Ұрпақ ұлтын сүйсе, игі

Патриотизм, ұлтжандылық, отансүйгіштік... Бұл бірегей қасиеттерсіз ұлт болып, халық болып, мемлекет болып қалыптасу әсте мүмкін емес. Сондықтан емес пе, сан ғасыр бұрынғы бабаларымыз өздерінен кейінгі буынға жердің киесін ұқтырып, елдің жанын сүюді үйреткені. Несін жасырамыз, кешегі кеңестік идеологияның басты ұстанымы да өз құрамындағы халықтардың қызыл империяға адал болуына бағытталды. Бұл идеологияның қарқыны тау қопарарлық болғаны соншалық, алып мемлекетті әлі сүйетіндер бар арамызда.

Жә, қазіргі жағдайымызға оралайық, бабалар қанымызға сіңдірген отансүйгіштік қасиет иек астындағы бодан жылдарда біршама байыз тауып, басқа арнаға бұрыла кеткенін сөз еттік. Енді тәуелсізбіз, егеменбіз, дербес елміз! Азаттықтың ақ туы берік қолда. Жаңа буын өсіп, жас өскін тұлғаға айналып үлгерді. Олардың бойына да, ойына да жаңағы айтқан қасиеттерді дарыту – қоғамның міндеті, біздің парызымыз, мемлекет мүддесі. Бұл бағытта әр салада атқарылып жатқан шаруалар шаш-етектен. Нәтижесі де жоқ емес. Қазақ деп соққан жүректер, қазаққа қызмет ететін өспірімдер өсуде. Олар «Тірі болсам хан баласында қазақтың хақысы бар еді, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген Алаш арысы Әлиханның өмірін өнеге етеді, сөзін бойтұмар қылады. «Әр қазақ – менің жалғызым» деп Сабыр Адайша жетіліп келеді. Өткен жылы ғана мұқым ел болып дүрілдете тойлаған Қазақ хандығының бес жүз елу жылдығы баршамыздың санамызға бабалар рухын дарытып, айбынымызды асқақтата түспеп пе еді?!

Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы, арнаулы білім ошақтарындағы, орта мектептердегі патриоттық тәрбие өз алдына. Бұл мекемелерден жас толқын ғұн мен сақтың, үйсіннің ерлігін танып, көк түркінің жігерімен сусындайды. Абылай заманындағы баһадүр-батырлардың, би-шешендердің өрісті ойларын, жөңкілген жорықтарын таниды. Ел мен жердің мұңы үшін «Ереуіл атқа ер салып, етігімен су кешкен» бабалар мұратын ұғады. Отан жолында отқа түсіп, өліммен бетпе-бет арпалысқан Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Талғат Бигельдинов, Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сынды ерлер мен ерге бергісіз арулардың ерлігінен патриотизмнің биік шыңын көреді.

Елдің ертеңін, ұлттың болашағын баулу – жауапты шаруа, инемен құдық қазғандай қиын іс. Бұл үлкен даңғылда қоғам да, адамдар да, билік те біріге қимылдауы керек. Сонда ғана шаруаның шыңын, істің нәтижесін көре аламыз. Бұл бағытта Қорғаныс министрлігі де аянып қалып жатқан жоқ. Ел тыныштығының кепілі болып, шекарамызды шегендеп, қорғанысымызды қуаттап отырған мекеме бүгінгі буынды ұлтжандылыққа тәрбиелеуде шаралар легін үзіліссіз ұйымдастырып келеді. Әскери әндер фестивальдері, патриоттық жиындар, түрлі конкурстар әр қатысушысы мен көрерменінің кеудесіне еліне деген махаббатын ұялатып, оған қызмет етуге шақырады. Ал өткен жылы ғана Астана қаласынан ашылған ҚР ҚР Ұлттық әскери-патриоттық орталығы – Қорғаныс министрлігінің бірегей еңбегі, көптеген жұмысының теңдесі кем жемісі һәм жеңісі. Орталық елорда тұрғындары мен қонақтарына үздіксіз қызмет ету арқылы қазақтың тарихын ұқтырады, келбетін танытады, ән-жырымен тербетеді, рух сыйлайды, айбынын асқақтатады. Сондықтан да әңгіме ауанын сонда бұра салғанымыз абзал-ау...

