Танк тарихы қалай тарқатылады?

Танк тарихы қалай тарқатылады?

Бронетанк техникасының негізі – танктер. Қазіргі заман танкілері – ол экипажды барлық қару-жарақтың әсерінен сенімді құтқаратын, ұрыс даласында кез-келген мақсатқа қуаты жететін, күндіз ғана емес, түнде де бақылау жүргізіп, белгіленген нысанаға жоғары жылдамдықтағы қозғалыста оқты дәл жібере алатын, су бөгеттерінен емін-еркін өтетін, күшті қарумен жабдықталған әскери машина. Алайда мұндай танкті құрастыру үшін ауыр еңбек пен ізденістерге, жаңа шешімдердің талдауларына талай жылдар кетті. Бронетанк техникасы секілді танктердің дамуы жалпы алғанда Кеңес Одағының тарихи даму кезеңдерімен байланысып, мемлекеттің халықаралық және ішкі жағдайларының түрлі факторларымен айқындалды.

   Әлемдегі ең бірінші шынжыр табанды «Вездеход» танкісін 1915 жылы белгілі орыс ұшқышы, әуе кемелерін құрастырушы Александр Пороховщиков ойлап тапты. Әскери машина автомобиль агрегаттарының көмегімен қолданысқа шықты. Сынақтан екі мәрте сүрінбей өткеніне қарамастан танкпен одан әрі жұмыс жасау тоқтатылды. 1917 жылы Н.Лебеденконың жетекшілігімен салмағы 40 тонна ауыр дөңгелекті танк құрылысы аяқталды. Әрқайсысы 147 кВт екі әуе двигательдерінен машинаның моторлы-трансмиссиондық құрылғысы жасалды. Алайда, танк сыннан өтпей қалып, 1923 жылы металлоломға кетті. Дөңгелекті танк идеясы туралы алуан пікірлер айтылғанымен, мұндай машиналарды құрау жұмыстары кейін Италияда қолға алынды. Батыс майданда ағылшындардың танк қолдануы Ресейде қарудың жаңа түрі туралы жағымды қоғамдық пікірдің пайда болуына ықпал етті. Осылайша Александр Пороховщиковке озық үлгідегі «Вездехов 2» жеңіл танкісінің жобасын жасау жүктелді. Пулеметтермен жабдықталуы тиіс танк сызбасы 1916 жылдың соңында дайын болды. Өкінішке орай, сараптама комиссиясының талдауы көптеген айға созылғандықтан «Вездеход 2» жеңіл танкісінің жобасы іске асырылмады. «20 тонналық» орта танк жобасы  және атақты химик-ғалым Дмитрий Менделеевтің ұлы талантты инженер, өнертапқыш Василий Менделеевтің аса ауыр танк жобасы да Бас әскери-техникалық басқармаға таныстырылғанымен, қолдау таппады. Әлемдегі тұңғыш аса ауыр танк жобасын әзірлеуде В. Менделеев ұсынған бірқатар техникалық шешімдер арада ондаған жылдар өткен соң ғана пайдаға жарады. 1919 жылдың көктемінде Оңтүстік майдан әскері Одесса түбіндегі шайқаста француздардың бірнеше «Рено» танкісін басып алып, оның бірін 2-ші Кеңес Украин армиясының жауынгерлерінің атынан Мәскеуге сыйлық ретінде В.И.Ленинге жіберген еді. Француз танкілері 1919 жылы 1 мамырда Қызыл алаңдағы салтанатқа қатысып, 2 мамырда Москва көшелерінің бойымен жүріп өтті. Осы жылдың соңында «Рено» алғашқы кеңес танкісін құру үшін үлгі ретінде Сормов зауытына келіп түсті. Тұп-тура тоғыз айдан соң дүниеге келген жаңа танк «Бостандық үшін күрескер Ленин жолдас» деген атқа ие болды. Танк сапасы жағынан шетелдік жобадан асып түсті. Жылдамдықтың қозғалысы француздардікі секілді сағатына 5 шақырым емес, 8 жарым шақырымға жетті. Әскери өнеркәсіп Кеңесінің анықтамасы негізінде 1920 жылы 1 желтоқсанда Сормов зауытында «Париж коммунасы», «Пролетариат», «Илья Муромец», «Қызыл жауынгер», «Жеңіс» секілді тағы 14 танк жасалды. Ең бірінші кеңес танкілерін құруға Мәскеу автомобиль зауыты және Ижорск зауыты үлкен үлес қосты. Бұдан кейінгі жеңіл танк Т-18 отандық бір тектес танк құрылысының бастамасының негізін салды. Сырт пішіні мен жинақтығы жағынан Сормов зауытының жеңіл танкілеріне ұқсас болғанымен, конструкциясына жаңа өзгерістер енгізілді. Ең бастысы – двигатель қуаты 25,7 кВт, яғни 35 жылқының күшіне тең келді. 1929 жылы танкетка Т-17, 1930 жылы орта танк Т-24, 1931 жылы орта танк ТГ, ал 1931 жылдың соңына дейін БА-27 бронеавтомобилінің 100-ге жуығы шығарылды. Танктер мен бронеавтомобильдер Орта Азияда басмашы бандыларға қарсы күресте және тағы да басқа көптеген қарулы қақтығыстарда Қызыл Армияның басты қаруына айналды. 1931-1941 жылдар аралығында жалпыәскер құрылымдары мен танк бөлімдерінің негізгі танкі – жеңіл танк Т-26 болды. Түрлі модификациядағы танктер бір-бірінен қару-жарақпен жабдықталуымен және мұнараларының кұрылысымен ерекшеленді. Барлық бір мұнаралы танктерге 45-мм зеңбіректер қойылды. Бұған қоса Т-26 түрлі артиллериялық қондырғылар, арнайы танктер мен инженерлі машиналар үшін негіз болды. Әлемнің бірде-бір армиясында жоқ жеңіл танк БТ («быстроходный танк» - «жүрісі тез танк»), БТ-2, БТ-5, БТ-7, БТ-7А 1931 жылдан бастап шығарылды. Қарсыластың бекітілген қорғаныс сызығын бұзу мақсатында алты адамдық экипажға арналған орта танк Т-28-дің алғашқы нұсқасы 1933 жылы жасалды. Ал 1939 жылғы Т-28Э (экранды) машинасының салмағы 32 тоннаға жетті. Экрандалған танктер 1940 жылы Маннергейм желісін талқандауда аса маңызды қызмет атқарды. Бас қолбасшылықтың қорына ауыр танк Т-35 қосылды. Экипаж он адамнан құралды. Танктегі қару-жарақ жиынтығы 76-мм зеңбірек үшін 96, 45-мм зеңбірек үшін 220 және пулемет үшін 10 080 оқты атуға арналды. 1937 жылғы үлгідегі Т-35 танкісі екі түрлі: желілік және командирлік болып бөлініп, соңғысының орталық мұнарасы радиостанцияға қосылды. Көп ұзамай барлау машиналары ретінде суда жүзетін танктер Т-27, Т-38, Т-40 дүниеге келді. Мәселен, ГАЗ-АА автомобиль агрегаттары қойылған Т-37 танкісінің салмағы 2,9 тоннадан аспады. Ол құрғақ жерде сағатына 36 шақырымды, су бетінде сағатына 6 шақырымды игерді. Аса маңызды әскери тапсырмаларды орындауға бағытталған ОТ-26, БТ-7, су астында жүретін Т-26-ПХ, авиадесантты танкетка Т-27, орта танк Т-46-5, Т-46, Т-29, А-20, шынжыр табанды А-32, жеңіл танктер Т-34 пен Т-50, ауыр танк СМК (Сергей Миронович Киров), ауыр танк КВ-1 мен КВ-2 әскери қолданыс саласын кеңейтудің маңыздылығын арттырды.

   Ұлы Отан соғысы кезінде артиллериялық қондырғылар, барлау мен байланыс үшін БА-64 бронеавтомобилі және орта, ауыр, жеңіл танктері: Т-34, Т-34-85, Т-44, КВ-1, КВ-85, ИС-1, ИС-2, ИС-3, Т-60, Т-70, Т-80, КВ-8, ТО-34 үздіксіз қолданыста болды. Соғыстан кейінгі кезеңде бронетанк техникасын дамытуда біріншіден, барлық салмақтағы танктердің бұрынғы бет-бейнесін сақтай отырып, жаңа үлгілерді ойластыру және бронетранспортер жобасын жүзеге асыру көзделді. Осы мақсатта 1946 жылы Т-54, 1947 жылы ИС-4, 1950 жылы Т-10, 1951 жылы Т-54 пен ПТ-76, 1954 жылы ИС-2М, 1955 жылы Т-55, 1960 жылы Т-62 және ИС-3М танктері пайдалануға берілді. Бұған қоса, БТР-152 мен БТР-40 дөңгелекті бронетранспортер, дөңгелекті барлау машинасы БРДМ, табаны шынжыр БТР-50ПК мен БТР-40Б бронетранспортері және Т-34 пен Т-54 танкілерінің негізінде жасалған танкілі крандар іске қосылды. БТС-2 секілді салмақты техникаға калибрі 7,62 мм АК пулеметі қондырылып, оның міндеті басқарудан шыққан танктерді жөндеуге, қажет болса тиеп әкетуге арналды.

   Бүгінгі күні бронетанк техникасын өркендетудің басты бағыттары өзгерген. Жаңа заманның әскери техникасы жаңаша түрге еніп, жаңа қарқын алған. Бұл азат Қазақстанның аяғынан нық тұрған армиясының бекем болашағын білдірсе керек.        

                                                                   


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства