Жырдағы батыр бейнесі: Тірлік пен тағдыр бірлігі

Әскери басылымның бір пұшпағын илеп жүрген соң, осы тақырып аясындағы жазбаларға көз сүзе жүретініміз бар. Осы орайда, жақында белгілі ғалым, әдебиеттанушы, филология ғылымының докторы Амантай Шәріптің «Рух пен рәміз ментальдік модельдері» атты монографиялық еңбегі қолымызға тиді. Онда қазақ халқының дәстүрлі таным-түсінігіндегі мәдени архетиптердің әдеби-көркем дүниелерде түрлене көрініс табуы зерттеліп, зерделенген. Сондай-ақ қазақ халықының жыр-дастандарындағы, тарих қатпарларындағы батырлар бейнесі мен ерлікті істері сөз болады. Әсіресе, кітаптағы «Жырдағы батыр бейнесі: тірлік пен тағдыр бірлігі» тақырыбын егжей-тегжейлі оқығанымыз рас. Түйгеніміз мынау...

 

Сонау сақ, ғұн, түркі-монғол замандарынан бері қарай жортармандық, жаугершілік даңқы жер жарып, тарих тақтасына Атилла, Елтеріс қаған, Шыңғысхан, Бату, Әмір Темір, Бабыр, Бейбарыс секілді атақты қолбасылардың есімдерін алтын әріппен жазған Орталық Азия көшпелілерінің сөз өнері де өжет, өршіл, өктем сарындармен суарылып отырғандығы таңданыс тудырмайды. VІ-VІІІ ғасырлардағы ұлы жортуылдардың рухы «Күлтегін», «Тоныкөк» тас кітаптарында таңбаланса, ІХ-ХІ ғасырлардағы бабаларымыздың айбыны мен айдыны М.Қашғаридың «Сөздігі» арқылы жеткен «Мен жеңбесем, кім жеңер?», «Мыңлақ елін алғанбыз», «Таңғұтқа жорық», «Үдіре қуып», «Жауға шап», «Соғыс» тәрізді жорық жырларында бедерленген. Одан беріде хатқа түскен оғыз-қыпшақ тайпаларының шығармалары, Сайын-Алтай халықтарының архаикалық-қаһармандық эпостары және өз жұртымыздың қасиетті қазыналарының бірі – батырлық жырлары да бастауын әріге бойлатқан найзагер салт-сананың сілем-сорабын танытады. Сондықтан орыс отаршылдығы әбден орнығып, тілге тұсау салынғанға дейін қазақ поэзиясында батыр тұлғасының да, баһадүрлік тірлік-тағдырдың да зор құрметпен мадақталып, марапатталып келуінің өзегінде тарихтың терең тағылымы жатыр.

Қаһармандық турасындағы дағдылы дүниетаныммен тонның ішкі бауындай жалғасып жатқан және ұдайы жорыққа қамдану немесе жаудан қорғану жағдайында жасалған ХV-ХVІІІ ғасырлардағы дара шығармашылық үлгілерінің «негізгі лейтмотиві – ел қорғау, батырлықты ең жоғары мұрат ретінде суреттеу болды». Қазақ хандығының мүдде-мәртебесі мен шет-шебіне өздері де қаруымен қорған, тілімен тосқауыл бола білген жорықшы жыраулардың азаматтық толғаулары елдік пен ерлікті дәріптеді.

Әлбетте, қолына найза ұстап, онысымен қойдың құмалағын шанышқанның бәрі бірдей, әйтпесе жайшылықта ауыл арасында аттандап жүргеннің екісінің бірі батыр саналмайды; бұл үшін тіпті жүректің түктілігі, білектің мықтылығы әлі жеткіліксіз. Осы орайда жыраулық поэзия өкілдері көшпелілердің этикалық және эстетикалық сұранысына сай қаһарман тұлғасының ортақ моделін сомдап берді. Олардың көбі, орыс тарихшысы А.Левшин айтқандай, «XII және XIII ғасырлардағы еуропалық рыцарларға еліктейді» деген тұжырым – шындыққа мүлдем маңайламайтын адасушылық. Ол түгілі, қазақ жырларындағы қаһармандардың түр-тұлғасы ауылы бір табан берідегі орыс былиналарындағы князьдардың бітім-болмысымен де жақындасып-жуыспайды.

