Әлемдік дағдарыс әскери бюджетке әсер ете ме?

Қорғаныс саласы әлемдік қаржы дағдарысына тәуелді ме? Керек болса, күн санап күшін нығайта түсуі тиіс қорғаныс саласына мемлекет қазынасынан қанша қаражат жұмсалады? Әсіресе, жаһандық дағдарыстан кезінде... Бұл бағыттағы ахуал тек Қазақстанда ғана емес, әлем елдерінде қандай? Осы сауалдар төңірегінде ой қозғап, мәлімет-деректерді шолып көрген едік...

Мұндағы мақсат мынау еді: жер бетіндегі мемлекеттер тағы бір экономикалық дағдарысты бастан кешіру үстінде. Бұл жағдай ешбір елді айналып өтпейтіні анық. Стратегиясы мығым республикалар қазірден дайындық шараларын бастап кеткені де рас. Қазақстанды осылардың қатарына жатқызуға әбден болады. Өйткені, әлем елдерінің экономикасына едәуір әсер еткен 2008 жылғы қаржы дағдарысынан еліміздің тізесі дірілдемей өтті. Ал сарапшылардың айтуынша, келесі жылы шарықтау шегіне жететін «кризистен» кейін қорғаныс саласының әлеуеті қалай болмақ? Ол үшін, алдымен, осыған дейінгі дағдарыстарда қандай болғанына көз жеткізіп алсақ. Мәселен, жаңа ғана өзіміз сөз еткен 2008 жылғы әлемдік қаржы дағдарысынан соң...

 

Біздегі ахуал біразынан көш ілгері

Осыдан төрт жыл бұрын республикалық бюджетті бекіту барысында Қаржы министрі Болат Жәмішев: «Қорғаныс саласына 2012 жылы 340 млрд. теңге бөлу көзделіп отыр. Бұл 2011 жылдың жоспарлық көрсеткіштеріне қарағанда 81 млрд. теңгеге (23,8 пайызға) артық. Оның ішінде қорғаныс саласына арналған қаражат 6,7 млрд. теңгеге артық» деген еді. Бұл – 2008 жылғы дағдарыстың қазақ қорғанысын әлсірете алмағандығының айғағы. Ресми деректерге сүйенсек, 1991-2011 жылдар аралығында Қазақстанның әскери бюджеті 25 есеге өскенін көреміз. Тәуелсіздікті енді алған жылдары еліміздің қорғаныс саласына бөлінетін қаражаты 8 млрд. теңге еді, қазір бұл сома 200 млрд. теңгеден астам. Осы орайда, Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Азаттық алғалы ел әскері үнемі қамқорлықта, шыны керек. Соңғы жылдары бұл салаға 1 триллион теңге бөлінген. Ілгерілеушілік те жоқ емес. Әрине, біздің әскеріміз дүниежүзіндегі үлкен әскерлердей болмаған шығар, техникасы мен технологиясы, космос арқылы нысананы көздейтін және басқа да техникаларымыз жоқ шығар. Бірақ, біз соған қарай ұмтылуымыз керек. Бізден кіші мемлекеттер де бар, елін қорғап жатқан. Жан-жағында анталаған жаулары бар Израиль – бес-ақ миллион халқы бар мемлекет, қарулы күштері қандай! Анау Сингапурдың да қарулы күштері ешкімнен кем емес. Ал біздің олардан қай жеріміз кем? Жағдаймыз да бар, мүмкіншілігіміз де бар» деген сөзі еске түседі.

Қазақстанның қорғаныс министрлігінің сайтындағы дерекке қарағанда, 2009 жылы әскери қызметкерлердің жалақысы 25 пайызға, 2010 жылы 1 сәуірден бастап 25 пайызға, 2011 жылы 30 пайызға өскен. Коммунистік Қытай билігі 2015 жылға қорғаныс саласына 145 миллиард АҚШ долларын бөлгенін жариялағаны есімізде. Бұл туралы Пекинде 11 күнге созылған бүкілқытайлық халық депутаттарының сессиясы барысында айтылған. Бөлінген қаржы алдыңғы жылғыдан 10 пайызға артық.

