Қазақстандағы халықаралық «KADEX» көрмесі әлемнің әскери техника өндіруші кәсіпорындарының басын қосады

Елімізде әскери техникалық саясатты жүзеге асыруда халықаралық
«KAZAKHSTAN DEFENCE EXPO» халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінің маңызы зор. Осыдан алты жыл бұрын Астанада бастау алған бұл іс-шара биыл төртінші рет ұйымдастырғалы тұр.

Өткенге көз жіберсек, 2010 жылғы  мамыр айының 21-27 мамыр күндері есте түседі. Дәл осы жылы осы аралықта тұңғыш рет Астанада еліміз Қорғаныс министрлігінің ұйымдастыруымен «KADEX- 2010» қару-жарақ және әскери-техни­ка­лық мүліктердің халықаралық көрмесінің шымылдығы ашылды. Оның ашылу салтанатына  арнайы Елбасы – ҚР Қарулы Күштерінің Жоғары Бас Қолбасшысы Нұр­сұлтан Назарбаев қатысты. Сол жолы елімізге ресми сапармен келген Түркия президенті Абдулла Гүл де аталмыш көрмені тамашалаған еді.

Аталмыш көрме Әскери әуе күштерінің елордадағы авиация­лық базасы аумағында ұйымдас­ты­рылды. Оны ұйымдастыруға мұрындық болған «Ас­та­на-Экспо КС» көрме компаниясы. Ал, көрмеге қатысқан кісіпорындар Австрия, Беларусь, Болгария, Ұлыбритания, Германия, Испания, Италия, Қы­тай, Корея, Ресей, Словакия, Түр­кия, Украина, Франция, Чехия секілді елдерінен болды. Әлемнің 20 елінен келген 200-ден астам компания өздерінің қару-жарақ және әскери техника, ІT-технологиялар, байланыс, құ­ры­лыс және медициналық мүлік­терін көрермен тамашалады. Баса айта кететініміз, тұңғыш рет ұйымдастырылған іс-шарадан Қазақ­стан Қарулы Күштерінің қажетіне сай тауар өндіретін отандық кә­сіпорындар тысқары қалмады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, Қазақстан тарапынан өз өнімдерін көрменің арнайы де­меушісі «Казахстан инжиниринг» ұлттық компаниясының бірнеше еншілес кәсіпорындары ұсынды. Өйткені, көрменің басты мақсаттарының бірі отандық кәсіпорындардың мүм­кіндіктері мен келешегін, олар­дың Қазақстан Қарулы Күш­тері, өзге де әскерлер мен әскери құралымдардың сұранысына сәй­кес дамуын сараптау болып та­былатын. Оны сол кездегі Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбеков те тілге тиек еткен болатын. Ол: «KADEX-2010» көрмесі біз үшін республикаға әскери және арнайы өнімдер шығаратын шетелдік ірі кәсіпорындарды тартуға мүмкіндік тудырып отыр, Көрмеге қатысатын беделді халық­аралық құрам отандық өнеркәсіпті да­мыту мен ғылыми-техникалық ба­заны жетілдіруге зор ықпал етеді» деген болатын.

Алғашқы рет Астанада өткен көрмеде арнайы шақырылған қонақтардың қатарында Қытай, Иран қорғаныс министрлері мен Оңтүстік Корея қорғаныс министрінің орынбасары, Ресей Федерациясы, Беларусь, Украина республикаларының ір­гелі қорғаныс-өндірістік компа­ния­ларының басшылары да болды. Алты күнге созылған іс-шара барысында Қазақстан Қарулы Күш­терінің құрылымдық бөлімшелері, кәсіпорындар мен ұйымдардың мамандары, сондай-ақ, отандық және шетелдік кәсіп­орындардың өкілдерінің қатысуымен конферен­циялар, семи­нарлар, тұсаукесерлер мен дөңгелек үстелдер өткізілді. Онда қатысу­шылар мемлекеттік әскери-тех­никалық саясат шеңберінде Қазақ­стан армиясының техникалық жабдықталуының болашағын, сондай-ақ, Қазақстанның және басқа да елдердің қорғаныс-өнді­рістік кешенін интеграциялау мүмкіндіктерін талқылады.

