Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген артисі: «Әскер балалық пен шалалықтан даналыққа өтетін кез»

Рамазан Стамғазиев, әнші, ҚР Еңбек сіңірген артисі: «Әскер балалық пен шалалықтан даналыққа өтетін кез»

Қазақ сахнасында қоңыр дауысымен, ұлттық болмысымен, адами келбетімен көпті тамсандырып жүрген әншілердің бірі Рамазан Стамғазиев. Оның әндерінің әуені жүрекке жылы тиеді. Тартымды иірім, әсерлі әуен, ең бастысы, әншінің орындау нақышы мен ерекше дауысы аудиториясының ауқымын күн сайын кеңейтіп отырғаны айдан анық. Біз бүгін  ағамыздың өнері жайлы сөз қозғамақ емеспіз. Әншіні сахнадан қаншалықты жиі көрсек те, оның есейіп, ер жеткен жолындағы тағдыры туралы  толық білеміз бе?  Осы орайда, Рамазан Стамғазиевті сөзге тартып көрген едік.

... Мен 1985 жыл мен 1987 жылдар аралығында Ленинградта, одан кейін Петрозаводскіде әскери борышымды өтедім. Әскерді әркім әрқалай түсінеді. Ал мен үшін ел алдындағы абыройлы борышыңды өтеудегі үлкен бір мектеп болды. Онда өмірдің үлкен бір өткелінен өтіп, өзімнің қаншалықты қажырлы екеніме көз жеткіздім. Қазақта «үйінен қырық қадам аттаған адам  - мүсәпір» деп жатады. Үйден алыс кетіп, көппен бірге мен де Ленинградқа танкілі әскер қатарына келіп қосылғанымның өзі бірден есейтіп жіберді.  

Алдыңа келген дайын асты ішіп, ананың мейіріміне шомылып, жылы төсекте қамсыз ұйқыны қандырып жүрген біздерді тарп етіп бас салып ала таңнан, қара кешке дейін жұмысқа жегіп жіберген сәтте, ер жеткеніңді сезінесің. Бұл жерде сенің сана-сезімің туған ел мен туған жердің бір тасының өзі қаншалықты қадірлі екенін, оны қорғау азаматтық борышың екенін ұғып шығады.  Уақыттың, қамқорлықтың қадірін түсінесің. Өмірдің үлкен бір мектебінің есігін ашып, табалдырығын аттағаныңды сезесің. Бір сөзбен айтқанда балалық пен шалалықтан даналыққа қарай қадам басасың.

                                     

***

Әскерде бәрі басқаша болатын.  Ауылда спортпен мүлде айналыспаған балалар бұл жерге келіп таяқты жеп, ұрысты естіп, шыны керек, екі жылдың ішінде не адам қатарына қосылып зіңгіттей жігіт болады, не сол таяғын жеген күйі еліне қайтады. Бастапқы кезде таяқты біз де жедік. Түннің бір уағында тұрғызып алып,  орысшалап әкеткенде, түк түсіне алмай дал боламыз. Әскери жарғыны білмегендерді ұра жөнеледі. Ол ережені бір ай бойы тұрған орнымызда, жұмыс істеген жерімізде, жатсақ та, тұрсақ та қайталап,  жаттап алдық.

 

  *****

Әскерде жүріп темекі тартуды үйрендім. Бәр сәт қимылсыз тұра алмайсың. Таңның атысымен жүгіресің,  қара жұмыс істейсің, әйтеуір, әбден қажисың. Арасында темекі шегіп, демалуға мұрша береді. Сондайда бір сержант:  «Солдат, почему не куришь?» деп сұрады. «Я не курю» деймін.  –«Тогда работай!» деп жұмысқа қайта салады.

Бір күні қуланып, аздап демалмақ болып, қолыма бір беламорканы алып тұтаттым. Түтінді ішке қарай сору керек. Оны қайдан білейін, тұншығып, шашалып, қақалып, өліп қала жаздадым. Сол күні темекіні тастап кеттім. Осылайша әскерде жүріп темекі тарттым да, тастадым да.  

 ***

Әскерде жүрген кезімде әкем артымнан домбыра салып жіберіпті. Сол домбыраны кеткенше тарттым. Ол кезде бір ротаға жауап беретін старшина едім. Әнді де саламын, күйді де тартамын. Көбісі риза болады. Домбыра төрде ілініп тұратын. Кейін Қазақстаннан мықты-мықты төрт-бес жігіт келді. Солардың ішінде домбыра шертетін біреуі бар екен. Соның беделі асқақтап жүрсінші деп, домбырамды сыйға тартып кеттім.

 

                                                                                                    Серікгүл СҰЛТАНҚАЖЫ 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана