Тәрбие ісі – жеңістің кілті

«Мамандықтың бәрі жақсы – таңдау сенің еркіңде» деген қазағымның асыл сөзі бар. Өз өмірін әскермен байланыстырған әрбір Қазақстан азаматының жүрегін қуаныш сезімі кернейді. Өйткені, оның тәуелсіз Отаны, берік шекарасы, айбынды әскері бар. Ал осындай қымбат құндылықтарды қорғау, көздің қарашығындай сақтау, оған қызмет ету – ең абыройлы міндет.

«Әскер – елдің айнасы» десек, сол әскердің айнасы тәрбие құрылымы офицерлері деп айтуға толық негіз бар. Себебі, тәрбие құрылымы офицерлері қашан да өзгелерден ойының ұшқырлығымен, тапқырлығымен, сөзінің шешендігімен ерекшеленіп тұрады. Әскери ортада өткізілетін әрбір іс-шараның басы-қасында жүретін тәрбиеші офицер мырзалар – өз мамандықтарының майталманы. Жеке құрамды тың ақпаратпен, мәдени дүниелермен сусындата отырып, өз жұмыс жолын тікелей тәрбие саласына арнап келеді. Қарулы Күштер қатарында әскери тәртіп пен құқықтық тәрбиені ұстай отырып, оны күшейту жолында ерінбей еңбек етуде.

Тарихи құжатқа сүйенсек, Жоғарғы Бас Қолбасшы – Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың №1084 Қаулысымен 1993 жылы қаңтардың 19 жұлдызында «Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде командирлердің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасарлары институты» құрылды. Мақсаты жаңа заманғы Қарулы Күштер қатарындағы жарғылық әскери тәртіпті нығайту мен ұлттық идеологияны әскери ортада кеңінен насихаттау, күшейту болып табылады. Бұл қазақ армиясында тәрбие мен идеологияның қаншалықты маңыздылығын айғақтаса керек.

Осы орайда Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетовтің мынау сөзін жадымызға жаттасақ: «Қазақ елінің тәуелсіздігін қорғап, халқының бостандығы үшін жанын қиған өзіміздің батырларымызды, әскери қолбасшыларды насихаттау қажет. Сонау ерте дәуірден халық жадында жатталған мұндай тарихи тұлғаларды біз мақтан тұтып, қазіргі әскери қызметін енді бастаған жас сарбаздарға, келісімшартпен сапқа тұрған орта шенді сардарларға, бүкіл әскери қызметкерлерге үлгі ретінде ұсыну шарт». Расында, патриоттық тәрбие, әсіресе армияда, аса жоғары маңызға ие. Өйткені, бұл сарбаздарды рухын биіктетеді, олардың идеялық ұстамдылығын нығайтады. Сол себепті де, сардарлардан бұл жұмысты белсенді, екпінді, тіпті аса тегеурінді жүргізуді талап ету қажет.

Жауынгерлік тапсырманы орындау әскери сардарлар мен сарбаздардан қазіргі заманғы ұрыс тактикасында шешуші рөль атқарады. Сондықтан әрбір әскери сардар мен сарбаздың моральдық-психологиялық жай-күйін білу маңызды. Бұл жаңа заманғы ұрыс тактикасының талабы мен алғышарттары іспеттес. Қазақтан шыққан, аты аңызға айналған, Кеңес Одағының Батыры, Халық қаһарманы, майдангер жазушы Бауыржан Момышұлы атамыз сұрапыл соғыстың сынағын бастан кешіре отырып, ұрыстағы әскери сардарлар мен сарбаздардың жауынгерлік тапсырманы орындау барысындағы жан-дүниесінен сыр шертер көптеген баға жетпес құнды деректерді өз еңбектерінде жазып, қағаз бетіне қалдырды. Аса маңызды мәнге ие аталмыш еңбектерді бүгінгі таңда әлемнің озық елдері әскери саласында кеңінен қолданып келеді.

Ұлттық рух пен Ұлттық идеологияны қалыптастырып, дамыту – Президент Н.Назарбаевтың бастамаларының басым бағыттарының бірі және бірегейі. Ұлтжанды азаматтарды Отан қорғау ісіне баулып, тәрбиелей білсек, ертеңгі болашақтың негізін қалайтынымыз анық. Саналы жас ұрпаққа дұрыс бағыт-бағдар беруде қоғамдық іс-шараларды көптеп өткізу маңызға ие. Осы орайда, өзім тәрбие құрылымы офицері ретінде өсіп келе жатқан өскелең жас ұрпақ өкілдерін Елбасы артқан сенімді ақтауға, Қарулы Күштер қатарындағы жарғылық әскери тәртіпті сақтауға шақырамын.

«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген қанатты сөзді тілге тиек ете отырып, еліміздің амандығын, дархан даламыздың тыныштығын, шекарамыздың бүтіндігін тілеймін. Барша Қарулы Күштер қатарындағы қызмет етіп жүрген тәрбие құрылымы офицерлерін төл мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Көк байрағымыз тек биікте желбіресін, тәуелсіз Қазақстанымыз жасасын!

Лейтенант Жеңісбек Балабек, Әуе шабуылына қарсы

қорғаныс әскерлеріне бағынысты 44803-Д әскери бөлімі командирінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"