 

Орта Азия елдері қол қусырып отырған жоқ

Аспан асты елін айттық, сөз орайында, көршілес мемлекеттердің қорғаныс саласына қалай көңіл бөлетіндігіне көз жүгіртіп көрелік. Айталық, теріскейдегі Ресей жылына қарулы күштерін ұстап тұруға 78 миллиард АҚШ долларын жұмсайды екен. Ал, онымен бірер жылдан бері жаға ұстасып келе жатқан Украина бұл салаға тек 1 миллиард 600  миллион доллар бөледі. Сөз басында дағдарыстан кейінгі ахуалды білгіміз келгенін айтқанбыз. Орыс жұрты 2008 жылғы қаржы дағдарысынан соң қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны 30 пайызға арттырған. Олардың бұл қадамға баруына сол жылдардағы Грузиямен шиеленісі себеп болғанын айтады сарапшылар.

Шынтуайтында, әлемдік экономикалық дағдарыс бүкіл Орта Азия елдерінің экономикасына айтарлықтай әсер етті. Бірақ, осыған қарамастан, көпшілігі қорғаныс қажетіне жұмсалар бюджеттік қаражат мөлшерін көбейтіп отыр. Ресейдің «Независимая газета» басылымы таратқан мәліметтерге сүйенсек, 2009 жылы Грузияда 4,56 пайызға, Арменияда 4,06 және Әзірбайжанда 3,95 пайызға ұлғайтылып, қорғанысқа жұмсалар шығын айтарлықтай көбейген. Атап өтерлік жайт, 2009 жылы Арменияның ЖІӨ деңгейі 15 пайызға төмендеген болатын.

Швециядағы Стокгольм қаласында орналасқан халықаралық бейбітшілікті зерттеу институты өзінің жылдық есебінде «Ресей мен Қытай әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан 2011 жылы қорғаныс шығынын арттырды» депті. Ал Қазақстанның 2011 жылы бұл мақсатқа 1,74 миллиард доллар бөлгенін еске сала кетейік.

2011 жылы әскери шығынын 162 миллиард АҚШ долларына жеткізген Ресейдің бұл көрсеткіші 2010 жылмен салыстырғанда 9,3 пайызға артық. Бұдан теріскейдегі көршіміздің Ұлыбритания мен Францияны басып озып, әлемде әскери мақсатқа көп қаржы жұмсайтын үшінші елге айналғанын көреміз. Жаңағы ұйымның мәліметінше, аспан асты елі 2011 жылы қорғанысқа 143 миллиард АҚШ долларын жұмсапты. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 6,7 пайыз көп.

Оңтүстіктегі көршіміз – Өзбекстан төрт жыл бұрын қорғанысына 1,4 миллиард доллар, Тәжікстан – 72 миллион доллар, соңғы жылдары әскери ынтымақтастық аясында Ресей, Қытай, Түркия және Қазақстан сынды мемлекеттерден қаржылай көмек алып келген Қырғызстан 33 миллион доллар қаражат бөліпті. 30 миллионға жуық халқы бар Өзбекстан 2011 жылы қорғаныс саласына ел бюджетінің оннан бірін жұмсаған. Ала шапанды ағайындар соңғы бес жылда барлық деңгейдегі әскери қызметкерлердің айлық жалақысын шамамен 3 есе, шұғыл әскери қызмет саласына берілетін өтемақыларды 8 есе өсірді. Бұл көрсеткіштерден ел президенті Ислам Каримовтің «Орталық Азия мен әлемдегі қоғамдық-саяси, экономикалық-әлеуметтік және әскери жағдай қауіптің күшейе түскенін көрсетіп отыр» деген сөзі еске түседі.

 

Қорғанысымыз күшіне ене береді

Еліміздің ұлттық армия сапында 74 мың сарбазы бар. Оның ішінде құрлық күштері қатарында – 47 мың, әскери әуе күштерінде – 19 мың, әскери теңіз күштерінде – 3 мың адам қызмет етуде. Әскери бюджет жөнінен әлемдік тұрғыда АҚШ көш бастап тұр. Ал Қазақстан 171 елдің ішінде 58-орында. Жылдық әскери шығынымыз – 1 миллиард 281 миллион доллар. Бізден кейін тізімде Армения, Литва, Беларусь, Грузия, Түркменстан, Тәжікстан, Қырғызстан әскері сап түзеген. Бізде жаңа қару-жарақ пен әскери техниканың жыл сайынғы өсімі 7 пайызға артып отыр. Елде бүгінде 17 компания қару-жарақ пен әскери техника шығарумен айналысады. Міне, әскери бюджетке қатысты түзілер есеп-қисаптар легі осындай. Жалпы, мамандар «Әскер қаржылық, ғылыми ресурстарды талап ететін мемлекеттік институт. Қарулы күштерді бір рет құрып, оны жарақтаумен ғана тоқтап қалуға болмайды. Сондықтан үнемі жетілдіріп отыру қажет» дейді.

