«...Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» немесе сахнаның Мұқағалиы

«Мен ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да...» деп жырлаған ғасыр ақыны Мұқағали Мақатев – мәңгілік ескірмейтін тақырып екеніне ешкімнің дау айта алмасы анық. Ақын Серік Тұрғынбекұлының «Мұқағали» поэтикалық драмасы (режиссері Болат Ұзақов) тарихи тұлғаны қайта тірілткендей әсер қалдырып, аталмыш туынды алғаш рет сахналанғаннан бастап халықтың өлшеусіз бағасына ие болып келеді. Ал қазақтың маңдайына біткен ақиық ақынның бейнесін сомдау бақыты бұйырып, бүгінде көпшіліктің ыстық ықыласына бөленіп жүрген бірден-бір актер, ол Жанқалдыбек Төленбаев екенін өнерсүйер қауым жақсы біледі. Алаш жұртына Мұқағали бейнесімен танымал Халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Астана қалалық Қ.Қуанышбаев атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрының актері Жанқалдыбек Төленбаевпен театр төрінде арнайы кездесіп сұқбаттасудың, онымен өнегелі өмірі мен өрісі кең өнері жайлы әңгіме өрбітудің сәті түскен еді.

1973 жылы бұрынғы Семей облысына қарасты Ақсуат ауылында дүниеге келген Жанқалдыбек Мүптиұлы – үйдегі алты баланың бесіншісі. Әкесі Мүпти Төленбайұлы Семей қаласындағы талай тарланды түлеткен бұрынғы Зооветинститутының тұңғыш түлектерінің бірі болған екен. Оқуын ойдағыдай аяқтаған соң Гүлбаршын Бәйгелқызымен шаңырақ көтерген Мүпти Төленбайұлы өзінің туған ауылы Ақсуатқа барып, мал дәрігері болып қызмет атқарады. Жұмысына бар күш-қайратын жұмсап, өзіне жүктелген тапсырманы тыңғылықты орындайтындығы үшін ол ауданның бірінші мал дәрігері атанады. Алайда сол кездегі «Айналма», «Қарасан» деген сияқты малдардың ауруына ем-шара қолданып, тыным таппай жұмыс істеп жүрген еңбекқор жанның өзі де қатерлі дертке шалдығып, 2-3 жылдың ішінде оған бірнеше ота жасалады. Ақыры І топтағы мүгедектікке душар болып, ақ халатты абзал жандардың арқасында әйтеуір жаны аман қалған. Содан ауыр күндер артта қалып, бесінші сәбиі дүние есігін ашқанда Мүпти Төленбайұлы: «Құдайға шүкір, жаным аман-есен қалды, сондықтан баламның есімі Жанқалдыбек болсын» деп, нәрестеге азан шақырып, ат қойған екен. Осылайша, ерекше есімге ие болған Жанқалдыбек 1980 жылы Ақсуат бастауыш мектебінің табалдырығын аттап, онда төрт жыл оқиды. Одан кейін Ақсуат аудандық орта мектебінде білім алып, 3 сыныптан бастап ауылдағы үлкен сахналарда өнер көрсетіп жүрген жалынды жігіт 1990 жылы алтын ұясынан түлеп ұшқан соң бірден аудандық Мәдениет үйіне киномеханик болып қабылданып, еңбек жолын бастаған. Ал 1990-1992 жылдары кейіпкеріміз сарбаздар сапында сап түзеп, Отан алдындағы борышын өтеген. Әскер қатарында болған сәттерін ол былай деп әңгімелеп берді:

– Мен әскерге қызық жағдайда аттандым. Қалай дейсіз ғой?! Түсінікті болу үшін әріректен бастап айтып берейін. Аудандық Мәдениет үйінде киномеханик болып жұмыс істеп жүргенімде Семейде «Жас таланттар» деген байқаудың өтетінін естіп, сол байқауға қатысқан болатынмын. Сол кезде Серік Түменов, Раиса Турлина сынды Семей қаласындағы ғылыми әдістемелік орталықтың қызметкерлері қазылық етіп, облысқа қарасты (бұрынғы Семей облысы) барлық аудандардан жиналған жастардың өнеріне лайықты баға берген еді. Сол байқауда бағым жанып, мен келесі кезеңге өткенімде қатты қуандым. «Даусың өте жақсы екен, сенің тіпті опера әншісі болуға мүмкіндігің бар», –- деп қазылар алқасы маған Алматы қаласындағы консерваторияға, ондағы Бекен Жылысбаевтың сыныбына жолдама берді. Содан қуаныштан бөркімізді аспанға атып, ауылға келсек, үйге әскерге шақыру қағазы келіп тұр екен. Ертеңінде аудандық қорғаныс басқармасына барып едім, ондағылар «Қайда жүрсің? Сені іздеп жатыр ғой», - деп, бізді, бір топ жастарды қайтадан Семейге алып барды. Семейге барсақ та, мен «әскерге кетемін-ау» деп  мүлдем ойламаппын. Бар ойым өнерімді дамыту, Алматыдағы консерваторияда оқу еді. Сонымен тексерістен өтіп жатқан уақытта ретін тауып, полковникке (орыс ұлтының өкілі екен) барып жолығып, оған өзімнің жағдайымды түсіндіріп, Алматыға консерваторияға жолдама алғанымды айтқан едім. Алайда оным бекер болған секілді. Мені байыппен тыңдап отырған полковник біраз уақыттан соң: «Сен ән айтасың ба? Қай жақтансың?» - деп сұрады. Мен: «Иә, иә, ән айтамын. Ақсуаттан келдім»,- деп жауап қатқаным сол-ақ еді, әлгі полковник жұмыс үстеліндегі құжаттарды толтырып отырып: «Онда әскерге тура ертең аттанасың!»- деп шатынап шыға келді. Сөйтсем, өзім аузымнан қағылыппын. Егер полковниктің алдына бармай-ақ қойсам, түкте болмайды екен. Артынан білуімше, көктем уақытында шақырылғанымызбен, сол кезде бізді күзгі уақыттағы аттандыруға дайындық шарасынан өткізген екен. Осылайша, сол күннің ертесінде Ақсуаттан бірге барған жігіттердің ішінен жалғыз мені әскерге аттандырды,- деп езу тартқан Ж.Төленбаев Отан алдындағы борышын өтеуге аттанар алдындағы көңіл-күйінің қандай болғанын да жасырмады. – Мен әскерге аттанатын күні өзімнің арманымнан алыстап бара жатқаныма әлі де сенер-сенбесімді білмей, ауылдағы анама телефон соғып, «қай ана өз баласын жамандыққа қияр дейсің? Бір мәнісін ойластырып, мені жібермей алып қалатын шығар» деген оймен оған сарбаз болғым келмейтінін айттым. Алайда, анамның сол кездегі маған айтқан сөздері төбемнен жай түскендей әсер етті. Ол маған: «Балам, ол – сенің ерте ме, кеш пе бәрібір баратын жерің ғой. Одан да «темірді қызғанда соқ» демекші, уақыты келіп тұрған кезде қатарыңнан қалмай, Отан алдындағы борышыңды өтеп келгенің дұрыс, қарағым!» - дегенде, «бұлай деуге қалайша дәті шыдайды екен?» деп анама қатты өкпелеп қалдым. Көздерім жасқа толып кетті. Бірақ, мені шығарып салып тұрған ағаларыма, достарыма көз жасымды көрсетпей, тығылып жылап-жылап алдым. Ал шығарып салушы жақындарым болса, «Сенің актер болам дегенің қайда? Неғып әскерге барғың келіп қалды?» деп маған қалжыңдап қояды. Содан, хош, бірнеше күн пойызбен ұзақ жол жүріп, Мәскеуден бірақ шықтым.

Мәскеу қаласының маңындағы Мурино әскер қалашығында алты ай сержанттық оқу-жаттығуда болған Ж.Төленбаев аталмыш әскери қалашықтан Германия еліне аттанғалы тұрған Кеңес Одағы сарбаздарының қатарына өзінің де есімін енгіздіртеді. Алайда ауылдағы әкесі І топтағы мүгедек жан болғандықтан, оның Кеңес Одағынан Еуропа еліне баруына әскери қалашық сардарларын көндіру сарбаз Төленбаевқа оңайға соқпаған көрінеді. Дегенмен де өжеттігінің арқасында жас сарбаз дегеніне жетеді. Содан Германияның Намбург қаласында 8 ай болып, Ресейдің Калининград қаласына қайтарылған Жанқалдыбек осы жерде Отан алдындағы міндетін өтеп болған соң туған жеріне абыроймен оралады.

- Әскер қатарында жүргенде өмірлік сабақты көп алдық. Тәртіптілікке, бір сөзділікке, төзімділікке дағдыланумен қатар, намысымыз да қайрала түсті. Жалпы, қазақ өте намысшыл халықпыз ғой. Отан алдындағы борышымды өтеген уақытта өзге ұлт өкілдерімен көп ұшырастық. Сол кезде жеке басымыз үшін емес, ұлтымыздың атына кір келтірмес үшін ондағы небір қиындықтарға қасқайып тұрып, төтеп беруге тырыстық. Өйткені, ондағы кейбір басқа ұлт өкілдерінің шыдамсыздықтарына көз жеткізген едік. Ал, Германияда болғанымызда жалпы, Кеңес Одағы әскерінің абыройын ойладық. Мысалы, қоймада жұмыс істейтін уақытта да неміс халқының көзінше денемізді тік ұстап, жүріс-тұрысымызға, киіміміздің әдемілігі мен тазалығына ерекше мән беріп, елдің мойнын бұрғызатындай сап түзеп өтетінбіз де, жұмыс киімдерімізді қойманың ішіне кіргенде бірақ киетін едік. Сондықтан да ол жақта Кеңес Одағының сарбаздарына деген ерекше құрмет байқалып тұратын, - дейді сөз арасында Ж.Төленбаев.

Кейіпкеріміз әскерде жүрген уақытында да өнерден шет қалмаған екен. Әскери ансамбль құрамында да, жекелей де өнер көрсеткен ол сарбаз кезіндегі ұмытылмас қызықты сәттердің көп болғанын айтады.

- Бала кезден Ақсуаттың сарышұнақ аязына дағдыланып қалсақ та, Мәскеу маңындағы Муриноның қысы тіптен бөлек екен. Қыстың алғашқы қара суығында бойымыз дірілдеп, тұмауратып ауырып қалған едік. Алайда күтініп, емделетін жағдай жоқ. Мысалы, қол жуатын су да тастай, берілетін жылу да мәз емес. Бірақ басқа амал жоқ, шыдайсың. Сол кезде анамды, анамның жылы алақанын қатты сағынғаным-ай! Ағайынның да қадірін түсінеді екенсің ондайда. Осы сәт ешқашан есімнен кеткен емес. Есіме алған сайын қазіргі уақытта Семей қаласында тұратын анама телефон соғып, қалын біліп тұрамын,- деген Жанқалдыбек Мүптиұлы, - сонымен қатар әскердегі уақытымыз аяқталып, туған жерге келгендегі сәтім әлі күнге дейін санамда жаңғырып тұр. Ресейден Қазақстанға қайтар жолда тағы да пойызбен біршама күн бойы түрлі станцияларға тоқтап, талай елді аралап келдік. Мысалы, Қазан қаласына бір тоқтасақ, Украинаға да жолымыз түсіп, ит арқасы қиянда жатқан Ресейдің созылып жатқан даласын армансыз таптап өттік. Сол кезде байқағаным, жол бойы өскен ағаштар болғандықтан ба, жердің бәрі маған тар сияқты болып көрінді. Ал туған еліміз Қазақстанның шекарасынан өтіп, Ақтөбеге кіріп келе жатқан кезде сахарадай кең байтақ, дархан даламызды көріп, арқам кеңіп, жаным жадырап сала берді де, көңілім ерекше күйге бөленіп, «Алтын күн аспаны, алтын дән даласы» деп вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың әнін, яғни қазіргі Әнұранымызды қалайша шырқап жібергенімді сол сәтте өзім де байқамай қалдым, - дейді.

Бойына патриоттық рух жинап, Отан алдындағы борышын өтеп келген соң Жанқалдыбектің жаңа өмірі басталады. Әскери өмірден шыдамдылық пен төзімділік қасиеттерін бойына сіңірген жігіт ағасы өзінің бала күнгі арманы адастырмай, өнер өлкесіне толығымен бет бұруды көздейді. 1995 жылы Алматыдағы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтының актер, музыкамедиа бөліміне оқуға түсіп, онда Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Рахила Машурованың сыныбында тәлім алып, 1999 жылы бітіріп шығады. ІІІ курста оқып жүрген кезінде «Шағала» спетаклінде (режиссері Болат Атабаев) Чайканың рөлін сомдайды. Осылайша, оның театр сахнасындағы тұсауы кесіліп, алдағы қойылымдарға жолы ашылады. Бүгінде «Жанқалдыбек» деген есім ел аузына ілініп, оның түр-тұлғасы түрлі кейіпкерлер арқылы халықтың көзайымына айналуда.

- Білікті тәлімгер Рахила Әбдірахманқызындай ұстаздың сыныбына түскеніме өзімді бақытты санаймын. Роза Рымбаева апайымыздан бастап, курстастарым Ақбота Керімбекова, Айжан Дусурупова, Сырым Қашқабаев, Асылбек Қапаев сынды Рахила апамыздан дәріс алған шәкірттердің барлығы бүгінде өнер саласының тек алдыңғы қатарында жүргенін айта кеткен жөн. Рахинам апай: «Шіркін, сендер менен бітірген соң жақсы режиссердің қолына түссеңдер екен» деп тілеуімізді тілеп отырушы еді. Бағымызға қарай, Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз бізді таңдап-таңдап, сұрыптап өзімен бірге Астанаға алып келген болатын. Содан 1999 жылы Қ.Қуанышбаев атындағы театрға келдік. Әзірбайжан Мәмбетов көркемдік жетекші болып, біз ол кісінің бүкіл спектакліне қатысып отырдық. Сол уақытта театр сахнасында аяғымыздан тік тұруға Әзекеңнің көп көмегі болды. Оның спектакльдерінде ойнау – актер үшін үлкен бақыт. Себебі Әзекеңнің арқасында қазақ театры бүкіл әлемге паш етілді десек, артық кетпеспіз. Оған дейін де мықты режиссерлеріміз болды, әрине. Дегенмен Асанәлі, Фарида сынды аға-апаларымызды қазақ театрының жауhарлары етіп шығарған осы Әзекең. Ол кісінің елеуінен біз де өттік. Қандай дәрежеге жетсек те, соның бәрі Әзекеңнің де арқасы деп білеміз, - дейді Жанқалдыбек Төленбаев.

Жанағаңмен сұқбаттасу барысында оның балалық шағына да саяхат жасап, тағылымды әңгімесіне құлақ түрген едік.

- Мен бала күнімнен өнер адамы, соның ішінде актер болуды армандап өстім. Кеңес Одағы кезіндегі шопандар слетінде тақпақ айтатынбыз, мектеп сахнасындағы қойылатын шағын ертегілерге қатысатынбыз. Міне, осылардың барлығы менің өнерімді ұштады деп ойлаймын. Жалпы, отбасымыз да өнерге кенде емес. Мысалы, анамның айтуынша, әкем жас күнінде, яғни денсаулығы жақсы болған кезінде үйде қоңыр даусымен үнемі ән салып отырады екен. Ол ән айтқанда, жалпы сөйлеген кезінде даусы тысқа анық естіліп тұратын көрінеді. Даусы қатты шығатын адам болған екен. Сол сияқты анамның да ыңылдап ән айтатыны бар. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, нағашы жұртымызда да өнерлі жандар болған. Анамның Бәтіш деген үлкен апайы Омбыда гимназияда оқыпты. Баян, домбыра аспаптарында ойнаған екен. Сол кездерде ел-жұрт «Бәйгелдің қызы Ақсуатқа келді» дегенді естісе, арнайы жеке үй тігіледі деседі. Сондай-ақ әкемнің де нағашылары, Ақанғали аталарымыз аудандық Мәдениет үйінде қызмет істеген, өнерге жақын адамдар болған, - дей келе, Жанқалдыбек аға, - бала кезімде радио тыңдағанды қатты ұнататынмын. Радиотолқынында Мәдениет Ешекеев, Болат Сыбанов, Бақыт Үдербаева, Бибігүл Төлегенова, Роза Бағланова, Роза Рымбаева, Әлібек Дінішев, Нұрғали Нүсіпжанов сынды аға-апаларымыздың дауыстарын тыңдағанда көңілімізді қуаныш кернейтін. Соларға қарап бойымызды түзедік. Біздің аудан қалалы жерден біршама қашықтықта орналасқандықтан, теледидар үйімізде мен 5 сыныпта оқып жүрген кезімде бірақ болды. Содан теледидардан Әзербайжан Мәмбетовтің «Ана – Жер Ана» спектаклін мен 6 сыныпта оқып жүргенде көрдім. Оның өзінде де әке-шешеміздің «таңертең сабаққа тұрмайсыңдар, ұйықтаңдар»,- дейтін сөздерінен қымсынып, спектакльді тығылып отырып көретінбіз. Сол кездегі Асанәлі Әшімов ағаларымыздың ойнаған спектаклі, Сәбира апайдың Толғанай болғаны да әлі күнге дейін көз алдымда қалды, - дейді.

