Оспан батырға ұрыс тактикасын ұқтырған кім?

Оспан батырға ұрыс тактикасын ұқтырған кім?

Годфрей Лиас атты ағылшын дипломаты және журналисті 1956 жылы Лондонда басылып шыққан “Kazakh Exodus”, яғни “Қазақ босуы” атты кітабында Оспан батырды жастайынан соғыс өнері мен тактикасына Бөке батырдың баулығанын келтіреді.

Кітапта Оспан батыр туралы жан-жақты мәлімет беріледі. Бұл кітапты Оспан батыр туралы шетелдерде көлемді мәлімет берген алғашқы еңбек деп айтуға болады. Онда сонымен қатар Түркиялық көш жетекшілері Қалибек әкім, Хамза Шөмішбайұлы, Сұлтан Шәріп Тәйжі, Құсайын Тәйжі туралы көптеген мәліметтер келтіріледі.

Оспан батырдың есімін алғаш рет Түркия қазақтарынан естіп білгенін айтқан Годфрей Лиас Түркияның Қайсары қаласына орналасқан Құсайын Тәйжі аулына барғанда батыр туралы ақын Қарамолла Сейітханұлының әңгімелеп бергенін мәлімдейді. Қарамолланың осы кездесуден аз алдын ғана Оспан батыр жайында бір дастан жазып шыққанын атап өтеді. Осы дастанды магнетофонға да жазып алған автор Оспан батыр шәйіт болғанына жаңа ғана бес жыл толса да ол туралы аңыз-әңгіме шежірелердің бұл қазақтар арасында айтыла бастағанын келтіреді.

 

1987 жылы Түркияның Ыстамбұл қаласында қайтыс болған Қарамолланың отбасына хабарласып осы дастанды сұрадық. Өкінішке қарай, Қарамолланың үлкен ұлы Сұлтан ол дастан қолжазбаның болғанын, бірақ 1990 жылы Баркөлден келген нағашысының қадала сұрап оны кітап қып Үрімшіде шығаратынын айтып алып кеткенін айтты.

 

Годфрей 1956 жылы басылып шыққан еңбегінде Оспан батырдың балалық шағынан тұтқынға түскен 1951 ақпан айына дейінгі өмірі мен күресін жан-жақты баяндайды. Әрине, кітап ол кездің, яғни бұдан 60 жылдан аса уақыт алдыңғы мәліметтері тұрғысынан алып қарағанда құнды кітап. Ал бүгінгі мәліметтер тұрғысынан онда бірқатар кемшіліктер мен қателіктердің болғаны байқалады.

Мәселен, автор Оспан батырды жастайынан соғыс өнері мен тактикасына Бөке батырдың баулығанын келтіреді. Оның бұл пікірі түрік зерттеушілері арасында да тараған. Өйткені, бұл кітап 1960 жылдары Түрік тіліне аударылып басылады. Сол себептен түрік ғалымдары арасында Оспан батырдың соғыс өнерін Бөке батырдан үйренгені жайында ұғым қалыптасқан. Біздіңше, бұл мүмкін емес, өйткені Бөке батыр Тибетте 1904 жылы ыстан қайтыс болғанда Оспан батыр небары бес-ақ жаста еді. Бұл жастағы баланың соғыс өнерін үйрене алмасы анық. Сондықтан қазақ тілін білмейтін кітап авторының Бөке батыр мен Зуқа батырды шатастырған болуы керек. Өйткені, екі есім айтылу тұрғысынан ұқсас келеді. Екі батыр арасындағы байланыстарды қарастырғанымызда ойымыздың негізсіз емес екенін байқадық.

 

Қолда бар мәліметтер Оспан батырды соғысқа үйреткен немесе батырлық тұлғасына елігіп өскен көтерілісшінің Зуқа батыр болуының әбден ықтимал екенін көрсетеді. Олар 1929 жылы қытайлар айлакерлікпен қолға түсіріп шәйіт еткен Зуқа батыр мен Оспан батыр арасында байланыс болғанын айғақтайды. Бай-манаптар мен өктем әкімдерден алып кедейлер мен жетім-жесірлерге үлестіріп берген, сондықтан қазақтың «Робин Гуды» деп атауға болатын Зуқа батырдың жас кезінен Оспанның тегін жігіт емес, кейін үлкен батыр болатынын болжағаны жөнінде де деректер баршылық.

