Әскери журналистика: кеше һәм бүгін

Тәуелсіздік алғалы қазақ журналистикасы біршама белестерді бағындырғанын мойындауымыз керек. Десек те, егемендіктің алғашқы жылдарындағы тоқырау уақытта қалам ұстағандардың да басына бұлт үйірілгені рас. Кеңестік дәуірде шыққан биіктерімізден көп құлдилағанбыз. Есімізді жиып, етек-жеңімізді түргелі олқылықтардың орнын толтырып-ақ келеміз. Мәселен, бергі жылнамада болар-болмас ізі қалған әскери журналистиканың айы қайтадан оңынан тумақ. Жуырда ғана еліміздегі ең іргелі оқу орындарының бірі – Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен Қорғаныс министрлігінің басшылығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, салалық журналистиканың дамуына күш салуға ниеттенді. Бұл туралы сәл кейінірек. Алдымен тарихқа көз салайық...

Әскери журналистиканың алғы шебіндегілер

Қаруымен бірге қаламын да қолынан тастамаған әскери жазушылар мен қаламгерлердің жазбалары бүгінгі қазақ журналистикасының тарихи құнды мұрасына айналып отыр. Ол кездің өзінде сарбаз қаламгерлер оқ пен оттың арасында жүріп, ұшқыр ойларымен өрнектелген ұранды сөздері арқылы қаруластарын алға жетелеген. Жауынгер қаламгерлер майдан даласынан елге жететін жаңалықтың жаршысы да бола білді.

Профессор Сағымбай Қозыбаевтың «Майдандағы Қазақстан баспасөзі» атты тарихи-публицистикалық кітабына үңілсек, мынандай деректерді көреміз: «Ұлы Отан соғысы жылдары Қызыл Армия қатарында 1000 газет және 15 журнал, ал Әскери-теңіз флотында 143 газет пен төрт журнал шығып тұрды. Орта Азияда тұратын ұлттар арасынан жасақталған әскери құрамалар үшін 42 газет пен жеті журнал шығарылса, оның 16 газеті мен екі журналы қазақ тілінде жарық көрген. Соғыс жылдарында бас-аяғы 4,5 мың әскери журналист тер төксе, оның 200-і – Орта Азиядан шыққандар. Соғыстың соңына таман жалпы әскери баспасөздің бір реттік шығарылымының таралымы 3,5 миллион дананы құрап, әр жауынгердің қолына емін-еркін тиіп отырды».

Иә, соғыс жылдарында  қазақ әскери журналистиканың негізін қалаған да майдангер жазушылар мен сарбаз журналистер еді. Олардың көш басшылары ретінде бүгінде Баубек Бұлқышов, Бауыржан Момышұлы, Қасым Қайсенов, Дмитрий Снегин, Мәлік Ғабдуллин, Қасым Аманжолов, Қалихан Бекқожин, Әзілхан Нұршайықов, Бисен Жұмағалиев, Төлеутай Ақшолақовтар аталады. Әскери тақырыпқа қалам тербеген майдангер журналистердің арасында әлі де зерттелмей, танылмай жатқандары да баршылық.

 

Шәріпов шыңы

Тақырыбымызға тұздық болсын, туындылары толық зерделенбей, есімдері еленбей, тұлғасы туралы ашып жазылмай жүрген қаламгерлердің бірі – Қасым Шәріпов жайында аз-кем әңгімелей кетсек. Үш жасында әкесінен, он жасында анасынан айырылған майдангер журналист Қасым Шәріпов 1924-1929 жылдары Қызылорда қаласындағы балалар үйінде тәрбиеленді. Осында сауатын ашып, 6 сыныптық білім алады, комсомолға мүшелікке өтеді. Оқу-білімге деген ынтасы оны мектептен кейін бірден институт қабырғасына алып келеді. Ең алдымен, Орынбор қаласындағы Халық ағарту институтының дайындық бөлімін, кейін Мемлекеттік кинематография институты жанындағы рабфакты бітіріп, осы оқу орнының әдебиет факультетіне түседі.