1999 жылдан бүгінгі күнге дейін сансыз рөлдерді сомдаған өнер иесі Асанәлі Әшімовті пір тұтатынын, оның кинодағы және театрдағы да рөлдерін көргенде әр сәт тәнті болатынын, сахнадағы жүріс-тұрысы мен серігіне көмектесе білуі, сөз саптауы – бәрі-бәрі кейінгі толқын үшін үлкен мектеп екенін айтады.

- Қай рөлі болсын, олардың әрқайсысы актер үшін қашанда ыстық. Өйткені, өзінің қиялымен, өзінің көруімен шығарған рөлдер актердің әлдилеген жас баласы сияқты. Мысалы, мен «Қозы Көрпеш пен Баян сұлу» спектаклінде Жантақтың, «Абылайханның арманы» спектаклінде Қалдан-Сереннің рөлін сомдадым. Ал, Шыңғыс Айтматовтың «Ғасырдан да ұзақ күн» пьесасында Сәбитжанның рөлінде ойнадым. Сәбитжанның рөліне келетін болсақ, аталмыш қойылымның премьерасы аяқталған соң табиғаты таза, өнердегі ағаларымның бірі Нұрай деген ағамды көріп қалып, «Нұрай аға?» деп қасына жақындап барып едім, ол маған: «Кетші-ей!»- деп қолын бірақ сілтеді де, мені құттықтамастан кері бұрылып, кетіп қалды. Сол сәтте жақын ағамнан ондайды күтпеген мен өзімді жаман сезініп, тіпті не ойларымды да білмей, абдырып тұрып қалдым. Бұл рөлді сомдау екі құрамда да маған жүктелген болатын. Содан екінші күні тағы да осы қойылымды қойып болған соң Нұрай ағам маған келіп: «Бауырым, рақмет саған. Сенің рөлің өте жақсы шықты. Мен саған кеше қатты ашуланып, сені рөлдегі кейпің үшін жек көріп кеткен едім, құттықтамағаным да сондықтан. Кешір, айналайын! Тек сен жаман ойлап қалма. Рөліңді жақсы алып шықтың. Жарайсың!»- деді. «Жанымда жүрген ағам мен арқылы Сәбитжанның өмірін көре білсе, демек рөлімнің жаман шықпағаны, еңбегімнің де еленгені болар» деп ойладым. Әрине, өнер адамы үшін бұл – үлкен жетістік, үлкен қуаныш, - дейді өнер майталманы сұқбат барысында.

Басына бақ болып қонып, «Жанқалдыбек» деп есімін елге танытқан актердің сүйікті рөлі ол, әрине, Серік Тұрғынбековтің «Мұқағали» спектакліндегі Мұқағали Мақатаевтың рөлі екені белгілі.

