Теңіздегі тегеурінді күш

Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің әлеуеті артып келеді. 1993 жылдың 2 сәуірінде Мемлекет басшысының Жарлығымен құрылған Әскери-теңіз күштерінің әр қадамы адымды.

Мақсат – мүддемізді қорғау

 

Еліміздің әскери-теңіз Күштері 1993 жылы көктемде құрылды. Оның негізгі базасы әуелгі кезде Ақтау қаласында орналасты. Ал 1999 жылы аталмыш әскери база еліміздің ҰҚК Шекара қызметі Теңіз бөлімдеріне қарады.

Әскери сала мамандарының пікірінше, тәуелсіздік алғаннан кейін Каспий теңізінің қа­зақстандық бағытындағы стратегиялық маңызды нысандардың мүддесін қорғау басты мақсат болды. Анығында, бұл экономикалық аймақ еді.

Өздеріңіз білетіндей, Каспий аймағында табиғи ресурстардың өте бай қоры шоғырланған. Егемендік алған тұста оларды игеру жұмыстарының кө­лемі тез арада ұлғая бастады.

Әскери мамандардың айтуынша, бұл арада Каспий аймағындағы Тәуелсіз мемлекеттердің және басқа елдердің осы аймақтағы стратегиялық-саяси мүдделері бір арнаға тоғысып, ішкі саяси және сыртқы саяси факторлардың ықпалы барынша артты. Сол кездегі Таяу Шығыстағы және Ирандағы саяси оқиғалар, жаһандық лаңкестің өрістеуі, мұнай құбырлары, мұнай өндірілетін ірі кен орындары, порттар мен кемелердің тұрақтары сияқ­ты теңіз нысандарына, сондай-ақ теңізде және жағалауларда орналасқан су ком­муникациялары мен басқа да маңызды нысандарға бағытталатын диверсиялық әрекеттердің болу мүмкіндігі сияқты жайттар көпті толғандырды.

Осындай факторлардың барлығы Каспий аймағындағы елдердің барлығына өздерінің әскери-теңіз күштерін күшейтуге сеп болды. Сондықтан мемлекетіміздегі Әскери-теңіз күштерінің дамуы Қазақстанның Каспий теңізіндегі ұлттық мүддесін қорғау үшін, Каспий теңізінде қауіпсіздікті өзіміздің және ұжымдық әскери қауіпсіздік шеңберінде қамтамасыз ету мақсатында жасалып жатқан жайы бар.

2003 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылымын одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы шықты. Осы сәттен бастап Әскери-теңіз күштері Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің дербес бөлімшесі ретінде түпкілікті қалыптасты.

 

Міндеттері айқын

 

Теңіздегі әскерилер Каспий теңізінің қазақстандық бөлігінде еліміздің шекарасын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Одан бөлек елдің экономикалық мүдделерін барынша қорғау, басқыншылардың шабуылына лайықты тойтарыс беру, қарулы қақтығыстардың алдын алу жүктелген.

Әскери-теңіз күштеріне суасты диверсиясына қарсы қорғану, құрлықтағы әскери күштердің іс-қимылын теңізден қамтамасыз етіп, қолдау көрсету, теңіз десантын түсіруге мүмкіндік жасау, сарбаздар әрі олардың техникалық құралдарын тасымалдау, теңіз миналарын орналастыру, халықаралық өзара келісімге сәйкес бірлескен қорғаныс бойынша Каспий жағалауындағы өзге бес мемлекеттің әскерилерімен бірлескен тапсырмаларды орындау жүктелген.

Бұған қоса, еліміздің портты аймақтары мен мұнай іздеуге арналған нысандарды қорғау әрі күзетумен айналысады.

Каспийдегі теңіз флоты Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлік өкілдерімен тізе қоса отырып теңіз аумағында іздеу-құтқару шараларын іске асырады. Ашық теңізде қиын сәтке тап болған жандарға көмек қолын созады.

Еліміздің әскери-теңіз күштері қоршаған ортаны қорғау және бақылау міндеттерін орындау, сондай-ақ теңіздегі түрлі апат немесе экологиялық апаттың зардабын жоюға және басқа да көптеген міндеттерді атқаруға атсалысады.

 

Өзімізде өндірілді

 

КСРО тұсында Каспий аймағында әскери флотилиясы тұрғанмен, Қазақстанның аумағында бірде-бір әскери кеме болмаған екен. Жалпы Қазақ елі теңіз көліктерін өз күшімен жасағаны мәлім. Алғашқы жылдары кеме құрастыру бағдарламасы түзіліп, Оралдағы «Зенит» зауытында кеме және катер соғу басталды.

