Шығыс аспанын күзетіп келеді

Әр бөлімнің атқарар жүгі, қорғар территориясы бар. Әл бөлімде еліміздің жаужүрек жастары Отан алдындағы борыштарын өтеп жүр. Біздің бүгінгі әңгімеміздің өзегіне айналған Әуе шабуылына қарсы қорғаныс әскерлеріне бағынысты 97638 әскери бөлімі табиғаты тамаша Шығыс Қақастан облысы, Зырьян ауданы, Серебрянск қаласында орналасқан. Мұндағы сайдың тасындай сарбаздар Қазақстан Республикасының Шығыс стратегиялық бағытында еліміздің әуе шекарасын қорғау мақсатында тәулік бойы жауынгерлік кезекшілік атқарады.

Алғашқы оқ қашан атылды?

Алдымен тарихтын бастасақ, реактивті артилериялық 316 гвардия минаатар полкі 1942 жылдың қараша айында Мәскеу қаласында халық арасында «Катюша» деп аталатын реактивті артиллериялы «БМ-13» көлігін алды. Осы жылдың 31 желтоқсанында 316 гвардия минаатар полкінің жеке құрамы ант қабылдауға келтіріліп, 1943 жылдың 1 қаңтары бөлім командирінің бұйрығы бойынша Әскери бөлім күні болып саналды.

Іргесін енді қалаған бөлімнің бірінші жауынгерлік оғы 1943 жылдың 26 ақпанында Ескі Руссь түбінде атылды.

1943 жылдың 22 мамырында полкке Гвардиялық Әскери Туы берілді. Полк Курск доғасындағы шайқаста, Прохоровкадағы тарихи зеңбірек шайқасына қатысқан. Украина, Белоруссия, Польшаны жау қолынан босатуда соғысқа қатысты. Өзінің атақты әскери жорық жолын полк Берлинде 1945 жылы 2 мамырда аяқтады.

Әр орденде ерлік бар

Полктің әскери туында 5 ордені бар: Әскери Қызыл Ту ордені, Суворов, Кутузов, Богдан Хмельницкийдің және Александр Невскийдің ордендері. Неміс фашистерінің басқыншылармен болған ұрыста полк ерлігі мен батырлығы үшін Коростендік және Померандық екі құрмет атағына ие болды. Одан бөлек Бас Қолбасшыдан 19 алғыс берілді. Бүкіл жеке құрам соғыс жылдары ордендер мен медальдармен марапатталды.

Ол соғыс жылдарынан бері көп уақыт өтті, 1961 жылдан бөлім ГДР-дан Қазақстан аймағына оралып және жаңа техникамен қайта қаруланды. Серебрянск қаласында 55 жыл бойы әскери міндеттірді сәтті орындап, Қазақстан Республикасының мемлекеттік шебін қорғауда.

1971 жылы 4 маусымда жеке құрам 3 дивизионда (Васильевка ауылы) орналасқан американдық автоматты аэростаттық барлау аппаратын бір зымыранмен атып түсірді.

1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бұйрығы негізінде полк Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әуе Қорғанысы Күштерінің қатарына берілді.

Президенттің сапары серпін берді

1993 жылы 30 шілдеде полкке Қазақстан Республикасы Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев келді. Бұл тарихи уақиға сарбаздардың сергіп, шыңдалуына, Отанға деген сүйіспеншіліктерінің артуына ықпал еткенін айту керек.

Әскери бөлімнің қару-жарақ жүйесі күшті және заманауи зениттік-зымыран кешендерімен, жылдың кез келген мезгілі мен тәулігі бойы радиоэлектронды қарсылық жағдайында алыс қашықтықтағы және барлық биіктіктердегі әуеге бағытталған құралдарды табуға арналған заманауи озат әскери техникалармен жабдықталған.

2015 жылдың тамыз айында 97638 әскери бөлімі «Сарышаған» мемлекеттік оқу-жаттығу полигонында тактикалық оқуда жауынгерлік атысқа қатысып, өте жақсы көрсеткіштерге қол жеткізіп жоғары бағалар алды.

«Біз – жауынгер халықтың ұрпағымыз»

97638 әскери бөлім командирі ұлан полковнигі Нұрлан Махамбетов 1965 жылдың 25 қаңтарында Қостанай облысында дүниеге келген. Қарулы Күштер қатарында 1983 жылдан бастап қызмет етіп келеді.

1985 жылы Ленинградтағы жоғары зениттік-зымыран училищесіне оқуға түсіп 1989 жылы тәмамдап шығады. 2013 жылға дейін әртүрлі командалық лауазымдарда қызмет атқарды. Басшылықтың бұйрығымен осы жылы 97638 әскери бөлімнің командирі болып тағайындалды.

Үйленген, 2 қыз тәрбиелеп отыр. 97638 әскери бөлімі Қазақстан Қарулы Күштері қатарында еліміздің аспанын қорғауда маңызды рөл атқарып жатыр. «Әскери бөлім офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметкерлері Елбасымыз – Жоғарғы Бас Қолбасшы Н.Назарбаевтың саясатын түсініп, алға қойған мақсаттарға жетуге, жарқын болашағымыз бен бейбіт өмір сүру үшін жауынгерлік тапсырмаларды орындауға дайын екенін нық сеніммен айта аламын. Біздің әр қадамымыз бен ісіміз туған топырағымыз бен Отан аспанын қорғауға бағытталған. Осы жолда соңғы жанымыз қалғанша күресуге әзірміз. Жауынгерлеріміздің ержүректігі мен ақылдылығы мені қатты қуантады. Бұлай болмауға да хақымыз жоқ. Өйткені, біз – жауынгер халықтың ұрпағымыз» дейді Нұрлан Мұхтарұлы.

Тәрбие жұмыстарының тағылымы бөлек

97638 әскери бөлім командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыс жөніндегі орынбасары ұлан подполковнигі Руслан Маликов жеке құраммен тәрбие жұмыстары басшылыққа алынған құжаттар бойынша өткізілетінін атап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда тәрбие жұмыстарының ұйымдастырылған әдістемесі жақсара түскен.

«Біздің әскери бөлімде Қазақстан Республикасының түрлі облыстарынан мерзімді әскери қызметін 2015 жылдың көктемгі және күзгі шақыруынан  келген жауынгерлер әскери қызметтерін өтеп жүр. Олармен күнделікті әскери және мемлекеттік-құқықтық даярлық сабақтары, кешкі уақытта тәрбиелік және жаппай-спорттық шаралар өткізіледі. Демалыс және мереке күндері рухани-мәдени шаралар ұйымдастырылып, оның ішінде қала аралаймыз, қала көрнекіліктерімен таныстырамыз, мұражайларға барамыз. Мұның бәрі туған даламыз бен қаламызды, қала берді бабалар жолын тануға септеседі. Сондай-ақ, футбол, волейбол, әскериленген эстафета ойындары бойынша спорттық тартыстар өткізіледі. Жауынгерлер көркем шығарма, ән айтуға, би билеуге, күлкілі көріністерге белсенді қатысады. Жауынгерлер жаппай-мәдени және спорттық шараларға тек қана әскери бөлімде емес, қала масштабында да белсенділік танытып, жүлделі орындарға ие болуда» дейді Руслан Жамбылұлы.  

Бөлімде әскери-патриоттық тәрбиені жақсарту мақсатында мерзімді әскери қызметін өтеуші жауынгерлермен кешкі уақытта әңгіме-сұхбат негізінде тәрбиелік жұмыстар жүргізіледі, қазақ батырларының, Ұлы Отан соғысының және Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері ардагерлерінің ерліктері туралы әңгімелер айтылады.

Бөлімше командирлері және тәрбиелеуші офицерлер жеке құрамның қажеттіліктерін білуі, оларға қамқорлық танытуы керек екенін де атап өткен жөн. Осы мақсатта жауынгерлермен жеке сұхбаттар, бөлім психологі тренингттер және консультациялар өткізеді, ата-аналарымен және туысқандарымен хат жазысу және телефонмен тілдесу ұйымдастырылады.

Ауыз толтырып айтарлықтай

Әскери бөлімнің әйелдер кеңесінің жұмысы 2011 жылдың 08 шілдесінде ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚМ штаб бастықтары комитетінің төрағасымен бекітілген ҚР ҚК әскери бөлімдері мен мекемелеріндегі әйелдер кеңесі жұмысының методикасы және 97638 әскери бөлім командирімен бекітілген әйелдер кеңесі жұмысының жоспарына сәйкес орындалады. Әйелдер кеңесі өз жұмысында әскери бөлім басшыларына әйел әскери қызметшілермен, әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен, азаматтық персоналмен, сонымен қатар әскери бөлімнің жеке құрамымен өткізілетін тәрбиелік және мәдени іс шараларды өткізуге көмегін тигізуде.