Бірінші рет өткен көрменің көрігін қыздырған жайт, еліміздің Қарулы Күштері арнайы бөлім­дері­нің жауынгерлік техника үлгі­лерін көрсетуге арналған көр­се­тілім бағдарламасы ұсынылып, жиылған жұртты тәнті етті.

Әуе қорғанысы күштерінің ұшу топтары, СУ-27 және Миг-29 ұшақ­тарымен жоғары санаттағы ұшқыштар өз өнерлерін талант­тарымен барынша ұштастырып, көрме қонақтарын таң-тамаша қал­дырды. Құрметті қарауыл ротасы мен қазақстандық бронды техни­ка­лардың жоғары техникалық мүм­кін­діктері де көпшілік назарын аудар­ды. Аэроұтқыр әскерлердің десантшы жауынгерлері де пара­шют­пен секіріп, талайды тамашаға бөле­гені бар.

Алғашқының аты – алғаш. Десек те, ауқымды іс-шара арқылы жаңа ха­лық­аралық аренаға қару-жарағымен, әс­кери техника мен байланыс және әскери мүл­кі­мен біздің ел біраз елге танылды. Бастапқыда көрме тек республика көлемінде өткізіледі деп жоспарланғанымен, оған қатысуға ниетті шетелдік компаниялардың қарасы көбейгендіктен,  халықаралық сипат алды. «KADEX-2010» көрмесінде  қорғаныс саласына қатысты түрлі өнімдер өндіретін бірнеше шетелдік кәсіпорындар бой көрсетті. Тұңғыш ұйымдастырылған шарада 10 млрд.  теңгеден жоғары 10-нан астам меморандумға қол қойылды. Отандық «Казспецэкспорт» компаниясы мен шетелдік кәсіпорындар  арасында да келісім орнады. Нәтижесінде 1,5 млрд. теңге болатын бірнеше келісімдер жасалды. 

Екі жылда – екі мәрте

 

Бұдан кейін араға екі-екі жылдан салып, 2012 және 2014 жылдары өткен көрмелер ауқымын кеңейтті. «Келем, қатысам» деушілердің қатарын да көбейтті. Мәселен, бұл көрме екінші мәрте ұйымдастырылғанда 23 мемлекеттен келген 170 шетелдік және 83 отандық кәсіпорын қатысса, ІІІ халықаралық «KADEX-2014» көрмесіне әлемнің 28 мемлекетінен келген 208 шетелдік компания, 54 ресми делегация келді.

Келіп, көзайым да болды. Сондай-ақ, қорғаныс өнер­кәсібінің әлемдегі жетекші мамандары бірлесіп, ғылыми және инженерлік-конс­труктор­лық ойларын ортаға салды, жаңа иннова­ция­лық жұмыстарын да көрсетті.

Мамыр айының бас кезінде өткен  «KADEX-2012» ІІ Халықаралық қару-жарақ және әскери-техникалық мүлік көрмесінде «Құрлық әскерлері мен Әскери-теңіз күштерінің қару-жарағы мен әскери техникасы», «Арнайы мақсаттағы құралдар мен мүліктер»,  «ІТ-технологиялар, байланыс жүйесі мен құралдары», «Әскерлерді тылдық және техникалық қамтамасыз ету», «Авиация және авиациялық қару-жарақ» сынды бөлімдер жұмыс істеді. Көрменің ашық алаңында Т-72 және Т-72Б танкілері, БМП-2 жаяу әскер жауынгерлік машинасы, «Кобра», «Тигр», «Хаммер» дөңгелекті жауынгерлік машиналары және «КамАЗ» модификациясының түрлі автокөліктері орналастырылды. Авиациялық техника ішінен Су-27УБМ, МиГ-31 ұшақтары, Ми-17В5, ЕС-145, Ми-26 тікұшақтары, С-300 зенитті-зымыранды кешені және басқа техника экспозицияға шығарылды. Сондай-ақ, Қазақстанның Әскери-әуе күштерінің жауынгерлік авиациясының ұшқыштар тобы Л-39, МиГ-29, Су-27 ұшақтарымен ұшу-қойылымын көрсетті. Көрме аясында Қазақстан, Германия, Польша, Тәжікстан, Үндістан және АҚШ қарулы күштері әскери оркестрлерінің шеруі  өтті.

