Әлемде не жаңалық?

Израиль
Ливан шекарасында арнайы операция өткізбек

Израиль қарулы күштері Ливан шекарасында әскери операциясын бастағанын хабарлады. Әскерилер аймақта Ливанның «Хезболла» қозғалысы салған трансшекаралық тунельдерді тауып, көзін жоямыз деп бекінуде.

Бұл жерасты жолдар арқылы Хезболла ұйымы өз жасағын еврей мемлекетінің аумағына жасырын жеткізіп отырған. Олардың нақты саны қанша екені әзірге белгісіз. Жергілікті билік ел тұрғындарына еш қауіп төніп тұрмағанын айтады. Операция тек қана Израиль аумағы мен Голан шыңдарының солтүстігінде өтеді.

АҚШ

Сомалидегі лаңкестерге әуеден соққы берді

АҚШ әуе күштері Сомалиде «Аш-Шабаб» лаңкестік ұйымының содырларына соққы беріп, 9 лаңкестің көзін жойды.

Операция кезінде ешбір бейбіт тұрған зардап шекпеген. Бұл туралы Американың Африкалық әскери қолбасшылығы мәлімдеді. Әскерилердің айтуынша, қарулы топтарға қарсы операция Лебеде таулы аймағында жергілікті жасақтарға қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылған.

Айта кетейік, «Аш-Шабаб» лаңкестік ұйымы Сомали аумағында 2004 жылдан бері әрекет етеді. Олардың мақсаты – АҚШ және Эфиопияның қолдауымен құрылған орталық үкіметті құлату. Сондай-ақ осы елдегі африкалық одақтың бітімгерлерін елден шығаруды қалайды.

Ауғанстан

Содырлар 40 адамды ұрлап әкетті

Ауғанстанда «Талибан» лаңкестері 40 бейбіт тұрғынды ұрлап әкетті.

Оқиға Саманган провинциясындағы Даресуф мекенінде болды. Содырлар ауылға таңға таман келіп шабуылдаған. Бірақ лаңкестердің тәртіп сақшыларымен  қақтығысқа түскені туралы ақпарат жоқ. Қазір қауіпсіздік күштері мен әскерилер тұтқындарды құтқару бойынша операция жүрігізіп жатыр.

Айта кетейік, өткен сейсенбі күні  елдің дәл осы аймағында тәліптер тағы 25 бейбіт тұрғынды ұрлап әкеткен болатын. Ол кезде содырлар тасжолда кетіп бара жатқан 2 көлікке шабуыл жасаған еді. Лаңкестердің қолындағы адамдар әлі құтқарылған жоқ.

Сирия

Әуе қорғанысы зымыран шабуылына тойтарыс берді

Сирия астанасы Дамасктің оңтүстік-батыс бөлігіне зымырандық шабуыл жасалып, жергілікті әуе қорғаныс күштері оған тойтарыс бере алды.

«Әл-Хадат» теларнасының хабарлауынша, шабуылды израильдік ұшақтар жүзеге асырған. Олар ирандық әскери нысандарға соққы беруді көздеген. Шабуылға С-200 кешенімен тойтарыс берілген. Алайда, Изриаль тарапы бұл соққыларға еш қатысы жоқ екенін айтып отыр.

Еске сала кетейік, Израиль әуе күштері Әл-Кисва қаласының шетіндегі бұл әскери нысандарды сәуір айында да атқылаған болатын.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи