ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы

Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің көшбасшысы

«Семей сынақ ядролық полигонын жабу туралы» Президент Жарлығының шыққанына биыл 26 жыл болды. Кеңестік әскери арсеналдан мұра болып қалған әлемдегі төртінші ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тарту жөніндегі өркениеттік маңызы орасан тарихи актіге 1991 жылы 29 тамызда қол қойылған еді.

Семей сынақ ядролық полигоны жабылған соң, Ресейдің Жаңа жердегі сынақ полигоны, АҚШ аумағындағы америкалықтар мен ағылшындар ядролық сынақ өткізіп келген «Невада» полигоны, француздардың Тынық мұхиттағы полигоны және қытайлықтардың Лобнор ядролық сынақ алаңы өз жұмысын тоқтатты. Жер шарының кез-келген нүктесіне жетерлік бір мың екі жүз ядролық оқтұмсығы бар 110-нан астам баллистикалық зымыранды құрайтын мөлшері жағынан әлемдегі төртінші ядролық әлеует АҚШ және Ресеймен бірлесе отырып, залалсыздандырылды. 2006 жылдың қыркүйегінде аймақтағы өзге де елдермен бірге Орталық Азияны ядросыз аймақ деп жариялаған Семей келісіміне қол қойылды. Келісімге қазірдің өзінде 200-ге жуық мемлекет қосылып, 150-ден астамы ратификациялады.

   Бүгінде полигон территориясында өлі тыныштық. Тірі жан жоқ. Дәл осы жерде 1949 жылы қуаттылығы 20 килотоннаға жететін Семей полигонының тарихындағы ең бірінші ядролық жарылыс жасалды дегенге сену қиын. Алғашқы атом жарылысынан тек Семей облысының 200 мыңнан астам тұрғыны 100-ден 200-ге дейінгі рентген шамасында радиация алды. Аса күшті зарядты жарылыстар кезінде радиация мөлшері 300 рентгенге дейін жетті. Соның салдарынан 1949-1963 жылдар аралығында 2 млн астам адам айықпас дертке ұшырады, иә болмаса бақилық болды. Кеңес Одағының ядролық тарихы басталатын бұл жердің радиациялық фоны рұқсат берілген мөлшерден мың есе артық. Бұл – полигонның ең лас нүктесі, мамандардың тілімен айтқанда ядролық сынақтардың кіндігі. Аса қауіпті жер – атом көлі. Оның төңірегіндегі жағдай сын көтермейді. Радиациялық мөлшері әлі күнге дейін 500 микрорентген, яғни белгіленген нормалардан ондаған есе жоғары. Көлдің жанындағы жердің радиобелсенділігін арнайы құралдар да анықтап отыр. Семей полигонына қатысты тағы бір мәселе – скважиналар. Жер астында жарылыс жүргізілген жер – скважинаның тек қана «Балапан» алаңында жүзден астамы бар. Кезінде бетондалған болатын, қазір күл-талқаны шыққан. Ал, қолдан жасалған су қоймасы Дегелең маңында 1965 жылғы термоядролық заряд жарылысының нәтижесінде пайда болды. Бұл халық шаруашылығының қажеттілігіне бағытталған бірінші өндірістік жарылыс еді. Су қоймасы еліміздің шөлді аймақтарына мал мен өсімдікті суаруға көмектеседі деген жоспармен салынған. Қуаты 140 килотоннаны құрайтын сынақ 178 метр тереңдікте болды. Полигонның жерін зерттеу жұмысы 2009 жылы бюджет бағдарламасының шеңберінде қолға алынып, 18 жарым мың шаршы шақырымның 7 мыңы зерттелді. 20 шақырымнан радиоактивті ластанудың жоғары деңгейі анықталып отыр.

   Николай Исаев, коммерциялық емес ұйымдардың Семей қауымдастығының вице-президенті: «Объективті түрде қарайтын болсақ, полигон жерін халық шаруашылығына қолдану жөніндегі шешімді Ұлттық ядролық орталық қабылдамайды. Бұл МАГАТЭ-нің сараптамалық тұжырымдамасынан кейін мемлекет жетекшісінің құзырындағы шаруа. Курчатов қаласында «Ядролық жарылыстардың мониторингі және оның зардаптары» тақырыбында өткен 6-шы халықаралық конференцияда ресейлік ғалым Борис Голубев Қазақстандағы әріптестерінің зерттеулерінің әлемдік қауымдастық үшін жариялылығын үлгі етті. Сөзінің жаны бар. Себебі, сол басқосуда АҚШ-тың Невадасы мен Францияның Сахарасында, Өзбекстанның Сырдария мен Амудария өзені арасында және Түркмения аумағында болған бірқатар жарылыстар туралы бірде-бір баяндама болмады. Жергілікті халықтың денсаулығын жақсартуға арналған халықаралық медициналық орталықты құруға үнемделген қаржының біраз бөлігін қарастырған жөн.Бұған қоса халықаралық қор құрып, оған сынақ жылдары полигон аумағын мекен еткен әрбір тұрғын мен ұрпағының, әрі олардың денсаулығына қатысты толық мәлімет тіркелсе дұрыс болар еді».

   Мэлгис Метов, антиядролық «Невада-Семей» қозғалысы жанындағы  арнайы топта әскери қызмет атқарған жауынгерлердің комитет төрағасы: «Мен үшін полигон басына келу – өткенге оралу. Алғаш рет атом көлінде электромагнитті сәуле тобында қызмет еткенде жас жауынгер едім. 1962 жылдың 6-шы тамызында болған жарылысты өз көзіммен көрдім. Отбасыма оралған соң науқастанып, көп ұзамай мүгедектігіме байланысты зейнетке шығуға мәжбүр болдым. Денсаулығым мүлдем жарамсыз болып қалғандықтан, дәрігерлер күрделі ота жасады. Өткен өмірді мәңгілікке жадымнан өшіріп, ешқашан еске алмауға бел буған едім. Бірақ, талай жолдастарымның ауруға шалдығуына және жастай дүниеден озуына себеп болған жерді тағы бір мәрте көріп қайтуға шешім қабылдадым. Ядролық қару жарылғанда куә болғаныма әлі күнге дейін сене алмаймын. Арнайы топта әскери қызмет атқарғандардан көзі тірі қалған мен ғана».

   2012 жылы 29 тамызда «Ядролық сынақтарға тыйым салудан – ядролық қарусыз әлемге» халықаралық конференциясында ел Президенті Н.Ә.Назарбаев: «Ядросыз әлем бұл – ядролық энергияны әскери мақсатта пайдалануға толық тыйым салу деген сөз. Менің Жалпыға ортақ Ядросыз әлем декларациясын талдап, қабылдау жөніндегі ұсынысымның мәні де осында. Мен осы идеяның тұрақты жақтаушысы болдым және солай болып қала беремін. Ядролық қару – адамзат үшін өз-өзіне ажал шақыру. Ядросыз әлем – ол адамзат ұмтылуға тиіс біздің ортақ мақсатымыз. Дәл осы мақсат үшін Қазақстан бүгінде халықаралық «АТОМ» жобасын іске қосты. Жобаның атауы ағылшын тіліндегі – «Abolish Testing. Our Mission» – төрт сөздің бірінші әріптерінен тұрады, «Сынақтарды Жою. Біздің Миссиямыз» дегенді білдіреді» дей келе, барша ізгі ниетті адамдарды «АТОМ» жобасын қолдауға және ядролық қарусыз әлем құруды біздің ең маңызды мақсатымызға айналдыруға шақырды.  

   Бүгінгі Қазақстан – ядролық қаруға қарсы күрестің әлем мойындаған  көшбасшысы. Кешегі ядролық сынақтардан зардап шеккен жерде бүгін атом энергиясы бейбіт тіршілік және прогресс мақсатына пайдаланылып жатыр. Ұлттық ядролық орталық және ядролық технологиялар паркі базасында кемел келешекті инновациялық жобалар да іске асырылуда. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан – ірі ядролық державаның кейінгі ұрпақтың бейбіт болашағы үшін жаппай қырып жою қаруын жинақтаудан бас тартудың айшықты үлгісін көрсеткен мемлекет.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах

Армейские международные игры-2017: итоги в цифрах