Әйелдер кеңесі мен әскери қызметшілердің отбасын аралау барысында оларға әскери өмірдің ерекшеліктері мен жолдасының отбасы жағдайын сақтап қалудағы жауапкершілігін арттыру үшін жоғары өнеге және екі жақты сыйластықтың болуын түсіндіреді. Сондай-ақ көпбалалы және жас отбасыларға көмек көрсетіледі. Сонымен қатар жағдайы нашар отбасылармен тұрақты жұмыстар жүргізіледі.

Әйелдер кеңесі жұмысының келесі кезеңі – отбасы мен мектеп арасындағы жағдайды күшейту. Мектепке дейінгі мекемелердің жұмысына көмек көрсету. Жоғарыда айтылған жұмыстар әскери бөлімнің орналасқан орнындағы әйелдер қауымдастығының мүшелерімен тығыз байланыста өткізілді.

Бөлімнің үздіктерін біле жүрейік...

Әскери бөлімде өзінің Отан алдындағы борышын үздік атқарып жүрген мерзімді қызмет жауынгерлерін атап өтпеуге тағы болмас. Олардың қатарында ұлан ефрейторы Айбар Қажкенов бар. Ол 1992 жылы 8-ақпанда дүниеге келген. Алматы қаласына қарасты Алмалы ауданынан 2014 жылы әскерге шақырылып, аға маман аға оператор лауазымында борышын өтеуде. 1995 жылы 29-қазанда туған ұлан ефрейторы Әмір Жанақов та осы қатарда. Қарағанды облысы аумағындағы Қазыбек би ауданынан 2014 жылы әскерге шақыртылған ол аға маман механик-такелажник лауазымында борышын өтеп жүр.

Ұлан қатардағы жауынгері Ұлан Қойшыбаев – бөлім мақтаныштарының бірі. 1992 жылы 13 сәуірде дүниеге келген сарбаз да кеншілер шаһарынан, Қазыбек би ауданынан 2014 жылы шақырылған аға маман механик-такелажник.

Сардарлар арасында да сақадай жігіттер аз емес. Ұлан подполковнигі Жолжібек Нұрлыбеков 1977 жылы 13 тамызда Жамбыл облысына қарасты Луговой ауданы Ленина ауылында дүниеге келген. 1997 жылдан бери әскери қызметте жүр. Осы жылы Ресей Федерациясы Смоленск қаласындағы Құрлық әскерлері ӘШҚ академиясына оқуға түсіп 2002 жылы бітіріп шыққан. Оқуды бітіргеннен кейін әртүрлі лауазымда Отан алдындағы қызметін атқарған. 2013 жылы 97638 әскери бөлімінің 1-ші бөлімше командирі болып тағайындалды. Үйленген, 3 қыз тәрбиелеп отыр.

Ұлан подполковнигі Дидар Шаймұратұлы – 1976 жылы 20 тамызда Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы Қатонкарағай ауданы Большенарым ауылында дүниеге келген. Бөлім үздіктерінің қатарындағы Дидар да 1994 жылы Ресейдегі Смоленск қаласында орын тепкен Құрлық әскерлері ӘШҚ академиясына оқуға түсіп, 1998 жылы бітіріп шыққан. Оқуды бітіргеннен кейін әр түрлі лауазымда Отан алдындағы қызметін атқарған. 2013 жылы 97638 әскери бөлімінің 2-ші бөлімше командирі болып тағайындалды. Үйленген 2 ұл тәрбиелеп отыр. «Біз өзіміздің Қазақстан қорғанысында қызмет етіп жүргенімізді мақтан тұтамыз. Ел армиясының іргесі бекіп, күшін нығарлап келе жатқанын көзіміз көріп, өзіміз соған атсалысудамыз. Жаңа техникалармен жарақтанып жатқан қазақ әскері әлі-ақ әлем алпауыттарымен иық тіресетініне сенім мол» дейді әскери қызметшілер.


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"