- Бұл пьеса 15 жылға жуық уақыттан бері режиссердің, әріптестеріміздің үлкен еңбегінің арқасында репертуарымыздан түспей келе жатыр. Еліміздің қай өңіріне гастрольдік сапармен барсақ та, көрермендер жақсы қабылдап, ерекше көңіл-күйде болып, өнер ұжымына алғысын айтып жатады. Мұқағалидың рөлі сияқты мұндай ерекше рөлдер шынында да актердің бақыты ғой. Әрі екінің біріне беріле бермейтін бақыт дер едім. Жалпы, барлық рөлдері жақсы шықса да, соның ішінде актер үшін бір рөлі ерекше болып, дараланып тұрады. Мысалы, кинодан көрген көпшіліктің Асанәлі ағамызды «Бекежан» деп атап кеткені сияқты актердің маңдайына бітетін, оң жамбасына келетін рөлдері болады. Мені ерекшелеп тұратын осы Мұқағали рөлі деп ойлаймын. Алайда «Мұқағали болып, поэзияға жақындаймын» деп бұрын еш ойлаған жоқ едім. Тіпті үш ұйықтасам, түсіме де кірмеген. Алғашқы кезде ақын образына кіруге жүрексініп, қиналып, дайындық жасап жүргенімде Серік Тұрғынбек ағамыз: «Әй, Жан, кейін осы «Мұқағали» спектаклі сенің бақытың болады»,- деп айтатын. Содан ең алғашқы дайындық барысында Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз менің аяғымдағы қара туфлиді көріп, өзіне арнайы тігілген ақ туфлиін маған сыйға тартып, сәттілік тілеп, ағалық ақ батасын берді. Шынымды айтсам, дәл сондай ақ туфлиді қанша іздесе де, еш жерден табылмай жатқан еді. Әзекең берген сол туфли аяғыма қона кетіп, талай жылдан бері сол туфлимен ел алдына Мұқағали болып шығып жүрген жайым бар, - деген Жанқалдыбек Төленбаев спектакльдің тұңғыш рет сахналанғанындағы сәттерін де әңгімелеп берді. – Ол кезде Әбіш Кекілбаев, Фариза Оңғарсынова сынды аға-апаларымыздың көзі тірі еді. Содан спектакльдің премьерасына Әбіш Кекілбаев пен Фариза Оңғарсынова, Шерхан Мұртаза, Мырзатай Жолдаспеков, Қуаныш Сұлтанов сынды кілең игі жақсылардың барлығы арнайы келді. Мен сол сәтте ең алдымен Фариза апамыздан қорықтым. «Ол кісі қалай қабылдар екен?» деп ойладым. Естуімізше, сол күні Әбіш ағамыздың үйіне қонақтар келіп жатса керек, телефоны маза таппай, қайта-қайта шырылдап, Әбіш ағамыз: «Қазір барамын, күтіңдер»,- деп отырған. Бір уақытта спектакльдің қызығына беріліп кеткендігі сонша телефонын сөндіріп қойып, қойылымды аяғына дейін көрген Әбіш ағамыз спектакль аяқталған соң сахнаға шығып, сөз сөйледі. «Міне, бір кездері жанымызда жүрген адамның бүгінде тарихқа айналғанын көріп отырмыз. Мұқағали тарихқа айналды деген осы. Спектакльде тірі Мұқағалиды көргендей болып отырмыз»,- деді. Сол кезде Фариза апамызға қарасам, орнынан қозғалмай отыр екен. Байқасам, көзіне жас үйірілген. Содан соң ол кісі де сахна төріне көтеріліп, қолымызды алып, рақметін айтты. Кейіннен де поэзия падишасы Фариза Оңғарсыновамен талай мәрте жолыққан едік. Әр жүздескен кезімізде Фариза апамыз маған ең алдымен: «Ассалаумағалейкум, Мұқа!» - деп барып, сосын ғана «Жан» деп айтатын. Фариза апамыздан Мұқағали туралы көп сұраған едім. Әңгімелескен кездерімізде ол кісі: «Мұқаң тура өзің сияқты болатын», – деп мені ақын Мұқағалиға қатты ұқсатушы еді. Бір күні Жоғарғы сотта Фариза Оңғарсыновамен кездесу өтіп, сонда бір журналист: «Сіз Мұқағалимен ең алғаш рет жолыққанда ол кісі қандай еді?»- деп сұрақ қойған болатын. Сол кезде Фариза апамыз: «Мына Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ театрында Жанқалдыбек деген актер бар. Сол жігіт Мұқаңнан аумайды. Жүріс-тұрысы мен келбетіне дейін, тіпті желп-желп еткен шашына дейін ұқсайды. Мұқаңды ең алғаш рет Жазушылар одағында сондай кейіпте көрдім»,- деп жауап берген еді. Әрине, Фариза апамыздың сондай сөздері, жылы лебіздері – мен үшін үлкен қуаныш, үлкен бақыт.

