«Шығыс» ӨңҚ жалпыәскери полигонында минометті құрылымдардың жарысы өтті

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жалпыәскери полигонында ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің минометті құрылымдары арасында жарыс өтті, деп хабарлайды Sarbaz.kz.

Жарыстың көздегені – Құрлық әскерлерінің үздік минометті құрылымын анықтау, жеке құрамның жауынгерлік дайындық деңгейі мен минометті батареялардың ауызбіршілігін арттыру, артиллериялық құрылымдардың әзірлік әдістемесі мен озық тәжірибесін жеткізу және жалпылау, әрі белгіленген міндеттерді жүзеге асыруда минометті құрылымдардың қимыл-әрекет амалдары мен жаңа әдіс-тәсілдерін зерттеу. «Оңтүстік», «Шығыс», «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарының, ҚР ҚК Аэроұтқыр әскерлері мен ІІМ Ұлттық гвардиясының командасы қатысқан жарыс екі кезеңнен құралды. Алғашқы «Арнайы» кезеңінде командалар оқу нүктелерінде мамандықтары бойынша нормативтерді орындады. Батарея офицерлері, миномет есептоптары, барлаушы –шалғайды өлшеушілер, есептеушілер теориялық білімдерін дәлелдеді. Бұл кезең «Батареяның үздік офицерін», «Минометтің үздік есептобын», «Үздік барлаушыны», сондай-ақ, «Үздік есептеушіні» анықтау үшін жүзеге асты. Келесі кезең «Батарея – атыс» деп аталды. Онда барлық 10 команда толық құрамда бақтарын сынады. 120 мм минометтен үш жерден төрт жарым шақырымға, үш шақырымға және екі шақырымға оқ атты. МТЛБ әскери машиналарын жүргізіп, кедергілерді де еңсерді. Минометті құрылымдардың сайысына ҚР ҚК Зымыран әскерлері және артиллериясының қолбасшысы жетекшілік етті. 

   Лұт Сапуұлы ӘЛШЕКЕНОВ, ҚР ҚК Зымыран әскерлері және артиллериясының қолбасшысы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор: «ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің минометті құрылымдары арасындағы жарыс осы уақытқа дейін Отар гарнизонында ұйымдастырылып келді. Биыл ҚР Қарулы Күштері Құрлық әскерлері Бас қолбасшысының бұйрығымен жоспардан тыс «Шығыс» жалпыәскери полигонында қолға алынды. Ондағы ойымыз – минометті құрылымдардың жауынгерлік дайындық деңгейін бөгде полигонда тексеру. Жарысқа қатысушы минометті батареялардың арасында әскери мамандықтарға қатысты «Армия ойындары – 2016» халықаралық жарысы шеңберінде биыл тамыздың 2-9 күндері Гвардейский поселкесінде болған «Артиллериялық атыс шеберлері» сайысының жеңімпаздары да бар. Естеріңізге сала кетейін, биыл 30 шілде мен 13 тамыз аралығында өткен әскери мамандықтарға қатысты «АрМИ-2016» бағдарламасына далалық, әуе және теңіз дағдысы бойынша барлығы 23 байқау енгізілген еді. Қазақстандық құрама оның 21-іне қатысып, өзге мемлекеттердің Қарулы Күштерінің әскерилерімен бәсекеге түсті. Өткен жылы тек Ресей Федерациясының 11 полигонында бар-жоғы 13 байқау бойынша қолға алынған болатын. Биыл 20 полигонда болатын халықаралық ойынға Қазақстанның территориясы да қамтылды».

   Досым ДАРХАНОВ, 40398 әскери бөлімінің батарея командирі капитан: «Өз басым минометті құрылымдардың арасындағы жарысқа үшінші мәрте қатысып отырмын. 120 мм минометтен үш позицияда төрт жарым шақырымға, үш шақырымға және екі шақырымға оқ аттық. Жалпы алғанда артиллериялық атыс – ұрыс қимылдарын жүргізудің бір тәсілі ғой. Артиллерия әр түрлі атыс түрлерін қолданумен қатар, ұрыс жүргізудің әр түрлі тәртіптерін, соның ішінде минометтің атысын да жүргізеді. Мәселен, 120 мм минометті жауынгерлік жағдайға келтіру үшін екі минутқа жетер-жетпес уақыт жұмсалады. Яғни, қарсылас тосыннан шабуыл жасаған жағдайда атысты жүргізуде айтарлықтай уақыт үнемделеді. Минометтің 24 жәшіктегі жиынтығы 48 атысқа жеткілікті. Оны ауыр техниканың көмегінсіз-ақ түсіріп және жинауға болады. Біз сөзбен айтқанда, бүгінгі күні 120 мм миномет қарсыластың атыс қуатын жойып, жаяу жасақтың қозғалысын тасалау үшін аса тиімді қарудың түрі».

   ҚР ҚК Құрлық әскерлерінің минометті құрылымдары арасындағы жарыстың қорытындысы бойынша алғашқы орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Үшарал гарнизоны 40398 әскери бөлімінің командасы (батарея командирі Досым Дарханов) ұтып алды. Келесі орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты Аягөз гарнизонының 10810 әскери бөлімі (батарея командирі Василий Шандыр)иеленді. Соңғысын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығы Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімі (батарея командирі Ержан Қарқынбаев) мен «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының 35748 әскери бөлімі (батарея командирі Берік Шаянбеков) командалары өзара бөлісті. Барлық жеңімпаздар ҚР ҚК Зымыран әскерлері және артиллериясының қолбасшысы – Құрлық әскерлері бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Лұт Әлшекеновтың қолынан  мақтау қағазын алды.  

 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"