алғаш рет еліміздің оңтүстік өңірінде болатын байрақты бәсекеге күш жұмсар уақыт та таянып қалды.

Жіті қадағалады

 

Бәрімізге аян, тамыздың 2-сі күні еліміздегі «Гвардейск» полигонында халықаралық армия ойындары басталмақ. Осы күннен басталған сайыс бір аптаға созылып, осы Жамбыл облысы Қордай ауданының «Гвардейск» оқу-жаттығу полигонының базасында «Артиллериялық оқ ату шеберлері» және «Мерген шебі» байқаулары өткізілмек. Мұнда мықты деген жауынгерлер 14 сайыс бойынша өзара күш сынасады. Армия ойындарына шақырту 47 мемлекетке жіберілген.  Қазіргі күнде Ангола, Армения, Беларусь, Венесуэла, Зимбабве, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Қытай, Монғолия, Ресей және Оңтүсік Африка республикасының әскерилері «Артиллериялық от шеберлері» және «Снайперлік бекет» байқауларына қатысатынын растауда. 
Осындай бірегей әрі ауқымды ойындардың алаңына еліміздің Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов барып, Армия ойындарына дайындық барысын  тексерді. Қорғаныс министрі артиллерияшылардың байқауын өткізу үшін «ирелең» кедергілері, мина-жарылғыш қоршауы, қорғаны, табанды көпірі бар ұзындығы 2 шақырым тас жолдың, сондай-ақ, барлаушының соқпақ жолы мен мерген винтовкасынан, тапаншадан оқ ату және гранаталар лақтыру үшін шептердің элементтері бар мергендер байқауын өткізу үшін тас жолдың құрылысы барысын қадағалады. Алдын ала барлау барысында әскери ведомствоның басшылығы ұйымдастыру комитетіне байқауларды өткізу тәртібі жөнінде ұсынымдар берді. Кеңеске қатысушылар әскери техниканың сақталуы мен қызмет көрсетілуі орындарымен, сондай-ақ, командалардың тұруы және тамақтануы орындарымен танысты. Одан басқа, байқаулардың бағдары, кедергілерді бұзып өту тәртібі мен материалдық-техникалық мүлік тәртібі бекітілді.

 

Танкішілеріміз табандылық танытпақ

 

 Ресейдің «Алабино» полигонында өтетін «Танк биатлоны» біздің танкішерімізге таңсық емес. 2013 жылдан бері көршілес мемлекетте ұйымдастырылып келе жатқан додадан қалыс қалмаған олар биылғы бәсекеге белсене кіріспек.

Қазір осы сайысқа қатысатын танк экипаждары белгілі. Еліміздің Қарулы Күштері бойынша үш экипаж құрамында 10810 әскери бөлімінің танкішілері өнер көрсетеді. Енді бірінің құрамында «Астана», «Оңтүстік» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының құрама командасы бар. Бұлар – қазақстандық армияның төрт үздік танк экипажы. Осыған дейін әскери бөлімдер, өңірлік қолбасшылықтар мен Құрлық әскерлері деңгейіндегі іріктеуден өткен олардың тәжірибесі мен шеберліктері жетерлік. Өздерінің айтуынша да, қазақстандық командада жеңіске жетуге барлық мүмкіндігі бар.

Иә, айтса айтқандай, кейінгі үш жылда көршілес Ресей аумағында өткізіліп жүрген «Танк биатлоны» чемпионатында Қазақстанның Қарулы Күштерінің командасы  шыңдалып әрі жүлделі орыннан төбе көрсетіп келеді. Биылғы жылы да осы үрдістен жаңылмайтынына бек сенімдеміз.

Айта кетейік, «Танк биатлоны-2016» шілденің 30-ы мен тамыздың 13-і аралығында Мәскеу облысының «Алабино» полигонында өтеді. Оған Қазақстан, Ресей, Қырғызстан, Қытай, Венесуэла, Ангола, Беларусь, Иран, Әзірбайжан, Зимбабве, Армения, Моңғолия, Үндістан, Сербия, Кувейт, Никарагуа және Тәжікстан елдері қатысуға ниет білдіріп отыр.

 

Теңізшілеріміз де осал емес

 

ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерінде Армия халықаралық ойындары-2016 байқауларының бірі «Теңіз биатлонына» дайындық қызу жүруде. Кезеңдердің әрқайсысындағы дайындық жеке-жеке жүргізілуде. Негізгі назар және күш-жігер оқ ату сапасына бөлінуде. Оның нәтижелері теңіз биатлонда маңызды рөл атқарады.

Осыны терең білетін «Орал» кораблінің экипажы тыңғылықты дайындықтар жүргізуде. Дайындық барысында олар әуеде, теңізде және су бетінде қалқып жүретін миналарды нысанаға алу бойынша практикалық атыстарды орындады. Әр тәжірибелік ату дайындығы барысында жеке құрам өз машығын арттырып, нәтижелерін жақсартуда. Сондай-ақ, корабль экипажы практикалық атыспен қатар теңіз биатлоны жарысының «Құтқару даярлығы» кезеңі үшін жүзушілерді барынша даярлауды қолға алуда.

Естеріңізде болса, былтыр ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері «Каспий кубогы» байқауына алғаш рет қатысып, байқау нәтижесі бойынша екінші орынды еншілеп, күміс медальдар жиынтығы мен «БЛ-680» жылдам жүретін қайықтың жүлдегері атанды. Биыл да жарыс нәтижелі болады деген үміттеміз.

Алғаш рет бақ сынасады

 

Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріндегі әскери медициналық қызметтер алғаш рет «Әскери медициналық эстафета» байқауына қатысуды жөн санап отыр. Осы саланың әскери қызметкерлері де Армия халықаралық ойындарына қатысуға дайындықтарын пысықтауда.

Бүгінде өңірлік қолбасшылықтар мен әскер тектерінің 5 командасынан құралған үздік 34 әскери-медициналық маман жаттықтырудан өтіп, Құрлық әскерлері арасында «Әскери-медициналық эстафета» байқауында тартысқа түсті. Байқау шеңберінде әскери ақ желеңділер әскерлердің жауынгерлік даярлығын медициналық қамтамасыз етуде қолданып жүрген кәсіби дағдыларын паш етті. Эстафетаның әрбір қатысушысы кедергілер жолағынан, атыс шебінен өтіп, ұрыс алаңынан шартты жаралыларды шығару және медика-санитарлық көмек көрсету бойынша кәсіби машықтарын көрсетті.

 

P.S. Қазір тек әскери танкішілер мен теңізшілер, медиктер ғана емес, халықаралық армия ойындарына әскери химиктер, десантшылар және тағы басқа да саланың әскери қызметшілері дайындықтарын шыңдауда. Биыл ҚР ҚК-нің 500-ден аса әскери қызметшісі 21 сайысқа қатысып, әртүрлі мемлекеттердің Қарулы Күштері әскери қызметшілерімен далалық, әуе және теңіз дағдысы бойынша бақ сынаспақ. Осы орайда үкілеп қосқан әскерилерімізге сәттілік тілелік. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"