«Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың нұсқауларына сәйкес, ел әскеріндегі жауынгерлердің тосын жағдайдағы іс-қимылын пысықтауға бағытталған «Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы аяқталды. Ауқымдылығы мен міндеттелген тапсырмалардың көлемі жағынан ерекше маңызға ие бұл жаттығу өз деңгейінде өтті. Ендеше, оның барысын жан-жақты баяндай кетейік.

БІРІНШІ КЕЗЕҢ. Ақпанның 22-і күні таңғы бес жарымда әскер жауынгерлік дабылмен көтеріліп, қажетті қару-жарақпен жабдықталған әскерилердің колоннасы «Шығыс», «Сарыөзек», «Спасск», Приозерск жалпыәскери полигондарына жол тартты. «Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері, «Астана» өңірлік қолбасшылығы, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы, ҚР ҰҚК шекара қызметі, ҚР Ұлттық Ұлан, Әуе қорғанысының күштері де тартылды. Бірқатар жекелеген батальондар мен дивизиондар еліміздің оңтүстігі мен батысынан жаттығу ұйымдастырылған ауданға темір жол көлігі арқылы келіп жетті. Әскери техника вагондардан түсіріліп, белгіленген аудандарға орналастырылды. Жаттығуға барлығы 5 мыңға жуық әскери қызметші, 1500-ден аса әскери техника мен қару-жарақ, шамамен 30 авиациялық техника жұмылдырылды.

   Генерал-лейтенант Мұрат Майкеев, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы: Басты мақсат – күрделі жағдайларда жұмыс жасау үшін штабтар мен әскерді әзірлеп, қыс мерзімінде жауынгерлікке жақындатылған жағдайда әскери операцияларды жоспарлауға үйрену. Ерекшелігі сол, алғаш рет қыс мерзімінде жауынгерлікке жақындатылған жағдайда, әрі әскерлер үшін бөтен жерде жүзеге асырылады. Әр түрлі әскер тектерінің алыс қашықтықтарға және таңсық полигондарға ауыстырылатын 20-дан аса бөлімшесі тартылды».

   Дивизион командирі Тимур Молдағазин (30238 әскери бөлімі): «Барлығы 80 адам Ақтөбе қаласынан келдік. Қажетті қару-жарақтың жарамдылығы, техникалық жағдайы бірнеше мәрте тексерілді. Берілген жауынгерлік тапсырма – калибрі 152 мм Д-20 гаубица зеңбірегінен атыс жүргізіп, шартты қарсыластың орналасқан ауданы мен техникасын жою және алдыңғы шепке шығуына жол бермеу. Әскери техниканың қуаттылығы жоғары. Цельсияның -50 бастап +50 градусына дейінгі жағдайда 17 шақырым 400 метр қашықтыққа дейін атыс жүргізе алады. Белгіленген нысанаға оқты дәл тигізе білу де аса шеберлікті талап етеді. Мұндайда әрбір әрекетке мұқият болу керек, ауызбіршілік те қажет».

 ЕКІНШІ КЕЗЕҢ. «Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуының жоспарына сәйкес, «Шығыс» жалпыәскери полигонында әскердің біріктірілген топтасуы ұйымдастырылды. ҚР ҚК Құрлық әскерлері, ҚР ҰҚК шекара қызметі, ҚР Ұлттық Ұланы, ҚР Әуе қорғанысы күштерінің әскери құрамалары мен бөлімдерінің басқарма органдары арнайы операцияны жоспарлауды қолға алды. Заңсыз жасақталған құраманы анықтау, оқшаулау және көзін жою мәселелерін қарады. Әскери құрылымдардың командирлері күрделі қысқы жағдайда бөгде полигондарда бағыныстыларды басқарудың әдет-дағдыларын жетілдірді. Әскерилерді далалық жағдайда жайғастыру мен тамақтандыру да ұйымдастырылды. Бұл кезеңнің өзгешелігі – әскерилердің арнайы операцияны ұйымдастыру мен жүргізуді игеріп, қорғаныс операциясын жоспарлауға кірісуінде.    

   Генерал-майор Мұрат Бектанов, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы: «ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің көлеміндегі «Айбалта-2016» жаттығуы – биылғы оқу жылындағы жауынгерлік дайындықтың басты оқиғасы болды. Жауынгерлік әзірліктің деңгейін жетілдіруге арналған кез келген жаттығуға қатысу арқылы әскери қызметші білімі мен біліктілігін шыңдайды. Сондай-ақ, жоғары моралдық-психологиялық тұрақтылық, батылдық, табандылық, бейімділік, ептілік секілді жауынгерлік қасиеттері қалыптасады. Әскери бөлімдер мен құрылымдардың командирлері күрделі метеорологиялық жағдайда қазіргі заманның ұрыс жағдайларына, бөгде полигондарда бағыныстыларды басқарудың түрлі тәсілдеріне машықтанады. Бейімделеді, төселеді. Құрлық әскерлеріне жүктеліп отырған бүгінгі міндет те осы – қазіргі соғыс пен қарулы қақтығыстардың түр-сипатына сәйкес, әскери бөлімдер мен құрамалардың жауынгерлік және мобилизациялық әзірлігін одан әрі көтеру, әскери тәртіп пен құқық тәртібін нығайту, жеке құраммен жұмыс сапасын арттыру».

