Қаранар: Журналист Ерғазы Әсембековты еске алу

Ол Ерағаң еді. Ераға (Ерғазы Әсембеков) ешкімді жатсынбады. Қара шаңыраққа келгендерді құшақ-жая қарсы алып, арқа-жарқа әңгімелесіп, бір жасап қалатын-ды.
Оны бізге де тәлім етті. Көпшіл еді. Кеңдігінен кем болмады. Бәріне көніп, қиынды жеңгенмен,  дертіне шипа таппады. Ақыры ажалдың құрығына ілікті. Ол кісіден біз қапелімде айрылып қалдық.
Бітім-болмысы бөлек, адамдығы биік Қаранардың қайтпас сапардан оралмайтынын білгенде өзегіміз өртенеді. Сағыныштан сарғайған естеліктер ғана мұндайда дем береді...

Дариға-дәурен!..  – дейтін аға қайда бізге енді?!

 

... Аққу-қаз әуелейді қалықтаған,

Қайтейін қанатым жоқ, қалып барам.

Жүрегім құс боп ұшып кетті-ау бірге,

Жылатып жалғыз қалай алып қалам?

Дариға-дәурен!...

 Осы бір мұңлы, әуезді әуенді естігенде жүрегім «шым» ете қалды. Көзге еріксіз жас үйірілді. Бұл, бұл Арай айтпақшы, Ерғазы ағаның сүйіп тыңдайтын әні еді ғой...

– «Пай-пай, Рамазанның қоңыр әуезді даусы-ай! Жаныңды баурап алады-ай», – деп әнге талай тамсанып отырушы еді аға біздің. «Бұл Рамазан – Жәнібек пен Қайраттың ізінен ерген дарынымыз. Дәстүрлі әнді қалай айтады, сал-сері жігіт қой» деп бізге қарата сөзін жалғаушы еді. Сөйтеді де, бізге «Маған осы Рамазан шырқайтын «Қапездің әнін» тауып беріңдерші», - деп бәрімізге қолқа салады.

Иә, ән десе ағаның шығарға жаны бөлектің. Жұмыста көңіл-қошы болса, ыңылдап жүріп, түгел істі тыңдырып тастайтын.

 «...Көк Тудың желбірегені... Таласса жан мен Ту, Жан емес маған керегі...», деп бұл әнге де қосылып қоюшы еді. «Қандай жүректі тебірентер сөз, ә! Керемет! – деп қойып, макетті әп-сәтте-ақ сызып тастайтын.

Ал, мерекелік отырыстарда  Ераға қолға домбыра алып, өзі білетін әуенге келтіре, жай ғана дауысымен әнге басатын. Сосын «Сәби болғым келеді-ау, сәби болғым...» – деп дауысын кеңге сала шырқаушы еді.

«Сәби болғым келедіден» шығады. Ерғазы ағаның ол кезде 90 жастағы анасы тірі еді. «Ой, шіркін, демалыста ауылға барып, шешемді иіскеп, құшағына еніп қайтпаймын ба?! 60-қа келсем де 90-дағы шешем бар менің» деп мақтанышпен айтатын.

 Сол анасы биыл қайтты. Барып, перзент аманатын өтеп те келген еді ағамыз. ...

«Шешемді ақтық сапарға шығарып саларда сөз сөйлеп тұрып, көзіме жас іркіліп келіп қалғаны. Ұят-ай, алпыстан ассам да жас балаша көңілім босағаны-ай. Сол жерде тұрғандар «Ей, мына Ерғазы бос екен, нағашыларына тартып кеткен екен ғой» деп жатты» - деп бізге айтып келген еді...

Бізге – ұжымға айтар жөні бар еді ағаның. Өйткені, Ераға қай-қайсымызды болсын жақын тұтты. Ұжымдағы ерлерімізді ұлындай, қыздарымызды қызындай көрді. Бәрімізге пана болды. Көтермеледі, еркелетті.

Біз ол кісінің арқасында «Паң Ерлібай», «Найманның қасқыр қызы», «Жаңаарқаның жәман қызы» дегендей  жанама ат та иелендік. 

«Міне, бетке мына материалдарды былай орналастырамыз» деп,  макетті сызып тастап, оны үлкен басымен басшы болса да, алдымызға әкеп беріп, «ал, іске кіріс, Жаңаарқаның жәман қызы» деп қоятын. Кейде «паң Ерлібай, материалдар бар ма тағы, мына Римаға беріп қояйын. Ана «найманның қызы» да бірдеңе бергелі отыр» деп жүруші еді жұмыс күндері.

        ...Осылай Ерағамен күнделікті жұмыс күндері өтіп жатты. Ол екі арада тағдыр тағы да Ерағама салмақ салған-ды. Шынар гүлі үзіліп түсті. Өзегін өртегені – қызғалдағы жас кетті. Небәрі отызда еді.