Сонымен, жыраулық поэзиядағы батыр – эпостағыдай «отқа салса – жанбайтын, суға салса батпайтын», «атса – мылтықтың оғы өтпейтін, шапса – қылыштың жүзі кеспейтін» кейіпкер емес, кәдуілгі жұмыр басты, екі аяқты, кеудесінде шыбын жаны бар пенде. Мифтік сюжеттегі Оғыз қаған «өгіз аяқ, бөрі бел, бұлғын жауырын, аю төс» болып бөлектене бейнеленсе, жыраулардың дүниетанымы мұндай қатпар-қатпар тотемдік түсініктерден де тазарған. Бірақ бәрібір олардың батыры да – былайғы жұрттан басқаша. Айталық, Қазтуғанның «Мадақ жырында» жауынгер-жыраудың бейнесі тарпаң, тағы, табиғи көшпелі тұрмыс тудырған ең екшеулі – сұрыптаулы да сындарлы, сұсты да сұлу белгі-баламаларды («қашағанның ұзын құрығы», «қалайылаған қасты орданың сырығы», «буыршынның бұта шайнар азуы», «бидайықтың қол жайқаған жалғызы», т.б.) бір өзінің бойына жинақтаған, тәңірі тектес жаратындыға теңестіріле суреттеледі. Шалкиіз (Шәлгез) жыраудың толғауынша, жорыққа шыққан жауынгерге үш нәрсе игі, олар: астындағы тұлпары («Жебелей жебе жүгірген, // Ерлердің арғымақтан игі малы болар ма»), үстіндегі сауыты («Жағаласса жыртылмас, //Ерлердің жеңсізден игі тоны болар ма»), қолындағы қаруы («Дулығалы бас кескен, //Ерлердің алдаспаннан игі қолы болар ма»). Сондай-ақ, ол батырға тиесілі еншіні көктегі құдіреттің қарауында деп біледі. Мысалы:

...Кешу кешмек сайдан-дүр,

Батыр болмақ сойдан-дүр.

Жалаңаш барып жауға ти,

Тәңірі өзі біледі,

Ажалымыз қайдан – дүр!

...Мен ісімді

хаққа тапсырғанмын һәр жерде.

Жоңғар шапқыншылығы кезінде талай-талай сүркіл, сергелдең жорыққа қатысқан Ақтамберді Сарыұлы жырау «Салпаң да салпаң жортармын» атты толғауында өзінің батырлық тұлғасын эпикалық «мен» арқылы бедерлеу үшін қиыннан қиысқан метафоралық қолданыстарға барады. Жыраудың өзін «торлаусыз өскен құланға», «байраққа біткен құраққа», «жапанға біткен терекке» балауы күн-түн қатқан мігірсіз жортуылға көндіккен («мезгілсіз жусап өрермін»), қиын-қыстау жағдайда сабырлы, сүйекті қалпынан айнымайтын, тепе-тендігінен ауытқымайтын («еңсемнен жел соқса да, теңселмен») жан екендігін ишаралау үшін керек болса:

Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,

Балталасаң да айрылман.

Сыртым – құрыш, жүзім – болат,

Тасқа да салсаң майрылман! – 

деген түйінді тармақтарда күрделі метафораның көмегімен батырдың мықтылығын екі еселей көрсетеді. Мұндағы «қарағайға қарсы біткен бұтақпын» – дәстүрлі метафора саналса, келесі «сыртым – құрыш, жүзім – болат» тіркесі жеке алғанда – балтаны білдіретін мегзеу (синекдоха), толғаудың жалпы контексінде – метафора ретінде қабылданады. Сөйтіп, жырау мысалға алынған алғашқы екі жолда балтаға «төзімділігін» дәлелдесе, кейінгі қос қатарда өзін одан да күштірек (басқа бір) балтаға балайды.

