Панфилов дивизиясының даңқты жауынгерлері

Екінші дүниежүзілік соғыста генерал-майор И.В.Панфилов атындағы атқыштар дивизиясының 34 жауынгері Кеңестер Одағының Батыры атанды. Дивизияның 1077-ші полкінің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шепте болған мерген Төлеуғали Әбдібековтің, 275-ші полктың автоматшылар ротасының жауынгері Төлеген Тоқтаровтың Отанын қорғау жолындағы ерліктері еліне мәңгілік мұра болып қалады.

Теңдесі жоқ мерген

   Төлеуғали Әбдібеков 1916 жылы Семей облы­сының Жарма ауданында Әбдібек Насырханның әулетінде дүниеге келген. Төлеуғали Әбдібеков 1942 жылы Панфилов атындағы дивизияның 1077-ші полкінің Калинин майданындағы қысқы шабуылдары басталғанда ең маңызды алғы шепте болды. Әсіресе, үш мерген: Төлеуғали Әбдібеков, Әбіл Нүсіпбаев және Мамадалы Мамадинов ерекше көзге түсті. Алматыдағы атқыштар клубынан өзара таныс Әбдібеков пен Нүсіпбаев соғыста да жұп жазбас дос болды. Екеуі де сұңғақ бойлы, аққұба өңді, бір-біріне ұқсас еді. Төлеуғали Әбдібековтің айрықша ерлігінде Әбілдің де үлесі болды. Өйткені олар өздері жасаған құпия атыс ұяларында көбіне бірге жүрді. Неміс мергендерінің жасырынып жатқан жерін білу үшін бірі ағаш қуыршаққа каска кигізіп, әрі-бері қозғалтатын, екіншісі винтовканың оптикалық приборымен қас қақпай аңдып жататын. Мұндай айладан жаудың құтылуы қиын еді. «Социалистік Қазақстан» газетінің 1943 жылғы 6 шілдедегі санында «Ел сенімін ерлікпен ақтаймыз» деген тақырыппен арнаулы бет берілген. Беттің кіріспесінде майданнан келген панфиловшылар делегациясы мүшелерінің дивизияның ерлік істері жайлы сөздері жарияланып отырғаны айтылған. Осы бетте Әбіл Нүсіпбаевтың суретімен қоса «Тәсіл-айла – тапқырлық» атты мақаласы беріліпті. Онда былай делінген: «Мерген болу оңай емес, ең ақырғысы, аң аулауға да шеберлік, тәсіл-айла керек. Айлаңды асырып, тәсіліңді өткізіп, тапқырлық жасамасаң қоянды да қолға түсіре алмайсың. Мерген аталарымыз жалғыз қурайды жамылып, бір бұтаның тасасын таудай қалқан қылып атады екен. Оның үстіне атуды білу, жатуды, көлбеуді, көсілуді білуде де көп мән бар. Бір күні Төлеуғали Әбдібеков екеуіміз тосқауылға шықтық. Жатқан жерімізді жан біліп болар емес. Шөппен шөп болып алғанбыз. Немістер де қарап жатқан жоқ, олар да бізді аңдуда. Қалт етсең болды, мүлт жібермейді. Сондықтан да оларды алдап түсіру арзан айлаға түспейді. Олар да білінбеуге тырысып, жапырақты жамылып жатып алды. Бөренеден кесіп жасаған «адамды» отырғыздық. Басына каска, үстіне шинель кигіздік те, екі жағына екі ұзын телефон желісін байлап, екеуіміз кезек-кезек тартып отырмыз. Бірде маған қарай, бірде Әбдібековке қарай ырғатылып жүріп тұрған «адамды» неміс мергендері төпеп атып жатыр. Бірақ ақымақтар «ағаш адамды» құлата алмады. Оқ болса сартылдап өтіп жатыр. Міне, біз осы әдіспен олардың қайдан атып жатқанын сезіп алдық та, қарсы шабуылға көштік. Осы жолы айлалы екі неміс мергенін қалпақтай ұшырдық». Төлеуғали Әбдібековтің нысананы дәл тигізіп атуы фашистердің зәресін алды. Оны «Қара өлім» деп атады. Ең таңдаулы деген фашист мергендері оның соңына түсті. Бірақ Төлеуғали оларды бір-бірлеп құртты. Кеңес Армиясының мерекесі қарсаңында жаудың асқан шебер мергенімен жекпе-жек болды. Бұл уақытта Төлеуғали суық тиіп, сырқаттанып жүрген. Оңтайлы сәтті пайдаланып неміс жауынгері бірінші болып Әбдібековке оқ атты. Гвардия аға сержанты ауыр жараланғанына қарамастан, фашистен кегін алып үлгерді. Төлеуғали Әбдібековтің өмірі 1944 жылы 23 ақпанда, 26 жасында қыршынынан қиылды. Сүйегі Калинин облысындағы Насва стансасының түбінде жерленген. Тек №2916 нөмірлі снайпер винтовкасы ҚР мемлекеттік мұража­йын­да сақтаулы тұр. Назар аударатын тағы бір жәйт, Төлеуғали Әбдібеков екінші дүниежүзілік соғыста ең мықты мергендердің тізімінде 14-ші болды. Панфилов дивизиясының мергені Төлеуғали Әбдібеков 395 немістің көзін жойып, 32 мергенді тәрбиелеп шығарды. Мәселен, снайперлерден В.Г.Зайцев, Н.В.Ковшова, М.С.Поливанова, Л.М.Павличенко және басқалары Кеңес Одағы Батыры атағын өлгеннен соң алған. Солардың ішінде Ф.А.Смолачков – 125, В.Г.Зайцев – 255 жауды жойған. Ал, қазақ мергені 395 фашисті, яғни бір батальон жауды құртқан. Бірақ, немере ағасы Кемелбай Насырхановтың саяси қуғын-сүргінге түскенін жасырмай жазғаны үшін Төлеуғали Әбдібеков Кеңес Одағының Батыры атағын ала алмады.

 

Шынайы патриотизмнің үлгісі

   Төлеген Тоқтаров жастайынан Риддер қаласындағы қорғасын зауытының жинау-рафинация цехында еңбек етті. Майданға 1941 жылдың желтоқсан айында шақырылды. Мінезі өткір, намысшыл, өтірік пен сатқындыққа жаны қас, әрі көзсіз ерлікке құштар Төлегеннен комиссия мүшелері: «Қай бөлімге барғың келеді?», - деп сұрағанда, «Қай бөлімде жауды көп құртуға болады, мені сонда жіберіңіздер», - деп жауап қайтарған екен. Артиллерияшы болу үшін Алматының Ыстықкөл көшесінде орналасқан Байланыс техникумында жаттықты. Көп ұзамай генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316-шы (8-ші гвардиялық) атқыштар дивизиясының құрамына қосылып, 275-ші полктың автоматшылар ротасының жауынгері атанды. «Ажалдың көзіне тура қара. Кірпік қақпа. Сонда сенен ажал қорқады, сен жеңесің!». 22 жастағы қазақ жігітінің осы сөзі қаруластарын ерекше жігерлендірді. Төлегеннің майдандағы ерлігін көзімен көрген, сол бөлімнің саяси жетекшісі, Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин өз естелігінде былай деп жазды: « 1942 жылдың 9 ақпаны. Түс кезінде немістер қайта шабуыл жасады. Бұл жолы немістердің шабуылына бүкіл батальон автоматшылары аттанды. Нағыз күшті соғыс басталды. Шайқас кезінде оқ дәрісі таусылған Төлеген ішінен ауыр жараланды. Төлеген «әуп» деп орнынан атып тұрды да, салбырап шыққан жаралы ішегін қарнына қысып, автоматын қолына ала жүгірген бетімен неміс офицерінің қақ басынан періп жіберді. Офицерді жайратып салып, қайта орала бергенде жаудың қайта атылған пулемет оғы оның кеудесіне тиді. Есіл ер Төлеген осындай ерлік өліммен қаза болды. Төлегеннің сүйегі Бородиноның күн шығыс шетіндегі төбеге жерленді. Қоршаудың қақ ортасындағы биіктігі 4 метр мәрмәр ескерткішке мынадай сөздер ойылып жазылған: «Бұл жерде Ұлы Отан соғысы жылдарында қаза тапқан кеңес жауынгерлері жатыр. Олардың арасында Кеңес Одағының Батыры Төлеген Тоқтаров бар». Дивизияның «Отан үшін» газеті ержүрек автоматшының бір тәулік ішінде жаудың 150-ден астам әскері мен офицерін жойғаны туралы жазды. Батыл да бекем қимылдайтын Төлеген жауынгерлерді сан рет жауға бастап шыққан. 1942 жылы 5 ақпанда Т.Нагаткино селосына алдыңғылардың қатарында кіре отырып, жаудың 7 әскерін жойып, екеуін тұтқындады. 1942 жылы 9 ақпанда Бородино селосы үшін болған кескілескен ұрыста рота жауынгерлері жаудың қарсы шабуылынан бас көтермей, әрі дұшпан мен ротаның ара қашықтығы 100 метр қалғанда ол қасындағы төрт жауынгермен алға ұмтылып, ротаны шабуылға бастады. Жау кейін шегінді. Төлеген Тоқтаров қаһармандық пен батылдық көрсетті. Кеңес Одағының Батыры атағы қайтыс болғаннан кейін берілді.          

   Төлеген Тоқтаров жайында туындылар Төлеген Тоқтаровтың Нагаткино, Соколово, Трошково, Бракловицы, Траково елді-мекені үшін ұрыстарда ерекше көзге түскенін, Бородино селосын қорғауда жаудың әскери бөлімінің штабына еніп, 5 неміс офицерінің көзін құртқанын, бірнешеуін тұтқынға алғанын, бірнеше күнге созылған осы ұрыста қаһарман ұлдың қаза тапқанын баяндайды. 8-гвардиялық Панфилов дивизиясының атқыштар полкінде  жүргенде өнерпаздардан концерт бригадасын ұйымдастырған Мәскеу мемлекеттік консерваториясының студенті Рамазан Елебаев (1910-1943) Төлеген Тоқтаровқа арнап «Жас қазақ» ән-реквиемін жазды. Майдандағы жауынгерлерге концерт бригадасымен барған әнші Жүсіпбек Елебеков туындыны автордың өз аузынан үйреніп алған екен. Арнау сұрапыл майдан суретін, сол майданда жауға жай оғындай атылып, оны арыстанша жаныштаған Төлеген Тоқтаровтың сыртқы келбетін, ұлан-асыр ерлік қимылымен қатар оның асқақтаған арманын, әрі биік, әрі кең, әрі жарық жан-дүниесінің үлкен романтикасын әсерлі де айқын, дәл де жарқын бейнелейді.

Екінші дүниежүзілік соғыста Кеңес Одағының Батыры атағын алған 497 қазақстандықтың 109-ы еліміздің шығысынан болады. Яғни, батыр атанған әрбір бесінші адам Шығыс Қазақстан облысының тумасы. Олардың ішінде жоғары әскери атақтың ең алғашқысы Төлеген Тоқтаровқа берілді. 


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"