Отан қорғаушылардың рухын көтеретін орталық

Халқымызда «Рухы мықты елді жау алмайды» деген қанатты сөз бар. Бұл – өздігінен өзгеге килікпеген, ғасырлар бойы тек ұланғайыр даласын қорғаумен өткен біздің баһадүр бабаларымыздан қалған аталы сөз. Кез келген ғибрат өмірдің өзінен алынатындығын ескерсек, бұл сөздің тектен-тек айтылмағанын аңғару аса қиынға соға қоймас. Ол үшін қаһарман халқымыз бастан кешірген қиян-кескі ұрыстарды еске түсірсек жетіп жатыр. Қандай қақтығыс болса да қазақ батырларының көкейінде «Қалай да ел мен жерді қорғауымыз керек» деген ұлы мұрат тұрды. Осы жолда олар «отқа да жанды, суға да батты». Бірақ, күйген жоқ, тұншыққан жоқ. Тұла бойында тұнған биік рухы көксеген ұлы мұратына жеткізді. Ия, біздің бабаларымыз осындай биік рухтың иесі, киесі болған. Мұны тарих та «тайға таңба басқандай» етіп дәлелдеп бере алады.

Қазіргі қазақ қоғамына, әсіресе Отан алдында борышын өтеп жүрген азаматтарымызға ата-бабаларымыздың бір кездегі асқақ рухы ауадай қажет. Жасыратын несі бар, алдымен орыс патшалығы, одан кейін Кеңес одағы жүргізген отарлау саясаты ұлттық рухымыздың «ұнжырғасына» сызат түсірді. Төл тарихымыздың тамырына балта шабуға талпынды. Бұл жағдайлар бабадан балаға беріліп келе жатқан рух сабақтастығына салқынын тигізгені де анық. Мінекей, осындай олқылықтардың орнын толтыру мақсатында елордамыз Астанада ҚР Қорғаныс министрлігінің «Ұлттық әскери-патриоттық орталығы» ашылған болатын. Өткен жылдың 1-ші желтоқсанында еліміздің Президенті –  Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі келіп, тұсауын кескен аталмыш Орталықтың бастығы Перизат Ақселеуқызы. Бұл кісімен арадағы әңгімеміз ә, дегеннен ата-бабаларымыздың өр рухы жайында өрілді. Ұққанымыз, Орталықтың басты мақсаты да бүгінгі ұрпақ бойына сол ұлы бабаларымыздың биік рухын сіңіру екен. Бүгінде бұл шаңыраққа «ҚР Қарулы Күштерінің әскери-тарихи музейі», «Орталық ансамбль» мен «Орталық әскери оркестр» ұжымы топтасқан. Біріншісі ел-жұртқа көне тарихымыздың «көзі», кешегі, бүгінгі тарихымыздың өзі болып сыр шертсе, кейінгілері жұртшылыққа патриоттық рух дәнін ән-жырмен егуді көздейді.

Сонымен, алдымен төл әскеріміздің тарихында тұңғыш рет ашылған тарихи музейге саяхат жасап көрелік. Кіреберісте «Мәңгілік ел» композициялық орталығы орын тепкен. Онда әскерилер арасында тұрған Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев  және айналасында әр тарихи дәуірде болған қолбасшылар мен батырлардың образынан жиналған барельеф бар. Бұдан кейін қарсы алдыңыздан «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің залы» шығады. Бұл залға кірген бойда ә, дегеннен көзіңізге Әскери тулар шалынады. Ол – Қарулы Күштеріміздің құрамындағы Құрлық әскері, Әуе қорғаныс күштері және Әскери-теңіз күштеріне тиесілі жауынгерлік тулар. Негізінен бұл залдан жоғарыда аталған үш әскери күштерді әспеттейтін жәдігерлерді кездестіре аласыз. Ал, залдың қақ ортасында орналасқан ҚР Тұңғыш Президенті Музейі қорынан алынған жәдігерлер алыстан көз тартып тұрады. Мұнда Жоғарғы Қолбасшының суреті, сондай-ақ ҚР Қарулы Күштерінің 1992 жылдың 7 мамырында құрылғандығы туралы ел Президенті Жарлығының түпнұсқасы, Жоғарғы Қолбасшының салтанатты шеруге арналған киім үлгісі, Жоғарғы Қолбасшы белгісі, мемлекет басшысының қызмет барысында қолданған папкасы, қаламы және  әскердегі қолбасшылардан берілген естелік сыйлықтар қойылған.