 Ал, 21-25 мамыр аралығында Астана қаласында ІІІ халықаралық «KADEX-2014» көрмесінде алты көрме павильоны мен ашық алаңдарда бес тақырыптық бағыт бойынша қару-жарақ пен техниканың 300-ден астам үлгісі қойылды. Атап айтар болақ, құрлықтағы әскер және әскери-теңіз күштерінің қарулары мен әскери техникалары, авиация және авиациялық қарулар және әуе қорғанысына қарсы жүйе мен құралдар, арнайы мақсатқа пайдаланатын жабдықтар мен мүліктер, ІТ-технология, байланыс құралдары мен жүйесі және әскерлерді тылмен және техникалық жабдықтау және тағы басқалары.  «KADEX-2014» халықаралық көрмесіне әлемге әйгілі «Боинг», «Сикорский», «Дженерал Атомикс» сияқты компаниялар келіп қатысты. Бұл жолғы көрмеде отандық компаниялардың көптеп көрініс беруі – оң  өзгеріске  баланды. Көрмеде 92 қазақстандық  кәсіпорындар  әскери мақсаттағы өнімдерін көпшілік назарына ұсынды. 

Айта кетейік, 2012 жылы «Қазақстан Инжиниринг» Ұлттық компаниясы» АҚ әлемдік жетекші компаниялармен  2020 жылға дейін ұзақ мерзімдік ынтымақтастық жөніндегі келісім жасасты. Екіжақты келісім 1,8 млрд АҚШ долларын құрады. Ал, 2014 жылы көрме барысында  қол жеткізілген уағдаластық нәтижесінде 2,6 млрд-қа жуық АҚШ доллары сомасында 31 ұзақ мерзімді құжат жасалды, қатысушы компаниялардың саны 300-ге дейін, ал отандық қатысушылар саны – 92-ге дейін артты.

 

        

Биыл – төртінші рет

 

Бұл жолы 2016 жылдың маусымында Астанада өтетін «KADEX-2016» халықаралық қару-жарақ пен әскери-техникалық мүлік көрмесінің статикалық экспозициясын ұйымдастыру үшін 15 мыңдай шаршы метр, сондай-ақ, 8 жабық павильон бөлініп отыр. Мұнда әлемнің әр елінен келген қатысушы компаниялар орналастырылады. Қазірдің өзінде 300-ден аса әскери техника өндіруші компаниялар өз өнімін көрмеге ұсынатынын өтінім арқылы білдіруде.

 Иә, осымен төртінші рет өткізгелі отырған көрмені көпшілік қазір Орталық Азия көлеміндегі ең ауқымды шара деп біледі. Оған екі жылда бір бас қосып, көрмеге өз өнімдерін ұсынатын кәспорындар баяғыда-ақ көздерін жеткізген. Осы жолы да бұл шара мемлекет­ара­лық серік­тес­тікті нығайту мақсатында, зияткерлікті, әскери өндірісті, техниканы және технологияны танытуға, әскери құрал-жабдық пен техника шығаратын қорғаныс өндірісінің әлеуетін арттыруға тамаша алаң болады деп нық сеніммен айтамыз. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"