Рас, маман сөз етіп отырған жоғарыдағы алпауыт елдердің әскери бюджетінің қасында біздің әскерімізге бөлетін қаржымыз әрине өте аз. Бұған қатысты мамандарымыздың басым бөлігі алдағы кезеңдерде әскери техникалар құрастыратын шағын зауыттарды қаржыландыру ісін жетілдіру қажеттігін алға тартып отыр. «Мұндай зауыттардың болуы, ол зауыттарда білікті мамандардың даярлануы ешқандай елге техникалық тұрғыдан тәуелді болмауымызға жол ашады» деседі мамандар.

Жалпы, әскер саласын қаржыландыруға қатысты Қазақ елінің Халық Қаһарманы Сағадат Нұрмағанбетовтің «әскерге салынған инвестиция – ел болашағына салынған капитал» дегені бар еді. Ендеше, қуатты әскери техникасыз қуаіпсіздігімізге кепілдік бере алмасымыз тағы анық. Олай болса, еліміздегі әскери техника шығаратын шағын зауыттарды отандық инвесторлар да қолдасын делік. Мемлекеттік есеп өз алдына, жекелеген инвестицияның құйылуы да әскери-техникалық базаны баптауда артықтық етпейді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың мынау сөзі жадымызда: «Үлкен экономикалық дағдарыс дүниенің барлығын шарпып отыр. Оның үстіне барлық жерлерде қан төгіліп, соғыс болып жатыр. Дінаралық соғыс, ұлтаралық соғыс. Неше мемлекеттің экономикасы құлдырап кетті, дегенмен, біздің экономикамыз биылғы жылдың өзінде де дұрыс табыстармен төмендемей, қосымша табыстармен аяқтайтын боламыз. Осының барлығы  Қарулы  күштерге  тікелей  байланысты. Дүниеде  жүріп жатқан соғыстың  барлығы  бұрынғыдай емес, басқаша түрде. Біздің дайындығымыз да соған сай болу керек».

Иә, қорғаны мықты, қорғанысы құрыш мемлекет ретінде Қазақстанның Қарулы күштеріне қажетті қару-жарақтарды өзімізден де өндіре бастадық. Шамамыздың келгенінше Ресейден және өзге мемлекеттерден сатып алуға да мүмкіншілік бар. Қарулы күштердің әскери қызметшілері қақтығыстардың жаңа үрдістері мен ерекшеліктерін ескере отырып, кәсіби жауынгерлік және моральдық-психологиялық даярлық деңгейін ұдайы арттырып отыруы тиіс енді.

 

P.S. Біршама сандарды сөйлеттік, көрсеткіштерді бағамдадық. Осы шағын сараптаманы дайындарда кезіккен мәліметтерден халықаралық сарапшылардың түйіндерін де көзіміз шалды. Ұққанымыз, Қазақстан – Орта Азиядағы әскери әлеуеті ең мықты мемлекет. Біздің елдің қорғаныс саласына ІЖӨ-нің бір пайызы жұмсалады. Қазірде қорғаныс саласында әскердің сан жағынан көптігінен гөрі сапасына мән беретін кезең жетті. Кезінде әскердің саны бастапқы мазмұнға ие болса, бүгінде әскерді жоғары сапалы техникамен қамту, кәсіби біліктілігі жоғары мамандармен жасақтау, әскердің ақпараттық-технологиялық қуаттылығын арттыру маңызды болып отыр. Әскери державалар осы үдеден шығу үшін барын салып бұл саланы талапқа сай етуге көшкен. Бұл – қандай қаржылық-экономикалық дағдарыстың да бізге әсер ете алмайтындығын айғақтайды. Ең бастысы, Қазақ қорғанысы күшін, тактикасын, дайындығын нығайтуда. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"