Өзін екіұдай сезінген жан Отан қорғай алмайды!

БІЗ ДЕ САРБАЗ БОЛҒАНБЫЗ!

Серік ЖАНБОЛАТ, журналист

Біз, Совет армиясында қызмет еткендер 23-ақпанды атап өтеміз. Ол Қазақстан Отан қорғаушылар күнін менсінбегендіктен емес. Сөз жоқ, 7-мамыр – ұлы мереке. Тәуелсіз мемлекеттің мерейлі мерекесі!
Бірақ, 23-ақпанда біздің жалындаған жастық шағымыз қалған, сүйінішіміз бен күйінішіміз, сағынышымыз бен табысуымыз бар бұл күнде. Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жүрсек те өзімізді Отанқорғаушылар сезінгенбіз. Арпалыс пен жанталасқа толы екі жылыңды қанша өзеуресең де өміріңнен, өзегіңнен жұлып тастай алмайсың. Сол себепті де ФБ-да екі мерекені шендестіріп, салыстырып жатқандарға «Әуре болмаңыздар!» дегім келеді.
Әр нәрсенің жөні бар. Біз Совет елін ұлы Отанымыз деп түсіндік. Сондықтан оны қасық қанымыз қалғанша қорғауға дайын едік. Отан деп сүйдік оны біз. Ол аз десеңіз, мен Ауғаныстанға сұранған едім. Бірақ, оған жолым түспеген соң бүкіл ротаны үгіттеп, бәріміз Ауғанға сұранып рапорт бергенбіз. Өйткені, Отанды қорғаған соң соғыста дұрыстап қорғау керек деп түсіндік. Оған ешқандай арланбаймын.
Бүгін Қазақстан дейтін ұлы Отанымды қорғау үшін сапқа тұруға әзірмін. Өйткені, Отанды қорғау деген ұлы сезім бізге сол кезде қонып қалған. Сол себепті де «Совет Одағын қорғауға әзір емес едім. Қазақстанды қорғауға дайынмын!» дейтін адамдарға мен сенбеймін. Ренжімесін! Отан қорғау сезімі «ол отанымды қорғамаймын, бұл отанымды қорғаймын!» дейтін таразыға түспейді.
Ол сезім – біреу-ақ!
Сондықтан, Кеңес әскерінде қызмет етіп, елдің әр сүйемі үшін жанын беруге әзір болған Жауынгерлерді мерекесімен құттықтаймын. Өзіңді Отанқорғаушы сезіну – бұл үлкен рух! 7-мамыр – сондай рухтың қайнары!

Журналистердің жорық әні
1984-88 жылдар аралығындағы журналистер взводы. Саптағы жорық әні ретінде: «Қара түнек серпілді, серпілді, Ұйқысынан ел тұрды, ел тұрды. Атқа мін, қазақ атқа мін, Майданға, майданға» деген әнді таңдап алғанбыз. Совет жүйесі әлі қуатты болатын.
Сондықтан бізге басқа әнді таңдап алсын деді басшылық. Біз көнбедік. Сап түзеп келе жатқанда бар дауысымызбен «Атқа мін, қазақ атқа мін!» деп өңешімізді керіп тұрып шырқайтынбыз. Өзге взводтар біздің ұран-әнімізге сүйсінетін, қолдайтын: «Сендерге қалай рұхсат берді?» деп таңқалатын. «Біз рұқсат сұраған жоқпыз. Өзіміз таңдап алдық. Бітті» дейтінбіз. Басшылық біраз сілкіп алды да, үнсіз қоя салды. Біз ұлттық рухты жорық әнін әскери жиын біткенше шырқадық. Содан кейін бәріміз автоматты қаламсапқа ауыстырдық қой.
Бірақ, жауынгердің өміріне қырсығы ұстап кіжініп жүретін Әубәкір Смайыловтың офицер боп кеткенін қайтерсіз! Нұрлан Сағымбаев полковник болып сапта жүр әлі. Жорық әнінің жалыны екеуін жақсылап шарпыса керек.

Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

Броньды машиналар кәсіпорны

Броньды машиналар кәсіпорны

БКМ "Барыс 8х8"

БКМ "Барыс 8х8"