 ҮШІНШІ КЕЗЕҢ. ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің көлеміндегі «Айбалта-2016» жаттығуының соңғы кезеңінде далалық жағдайда әскерилердің шеберлігі жан-жақты шыңдалды. Тәжірибелік қимылдар кезінде құрылымдар блок-бекеттерде оқшаулағыш-бұғаттаушы элементтерді пайдаланып, шабуылдау әрекеттерін жүзеге асырды. Бірыңғай жоспар бойынша жалпыәскери құрылымдардың тактикалық эпизодтары меңгерілді. Жауынгерлік ату кезеңінде Ми-8, Ми-17, МиГ-27, Су-30, Су-27, Су-25 секілді сан түрлі авиация техникасы барлау-соққы беруші қимылдар жасады. Сондай-ақ, әуе десантшылары түсіріліп, бейтаныс жерде жауынгерлік міндеттерді орындау үшін армиялық шаңғымен алға жылжыды. Өздігімен жүретін зенитті «Шилка» қондырғысы 100-ден 1500 метрге дейінгі биіктікте, секундына 450 метрге дейінгі ұшу жылдамдығымен әуе нысаналары бойынша атуды қамтамасыз етті. Тәжірибелік қимылдарға жеке құрамның 3 мың адамы, әскери және басқа техниканың 900-ге жуық бірлігі, майдан авиациясының 20 ұшақ бірлігі және армиялық авиацияның 12 бірлігі қолданылды. Жауынгерлік қимылдарды жүргізу жаттығуға қатысушы әскерилерден үздіксіз барлау жасауды, әскери техника мен қару-жарақты,  қорғаныс құралдары мен маскировка жасауды шебер қолдануды, жоғары деңгейдегі ширақтық пен ұйымшылдықты, тәртіп пен ауызбіршілікті талап етті. Алғаш рет қыс мерзімінде жауынгерлікке жақындатылған жағдайдағы тәжірибелік қимылдың бірыңғай жедел жағдайда өткеніне ҚР Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов куә болды. «Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуын өткізуде көрсеткен жігері және қойылған тапсырмалар мен қызметтік міндеттерді сапалы орындағаны үшін бірқатар әскери қызметші мақтау қағазымен марапатталды. Ал, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Майкеев қолындағы сағатын шешіп, 30217 әскери бөлімі 1-ші танк батальонының командирі майор Қуанышкерей Өтемісовке сыйға тартты.

   Қатардағы жауынгер Аслан Сүлейменов («Шығыс»  өңірлік қолбасшылығының 30217 әскери бөлімі): «Жауынгерлік әзірлікті арттыратын жаттығуда маған Т-72 танкісінің бақылаушы-операторы қызметі жүктелді. Қазіргі заманның танкілері – ол экипажды барлық қару-жарақтың әсерінен сенімді құтқаратын, ұрыс даласында кез келген мақсатқа қуаты жететін, күндіз ғана емес, түнде де бақылау жүргізіп, белгіленген нысанаға жоғары жылдамдықтағы қозғалыста оқты дәл жібере алатын, су бөгеттерінен емін-еркін өтетін, күшті қарумен жабдықталған әскери машина. Бұл оқу-жаттығуы десек те, танкілік Калашников пулеметінен, зениттік пулеметтен және 125 мм зеңбіректен нысанаға оқ атуда мүлт кетуге болмайды. Мүдірмей, оқты нысанаға дәл тигізу аса маңызды».

   Полковник Жәнібек Төлепбаев, ҰҚК шекара қызметінің бас штаб бастығының бірінші орынбасары: ««Айбалта – 2016» жедел-тактикалық командалы-штабтық оқу-жаттығуында «Шығыс» өңірлік басқармасының жеке құрамы 40 шакырымға жуық аумақты күзетті. Шамамен 7 мың адам Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарындағы шекараны қорғады».

   Майор Азамат Нұрахметов, авиациялық эскадрилья командирі: «Оқу-жаттығуында Ми-8МТ және EC-145 тікұшақтары ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері мен Құрлық әскерлерін белгіленген ауданға жеткізіп, әуеде қолдау көрсетті. Жылдың кез-келген мезгілінде және тәуліктің кез-келген уақытында күрделі метеорологиялық жағдайда ұшу шеберлігінің кәсіби деңгейін арттыруға зор мүмкіндік берді. Ұшқыштардың қабілеттілігі артып, әскери техника да сынақтан өтті». 

   Айта кетейік, ауқымды оқу-жаттығуы 2015 жылы Шығыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстан және Батыс Қазақстан облыстарында бір уақытта өткен болатын. Оған шамамен 10 000 әскери қызметші, ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің 20-дан астам бөлімшесі, 2000-нан астам бірлік техника және жөнелту үшін 17 эшелон қамтылған еді.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"