Нағыз жанашыр

Редакциямызға арнайы атбасын бұрып, бізге келетін адамдарды құшақ жая қарсы алатын игі дәстүріміз бар. Солардың ішінде шығармашылықтағы жандармен жете араласып кететініміз тағы бар. Біз сөз еткелі отырған кейіпкер солардың қатарынан табылады.

Манарбек ағаның кіндік қаны тамған жері – Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов, ғасыр бұлбұлы Күләш Байсейітова мен жезтаңдай әнші Манарбек Ержанов пен Әсет Найманбайұлы дүниеге келген киелі өңір. Өзімізше, Манарбектей әнші болсын деген ырыммен ағамызға есім таңылған-ау деп топшылаймыз.

Қойса қойғандай-ақ, оның өнерден құр алақан еместігін әскери ортада бәрі біледі. Ақындығы мен сазгерлігі өз алдына, әнді шырқағанда тебіренісі бір бөлек. Әсіресе, өр рухты перзенттің патриоттық әндерді шырқағанын көрсеңіз, сіз де рухтанып, елге деген сүйіспеншілігіңіз арта түсері хақ. Кезінде «Жас ұлан» әскери-патриоттық әндер фестивалінің лауреаты атандырған «Ант етемін арыммен», «Менің рухым», «Қазақ тілі толғауы», «Арулар әлемі», «Бесінші бригада», «Керемет әкем, шебер еді» «Ұлы дала ұраны» тағы да басқа оның туындыларымен орта таныс.



Орта дегенім, әрине, әскери орта. Осы салада офицерді тек бұл қырынан ғана емес, көпшілігі тіл жанашыры деп те таниды. Ана тілімізбен сусындап, бітім-болмысы біте қайнасқан, жүрегі «тілім» деп жанұшыра жүгіретін оның осы бір жақсы қасиетінен біз де хабардармыз. Талай сөз додалары мен сайыстарға денімен кірісіп, қазақ тілінің мәртебесін асқақтатуда үлкен үлесін қосып жүр. 

Тіл жайында кейіпкеріміз: «Баһадүр Бауыржан атамыз тілі кедей елді мәдениетсіз, анайы, надан халық деп санайды. Ал қазақ тілі – өзінің даласындай кең пішілген жайдары да жалпақ тіл. Қазақ сөзі қашанда даланың қоңыр желіндей аңқылдап еркін есіп тұрады. Қазақ тілінің биязы мақамы – домбыраның күмбір қаққан сазындай. Қазақ тілі – дамыған, жетілген, бай тіл. Бұл сөзімізді шығыстанушы В.Радловтың: «Қазақтардың тілі жатық та шешен әрі өткір, көбіне іліп-қағып, таңғаларлықтай оралымды сөйлейді» дегені растайды. Ұлы Абай да: «Өткірдің жүзі, кестенің бізі, өрнегін сендей сала алмас» деп бекер айтпаған. Сол себепті, ана тіліміздің қадір-қасиетін бағалап, ұрпақтан-ұрпаққа қаймағы таза күйінде жеткізу – баршамызға парыз», - дейді.

Парыздың парқын білетін бұл ағамыз әнебір жылдары XVIII ғасырдағы жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте ерекше ерлігімен тарихта өшпес із қалдырған, Абылай ханға сенімді серік болған тарихи тұлға – Жидебай батырдың 300 жылдығына арналған ас беруде де барын салғаны есімде.

Сол кезде редакцияға елпілдеп еніп, бұрынғы бас редакторымыз Ерғазы Әсембековті, біздерді «бабамызға арнап, ас бергелі жатырмыз, Ақтоғай өңірінде өткелі отырған торқалы тойға жүріңіздер», - деп, шақырған еді. Асқа бізді ғана емес, басқа да бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін шақырып, бәрін жинап, барыс-келісті ұйымдастырып, азаматтық танытты.

Осындай талай ісіне тәнті болған әскери журналист Марат Жүніс-бек:«Бұл Манарбектің ұйымдастырушылығы өзгелерге үлгі боларлық. Елім, жерім, тілім дейтін ол қай істі қолға алса, соны дегеніне жеткізбей қоймайды. Ер-азаматтығы ерек оның жақсы қасиеттері жетерлік. «Сегіз қырлы, бір сырлы» жігіт дейді ондайды» деген сөзі дөп айтылған-ау, шамасы.

Бағанадан сөз етіп, отырған подполковник Манарбек Ибраһим еліміздің Қарулы Күштерінде әскери қызметтік жолдың талай сатысынан өтіп, бүгінде Құрлық әскерлері Бас қолбасшысы басқармасының мемлекеттік тілді дамыту  бөлімінің бастығы болып отыр. Өрелі рухты перзенттің бұдан да асар асуы, алар қамалы көп екендігіне күмәніміз жоқ.

Біздің анықтама
Ибраһим Манарбек Көрпетайұлы – 1971 жылы 8 тамызда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Жәмші ауылында туған. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің офицері.

1995 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің қатарында взвод командирі, рота, дивизион, батальон командирінің орынбасары, офицерлер үйінің бастығы, «Оңтүстік» ӨҚ және Құрлық әскерлері мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейту, мемлекеттік тілдің мәртебесі мен маңызын кеңінен насихаттау, өзге ұлт өкілдерінің мемлекеттік тілді еркін меңгерудегі жетістіктерін көрсету мен мемлекеттік тілге деген қызығушылық құрметін арттыруға ықпал ету мақсатында әскери қызметшілер мен қызметкерлердің Отаны - Қазақстанға деген сүйіспеншілікке тәрбиелеу және олардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін қалыптастыру мен рухани тәрбие беру жолында ержүрек аталарымыз аңсап өткендей қазақтардың бір-бірімен қазақша амандасуы, қазақ тілінде сөйлеуі, іс қағаздардың мемлекеттік тілде жүргізілуіне табысты көмек көрсетуде қызмет атқарып келеді. 

Тілімізге шынайы жанашырлық танытып, нақты ісімен үлес қосқан үшін «Қазақ тілінің жанашыры – 2009» төсбелгісімен марапатталды.

2014 жылы Астана қаласы «Мемлекеттік тіл - мемлекеттік қызметте», ҚР Қорғаныс министрлігі бойынша «Тіл – татулық тірегі» республикалық ведомствааралық байқау-конкурстарда командалық бірінші орынға, 2015 жылы ҚР Қорғаныс министрлігі бойынша «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде», «Тіл – табыстың кепілі» республикалық ведомствааралық байқау-конкурстарда бас жүлделерге қол жеткізді.


Cвязанные новости:
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"