Қасым Шәріпов өзінің болашақ мамандығы – журналистиканы сол кезде-ақ таңдап алды деуге әбден болады. Ол еңбек жолын 1929 жылы «Лениншіл жас» газетінің хатшысы, «Социалистік Қазақстанның» тілшісі қызметтерінен бастайды. 1933 жылы жас тілші БКП (б) ОК Марксизм-ленинизм институтының қазақ филиалына жұмысқа шақырылып, партия баспасының редакторы, 1935-1941 жылдары ҚКП ОК-і жанындағы Партия тарихы институтының аудармашы – ғылыми қызметкері жұмыстарын атқарады. Бұл оның қызметтегі ерекше бір жемісті кездері болатын. Өйткені, Шәріпов айналысқан аудармашылық іс кез келгеннің қолынан келе бермейтін қиын да тың және республикамызда бір жүйеге түспеген жұмыс-тын.

Қ.Шәріповтың аудармашылық шығармашылығы алғашқы кезеңінен бастап-ақ осы қағидаға жауап берерліктей болды. Құжаттардағы: «Жолдас Шәріповті марксизм-ленинизм классиктерін аударушы білгір маман ретінде әскер қатарына алудан босатуыңызды сұраймыз» немесе «Жолдас Шәріпов марксизм-ленинизм классиктерінің шығармаларын аудару жұмысына толық қатыса алады, сондықтан оны аталған институтта қалдыруды өлкелік комитеттен сұраймыз. Лекеров» деген ой пікірлер бұған дәләл. Әрине, аудармашы қаламы әрі де шыңдала түсер еді, соғыс басталмағанда...

Ұлы Отан соғысының алғашқы айларынан-ақ майданда Панфилов дивизиясы 8-ротасының саяси жетекшісі, батальон комиссары, әскери тілші, бірқатар дивизиялық газеттердің редакторы – бұлар Қ. Шәріповтың қанжар мен қаламды ұштастыра ұстаған жауынгерлік және журналистік жолы. Ол жоғарыда аталған міндеттерімен қатар, тілегі бір, тілі басқа жауынгерлердің арасындағы біріне бірін бауырластыратын, түсіністік танытатын алтын көпір де болды. Өйткені, Қ.Шәріпов газеті екі тілде қатар сөйлеген-ді. Ол өзінің күнбе-күнгі жұмысы туралы «Жертөледе типографиялық мәшиненің қасында үш адамнан тұратын редакция «аппараты» келесі нөмірді дайындаймыз. Аса нақтылық пен тәртіп керек. Басынан-ақ қай материал орыс, ал қайсысы қазақ тілінде шығуы керектігін анықтап алу қажет. Біздің кішкене «амариканкамыз» тек қысқа емес, тез әрі жауынгерлерге түсінікті етіп жазуды талап етеді. Радиохабарларды қабылдап алысымен бірден аударып, жатқа жаздыртатынмын» деп еске алады.

 

Бұл құжат іргелі істердің бастауы

Бүгiнде елiмiздiң тұтастығын тек сарбаздармен немесе қолбасшылармен сақтау қиын. Қазақстан әскерiне түпкiлiктi ғылыми негiз, тарихи iз қажет. Республикамыздың қорғаныс қуаты ғылыми-техникалық потенциалмен өлшенбейдi. Оған терең геосаясат, геостратегия қажет. Қазақстан әскери ғылымының, әскери дипломатиясының алғашқы қадамдары ендi ғана жасалып келедi. Ұлттық ғылым академиясында елiмiздiң әскери тарихын қорытындылау iсi жүргiзiлуде. Университеттердiң тарих факультеттерiнде оны оқыту қолға алынбақ. Арнайы оқулық жазылып, ол қазақ елiнiң әскери өнерi мен тәжiрибесiн, әскери мәмiлегерлiк мәселелерiн ғылыми жүйеге түсiрмек.

Сонау сақ тайпаларының ахеменидтер империясы патшаларының сәттi соғысы, ғұндардың көшпелi империясының өркендеуi, олардың Қытай мен Батыс Еуропа кеңiстiк арасын бағындырып, дүркiреп дәуiрлеуi, үйсiн, алшын, қыпшақ ұлыстарының әскер ұйымы, әскер құрылысы тәжiрибесi – бәрi-бәрi әскери дипломатия тарихына жазылатын жарқын беттер.

Енді, міне, Қорғаныс министрлігі әскери іс-шараларды жария ететін журналистерді даярлау саласында Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Әскери журналистерді дайындау – уақыт талабы. Журналистерге бейбіт жағдайда ғана емес, экстремалды, жауынгерлік жағдайда да жұмыс жасай білуді үйрену қажет» деп атап өтті Қорғаныс министрінің орынбасары генерал-майор Талғат Мұхтаров.

Меморандумның негізгі бағыты – еңбек нарығында сұранысқа ие әскери журналистика саласында мамандарды даярлау және әскери журналистерді даярлау жөніндегі бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру болып табылады. Бұдан басқа, құжат білім мен ғылым саласында тиімді ынтымақтастықтың құқықтық негізі, зерттеу жұмыстарын, бірлескен жобалар мен бағдарламаларды іске асыруда негіз болмақ. Сонымен қатар меморандум қорғаныс ведомствосы және жоғары оқу орны өкілдерінің білім беру деңгейі мен ғылыми біліктілігін арттыруда өзара көмек көрсетуге ықпал етеді. Меморандумға қол қою шеңберінде алғашқы іс-шаралар да жоспарланып қойғанын айта кеткен жөн. Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің студенттері алғаш рет Қорғаныс министрлігінің экстремалды журналистика бойынша «Әскери дискурс» практикалық семинарына қатысты. Үш күн ішінде әскери қызметші нұсқаушылар теориялық және практикалық сабақтарда болашақ журналистерді қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс жасау негіздері мен әскери іс-қимылдарды жария етуді үйретті.

 

Бүгінгі студент – ертеңгі журналист

Бүгінде әлемдегі шиеленістің тереңдей түсіп, қарулы қақтығыстардың көбейіп, геосаяси ахуалдың алмағайып кезеңінде тек әскери қызметшілердің ғана емес әскери журналистердің де қызметі айрықша сұранысқа ие. Семинарға алғаш рет қатысқан болашақ журналистер мен саясаттанушылар текетірес ошағында жұмыс істей жүріп, қалай жан сақтауды, сонымен бірге сапалы материал дайындауды меңгерді. Бұған қоса, жеке деректерді қалай қорғау керектігін, экстремалды жағдайларда журналистке не істеу керек екенін айтып, көрсетіп берді. «Жастардың көңіл-күйі керемет, көздері жалындап тұр. Олардың біразы журналистикадағы бағытын әлі айқындаған жоқ. Алайда, әскери журналистика олар үшін өте қызықты екені даусыз. Кейбір жастар қазақстандық басылымдарда әскери тақырыпта қалам тербеп, тәжірибе жинақтап жүр. Біздің міндетіміз – базалық негіз беру, болашақ журналистке әскери іс-қимыл кезінде кездесетін қиындықтардан хабардар ету, айла-амалдарға үйрету» дейді «Әскери дискурс» семинарының бас нұсқаушысы майор Рустам Эюбов.

Семинар дәріс, практикалық сабақтар және кәсіби тапсырмалар форматында бірнеше жерде ұйымдастырылды. Болашақ журналистер үшін аталған семинар кәсіби тұрғыда дамып, өсу үшін тамаша мүмкіндік. Әсіресе, «Әскери дискурс» практикалық семинары жоғары оқу орнын тәмамдағаннан кейін, әскери журналистикада жұмыс істеуге бел буғандар үшін пайдалы. Аталмыш семинар өткен жылы да республикалық және өңірлік БАҚ өкілдері мен танымал блогерлердің қатысуымен өткізілген болатын. Дегенмен, дәл осы семинардың ерекшелігі – студенттердің қатысуы. Яғни, бүгінгі студент – ертеңгі журналист.

 

P.S. Кешегіні сөз еттік, бүгінді әңгімеледік. Өткен ғасырдың орта тұсында дамудың шарықтау шегіне жеткен әскери журналистиканың өшуге айналғаны да сол жүз жылдықтың соңында еді. Енді қайта ілгерілеуге бет алды. Әскери журналистиканың тамырына қан жүгірмек.

Рас, қазіргі таңда әскери журналистиканың өкілдері деп санаулы азаматты ғана айта аламыз. Бірер жылда бұл тізім де жалғаса түсер...

Асхат РАЙҚҰЛ


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"