Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының төл басылымы – «Қалқан» газетіне 55 жыл толды

Өткен аптада Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының төл басылымы – «Қалқан» газеті өзінің 55 жылдық мерейтойын салтанатты жағдайда атап өтті.  

Аталмыш газеттің ардагер журналистері мен үзеңгілес әріптестерін мәртебелі қонақ ретінде шақырған басылым ұжымы айтулы шараға өте ұйымшылдықпен әзірленген екен. Ұлттық ұланның мәдениет сарайында салтанат құрған мәдени-танымдық шара бұған анық дәлел бола алады. Онда ортаға шығып сөйлеген аға толқынынның келтірген дерегіне сүйенсек, «Қалқан» газеті осыдан 55 жыл бұрын, яғни 1961 жылдың 28 қыркүйегінде «На боевом посту» деген атпен алғаш шыққан екен. Сол кезден бастап еліміздегі Ішкі әскердің жаңалық жаршысына айналған. Ал, бұдан кейінгі кезеңдерде газет атауы «Дзержинец», «Қалқан-Шит» болып өзгергенімен өзінің негізгі бағытынан айнымаған. Алайда, еліміз егемендікке қол жеткізгенге дейін бұл басылым тек өзге тілде жарыққа шығып отырыпты. Ал, тәуелсіздік таңы атқаннан бастап басылым қазақ тілді «Қалқан» болып қанатын қаққан. Бүгінгі таңда бірталай белесті бағындырып үлгерген аталмыш газеттің ұжымын және бас редактор Қуаныш Қожахметов мырзаны ұлық мерекелерімен «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналы ұжымының атынан шын жүректен құттықтаймыз. Сондай-ақ, оқырман назарына «Қалқан» газетінің ардагер қызметкері, бір кездері осы редакцияның тізгінін ұстаған қарымды журналист, запастағы полковник Сәдуақас Жұбатовтың естелігін ұсынып отырмыз.

«Қалқан» газеті дегенде 1995 жыл еске түседі. Басқа басылымдарда корректорлықтан редакторлыққа дейін өтіп келген тәжірибем бола тұра, әскери басылымға қатардағы қызметкер болып қабылданған едім. Бірден айта кетейін, кейін оған еш өкінгенім жоқ. Жаза алсаң,ел оқитын дүние ұсына алсаң назардан тыс қалмайтынын белгілі. Халықта «жолы болар кісіге жақсы жан алдынан шығады» деген ырым бар. «Қалқанның» редакциясы орналасқан Алматы қаласындағы 7552 әскери бөлімі аумағына кірген күні тілші қаруының бірі – фотоаппаратты иығына ілген, ақ шашты, жылы жүзді, азаматтық киім киген орта бойлы кісіні көрдім. Саптық алаңдағы сарбаздарды суретке түсіріп жүр екен. Өз ісіне аса бір мұқиятпен қарайтынын бағамдап, тәжірибелі маман болар деп ойлағанмын. Кәсіби түйсігім алдамапты, солай екен. «Қалқанның» («Джержинецтің») бұрынғы редакторы, зейнеткерлікке шығып фототілші болып жүрген Сергей Александрович Геращенкомен осылай таныстым. Ол менің «Қалқанға» қызметке орналасуға келгенімді естіп, қуанып қалды. «Жас келсе іске, құдай қаласа, редактор да, полковник те боласың» деді ол амандық-саулықтан соң. Редакцияға бірге бардық. Телефонмен сөйлескен «Қалқанның» бас редакторы Виктор Юрьевич Фрайденберг орнында екен. Ол «мен саған нағыз көмекші болар журналисті алып келдім» деген Сергей Александровичпен де, алғаш көріп тұрған менімен де жылы амандасты. Бір қызығы Сергей Геращенко зейнеткерлікке шығуына байланысты бас редакторлықтан фототілшіге ауысса, Виктор Юрьевич фототілшіден бас редакторлыққа өткен екен. Ал менің сатылап өтетін баспалдақтарым алда жатыр еді. Сөйтіп, бұрынғы, сол кездегі және болашақтағы бас редакторлар алғаш рет осылай жүздескен еді.
Сол уақыттан бері аттай жиырма бір жыл өтіпті. Менің қатардағы жауынгерлен полковникке, қатардағы тілшіден бас редакторлыққа дейінгі жиырма бір жылым. Аз ба, көп пе, оны уақыттың еншісіне қалдыралық десек те, жүрген жол, өткен жылдар артта қалдырған іздермен, елге еткен еңбекпен өлшенетіні анық. Осы орайда ортақ істің, әскери басылымның, шығармашылық ұжымның қалыптасуы мен өркендеуіне азды-көпті үлесімді қостым деп айта алады екенмін. Іссапармен бармаған, жазбаған әскери бөлім жоқ болар, сірә.
Газет шығару – ұжымдық тірлік. Корректордан бас редакторға дейін жұмыла кіріскенде ғана оқырман оқитын жақсы дүние шығаруға болады. Басылымының кезекті мерейлі мерекесі алдында естелік жазып беруімді сұраған редакция өтінішіне орай, осы жолдарды жазуды қолға алған сәтімде, өзіммен бірге «Қалқан» газетін шығару жолында өз еңбектерін аямаған үлкенді-кішілі қызметкерлердің есімдерін құрметпен атағым келеді. Біраз жыл бас редактор болған Виктор Юрьевич өз ісіне жан-тәнімен берілген, газет шығару керек десе баспаханаға қонуға дайын жан еді. Жан еді дейтінім, оның полковник шенімен зейнеткерлікке шыққанына да біраз жылдың жүзі болыпты. 2011 жылы «Қалқанның» 50 жылдығына шақырып, кеудесіне «ІІМ ардагері» медалін тағып, ақ батасын алғанымыз күні кеше сияқты еді. Жылдам, жалған уақыт-ай демекші, тағы бір редакторымыз Сергей Александрович сол мерейлі меркеге келе алмады. Денсаулығы сыр беріп жүр екен, өкінішке орай, көп ұзамай дүние салды. Кеенеттен келген ажал әскери басылым үшін өмірін арнаған жаны жайсаң азаматты арамыздан алып кетті.
Өткенді еске алу – бүгінгілердің міндеті. Жалпы «Қалқанда» істеген қаламгерлердің қай-қайсысы да осал емес. Асылбек Жақаев. Тұрар Жалмұхамедов, Сағидолла Көшімбаев, Боташ Қажымов, Александр Тасболатов, Юрий Василевский, Дулат Молдабаев, Исқақ Темірболат. Алтай Сиырбаев сияқты тәжірибелі аға буын өкілдерімен қатар Айткүл Мырзатаева, Сағындық Рахметов. Айнабай Мәдиев, Наиль Ахмеджанов, Олег Таран, Танат Шернебеков, Тамара Дәулетбаева, Наталья Акбарова, Альфия Ахмеджанова, Александр Дударек, Ержан Әбдрахманов, Мұратбек Құдайбергенов, Вячеслав Гельблинг, Данагүл Алғожина сияқты тілшіліктің қыр-сырын меңгерген орта буын да аянбай еңбек етті. Олардың бірқатары басқа басылымдарға ауысса, көпшілігі әскери зейнеткерлікке дейін «Қалқанға» өз үлестерін қосты. Газет басылымын шығармашылық топпен қатар, баспа мамандарсыз көзге елестету қиын. Әскери баспахана дегенде, «Қалқанды» шығару ісінде өз жігерлерін аямаған Екатерина Маркова, Күлімхан Қалиасқарова, Клара Дүзелбаева, Гүлмира Мұхаева, Нұр Рысақова, Татьяна Торшина, Эленора Товма есімдерін зор ілтипатпен ату орынды.
Әскери басылымды сөз қылғанда «Қалқан» газетімен қоян-қолтық жұмыс істейтін әскердің баспасөз қызметін атпау мүмкін емес.Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары ішкі әскердің баспасөз қызметін басқаруға келген «Хабар» телеарнасын алғашқы құрушылардың бірі – Иманбай Жұбаевтың ұйымдастырушылығы мен іскерлігі ішкі әскерге үлкен абырой әкелді. Ол ел телеарналарының алдындағы беделі арқасында ішкі әскерге арнап «Қазақстан» телеарнасынан аптасына 20 минут берілетін «Қайсар» атты жеке хабар ашты. Бұл ішкі әскерді елге таныстырудың алғашқы жарқын үлгілерінің бірі болды. Ол газетке де тұщымды мақалалар жазды.
