Тоқтар қалай темір жонушы болды?

Біз жастар қоғамға қарап бой түзейміз, ой топшылаймыз. Өсеміз, рухани азық алып, келесі ұрпаққа тағылым мен өнеге қалдырар жолды іздейміз. Мұндайда, әрине, қоғамның келбеті болған зор тұлғалардың орны айрықша. Олар бізді, яғни, жастарды бағыттаушы, жол сілтеуші үлкен мектеп іспеттес. Олардың әрбір жүрген жолы, қажырлы еңбегі, қиын-қыстау тағдыры бәрі-бәрі... біз үшін үлкен өнеге. Оның қадірін тек бойына асылын сіңіріп, тағылым ала алған жан ғана түсінеді. Ендеше сондай қоғамда біз ұлағаттайтын ардақтылардың барын бағалай отырып, олардың жүрген жолын бүгінгі оқырманға тағы бір үлгі етіп жеткізсек. Саналы ұрпақ өзіне керегін ала жатар.

Әңгіме қазақтың зор мақтанышына айналған асыл азамат Тоқтар Әубәкіровтің өмірі жайлы болмақ. Әрине, қазақтың тұңғыш ғарышкері туралы сан мәрте жазылып та, айтылып та жатыр. Шын мәнінде, айтылуға да, жазылуға да тиіс. Ол соған бірден-бір лайық тұлға.

Біз бүгін Кеңес одағының батыры (1988), Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, техника ғылымының докторы және тағы басқа көптеген марапат пен құрмет иесі, ең бастысы қазақтың сүйіспеншілігіне бөленген ел ағасы туралы өзгенің аузына түспеген, көп айтылмаған сырлары мен қырларын ашуға тырыстық. Қаншалықты тырысып, ойымызды дөп жеткізе алдық, ол жағына оқырман өзі саралай жатар. Ал біз шағын сырлы әңгімелер желісін сіздерге ұсынып отырмыз.

 

Ақыл тоқтатқанда ауылға көшіп кеттік

«Мен мектепке барған тұста елде қазақ мектептері жоқтың қасы еді», - деп бастады әңгімесін Тоқтар Әубәкіров осыдан біраз уақыт сұхбаттасқалы барған кезімізде. Бұл жолы біз Тоқтар Әубәкіровтің балалық шағындағы қызықты сәттерін тізбектеп алуды жөн көрген едік. Әрине, Тоқтар ағаның әсерлі әңгімесінен оның балалық шағының дәл қазіргі балалардың «балмұздақтай тәтті» ғұмырларына аса ұқсай қоймайтындығын сезініп отырдық. Бірақ, сол бір қиын-қыстау кезеңдегі өмір жолының сынағы мен үшін бала Тоқтарды дәл бүгінгі деңгейге жеткізгендей сезілді.

Иә, қажырлы еңбек, ерте есею, үлкен аманат, бәрі-бәрі Тоқтар Әубәкіровті асыл арманы ұшқыш болумен ұштастырды, ең бастысы, қазақ тарихында тұңғыш ғарышкер атануына зор мүмкіндік жасады. Ендеше әңгіме желісін Тоқтар ағаның аузына сала отырып, баяндалық.

«Мен Теміртаудағы Панфилов көшесінің бойындағы №8 мектепте  бірінші сынып табалдырығын аттадым. Содан төртінші сыныпқа дейін төрт жыл бойы осы білім ордасында білім алдым. Жасыратыны жоқ, бірақ сол жылдары мектепке барды деген аты болмаса, балалардың көбісі дала кезіп жүруші едік. Соғыстан кейінгі қиын сәттерде, күнкөріс қамын үлкенді қойып, кішкентай баланың өзі ойлап, күнұзаққа далада жүретін. Шешей марқұм соның бәрін көріп, сезіп жүрді. Біздің жанұшырып үйге бір түйір дән әкелеміз деп, сабаққа көңіл бөлмегенімізге алаңдаған болар, төртінші сыныптан кейін  ауылға, Қарқаралы жаққа көшіп кетті. Бесінші сыныпты ауылда оқыдым.  Қазір ойлап отырсам, бұл менің нағыз ақыл тоқтатқан, білім алатын шағым екен. «Баланың көңілі далада, ананың көңілі балада» демекші шешем нағыз білім алатын шағымды ескеріп, мен үшін ауылға қоныс аударып отыр. Отбасындағы жалғыз еркек кіндік болғандықтан шешейге қолғабыс болып, асырау керектігін мен қай кезде де есімде мұқият ұстайтынмын. Небәрі он жасымда жұмысқа орналасып, екі айдан соң алғашқы жалақымды алдым. Сол кездегі шешей марқұмның: «Мені асырадың, әкеңе берген уәдем орындалды» деп көзіне жас алғаны әлі күнге дейін есімде.

Сол жалақыға анам екеуміз бидай сатып алып, диірменнен ұн үктірдік. Шағын бақшамызға картоп салып, жұмыстан кейін оны өзім суарып, баптаймын. Киім-кешек те менің мойнымда. Қыста пима киеміз, ал күз-жаз кезінде керзі етік қана. Балалық шағымда одан басқа аяқ киім киіп көрмеппін де. Жасым онда болса да,  ол кезде  ой тоқтатып,  дардай есейіп қалдым. Содан болар, бас алмастан кітап оқитынмын. Ауылдағы шағын кітапхананы тауысқан соң, кітапханашының үйінен кітап таситын болдым. Сосын өмірі үйде сабақ оқымайтынмын. Мұғалім сабақта тапсырма беріп жатқан кезде, оны орындап үлгеріп жататынмын. Математиканы сұмдық шешетінмін. Орыс тілі де аса қиын болмады. Өйткені, ауылдағы орыстарға қарап, намысқа тырысқандықтан жақсы сөйлеп шыға келдім. Жетінші сыныпта емтихан тапсырған кезде, мен ғана бес алдым. Одан кейін ауылда сегізінші сынып болмады, іштей  Теміртауға кететінімді сезіп жүрдім.

 

 

 

Он бес жасымда төлқұжат алдым

Темір шойынның отаны – Теміртаудан талай тарландар ұшып шықты. Бірі ел басқарды, бірі батыр атанды, тағы бірі қазақ елінің гүлденуіне өзінше үлес қосты. Әйтеуір, не керек, «Темір қала» қанаттандырған талай игі жақсылар бүгінде елдің мақтанышына айналып отырғаны айдан-анық.

«Мен үшін Теміртау ерекше қала еді...» деп әңгіме барысында сөзін жалғастырған Тоқтар Әубакіровтің әсерлі әңгімесіне біз де еліте түскендіктен болар, үнсіз бас изеп отырдық. Шын мәнінде, келіспеске де амал жоқ. Өйткені, батырдың сөзінің жаны бар. Теміртау кеше де, бүгін де қазақ халқының әлеуметтік өміріне зор пайдасын тигізіп, экономикалық қадамдарының қарышты дамуында ілгері тұрған құтты мекен.  Расында, ойлап отырсақ, шойынның отаны өзі шағын болса да, қойны құтқа, кеудесі қазынаға толы.

«...Сол жылдары мен Теміртауды қатты сағынып жүрдім. Қалаға деген сағыныш желі есіп, аңсап жетсем де, қала өмірі өзіңізге таныс, қашан да қарбалысқа толы тіршілік. Мұнда «сен мені сағынып жеттің-ау деп ешкім де  маңдайыңнан иіскеп, басыңнан сипай қоймайды. Мауқыңды бір-ақ сәтте тым-тырыс баса қоятын қарбалыс күннің қарекеті сенің жан-дүниеңнен гөрі, өмір сүруге қаншалықты қауқарлы екеніңді сынайтындай болып тұрады. Менің де жайым дәл солай болды, қаланы көрген сәтте мауқым басылып, енді қарбалысты тіршіліктен қалып қоймаудың қамына бірден кірісіп кеттім. Сабылып жұмыс іздеуге шықтым. Бір қырсығы, қайда барсам да, төлқұжатымның жоқтығы алдымнан кесе-көлденең шыға берді.

Содан не керек, біраз уақыт жүк тасымалдаушы болып бір жерге жұмысқа орналастым. Бір ай бойы тозып жүріп істеген жұмысыма небары 35 сом ғана алдым.  «Бұлай болмас» деп бір күні жасым толмаса да,  мәселені шешуге құжат рәсімдейтін жерге келдім. Кірген бетте «құжаттың қожайыны» осы болар деп беттеп барған адамға: «Маған паспорт беріңізші?» деп туу туралы куәлігімді көрсеттім. Ол құжатты көзімен шолып шықты да, «Он алтыға толғанда келерсің» деп өзіме қайтарып берді.

Тұратын жеріміз – барақ.  Күні бойы арқалағаным – ауыр жүк. Не оқуға, не жақындарыңмен сөйлесуге шама қалмайды. Жалғыз шешемнің жайын ойласам, тіпті, қабырғам қайысады. Аздаған тиын-тебеннің соңында жүріп, оқу оқи алмай қалсам, өзіме жасаған ең үлкен қиянат екенін тағы сезіп тұрмын. Тұрған орнымда кенеттен бұзылып:  

- Онда метркені сіз алыңыз, мен осы жерде тапжылмай отырамын, – деп жерге сылқ етіп отыра кеттім.

- Неге? - деп даусы тосырқай шығып, маған таңырқап қарады.

- Жалғыз шешемді асырау үшін маған жұмыс керек. Ал жұмысқа орналасу үшін маған құжат керек. Күнкөріс қамын жасамасам, егде жасқа келген шешемнің жайы не болмақ, - деп жалынғандай әлгі адамға жайымды түсіндіруге тырыстым. Бірақ өзімнен үлкен апам туралы еш әңгіме қозғаған жоқпын. Қасарысып отырған менің оңай кетпесімді білді ме, әлде, шаршап-қажып тұрған бала болмысымды мүсіркеді ме, әйтеуір біраз уақыттан кейін әлгі адам бастығына алып барды. Ол маған бір қарап алып: «Ты кто?» деді. Мен: «Сіздерден ақша сұрап келген жан емеспін, болмаса маған көмектесіңдер деп жалынып тұрған жоқпын, менің егде жастағы анама жасаған көмектеріңіз болсын, төлқұжат жасап берсеңіздер» деп қатқыл дауыспен шарасыз күйде екенімді аңғарта сөйледім. Сол жерде бүкіл мән-жайды басынан аяғына дейін зулатып шықтым. Бәрін тыңдап болған ол:

- Қазір не істеп жүрсің? – деп жайымды сұрай бастады.

- Жүк тасып жүрмін, сонымен қатар кешкі мектепте оқимын. Бір ай бойы салпақтағаныма бар-жоғы 35 сом ғана аламын. 

- Олар қайтіп сені жұмысқа алды?

- Келісімшарт арқылы. Енді маған тамақ керек қой...
Бұл әңгімеден кейін ол азамат біраз ойланды. Сосын ақырын ғана басын көтеріп:  

- Кім болып жұмыс істегің келеді? - деді. Мен бір жақсылықты сезгендей жымиып:

-Токарь, болмаса, қай жерге жұмысқа алады, бара беремін, -дедім.

- Бұл енді бұрын-соңды болмаған жайт, дегенмен, бұл балаға паспорт бергеніміз дұрыс сияқты. Сен барып суретке түсіп кел, - деді.

Мен жымың етіп, қалтамдағы дайын суретті алып шықтым. Олар еріксіз күліп жіберді. Құжатты қолыма ұстатқан кезде, онда «жылдамдатып берілген төлқұжат» деп жазылған жазуды байқап қалдым. Түрі де өзгешелеу, бірақ мен үшін ол маңызды емес, сондықтан қатты қуанғаным болар, бір жапырақ қағазды егжей-тегжейлі тексеріп жатпадым. Қалтама сүңгітіп жіберіп, төбем көкке бір елі ғана жетпей үйге жүгіріп жеттім.

Осыдан кейін жүк таситын тірлігімді тастап, аз уақыт жұмыс іздеп, зауытқа темір жонушы болып орналастым. 1962 жылдан 1965 жылға дейін төрт жыл құйма-механика зауытында токарь болып қызмет атқардым. Темір жонушы болудың өзі маған оңай келген жоқ. Мен ол күнге жеткенге дейін өмірдің ащысы мен тұщысын қатар  таттым. Сондықтан темір жонушы бола жүріп жеткен жетістігімнің өзі маған сол кездері үлкен бір белесті бағындырғандай болып тұратын.

Алғашқы  «Коммунистический труд» деген кітапшаны маған берді. «Темір жонушы зергер» деген тақырыппен газетке де мен туралы үлкен мақала шықты. Құрмет тақтасына іліндім. Кеткенімше сол жерде тұрды. Облыстық Құрмет кітабына менің атымды алтын әріппен жазды. Комсомоль жетекшісі болдым. Елбасымен алғаш кездескен кезім де сол тұс болатын. Сол бір ғана құжаттың арқасында менің бүкіл тағдырымда сәттіліктің жолы ашылып кете бергені мәңгілік бала жүрегімнің түкпірінде  ерекше бір сәт болып қалды.

