ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Өнертапқыш Баянбай Исраилов әскери көлік құрастырып шығарды (фото)

Өнертапқыш Баянбай Исраилов әскери көлік құрастырып шығарды (фото)
Суретті түсірген Ағыбай Аяпбергенов

Ойы ұшқыр, іске берік жандар ерек бастамаларымен, тың туындыларымен көрініп жатады. Біздің бүгінгі кейіпкер Баянбай Исраилов «Барысымен» сол тізімге енетіні хақ. Толығырақ Sarbaz.kz тілшісі баяндайды.

Ол бала кезден көлік ісіне жақын болды. Мектепте оқушы кезінде мұғалімі Орынтай Жолшиев машинатану сабағын өткізіп, зейінін ашқан еді. Содан бері оған көліктің түрлері мен құрылысы, қалай жасалатыны қызық көрінді. Оның қалай іске асатынын да көзбен көрді.

«8-сыныпты бітіріп, жазғы демалысқа шыққан кезіміз», дейді сол бала кезін еске ала Баянбай аға. – Каникулды құр жібергім келмеді. Слесарь болып жұмысқа кірдім. Жаз бойы техниканың бәрін жөндеп, оның қыр-сырына үңілдім. Солай біртіндеп, көліктердің құрал-сайманын біле бастадым. Көрген-білгенімнің үстіне танымымды кеңейткім келді. Ол кезде ауыл іргесінде кәсіптік-техникалық училищесі ашылған еді, барып соған жазылдым. Онда трактор, комбайн жайында оқыдым. Сөйтіп, кең профильді тракторист-машинист маман иесі атандым. Ал, студенттік кезде (институтта оқыған шақ) алған қосымша куәлігім – комбайн механигі. Осы оқыған-түйгенім өміріме азық болды десем болады».

Иә, Қызылорданың Жаңақорғанында туып-өскен Баянбай аға өмірдің сан тарауынан өтті. Есейді, студент атанды. Автомеханик мамандығын иеленді. Одан Отан қорғау борышын өтемекке әскерге аттанды. Әскери ортаны көрді, әскери қызметті де өткерді. Сол ортада әскери көліктердің сан түріне кезікті.  Осы арада бала қиялы қайтадан серпін берді. Оның арманы өз қолымен көлік құрастыру еді. Әр әскери көлікке көз жібере қараған сайын ойға ой түйді. Бірақ оны іске асыруға полковниктің мүмкіндігі болмады. Әскери қызметтің аты әскери қызмет, бос уақыт деген тапшы. Еліміздің Ұлттық қауіпсіздік комитетінде көп жыл қажырлы еңбек етіп, кейін зейнет жасына жеткенде оған  ақыры жол ашылды.

«Ол екі арада Тараз және Петропавл қалаларынан екі адам шығып, өз қолдарынан көліктер құрастырып шығарды. Екеуі де орыс ұлтынан. Үшіншісі «мен болармын» деп іштей түйдім. Зейнетке шыққаннан баз баяғы ойымды іске асыруды көздедім. Кейін Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетіндегі (зейнеткерліктен кейін автомеханикадан сабақ береді) аға оқытушылық қызметтен кетіп, біржола осы іске көштім», дейді ол бізбен әңгімесінде.

– Мақсатым – Газ-66 әскери жүк көлігі негізінде үлкен ерекше көлікті құрастыру. Алдымен қажетті машинаны қымбаттау (4500 $) болса да алдым. Әрине, мен ойлаған іс бір адамның қолынан келмесі анық, көмекші керек дегендей, содан маман іздедім. Ақыры ол Шымкент жақтан табылып, машинаны сол жаққа жүргізіп бардым. Екі жыл сол жақта сайманын жасадым. Өлшейміз, кесеміз, жасаймыз. Ұнамаса, тағы көреміз. Сөйтіп, Газ-66 көлігінің екі кабинасын қосып, капотын бөлек, артын бөлек жасап, фантазиямен осы көлікті құрастырдым», дейді кейіпкеріміз.