Иманбай Жұбаев кейіннен облыстық «Ақтау-Қазақстан» телеарнасын басқарды. Содан соң "Қазақстан" мемлекеттік телерадиокорпарациясы басшысының орынбасарына дейін көтерілді. Кезінде капитан Жұбаевпен бірге «Қалқан» газеті атынан тілші ретінде іс-сапрдан қалмайтын кіші сержант Сағындық Рахметов кейіннен «Ақтау-Медиа» өңірлік ақпарат саласының басшысы болды. Ол қазір «Мұнайлы» газетінің бас редакторы.
Осы тізімді жалғастыра түссек, Александр Тасболатов еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда», Дулат Молдабаев «Казахстанская правда» газетінде, Айнабай Мәдиев «Алматы ақшамы» газетінде белді қызметте. Ал, өзіміз кезінде ЕҰҮ-нің журналистика факультетінің үздік түлегі ретінде қалап алған Ернар Күлмағамбет бұл күндері еліміздің Бас әскери прокуратурасында абыройлы қызмет атқаруда. Біз олардың бәрін «Қалқаннан» қанат қаққан, қаламдарын ұштаған қазамгерлеріміз деп мақтаныш сезіммен айта аламыз. Міне, осындай елге танымал журналистердің жемісті жолдарын жалғастырып жатқан қазіргі қалқандықтардың басшысы Қуаныш Қожахметовпен де біраз жыл бірге шығармашылық ізденіспен, тілшілік тірлікпен, қаламдас бірлікпен қызмет жасадық. Редакцияның бүгінгі құрамындағы Ерболат Сұлтанов, Руслан Қайыркенов, Александра Өтепова, Руслан Жангулин, Мөлдір Нәлібаева, жанар Смайлова, Құралай Қоңыратбаева, Максим Парпура және басқа жандар өзіміздің көз алдымызда өскен шәкірттеріміз. Оларға газет пен журнал шығару жөніндегі кез келген істі сеніп тапсыруға болады. Қазір зейнетте жүрсем де төл газетім – «Қалқаннан» қарым-қатынасымды үзген емеспін. Сондықтан газетке кейін келген Арман Әубәкіров, Дарын Сейітов, Динара Сүгірбаевалардың да тәуір шығармаларын оқып, көңілім бір марқайып қалады.
Өткен жолдарға, басылым мұрағатына көз жүгіртсем, жоғарыда аттары аталған қызметкерлердің бәрімен бірге қызметтес болып, газеттің ыстық-суығын бірдей көтеріскен екенбіз. 2005 жылы тұңғыш әскердің «Бүркіт» журналын, сәл кейін «Ішкі әскер жаршысын» жарыққа шығарғанда, видеостудияны ашқанда әскер қолбасшылығымен, басылым оқырмандарымен бірге қуанғанымыз әлі көз алдымда.
Тоқсан ауыз сөзді түйіндей келгенде, өлең шумақтарымен орайластырғанға не жетсін. Сондықтан газетттің елу жылдығына «Қалқан» оқырмандары жылы қабылдаған «Қалқан – сенің жауынгерлік жолдасың!» атты өлеңімді қазіргі қалқандықтарға қайта ұсынғым келеді.
Жақсы хабар, жақсы әңгіме басылған,
Сәлем келді алыстағы досыңнан.
«Қалқан» сенің – ең сенімді жолдасың,
Қиын кезде табылатын қасыңнан.
Қандай шындық, қандай пікір болмасын,
Айтары бар мір оғындай – қорғанысың.
«Қалқан» сенің – жолыңдағы қаруың.
«Қалқан» сенің – жауынгерлік жолдасың!
Ешкімді де жамандыққа қимайтын,
Жақсылықты өн бойына жинайтын.
Біле білсең «Қалқан» сенің – қамқоршың,
«Қалқан» сенің – Ана тілің сыйлайтын!
Бабалардың қасиетті мекенің,
Жаттан қорғау – ер міндеті екенін.
«Қалқан» деген батырлардың айбыны,
Бір ауыз сөз – соның өзі жетеді!
Күнделікті әскеріміздің өмірі,
Сардарлардың, сарбаздардың серігі.
Ішкі әскердің рухани «Қалқаны» –
Құтты болсын ердің жасы – Елуің!

Запастағы полковник Сәдуақас ЖҰБАТОВ,
«Қалқан» газеті мен «Бүркіт» журналының 2004-2013 жылдардағы бас редакторы
Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"