Арманым ұшқыш болу еді

Кешкі мектепті бітіргеннен кейін бір жолы бізді Қарағандыдағы Нүркен Әбдіров атындағы әуе базасына таныстыру үшін арнайы алып барды. Осы жерде мен алғаш парашюттен секіріп үйрендім. Сондағы маған ұшудың ұнағанын, тіпті, сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Ғажап, ғаламат!

 Көкпеңбек аспан. Аяғың жерге тимей, сол аспанның сеңгірінде сен құстай қалықтайсың. Тіпті, жерге түскеннен кейін де дәл қазір өз бойыңа қанат бітіп, қалықтап кете беретіндей боласың да тұрасың...

Бір сөзбен айтқанда, осыдан кейін әуеде ұшуға деген құштарлығымда шек болмады. Ол кезде ұлттық кадр мәселесіне ерекше қарайтын. Содан жан-жақтан маған бірнеше ұсыныстар түсті. Ең алдымен, Қарағанды Политехникалық институтына емтихансыз, айлық жалақымен қабылдайтындықтарын жеткізді. Одан кейін зауыт басшылығы Алматыға Политехникалық институтқа бар жағдайымды жасап жіберетіндігін, оқу бітіргеннен кейін осында қайтып келіп бас инженер боласың, одан әрі қарай зауытты басқарасың деп жатты.

Мен қылшылдаған жас жігітпін. Ешкімге «иә» немесе «жоқ» деп ештеңе айтпадым. Үнсіз тыңдап, ойланып жүре бердім. Бірақ бар ойым, арманым – ұшу. Ұшқыш болу еді.  Көксеңгірде қалықтап жүру сол кездері мен үшін қол жетпес арман болды.

Мен әскерге шақырылған кезде бізді аға лейтенант Михеев деген азамат қабылдап, арнайы тексерістен өткізді. Сол жолы арманым үшін жанымды салғаным болар лейтенанқа ақырын жақындап барып, сыбырлап «Армавир»  дедім. Ол құжатыма қарап: «Сені әскерге алмайын деп жатырмыз» деді. «Не себепті?» дедім. «Обкомнан ұлттық кадрға тиіспеңдер!» деген ескерту келді. Мен оған бір табан жақындап: «Сіз ештеңе көрген жоқсыз» деп жалынғандай түр таныттым. Ол сәл ойланды да, үнсіз «жарайды» дегендей басын изеді. Сол жерде бірден құжатты рәсімдеп жіберді.

Ал мен қуанғаннан болашаққа деген үмітпен сан мың ұшақтың ішінде қалқып ұшып бара жатқанымды, биік аспанға дәл қазір тұрған орнымда көтеріліп кететіндей күйде болдым. Көзім жанып тұрды. Ойым сан-салалы болса да, оның бәрі де тек ғана ұшумен ұштасып жатты».

Дәл сол сәтте Тоқтар Әубәкіровтың қуанышын ешкім де аңғарған жоқ. Шын мәнінде құжат рәсімдеп отырған лейтенант та өзінің дәл алдында күллі Кеңес Одағын мойындататын батырдың, қазақтың тұңғыш ғарышкерінің тұрғанын әсте сезген жоқ. Бірақ ең бастысы, ол сол бір арманшыл баланың жолын ашты. Оған үлкен мүмкіндіктің кілтін ұсынды. Ал өмір жолының үлкен бір арнаға бұрылғанын аңғарған қазақтың қара баласы алысқа көз тастап тұра берді.  Ол сол кеткеннен  қайтып, елге ғарышты айналып бірақ келді...

 

Тақырыпқа тұздық

«Шешем марқұм бізді тәрбиелегенде өмірі  бастарыңа қандай іс түссе де, халыққа, жалпы адам баласына жамандық жасамаңдар» дейтін. «Балам өтірік айтсаң, сол күннен бастап өзіңді жоғалатқаның. Біреудің алдында не айтқаныңды есіңе түсіре алмай, ұятқа қаласың. Ұятқа қалғаның, сенің өлгенің. Сенің бойыңды, ішкі рухыңды жаншып тастайтын көлеңке пайда болады. Ал, шындық - рухтың басты айнасы. Осыны ешқашан есіңнен шығарма» деген еді.  Бұл менің анамның маған берген тәрбиесінің бір өзегі»

 

Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ 


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"