Құрастырған көлікке Баянбай аға «Барыс» (Bars) деген атау берді. Олай деуінің себебі жоқ емес-ті. «Бұл сөзбен қазақ етене бітісіп кеткен. Оның үстіне, әскерде «Bars» деген әскери көлік бар. Осы типтес машина болған соң сол атауды бергенді ұйғардым және оны латынша жаздырдым», дейді өнертапқыш ағамыз.

 «Барысты» тізгіндеген бетте ол алдымен ұстазына жол тартады. Баяғы машинатану сабағынан берген Орынтай мұғалімі бар емес пе? «Сол кісі бірден ойыма түсіп, ауылына бірақ тарттым. Ореке, есіңізде ме, мен сізден оқып едім ғой. Міне, машина жасап, шығардым» деп, есік алдындағы көлігімді көрсеттім. Сол сабақтан бергенін ұмытып қалыпты, өйткені, кейінгі балаларға дене шынықтырудан беріп, зейнетке шықан екен. Көріп көлігімді аға да, ол үйдегі жеңгем де аң-таң. Мың да бір рахметімді айттым мұғаліміме. Негізі бәрі ұстазға байланысты ғой», - дейді сөз арасында ол.

Бұдан кейінгі бағыты – қарындасының үйі болды. Жиені Рамазан 9-сыныпты бітірген кезі. Баланың есінде қалар жайт болсыншы деген ниетпен, қарындасын бала-шағасымен алып, көлікпен серуендетіпті.

Баянбай аға Барысымен 3500 шақырым жолды еңсерді. Қызылорда – Жезқазған – Астана бағытымен жүрген ерекше көлікке назар аудармаған жан баласы болмапты. Кейде жол полициялары тоқтатып жатады екен. «Сіз, жол тәртібін бұзған жоқсыз. Мына машинаны көрмек үшін тоқтаттық» дейді екен олар сондайда.

Жолшыбай жүрген кезде тізгінші көлігін сынап та қояды. «Әрбір жүрген жерімді жазып жүрген қойын кітапшам бар. Қанша тоқтадым, қанша бензин шығындадым, қай жерінен кем-кетік не артықшылығы бар, солардың бәрін түртіп  қоямын. Көлемді көлік болған соң бензинді жақсы жейді. Содан оны аз жейтін ғып, техникалық жағдайын өзгерттім. Қазір 100 км жерге 25 литрдей кетеді. Негізі техникалық мінездемесі бойынша бұл 35 литр жеу керек. 2000 шақырым жүрген соң ғана майын ауыстырыппын» дейді.

Жол талғамайтын бұл көлік ағаға өте қымбат. «Іштен жарып шыққан балаң сияқты. Өз баласын қия ма? Кейбіреулер сатасыз ба, сат деп ұсыныс жасап жатады. Сатпаймын, сатпақ емеспін де».

Иә, екі жыл ішінде «тұңғышын» дүниеге келтірген ол «Барысты» (Bars) заңдастыруда еш қиналмапты. Қазір техникалық құжаты қолда. Иесі – өзі. Техникалық жай-күйі де көңіл көншітеді. Бұдан кейін де қиялына ерік беріп, тағы көлік жасасам ба деген ойы бар. «Денсаулық келе берсе, көреміз» дейді аға жымиып.

Исраилов Баянбай аға – ұлын ұяға, қызын қияға қондырған жан. Ұлы да әскери саладан ұзамады, қазір Ресейдің әскери академиясында оқып жүрген  жайы бар. Күйеубаласы да  – әскери, еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет етеді. «Шүкір дейміз, елордасы Астанада тұрамыз. Бейбіт елде өмір сүреміз. Осының бәрі – Тәуелсіздігіміздің жемісі. Елбасы мен елдің бірлігі бар да біз ештеңеден ұтылмақ емеспіз» дейді сөз аяғында кейіпкеріміз.

Иә, берекелі бірлігіміз бен мамыражай тірлігіміз азаттықтың ақ таңында өтіп жатыр. Тәуелсіз ел ретінде жиырма бес жыл қадам жасадық. Ел мерейін асырған мерекелі кезеңінде Баянбай ағаның бұл «Барысы» тамаша тарту болды.



Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"