 Сөйтіп «бейнетінің зейнетін көрем» дегенде еріксіз жұмысқа қайта «оралды». Әке парызын өтеу үшін, отбасының қамы үшін.

«Е-еех, шіркін, дүние  жалған, бұл дүниеден өтіп жатқандар көп,  жүректері тоқтап. Кетеміз де қалармыз біз де бір күні» деп күрсініп отырушы еді сол шақта. Біраздан соң «Қой, қызымның қырқын өткізіп, бейітін көтеріп алайын, кетем сосын Алматыма кемпірімді алып» деп қайта жұмысқа кірісетін.

Бір жылда бір емес, екі ет-жақынынан айырылу оңай тимеді Ерағамызға.  Десек те, мойнына артылған жауапкершілік жүгін еш түсірмеді. Денсаулығы сыр берсе де шыдады.  Газет пен журналдың уақтылы шығуына бар күшін салды... Демалысқа шыққанға дейін...

Демалыстан оралатын күнді күтіп жүргенде... суыт хабар жетті... Сенбедік, дұрысын айтқанда, сенгіміз келмеді.  Қимадық, қимаймыз да... Бірақ амал бар ма! «Дариға, дәурен... дүние жалған...» деп тамсанатын, күрсінетін Ерағамыз жоқ бұл дүниеде... 

«Сарбаздықтардың» әкесі – Ераға, қамқор аға, Жан аға!!! Жатқан жеріңіз жайлы, топырағыңыз торқа, жаныңыз жәннатта болсын!

                                                                                   26 маусым 2014 жыл.

                                                

***

 

Еріксіз Ерағаны іздейміз....

 

«Кім қалады дейсіз бұл фәниде. Пенде шіркіннің пешенесіне бақилық дүние жазылған. Адамзат баласы ғамал кітабын жапқан соң оның сауап кітабы парақталады».

Тіршіліктен дәмі таусылған марқұм Ерағаның сөзі еді бұл. Бар ғұмырын баспасөзбен байланыстырған Ераға – Ерғазы Әсембековті білмегендер кемде-кем. Соңғы демі таусылғанша «Сарбаздың» жүгін арқалаған «Қаранарды» кешегі оқырмандар да ұмыт қалдырмаған болар...

Біз ол кісіден осыдан екі жыл бұрын қапыда айрылдық. Асқар таудай әкеден айрылған ұл-қыздай болдық. Өкіндік, қайғырдық, одан соң ес жидық. «Тірі адам тіршілігін жасайды» дегендей, өмірімізді жалғадық. Дегенмен, көңіл түкпірінде Ерағаңа деген сағыныш үдемесе, кемімеді.

Сағынамыз, еске аламыз, қамығамыз. Ой түйеміз. «Жақсының аты өлмейтініне» көз жеткізіп, жадымызда қайта жаңғыртамыз...

Әлі есімізде, осыдан жеті жыл бұрын ең алғаш редакциямызға енген Ерағаның бейнесі. Наурыз айы болатын. Ерлеріміз қыз-келіншектерді – бізді құттықтап жатыр еді. Есіктен орта бойлы ел ағасы кіріп келді. Енген бетте сол тұста тұрып қалды. «Келіңіз, төрлетіңіз» деп жатырмыз. «Ай, маған осы орын да жетеді» деп, орнында қала берді. Сөйтсек, ол кісі бізге жаңадан келген басшы екен. Аты-жөні – Ерғазы Әсембеков. Бұған дейін  осы Астанадағы «Астана ақшамы» газеті мен «Астана», «Алтын тамыр» журналдарында қызмет етіпті. Алматы өңірінде дүниеге келген ағамыз облыстың  «Жетісу», «Алматы ақшамы» газеттерінде де тер төгіпті. Қаламы ұшталған қарымды журналистке ендігісін «Сарбаздың» басшылық тізгіні бұйырған екен.  

Сөйтіп, Ерғазы аға бас редакторлық жұмысқа кірісті. Әдетте жаңа басшы келсе болатын ауыс-түйіс бізде орын алмады. Ешкімді әкелмеді, ешкімді кетірмеді. Бір-бірімізді бөле жармады. Қайта бәрімізді ұжым қылып ұйыстырды. Білгенін үйретті, білмегенге жол сілтеді. Шығармашылыққа шыңдады, құндылыққа құнттады.

Тым қарапайым болды. Келгеннен «төр менікі» демеген ағамыз «креслоны» да жатсынды. «Ай, маған мынау да жетеді» деп жай орындыққа жайғаса кететіні бар-тын. Кеудемсоқтықты жаратпайтын. Мақтангерлікті аса қаламайтын. Қаранарға артылатындай жүк артылса да, «мен ананы, мынаны істедім» деп жар салмай, үндемей-ақ өз жұмысын тыңдыратын. Ағамыздың сол тұрпаты бізді де солай болуға үйретті.