Аталмыш залдың көшін Құрлық әскеріне тиесілі жәдігерлер  жалғастырып тұр. Жалпы Құрлық әскері төрт қолбасшылыққа бөлінеді: «Астана», «Оңтүстік», «Шығыс» және «Батыс». Мұнда бірінші төрт өңірлік қолбасшылықтың аумағы көрсетілген карта қабырғаға ілінген. Оның іргесінде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығын айшықтайтын жәдігерлер тұр. Мәселен, бұл ретте аталмыш өңірлік қолбасшылықтың эмлемасын, Елбасының жазуы бар құрмет кітапшасын, Президенттің шимафонын, Танк биатлонында алған марапатты атап өтуге болады. Ал, бұдан кейін «Оңтүстік»,  «Астана» және «Батыс» өңірлік қолбасшылықтарына тиесілі жәдігерлер орын тепкен. Құрлық әскерлері өз ішінен тағы да Аэроұтқыр, Ракета және Артиллерия әскерлері болып бөлінеді. Осы әскер түрлеріне қатысты жәдігерлер де тамашалаған жұртты бейжай қалдырмайды. Бұдан кейінгі кезек Щучинск қаласында 1996 жылы ашылған Кадет корпусына қатысты жәдігерлерге берілген.

Залдың үшінші бөлігі Әуе қорғаныс күштеріне арналған. Мұнда Әуе қорғаныс күштерінің туы, әскерилердің салтантты шеруге арналған киім формасы, бүгінде еліміздің әуе қорғанысын қорғап тұрған тікұшақтар мен ұшақтардың макеті қойылған. Әуе қорғаныс күштері өз ішінен екіге бөлінеді: Әскери әуе күштері және Әуе шабуылына қарсы күштер. Осы екі әскер түріне тиесілі жәдігерлер де залда көрініс тапқан. Бірінші Әскери әуе күштерінің туы қойылса, одан кейін осы әскер түріне тиесілі жәдігерлердің ішінде «қара жәшік», ұшқышқа қажетті жабдықтар жиынтығы, ұшақтың штурвалы бар. Ал, келесі Әуе шабуылына қарсы күштерге тиесілі жәдігерлерде жауынгерлік ту, қазіргі таңда еліміздің қорғауында тұрған жер, әуе нысандарын жоюға арналған зымырандардың макеттері қойылған. Бұдан кейін ізін ала Халық қаһарманы, ғарышкер Айдын Айымбетов 2015 жылдың 2-12 қыркүйек аралығында жер шарын 156 рет айналып өткенде алып жүрген Әскери әуе күштерінің туы ілініп тұр. Оның жанында барша қазақ ғарышкерлерінің Елбасымен түскен әртүрлі суреттері кезекпе-кезек орналасқан. Сондай-ақ, Халық қаһарманы, Парламент Сенатының депутаты, Армия генералы Мұхтар Алтынбаевқа тиесілі жәдігерлер де осы бөлімнен орын тепкен. Қаһарман ағамыз кезінде білікті ұшқыш болғандықтан Әуе қорғанысы күштерінің қатарынан табылып отыр. Ол кісі көптеген жауынгерлік ұшақтарда ұшқандығы белгілі. Соның бірі – МИГ-25 жойғыш ұшағы. Музейде осы ұшақтың ұшқыш отыратын бөлігі қойылған. Жалпы, қаһарман ағамыз көкте қалықтаған бұл ұшақ 1996 жылға дейін Қазақстан Қарулы Күштерінде эксполитацияда болған. Сағатына 300 шақырым жылдамдықпен ұшады. Залдың орталық бөлігінде орналасқан авиациялық қару-жарақ түрлері де талай деректерді бойына сыйдырып тұр.

Келесі бөлімнің еншісінде Әскери-теңіз күштеріне тиесілі жәдігерлер. Мұнда да бірінші аталмыш әскер түрінің туы мен жоғары лауазымды әскерилердің жалаушалары орын тепкен. Каспии теңізінің жағалауында ел қорғанысын қамтамасыз етіп тұрған әскери кемелердің макеттері де бар. Оның ішінде 2014 жылы Орал қаласындағы Зенит зауытында құрастырылған «Сарыарқа» кемесін де кездестіруге болады. Бұл кеме 2015 жылы өткен «Каспии теңізі» атты халықаралық байқауда екінші орынды еншілеген болатын. Тағы бір айта кетерлігі, мұнда кемелеріміздің Ақтау қаласынан ашық теңізге және басқа да бағыттарға шығатын жолдары көрсетілген карта ілінген. Сондай-ақ, елімізде тұңғыш құрастырылған  кеменің алғашқы экипаж құрамы жазылған тақтайша да бар. Сонымен бірге, кемеге тиесілі және теңізші әскерилер қоланатын жабдықтар жиынтығын да кездестіруге болады. Мәселен, оның құрамында барометрлер, магниттік қолдама, сүңгушінің құрылғылары мен жабдықтары, екі кеменің бірі-бірімен соқтығысуын болдырмайтын құрылғы, су асты кемелеріне арналған радиостанцияның бұрынғы және бүгінгі түрлері, Каспии теңізінің қазақстандық бөлігі белгіленген карта бар. Ескерте кетер жайт, бүгінгі таңда Каспии теңізінде 5 маяк болса, соның ішіндегі «Меловой» маягы Гиннестер рекорд кітабына енгізілген. Ол Ақтау қаласында 10 қабатты үйдің шатырында орналасқан. Жалпы мұндай маяк дүниежүзінде екеу ғана екен, оның екіншісі Голландияда орналасқан. Жәдігерлердің арасында 75 жылдық тарихы бар маяктың және бүгінде қолданылатын жаңа маяктың  линзасы, жоғалған кемелерді іздейтін роботтың макеті бар. Бұдан кейін 1996 жылы Ақтау қаласында ашылған Әскери теңіз институтына тиесілі жәдігерлер қойылған.

Келесі зал «Көне заман – ХІХ ғасыр» деп аталады. Бұл зал төрт кезеңге бөлінген: Ерте дәуір, Ежелгі орта ғасыр, Алтын орда және Қазақ хандығы кезеңдері.

Тас дәуірі қамтылған алғашқы бөлімінде осы тарихи дәуірге тиесілі қазақ жерінен табылған қару-жарақ түрлерінің бөлшектері қойылған. Яғни, тастан қашалып жасалған қолшапқыш, тастан және сүйектен жасалған жебелердің ұштары бар.

Бұдан кейінгі Қола дәуіріне тиесілі жәдігерлерден қару-жарақ түрлерінің жетілген түрлерін байқауға болады. Мәселен, бұл ретте айбалтаның пайда болуы айрықша оқиға. Сондай-ақ, алыс және жақын ұрыстарда қолданылған найза секілді жаңа қару-жарақ түрлері де пайда болған. Аңшылыққа арналған қару-жарақ түрлері де жаңа сипат иеленіп отыр. Осы дәуірге тиесілі пышақтардың түрлері де көңіл аудартпай қоймайды. Тағы бір айта кетерлік жайт, осы дәуірде аң аулауға арналған ат әбзелдері жақсы дамыған екен.

Темір дәуіріне тиесілі жәдігерлерден жебе ұштарының пішіні өзгергендігі, яғни екі, үш, тіпті төрт қырлы ұшы бар жебелердің пайда болғандығын аңғаруға болады. Бұл дәуірде Сақ тайпасы өмір сүргендігін байқататын жәдігерлер де бар. Мәселен, онда осы тайпа қолданған қылыш  және басқа да қару-жарақ түрлері мен ас әзірлеуге арналған қазан қойылған. Темір дәуірінен сыр шертетін бөлімнен кейін біздің дәуірге дейінгі 530 жылы персілер мен сақтар арасында болған шайқас көрініс тапқан диораманы тамашалауға болады. Онда персілердің сақ патшайымының алдында қару-жарақтарын тапсырып жатқаны, яғни жеңілгендігін бейнелейтін көріністер бар.

Бұдан кейін көшті Ерте орта ғасырға тиесілі жәдігерлер жалғастырады. Мұнда VI-X ғасыр аралығында қолданылған қару-жарақ түрлері қойылған. Сондай-ақ, түрік әскерінің реконструкцияланған суреті де бар. Бұл суреттен жауынгерлік қару-жарақтардың жаңаша сипат алғаны білінеді. Бөлімнің тағы бір бөлігінде ат әбзелдерінің осы дәуірге тиесілі түрлері қойылған. Әсіресе, ұрыс кезінде қолданылатын үзеңгінің бұрынғыға қарағанда ыңғайлы жасалғаны көзге ұрып тұр. Мәселен, бұрынғы нұсқасында үзеңгі темірден қырлы болып жасалып келген екен. Ол ұрыс кезінде табанды қиып кететін болған. Ал, жаңа түрінде табан тірейтін тұсы көлденең орнатылып, ыңғайлы болған. Осы дәуірде қолданылған найзаның музейдегі нұсқасы Қазақстанда табылған. Оның ұшы түпнұсқа болса, сабы реконтрукциядан өткізілген. Сондай-ақ, түрік қолбасшысы тұтынған сауыт та көне кезеңдерге қарағанда әлдеқайда сапалы жасалған.

Ал, келесі диорама «Жекпе-жек» шайқасына арналыпты. Онда жиырма жастағы Абылайхан мен жоңғар батыры Шарыштың жан алып, жан берісе шайқасқан сәті бейнеленген.

Залдың Алтын Ордаға тиесілі бөлігі осы кезеңде жасалған жебе ұштарынан бастау алады. Олардың жасалу технологиясы мен пішіні бұрынғы кезеңдермен салыстырғанда әлдеқайда жетілдірілген. Мәселен, жебенің бірнеше түрі пайда болған. Оның арасында жапырақ тәріздісі де, ромба секілдісі де, тіпті пышақ пішінде жасалғандары да бар. Сондай-ақ, сауыт-саймандардың да пішіндері көп өзгеріске ұшыраған. Ал, найзаның ұзындығы 4 метрге дейін жеткен көрінеді. Ат әбзелдерінің де жасалуында жаңашылдықты байқауға болады. Мәселен, әр дәуірде өзгеріп отырған жүгеннің Алтын орда кезеңіндегі түрі ұрыс қимылдарына қолайлы етіп жасалған.

1730 жылы болған Аңырақай шайқасы да залдың келесі диорамасында көрініс тауыпты. Онда үш жүздің басын қосқан Абылай хан ат үстінде бейнеленген.

Қазақ хандығына арналған бөлімде батырларымыз ұстаған бес қару, яғни қылыш, айбалта, найза, шоқпар және садақтың ұрыс қимылдарына ыңғайланған түрлері қойылған. Сондай-ақ, темірден сахиналы пішінде жасалған сауыттың құрылымы кісіні таң қалдырмай қоймайды. Бірінші қолдануға өте ыңғайлы болса, екінші бір-біріне кигізіліп жасалғандықтан құрастырылуы тез және ұрыс кезінде ажыраған жағдайда қайта қалыпқа келтірілуі де оңай. Бұл орайда, темірден жасалған қалқанның да сапалық деңгейі өте жоғары болғандығын айта кеткен жөн.

Музейдің келесі залы «ХХ ғасырдың әскери тарихы» деп аталады. Ол үш кезеңге, яғни «Алашорда», «Ұлы Отан соғысы» және «Ауған соғысы» болып бөлінеді. Бірінші кезеңді тамашалағанда бірден көзге түсетіні – ол Алаш көсемдерінің бірі Әлихан Бөкейхановтың кезінде Қарқаралы және Семей сапарларына мініп барған Тарантас арбасы. Төрт доңғалақты бұл жеңіл арба реконструкциядан өткен тұпнұсқасы болып саналады. Ал, бұдан кейін Алашорда армиясына тиесілі құжаттар мен қару-жарақ түрлері және жоғары шенді әскерилердің фотолары қойылған. Мұнда Міржақып Дулатовтың тай терісінен жасалған Тай жарғақ деп аталатын сырт киімі де бар.