Сонымен бірге Зуқа батыр Оспан батыр ауылымен құдандалы болып келеді. Зуқа батырдың Оспан батырдың руы молқыдан бес келін түсірген. Тіпті біреуі, атап айтқанда төртінші ұлы және бүгіндері Алматыда Райымбек аулында тұратын Арслан Тосын ағамыздың әкесі Шәдетке құда түскен келіні Салиха Оспан батырға немерелес болып келеді. Сондықтан, Зуқа немересі Пазила Сұлтаншәріпқызы Жаналтайдың бізге берген мәліметіне қарағанда, Оспан батыр Салиха апайына барып келіп Зуқа ауылымен араласып жүреді екен. Әсіресе, Шәдет балдызым деп Оспанмен әзілдесіп жүреді екен.

 

Бір күні Зуқа батыр Көктоғай Күреде тары торбалап жатқанда жас Оспанды көреді. Оның мықтылығын ұлы Шәдеттен естіп жүрген Зуқа батыр оны сынау мақсатында бір дорба тарыны арқасына салуды сұрайды. Сонда 100 кг тарыны Оспан батыр көтерген екен. Мұны көрген Зуқа бұл жігіт тегін емес, кейін үлкен батыр болады деген. Осыдан кейін арада бірнеше жыл өткеннен кейін Зуқаның жігіттері Оспан ауылының жылқыларын алып кетеді. Оспан арттарынан қуып жетіп Зуқанын үш-төрт жігітін жығып, жылқыларды алып қалады. Мұны естіген Зуқа батыр бұрынғы айтқан сөзін еске алып “Мен сіздерге баяғыда айтып едім, бұл мықты жігіт болады деп. Оны шақырыңдар” деп шақыртып шай береді. Шайдан соң Оспанға батасын берген Зуқа ауыл адамдарына “бұл жігітті құрметтеп жүріңдер” депті.

Зуқа батырдын Алматыда тұратын тағы бір немересі Арслан Шәдетұлы Тосұнмен әңгімелескенімізде Оспан батыр мен Зуқа батыр арасындағы қатынас туралы мәліметтер айтып берді. Зуқа 1929 жылы ұсталып шәйіт етілгеннен кейін Сұлтан Шәріп бастаған Зуқа ұрпақтары Шынқай жаққа ауып кетіп қалады. Арада он бес жылдай уақыт өткеннен кейін, атап айтқанда 1946 жылы Оспан батыр Алтайға уәли болғанда оларға хат жіберіп “Қайтыңдар ел тынышталды” деп Алтайға шақырады. Сұлтан Шәріп хабарды алады, бірақ өздерің шақырған Оспанның қай Оспан екенін білмейді. Сонда жездесі Шәдет “Бұл тақ менің балдызым Оспан болу керек” деп қасына үш жігіт ертіп Алтайға аттанады. Олар діттеген жеріне жақындағанда, Оспан бір төбеде отыр екен. Алыстан үш-төрт атты кісінің қарасы көрінгенде “Алдында келе жатқан Зуқаның төртінші ұлы Шөден болуы керек” дейді. Кісілер жақындағанда расында алдындағысы Шәдет болып шығады. Сонда қасындағылар “Оның Шәдет екенін сонау алыстан қайтып біліп қойдыңыз?” деп сұрағанда Оспан: “Өйткені, ол менің жақын жездем, атқа мінгенде бір аяғын алдына салып отырады” деген. Сөйтіп, 15 жылдан кейін жездесін қарасынан танып қойған екен. Оспан оларға бес атар мылтық, ат беріп еліне қайтарады.

Сонымен қорыта айтқанда, ағылшын дипломаты және журналисті Годфрей Лиастың 1956 жылы Лондонда басылып шыққан “Kazakh Exodus” атты кітабында айтқанындай, Оспан батырды жастайынан соғыс өнері мен тактикасына баулыған Бөке батыр емес, Зуқа батыр. Жоғарыда біз айтқан деректерді еске алатын болсақ, Зуқа батыр, Оспан батырға бәлкім әдейі соғыс өнері туралы тәлім-тәрбие бермеген болуы да мүмкін. Бірақ, Оспан батырдың жастайынан Зуқа батырдан бата алғаны және оған еліктеп өзіне үлгі етіп өскені ақиқат.

Әбдіуақап Қара

Профессор, тарих ғылымының докторы


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства

"Глаза разведчика": оптические приборы казахстанского производства