Әскери-теңіз күштеріне қарасты әуелгі катерлер Каспий суына 1995 жылы бірінші мәрте түсті. Олар «Сұңқар» және «Батыр» жобасы бойынша жасалған кемелері еді. Содан бері талай жыл өтті.

Бүгінде осы бағдарламалар табысты жүзеге асып жатыр. Соған қарап Қазақстанның да кеме шығаратын мемлекетке айналғанын көруге болады. Зауыт қазірдің өзінде «Барс 250» жобадағы кемелер мен катерлерді құрастырып, Әскери-теңіз күштеріне де беріп үлгерді.

Қазір еліміз Әскери-теңіз күштерін қаруландыруға, әс­кери техникалармен жабдықтауға барынша көңіл бөліп отыр. ӘТК қолбасшылығы бұл тұрғыда жергілікті өндіріс орындарымен барынша тығыз байланыс орнатқанын атап өткен жөн. Бұған дәлел қазіргі таңда әскери-теңіз қаруларының 80 пайызға жуық тапсырыстарын «Қазақстан инжи­ниринг» ҰК қорғаныс-өндірістік кәсіпорыны жүзеге асырып жатыр. Мәселен, бүгінде отандық өндірістен шыққан «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық корабльдері (2012-2017 жылдар аралығында жасалған) бізге таңсық емес. Осынысымен біздің мемлекет әскери кемелер құрастыруға қабілетті Ресей мен Ираннан кейінгі Каспий маңы өңірінің үшінші еліне айналды.

 

Теңіз мамандары даярланды

Теңіз мамандарын даярлау мақсатында 1994 жылдың күзінде Орал қаласында Әскери-теңіз күштерінің арнайы оқу орталығы құрылды. Құрылған уақыттан бастап осынау орталық ҚК ӘТК мен ҰҚК Шекара әскерлерінің теңіздік бөлімдеріне кіші кеме мамандарын даярлай бастайды. Ал кәсіпке дайындау штурмандық-белгі берушілер, радио-телеграфшылар және де трюмдік моторшылар деген үш мамандық бойынша жүргізіле бастайды.

Әрине, маман дайындау үшін ұстаз қажет. Сол жылдары елімізде әскери-теңіз саласын жақсы білетін мамандар болды ма? Болды.

Елімізде ӘТК құрылған бастапқы жылдарда Қайыргелді Есінеев, Серік­қали Бимурзаев, Марат Түлекбаев, Жандарбек Жанзақов, Ахметжан Шақпұтов, Марат Базилов, Болат Алтымбаев сықылды күллі КСРО флоттарының құрамында жүріп алып мұхиттардағы нейтралды суларда барынша шыныққан тәжірибелі флот офицерлері талмай еңбек етті.

Мінекей, осынау білікті мамандар өздерінің үлкен ортада көрген тәжірибелерін отандық теңіз күштерін құруға жұмсады.

 

Мемлекеттік тапсырмалар орындалды

 

Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштерін құру кезеңінде әскери теңізшілер халықаралық шарттарға сәйкес берілген басқа елдерден әскери корабльдердің ауысуын қабылдау және жүзеге асыру бойынша бірқатар ірі мемлекеттік тапсырмаларды орындады.

1996 жылы Германиядан пароммен Астрахань портына сыйымдылығы 70 тонна төрт шағын патрульдік кеме жеткізіліп, олар өз күштерімен Ақтау портына жол тартты.1999 және 2001 жылдары Мәрмәр теңізіндегі екі түрік порты Гельджук пен Пендиктен қазақстандық теңізшілер 170 тонна су тасымалы шағын патрульдік кемелермен Ақтау портына көшті. 2006 жылы пароммен Оңтүстік Кореяның Пусан портынан Түркиядан Пендик портына 3 патрульдік кеме басынан тағы бір тарихи өткел жасалды, содан кейін өз бетінше осы портқа өту жүзеге асырылды.

Кемелерді дайындау және қабылдау мүмкіндігінше тез және қиын навигация аймақтарында жүзеге асырылды. Мәрмәр теңізінен Каспий теңізіне кемелердің өту жолдарының жалпы ұзындығы үш мың мильден астам болды. Қазақстанның әскери теңізшілері Мәрмәр, Қара, Азов және Каспий теңіздері арқылы, Босфор, Керчь бұғаздары, Дон, Еділ, Цимлянск су қоймалары арқылы өтті. Маршрут картасында Түркиядағы Эрели, Синоп, Гельчук, Пендик, Украинадағы Азов, Ресей Федерациясының Темрюк, Ростов-на-Дону, Астрахань теңіз порттары болды.