Ұлттық әскери-патриоттық орталықтың негізін үш мекеме құрайды: әскери-тарихи музей, орталық ансамбль және орталық әскери оркестор. Осының алғашқысы елімізде ашылған тұңғыш әскери-тарихи музей болып табылады. Президент –  Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен салтанатты жағдайда пайдалануға берілген нысанның ірге қалауына Қорғаныс министрі Иманғали Тасмағамбетов зор үлесін қосты. Музейдің бүгінгі басты мақсаты – ертеңгі ұрпаққа Қазақстан жеріндегі көне  заманнан бастап, бүгінгі таңға дейін жеткен еліміздің әскери-тарихын мұра етіп қалдырып, жас ұрпақтың бойында патриоттық-сана сезімді нығайту. Музейге келген әр азаматтың бойына тарих төрінен сыр шертетін айтулы оқиғаларды сіңіре отырып, тарихқа деген қызығушылықтарын оятып, мақтаныш сезімін ұялату. Себебі, тарихын білмеген халықтың болашағы бұлыңғыр болып келеді. Ал еліміздің тарихы өте тереңде жатқаны баршаға аян. 

Музейдегі экспонаттар санын толықтыруға тарихи өлкетану мен аймақтық музейлер, Тұңғыш Президент музейі, Ұлттық музей, Түркі академиясы, Ұлттық архив көп көмектескен. Соның ішінде генерал-майор И.Панфиловтың немересі Алуа Бақытжанқызының, тарих ғылымының докторлары Зейнолла Самашұлы, Айболат Қайырсләмұлы және тарих ғылымының кандидаттары Қалиолла Саматұлы, Майдан Көмекұлы, жәдігерші Азат Әкімбек, Алексей Андреев, генерал-лейтенант, Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев, Мәжіліс депутаты Бақытбек Смағұл сынды азаматтардың еңбектері ерекше. 28 қаңтар күні ұйымдастырылған «Мәңгі есімізде» атты экспонаттарды қабылдау күніндегі қала тұрғындарының белсенділігін айтпай кетуге болмас.  

Музей бес қабатты. Бірінші қабаттағы «Мәңгілік Ел» атриумында мәңгілік ел идеясын көрсететін стеллалар орналасқан. Атриумның алдыңғы бөлігінде Қарулы Күштеріміздің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Н.Назарбаевтың барельефі мен Қазақстан армиясын білдіретін 4 әскери қызметкер және көне замандағы батырлар бейнеленген барельефтер орналасқан. Келесі зал «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің» залы деп аталады. Бұл жерде үш әскери құрылым көрсетілген: әуе, теңіз және құрлық әскерлері. Үшіншісі – «Мерзімді көрмелер» залы. Зал әскери тақырыптағы көрмелерді ұйымдастыруға арналған.

Екінші қабатқа көтерілсек, Қазақстанның әскери тарихын ашатын үш залдан тұрады. Олар: «Атриум – Қазақстан әскери ісінің тарихы», «Көне заман – ХІХ ғасыр», «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залдары. Бұларда сақ, ғұн тайпалары, ортағасыр және Қазақ хандығы кезеңдері көрсетілген. Сонымен қатар «ХХ ғасырдың әскери тарихы» залында бұрын-соңды музейлерде көрсетілмеген «Алаш әскері» экспозициясы, Екінші дүниежүзілік және Ауғанстан соғыстарындағы жәдігерлер көрсетілген. Үшінші қабатта қазіргі заманғы қорғаныс саласында қолданыста жүрген «ХХ-ХХІ ғасырдағы қару-жарақтар» түрлері көрсетілген. Төртінші қабаттағы «Қазақстан бейнелеу өнері» залында Қазақстанның әйгілі суретшілерінің әскери жанрдағы туындылары қойылыпты. Мұнда П.Зальцман, М.Кенбаев, Қ.Тельжанов, Д.Нұрмұхамедов, Е.Сидоркин, М. Кисамидинов, И.Исабаев, Х.Наурызбаев, Н.Абишев сынды қылқалам шеберлері мен мүсіншілердің туындылары бар. Музей қорында 7000-ға жуық жәдігер бар.