Өнер иесінің айтуынша, актерлерге әр рөлге дайындалуға бір немесе бір жарым ай уақыт берілетін көрінеді. Ал Мұқағалидың рөліне бір ай бойы дайындалған кезінде ақынның көптеген өлеңдерін жаттап, поэзия әлеміне үңілген Жанқалдыбек үшін Мұқағалидың кейпіне ену өте қиынға соққан.

- Поэзияны түсіну деген өте қиын ғой. Мұқағали Мақатаевтың:

«Жапырақ, жүрек жас қайың

Жанымды айырбастайын,

Сен адам бола бастасаң,

Мен қайың бола бастайын!» деген өлеңін түсінбей көп қиналдым. Содан үй жақтағы өсіп тұрған қайыңдардың маңайына барып, жапырағын қарасам, расымен де қайыңның жапырағы жүрек сияқты, ортасынан бір күре тамырмен бөлініп, ұсақ-ұсақ тамырлармен тарамыс-тарамыс болып кеткен екен. Шынымды айтсам, менің ауылымда қайыңдар өспегеннен кейін бе, оған дейін бұл жайында ойланып көрмеппін. Көп ізденудің нәтижесінде табиғатпен үндескен ақынның жүрегінен жарып шыққан өлеңдері арқылы бүкіл әлемге қатысты дүниелерді байқауға болатынын біртіндеп ұға бастадым. Алайда ақиық ақынның өлеңдері бертін келе, спектакль 1-2 рет қойылғаннан кейін ғана бойыма сіңіп, түйсіне бастадым, - дейді ол.

Театр сахнасында ғана емес, кино әлемінде де бағын сынап үлгерген актер «Мұқағалидың шындығы» деген деректі фильмде Мұқағалидың, «Біржан сал» фильмінде Есауыл қалмақтың рөлінде ойнаса, Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойына арналып түсіріліп жатқан «Қазақ елі» атты тарихи фильмде ол жоңғардың әскербасының рөлін сомдайды екен. Алдағы уақытта да кинорежиссерлерінен ұсыныс түсіп жатса, бас тартпайтынын тілге тиек еткен сахнаның Мұқағалиы болашақта Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев сынды Алаш арыстарының рөлін сомдағысы келетінін айтады.

- Сонымен қатар Шыңғыс ханның рөлінде де ойнасам ба деген ниетім бар. Жалпы, Ыбырай Алтынсарин, Жамбыл Жабаев сынды бабаларымыз жайлы спектакльдер жоқ. Драматургтердің құлағына алтын сырға, осындай тың жатқан тарихи тұлғаларымыз туралы пьесалар көптеп жарық көрсе деп ойлаймын. Біртуар тұлғаларымызды жаңғыртуымыз керек. Оларды дәріптеу біздің, кейінгі ұрпақтың парызы деп санаймын, - деген Ж.Төленбаев әңгіме арасында бос уақытында қол өнер ісімен айналысқанды ұнататынын, және жүгіргенді жақсы көретінін жеткізді.

Жанқалдыбек Мүптиұлы 2006 жылы Асыл Дәуітқызымен шаңырақ көтерген. Бүгінгі күнде Айғаным, Зере, Ақдидар есімді қыздары бар. Даланың даналылығын, қаланың зиялылығын бойына сіңіре білген дарын иесі бір жылдан бері Қазақ ұлттық өнер университетінде ұстаздық қызметті де атқарып, бала тәрбиесімен қатар, шәкірт тәрбиелеу ісімен де айналысуда.

«...- Махандар жоқ,

Махандардың сарқыты –

Мұқағали Мақатаев бар мұнда!» деп, Мұқағали ақын жырлағандай, ақиық ақынның ХХІ ғасырдағы егізіне айналған өнер майталманына шығармашылық табыс, отбасына амандық тілейміз. 

Нұрдәулет КӘКІШЕВ


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"