Осы ауысулардың барлығында кемелердің экипаждары жақсы теңіз дайындығын, жоғары тәртіп пен ұйымшылдық танытып, сол арқылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің беделін нығайтты.

 

 

Бүгінгі теңіз базасы

 

Елімізде теңіз күштерінің базасы қазірде Ақтау қаласында орын тепкен. Оның құрамында əртүрлі кемелер, дивизион, жастарды оқытатын оқу орталығы, гидрографиялық қызмет жəне қамтамасыз ету батальоны енеді. Шамамен, құрамында 3 мыңға тарта жауынгер бар.

Бүгінде жаңадан теңізге түскен кемелер саны артты. Айта кетсек, ҚР ҚМ Әскери-теңіз күштеріне тиесілі 7 кеме бар. Мәселен, Әскери-теңіз күштерінің қатарында «Қазақстан», «Орал», «Сарыарқа», «Маңғыстау» атты зымыранды артиллериялық кемесі, «Алатау» минотартқыш кемесі, «Жайық» гидрографиялық кемесі, «Өжет» оқу кемесі бар.

Ресейде жасалып, Балтық және Каспий теңізінде сынақтан өткізілген «Алатау» минатартқыш кораблі тайыз және терең суда да жүзе береді. Теңіздің асты мен үстіндегі минаны анықтауға қауқарлы. Ол – еліміздің Қарулы Күштеріндегі мұндай үлгідегі жалғыз әрі алғашқы кеме. Сол себепті экипаж мүшелері де қайта дайындықтан өткен, су көлігінің техникалық сипаттамасымен танысқан.

Сондай-ақ, «Маңғыстау» зымыран-артиллериялық кораблін айтып өтуге болады. Әскери-теңіз күштерінің жауапкершілік аймақтарында жауынгерлік тапсырмаларды орындауға арналған. Ерекшелігі, қару-жарақ жаңартылып, суасты диверсиялық қауіп-қатерлерді, жауынгерлік жүзушілерді анықтауға және олармен күресуге арналған құралдар орнатылған. Сонымен қатар, экипаждың тұру жағдайын жақсарту бойынша кемеде қызмет етіп жүрген әскери теңізшілердің ұсыныстары ескерілді.

 

 

Теңіздегі жүзушілер жасағы

 

2017 жылы ҚР ҚК Әскери-теңіз күштері құрамына арнайы мақсаттағы жауынгерлік жүзушілер жасағының 35950 әскери бөлімі берілді. Әскери-теңіз күштерінің жүзушілері – теңіздегі, құрлықтағы және аспандағы үш элементте тапсырмаларды орындайтын әмбебап бөлім. Оларға теңіз порттарын, рейдте тұрған жекелеген кемелерді күзету және қорғау; жау объектілерінде түрлі барлау және арнайы іс-шаралар өткізу; заңсыз қарулы құрамаларды жою бойынша терроризмге қарсы операцияларға қатысу, сондай-ақ Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы теңіз экономикалық қызметін қорғау және қорғау міндеттелген.

Олар сүңгуірлік жарақтың заманауи түрлерімен, тапсырмаларды өткізу орнына су астында жеткізу құралдарымен, сондай-ақ атыс қаруының және аспаптарының ең жаңа түрлерімен жабдықталған.

Арнайы міндеттерді орындау мақсатында жауынгерлік жүзушілер жарылыс салдарын жоюға тартылады. Мысалы, Арыс өзенінің арнасын тексеру үшін жарылыс қаупі бар заттардың болуына Әскери-теңіз күштері жауынгерлік жүзушілер жасағының бір топ әскери қызметшілері сүңгуір ісі және іздестіру-құтқару жұмыстары мамандары жіберілді.

Іздестіру жұмыстары барысында жауынгерлік жүзушілер сүңгуірлік жарақта 56 сағат бойы қауіпті және қауырт жұмыс барысында ұзындығы 40 км өзен түбінен көтеріліп, минасыздандыру тобына сынықтар мен снарядтардың фрагменттері берілді.

 

Жауынгерлік әзірліктері жоғары

 

Еліміздің теңіз әскери күштерінің негізі әскери базасында әскери теңізшілер жыл сайын жаттығады. Жыл сайын өткізілетін командалық-штабтық және ұрыстық тактикалық оқу-жаттығулар – соның дәлелі.

Осыдан екі жыл бұрын, 2020 жылы 5-9 қыркүйек аралығында ҚР ҚК Әскери-теңіз оқу-жаттығуы өткізілді. Оқу-жаттығуға Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі қатысқандығымен есте қалды.

Жаттығу жоспарына сәйкес арнайы бөлімшелер дағдарыс ауданындағы шартты қарулы қақтығысты шешу бойынша тактикалық-атыс іс-қимылдарын орындады.

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты еліміздің Батыс өңірдегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтау болды.

Қарулы Күштерден басқа маневр жасауға «Бекет-2020» ведомствоаралық кешенді оқу-жаттығуы шеңберіндегі іс-шараларға қатысқан басқа да мемлекеттік органдардың құрылымдық бөлімшелері тартылды. Сонымен қатар, оқу-жаттығу барысында нақты жауынгерлік жағдайларға барынша жақын, кешенді тәуекелдер мен гибридті сипаттағы қауіп-қатерлерге, сондай-ақ шартты қарсыластың әрекеттеріне ден қою қажеттілігін ескеретін жағдайлар қарастырылды.

ҚР Әскери-теңіз күштеріндегі ірі ауқымды оқу-жаттығудың белсенді кезеңін қадалаған министр сол кезде жауынгерлердің кәсібилігіне, Қарулы Күштер бөлімшелері мен басқа да мемлекеттік органдардың өңірдегі дағдарыстық жағдайды жою жөніндегі міндеттерді шешудегі іс-қимылдарының үйлесімділігіне жоғары баға берген еді.

 

Жетістіктер жоқ емес

 

Отыз жылға таяу жыл ішінде қазақстандық флоттың соңғы үлгідегі техникамен жабдықталған отандық өндірістің су жаңа зымыран-артиллериялық корабльдерімен сапалы жабдықталуы, жеке құраммен жасақталуы және әскери қызметшілердің оқуы мен жауынгерлік даярлығын жетілдіруден бастап корабльдердің орналасуының алғашқы жеке меншік пунктінің құрылысы мен ашылуына дейінгі қыруар жұмыс атқарылды.

Бүгінде Қазақстанның Әскери-теңіз күштері – бұл Каспий теңізінің қазақстандық секторында маңызды стратегиялық тапсырмаларды орындайтын еліміздің Қарулы Күштерінің толыққанды жекелеген әскер түрі.

Еліміздің әскери-теңіз күштері өзінің қалыптасу уақытында әлемнің көптеген мемлекетімен берік ынтымақтастық орнатып, тәжірибе алмасты. Айталық, осыдан шамалы жыл бұрын еліміздің Әскери-теңіз күштеріне арнайы сапармен Оңтүстік Корея Әскери-теңіз күштерінің бас қолбасшысы Джон Хо Сюб және Иранның бас қолбасшысы Хабибулла Сайари келді. Алдыңғы жылы құрамында «Сарыарқа» және де «Орал» зымыран-артиллериялық кемелері бар Қазақстан ӘТК жауынгерлік кемелерінің тобы арнайы сапармен Иранның Энзели портына барып қайтты.

Әскери-теңіз күштері кемелері еліміздің жалауының астында түрлі жауынгерлік жорықтарға шығып, халықаралық әскери жаттығуларға, жарыстарға қатысып жүлделі оралды. Соныңі ішінде «Теңіз биатлоны» бойынша жарыстардан да қазақ­стандық кемелер қомақты жүлдемен оралды.

 

Сөз соңы

ҚР Әскери доктринасында Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы мәселеге айтарлықтай көңіл бөлінген. Өйткені Каспий жағалауындағы кейбір елдердің өз әскери әлеуетін арттыруға тырысуы әлі де сақталып отыр. Ал, теңіздегі даулы мұнай көздері болашақ аймақта әскери-саяси жағдайдың ушығына әкеліп соғуы мүмкін. Осы факторлар Қазақстанның әскери теңіз күштерін құруға дер кезінде шешім қабылдағанын көрсетті. Сондықтан да, ҚР Қарулы Күштерінің әскери-теңіз күштері каспий аймағындағы тұрақтылықтың кепілі болып отыр деп айтуға болады.

 

Рима ӘБЕУОВА

 

 



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"