ХХІ ғасыр ақпараттық технологиялар заманы болғандықтан, музей жаңалықтарын тұрғындар мен қала қонақтары әлеуметтік желі арқылы да алып тұрады. Яғни, ғаламтор арқылы да патриоттықтың дәнін шашуда. Ашылғандарына көп уақыт бола қоймаса да, келушілер саны баршылық. Музейге мектеп оқушыларынан бастап, қарттарымызға дейін келеді. Еуразия кеңістігінде өмір сүріп, тағдыр тоғыстырған, шекаралас, тарихымыз бір мемлекеттерден келетін қонақтар да аз емес.

Ал орталық ансамбль жайында ұжым басшысы Нұран Камзинді сөйлетсек. «Біз өзіміздің өнерпаздарымыз бен өнеріміз арқылы ұлт дүниесін насихаттауға, жұртты патриоттыққа тәрбиелеуге үлес қосып жүрміз деп айта аламын. Мәселен, 7-мамыр – Отан қорғаушылар күні ескі алаң мен «Бәйтерек» монументінің алдында, 9-мамыр – Жеңіс күні «Отан ана» монументінде жеке әншілеріміз концерт қояды. Мұның бәрінде тек патриоттық, әскери туындылар орындалатын болады. Ұжымымыз симфониялық, фольклорлық, бишілер топтарынан тұрады. Бұлардан бөлек, жеке әншілеріміз бар. Кадрларымыздың дені жастар екенін айтуымыз керек. Олардың репертуарында Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Қайрат Жүнісовтің шығармалары көп-ақ. Өйткені, қазіргі жағдайда осы тақырыпта қалам тербеп, жазып жүрген бірден-бір композитор – Қайрат Жүнісов. Оның «Егемен Қазақстан», «Ұшқыштар», «Танкистер маршы» әндерін көпшілік тыңдарман жақсы біледі деп ойлаймын. Сонымен қатар, Нұрлан Нұртазин деген әнші, композиторымыздың туындыларын орындаймыз. Өзге де сазгерлердің дүниелерін назарымыздан тыс қалдырмаймыз, іріктеп, саралап, репертуарымызға қосып отырамыз. Мәселен, жақында ғана Кентау Назарбек деген композитордың әндерін сарапқа салдық. Әскери-патриоттық конкурстарға да түскен шығармаларды таңдаймыз. Алдағы уақытта сарбаздарға арналған арнайы байқау ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз» деп ағынан жарылды Нұран Амангелдіұлы.

Ансамбль құрамындағы дәстүрлі әншілер Қайыргелді Омарбеков, Арай Асқар, Қарлығаш Аббасова, эстрадалық әншілер Берік Ержанов, Жұлдызбек Тынышқалиев, Ержан Саитов сынды өнерпаздар көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүр. Ұжым маусым айында Қарағандының іргесіндегі Спасск қаласында өтетін «Айбын» жиынын патриоттық әндермен әрлемек.

Материалдық-техникалық базалары да жыл сайын жаңарып, толығып отыратынын айтады олар.

Ал орталық әскери оркестордың жөні, тіпті, бөлек. Елбасы – Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Назарбаевтың, мемлекеттік деңгейдегі жоғары мәртебелі қонақтардың алдында жиін өнер көрсететін ұжым алыс-жақын шет елдерді де көп аралайды екен. Яғни, ұлтымыздың бірегей туындылар өзгелерге паш етіп, насихаттап келеді. «Орталық оркестр 1995 жылы ірге қалаған. Алдағы уақытта халықаралық «Кадекс» көрмесінде өнерімізді көрсетпекпіз. Маусым айында Ресей, Қытай, Қырғызстан, Тәжікстан елдерінің әскери көркемөнерпаздары қатысатын халықаралық шараға баруды жоспарлап отырмыз. Шілде айында «Астана самалы» фестивальіне бармақпыз. Тамыз-қыркүйек айларында Мәскеуде өтетін фестивальде бақ сынаймыз.

Ұжымда сексеннен аса өнерпаз, үш дирижерымыз бар. Олардың қатарында джаз жанрында елеулі еңбек етіп жүрген ағайынды Аппазовтарды, көптеген байқау-конкурстардың жеңімпазы Азамат Жылтыркөзовті мақтан тұтамыз» дейді ұжым жетекшісі Алмас Ибрагимов.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"