Адамдықтың үлкен өлшемі де осы кісіде еді. Игі жақсылығы мен жанашыр қамқорлығы таңды таңға атырып айтатындай.

...Несие алмайтын қазақ жоқ қой бұл күнде. Сол несиені төлейтін кезіміз келгенде біз емес, алдымен сол кісінің «жаны шығып кететін». «Кредит төлейтін кездерің келді ме?» деп арасында сұрап қойып, шамамыз жетпесе, қаражаттан қарайласатын еді. «Мынаны алып, несиелеріңді төлеңдер, уақтылы төлемесеңдер ол дегенің пәле» деп, қолдағысын аямайтын.

Адамның көңіліне кірбің түссе тез байқап қоятын қасиеті де бар болатын. Бірде корректор апайымыз жұмысқа салы суға түсіп келді. Көңіл-күйі жоқ. Соны көрген Ерғазы аға мені шақырып алып: «Рима, апайыңның терезеге қарап тұрғанын көрдің бе? Бір мұң бар. Апайыңды алып, шай ішіп, мұңын тарқас» деп сырласу шайына жіберді. Ортамыздағы бір қыз қиыншылыққа тап болғанда да: «Қызым, аз уақытта жүдеп кеттің, өз өзіңе кел. Кімнің басынан не өтпей жатыр, оның басы да, соңы да сен емессің. Көтер басты, қызым!» деп, демегені тағы бар...

...Айта берсек, Ераға туралы естелік көп. Адал болу, кісі ақысын жемеу, қиянат жасамау тәрізді асыл қасиеттерді ағамыздың бойынан көрдік. Көрдік те көңілге түйдік. Кейде қоғамда бұдан ада адамдарды көргенде еріксізден Ерағаңды іздейміз...

                                                                                                                   2016 жыл.

 

 

***

 

 

Үш жыл өтті. Ерағаның орны ойсырап тұр. Кейінгі жылдары онысы тіптен білінеді. Білетіндермен тілдесе қалсақ, аузымызға оралатын осы есім. Күні кеше Алманы көргенде де игі жақсы сөз болды.  Бір ауық қара жамылған сол күн көз алдыма келіп, көңілімнен кетпей қойды...

Әдеттегідей жұмыс күні еді. Таңертең байланыс телефоным шыр етті. Алма екен. Амандықтан соң бірден: «Ерғазы ағаныкіне қашан барамыз?» деді. Ол кезде кезекті демалысқа кеткен ағамызды асыға күтіп жүргенбіз. Денсаулығы болыңқырамай да жүр еді. Оралған соң хал-жағдайын білмек ниетте едік.  Соны меңзеп тұр екен деп ойладым.

– Аға Алматыдан келіп пе?» дедім жайбарақат. 

– Естімеп пе едіңіздер, Ерғазы аға қайтыс болды ғой.

– Түсінбедім. Қашан, қалай?

– Түнде.  Заринадан естідім, жүректен қайтыпты.

Алма Ерғазы ағаның қайтқанын естірткенде жанымда Арай бар еді. Орнымыздан ұшып тұрып, өзгелерге жеткіздік. Андрей де, Ерлібай да сенбей дал. «Қазір тұра тұрыңдаршы, дұрыстап біліп алайық» деп, сабырға шақырып, білетіндерге телефон шалып, жан-жақтан сұрау салып жатыр. Көбісі хабарсыз. Көңіл шіркін сенбегенмен, біраздан соң естігеніміз шын екеніне көз жеткіздік. Осылай таңертең жеткен суыт хабар редакция ұжымын қара жамылтты.

 

***

 

Қазір жүрек жадау. Жағымсыз жайттар көңілге жақпайды. Кезінде ондайды сезінбеп ек. Жақсылықтың дәнін сепкен Ераға еске түседі ондайда.

Креслоқұмар емес еді. Пайдакүнемдігін де көрмеппіз. Кісіге деген қиянаты мүлдем жоқ еді. «Әділетсіздікті көп көрдім» деп отыратын. Содан кейін бе, әділ әрі жомарт басшы болды. Әкелік қамқорлығын бір кісідей көрдік.

Адамдығын айтсаңызшы. Кең жүректі ұлы адам дер ем! Ондай жанды кезіктіру енді екіталай...

                                                                                               2017 жыл

P.S. Айтқадыр ағамыз айтқандай, макеттің «майын ішкен», жауапты хатшылықтың биігіне шыққан Ерғазы Әсембеков ғұмырының 45 жылын журналистік салаға арнады. Кейінгі бес жылы «сарбаздықтармен» өтті. Соңғы ғұмырын «Сарбазға» сарп еткен Ерғазы Әсембеков 2014 жылдың маусым айының 22-сі күні дүниеден озды. 


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"