«Ұлы Отан соғысы» кезеңі ұрыс өрті шарпыған Кеңес Одағының аумағы қамтылған картамен басталған. Одан соң неміс фашистерінің алғашқы соққысы жасалған Брест қамалына қатысты жәдігерлермен жалғасқан. Бұл ретте, Максим пулеметін атап өтуге болады. Жалпы Брест қамалын қорғауға Қазақстанның 3 мыңнан аса жауынгері қатысқан болса, соның бірі Ғаббас Жұматов ақсақалға қатысты жәдігерлер де осы жерден орын тепкен. Ол Павлодар облысының тумасы. Бүгінде Алматы қаласында тұрады. Бұл кісі Кеңес Одағының әскерінде Отан алдындағы борышын өтеп, Қазақстанға жол жүруіне бір күн қалғанда екінші дүниежүзілік соғыс басталып кеткен екен. Оның соғыста пайдаланған заттары қазір музей қорын толықтырып отыр. Бөлімнің бір бөлігі соғысқа Қазақстан тарапынан қосылған үлес, оның ішінде тылдағы ерен еңбек пен жеке тұлғалар тарапынан жасалған жанкешті әрекеттер жәдігерлер арқылы әспеттелген.  Мәселен, соғыста қолданылған он оқтың тоғызы Қазақстанда өндірілген болса, сол оққа қажетті темір алынатын марганецті Жезқазғаннан геология-минералогия ғылымдарының докторы, профессор Қаныш Сәтбаев тапқандығы тарихтан мәлім. Сол марганецтің кішкене бөлігі музей жәдігеріне айналған. Сондай-ақ, бұл бөлімде балуандығымен қазақтың атын әлемге танытқан Қажымұқан Мұңайтпасовтың өз қаражатымен майданға сатып әперген ұшағы, Ыбырай Жақаевтың күріш өндіруде жеткен толағай табысы және Роза Бағланова секілді өнер өкілдерінің өлшеусіз еңбегінен сыр шертетін деректер мен дәйектер көрініс тапқан.   

Залдағы алғашқы диорамадада Рақымжан Қошқарбаевтың 1945 жылдың 30 сәуірі күні Рехстагқа жеңіс туын тіккен сәті бейнеленген. Ал, бұдан кейінгі бөлімде Ленинград қаласын қорғауға қатысқан қазақстандық 310 және 314-ші атқыштар дивизиясына тиесілі жәдігерлерді және 900 күн бойы қоршауда қалған халыққа рухани күш берген Жамбыл Жабаевтың «Ленинградтық өрендерім» атты өлеңі жазылған плакатты көруге болады. Қазақстаннан шыққан қаһарман ұл-қыздар туралы тарихи деректер де жеке бөлімде топтастырылған. Мұнда Кеңес Одағының екі мәрте батыр атағын алған Талғат Бигелдинов пен Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлына және шығыстың қос жұлдызы атанған Кеңес Одағының батырлары Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәметоваға және Хиуас Доспановаға тиесілі жәдігерлер көптігімен ерекшеленеді. Келесі бөлім Мәскеу түбінде болған шешуші шайқасқа арналған. Бұл қиян-кескі ұрысқа Қазақстаннан ақтөбелік 312-ші атқыштар дивизиясы мен Алматыда құрылған 316-шы атқыштар дивизиясы қатысқан болатын. 316-шы дивизияның командирі Иван Василевич Панфилов болғандығы баршаға мәлім. Жалпы, бұл дивизия командир атын иеленген тарихтағы екінші әскери құрама. Алғашқысы азаматтық соғыста мұндай мәртебеге Чапаев дивизиясы ие болған болатын. Мәскеу шайқасына арналған бөлімде жоғарыда аталған қос дивизия мен оның құрамында болған азаматтарға тиесілі жәдігерлер қойылған. Бұдан кейінгі бөлім Сталингад шайқасына арналған. Онда да бұл шайқасқа қатысқан қазақстандық атқыштар дивизиясына қатысты жәдігерлерді көруге болады. Бұдан кейінгі бөлімде Берлин қаласын алу операциясынан сыр шертетін тарихи жәдігерлер қойылған. Бұл қиян-кескі ұрыста Қостанайдан қатысқан 150-ші атқыштар дивизиясы ерекше көзге түскен болатын. Оның құрамында Рехстагқа жеңіс туын тіккен Рахымжан Қошқарбаев пен атқыштар тобын басқарған Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, еліміздің тұңғыш Қорғаныс министрі, Армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов те болған. Айрықша айт кетер жайт, С.Нұрмағамбетов басқарған атқыштар тобы осы шайқаста 450 немістің көзін жойып, 1560-ын тұтқынға алған. Осы бөлімде қазақтың қос батырына қатысты жәдігерлермен бірге Ұлы Отан соғысы кезінде Қазақстанда құрылған дивизиялардың туларының түпнұсқасы бар.

«ХХ ғасырдың әскери тарихы» деп аталатын залдың келесі үшінші кезеңі жоғарыда атап өткеніміздей «Ауған соғысына» арналған. 10 жылға созылған бұл соғыста қолданылған бірқатар қару-жарақтар мен тарихи құжаттар осы кезеңнің негізгі жәдігерлері болып саналады. Солардың қатарында Халық қаһарманы генерал-лейтенант Бақытжан Ертаевтың да кителі бар.

Музейдегі тағы бір зал тұтастай Ұлы Отан соғысы жылдарында және қазіргі Қарулы Күштерімізде қолданылып жүрген қару-жарақтарға арналған. Яғни, ондағы «Оқшашарлар», «Гранатаатқыштар», «Мерген винтовкалары мен мылтықтары, оптикалық құрылғылар», «Артиллериялық қарулар», «Басқарылатын танкіге қарсы зымырандар», «Ату оқ-дәрілері», «Авиациялық зақымдау құралдары», «Инженерлік оқ-дәрілер», «Басқарылатын зенниттік зымырандар» және «Пистолеттер» деп аталатын бөлімдерден әскери қару-жарақтардың сан түрін кездестіруге болады. Мәселен, олардың қатарында  1943 жылы шыққан көздеу қашықтығы 2000 метр СГ-43 Горюнов оқшашары, 1963 жылы шыққан көздеу қашықтығы 1300 метр СПГ-9 станокты танкіге қарсы гранатаатқыш, осы жылы шыққан көздеу қашықтығы 1300 метр Драгунов мергендік винтовкасы, танкті танып айыру қашықтығы 1500 метр 1 ПН-54 түнде көру көздеуіші, жарықшақтардың қиратқыш күштерінің радиусі 180 метр У5ТС танк зеңбірегіне жарықшақты – фугасты снаряды бар 115 мм оқ, бронь бұзарлығы 500 мм  9М115 «Метис» танкіге қарсы басқарылатын зымыран, ТМ-57 танкіге қарсы мина, қашықтық бойынша зақымдау зонасы 5-8 км 9М33М3 басқарылатын зымыран және басқа да қару-жарақ пен оқ-дәрі түрлері бар.

Бұдан кейінгі залда батыр ата-бабаларымыз, әсіресе екінші дүниежүзілік соғыс кезінде ерен ерліктерімен көзге түскен қазақстандық жауынгерлер қыл қаламмен бейнеленген  картиналар мен мүсіндер орналасқан. Олардың барлығы өз сәулетшілеріміздің қолынан шыққан.

Мінекей, өткен жылдың соңында еліміздегі соны жаңалықтардың бірі болып, халқымызды қуаныш толқынында тербеткен Әскери-тарихи музей жалпылама алғанда осындай сипатқа ие. Әрине, біз әлі қамти қоймаған жәдігерлер онда жетерлік. Сондықтан музейге арнайы барып, тамашалап көргенде ғана көңілді тоқ санауға болады. «Жүз естігеннен бір көргенге» не жетсін. Көзбен көріп, көкейге көп мағлұмат түйген біздің көңіліміз тіпті ерек болды. Ендеше, сіз де қалыс қалмаңыз, қалың оқырман.

Осы орайда музейдегі саяхатты жүргізіп, ондағы жәдігерлерді тәптіштеп тұрып түсіндіріп берген қызметкер Салтанат Селеубаеваға, бізге қолайлы жағдай туғызған «Ұлттық әскери-паториоттық орталықтың» бастығы Перизат Өтепова мен «Әскери-тарихи музейдің» бастығы Асқар Қасымовқа алғысымызды білдіреміз.

Ал, енді Орталықтың ішінен ойып тұрып орын алған «Орталық ансамбль» мен «Орталық әскери оркестр» жайында аз-кем айта кетейік. Қос ұжымның біріншісін капитан Отарбаев Равиль деген азамат басқарса, екіншісіне аға лейтенант Алмас Ибрагимов жетекшілік етеді. Бірінде 100-ден астам, ал екіншісінде 80-нен астам адам қызмет етуде. Бұл екі ұжымның да ортақ қуанышы – шығармашылыққа өте қолайлы орынға қоныс тебуі. Мұнда олар көптен бері аңсаған Концерт залы бар. Өнер адамдары жеке-жеке дайындық жұмыстарын жүргізуге арналған бөлмелер де жетерлік. Қысқасы, шығармашылыққа жасалған жағдайға мұндағы қызметкерлердің көңілі толып отыр. Ел қорғанысындағы екі ұжым да ел рухын көтеруді негізгі мақсатына айналдырған. Ендеше, іске сәт!



Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"