Көшпелілердің ұғымы бойынша, шын батырлық жат жұрттық жаулармен айқас үстінде ғана айқындалады. Оның өзі тарихи тұрғыдан екі түрлі ыңғайда көрінеді: алғашқысы – дұшпанның есебінен қонысты кеңейтіп, ел қондыру мақсатындағы жортуылдар; кейінгісі – атамекенге қол сұққан аруағы басқа аламанның шабуыл-шапқыншылығына тойтарыс жасаудың қимыл-қарекеті. «Алыстан тоят тілеген» ерлік пен еркіндік заманының жорықшыл жырауларына мынадай сөздер жат емес еді:

Кірмембес ауыр қолға бас болып,

Күн түбіне жортқанмын.

Доспамбет

Майданда дабыл қақтырып,

Ерлердің жолын аштырып.

Атасы басқа қалмақты,

Жұртынан шауып бостырып,

Түйедегі наршасын,

Әлпештеген ханшасын

Ат артына мінгізіп,

Тегін бір олжа қылар ма екеміз?!

Ақтамберді

Бойына бес қаруын асынып, ат жалын тартып мінген азаматқа қағаз жүзінде жазылмаған, тек намысқа негізделген жауынгерлік заңдар да билігін жүргізді. «Шамасы, рулық-тайпалық қоғамның ұстындары шын мәнінде шайқалып, жауынгерлік қосындар үстемдік ете бастаған әскери демократия кезеңінде «батырлық тағдыр», сарбаздың қауіп-қатер мен ажалдан тайсалмайтындығы туралы қаһармандық эпостың «ортақ сарыны», лейтмотиві пайда болса керек. Батырдың және оның жан серігі – тұлпарының сүйегі ұрыс даласында қалуы шарт. Бір уыс топырақ, бірер тамшы артық төгілген қан – міне, нағыз ер жарық жалғанмен осылай қоштасуы тиіс! Киіз үйдің төрінде кәрілік пен ауру-сырқаудан өлуден асқан масқара жоқ... Батырдың ең басты міндеті – Отанын, дәлірек айтқанда, өз халқын қорғау», – деп жазады Р.С.Липец. ХVІ ғасырдың сөз жампозы Доспамбет «Қоғалы көлдер, қом сулар» деген атпен белгілі толғауында «арыстандай екі бұтын алшайтып, арғымақ мінген», «жұпарын қардай боратып, арулар құшқан», «торы төбел ат мініп, той тойлаған», «құрама шапшақ көп қымыз құйып ішкен» ер азаматтың өмірде опық жеместігін өлең жолының аяғында «өкінбес» сөзін қайталау (эпифора) тәсілі арқылы айтып келеді де, жырын батырлық мұратқа орайлас тармақтармен тұжырады:

Екі арыстан жау шапса,

Оқ қылқандай шаншылса.

Қан жусандай егілсе,

Аққан судай төгілсе,

Бетегелі Сарыарқаның бойында

Соғысып өлген өкінбес!

Жас уағында «күлдір-күлдір кісінеген күреңді мініп», «күдеріден бау таққан кіреуке киіп», «жанына алған жалаулы найзасымен жау қашырып» жүрген Ақтамберді жырау тоқсанға келіп, төсек тартып жатқанда жалғыз нәрсеге қамығып-қайғырыпты. Онысы тағы да сол –

Бар арманым, айтайын,

Батырларша жорықта

Өлмедім оқтан, қайтейін!... –

деген таныс сарын. Олай болса, майдан даласында шаһид кешу – ортағасырлық жауынгер-жыраудың асыл арманы, айнымас аңсары, имандай иланымы болғандығы шүбәсіз.

Бұл мотив қазақ жұрты қашан «ердің соңы – Исатай» (Мұрат Мөңкеұлы) қарсы болған «құс төсекке, шайға, қималы етікке» біржолата үйренгенге шейін өлең өрнегінен орын тауып отырған. Мысалы, XIX ғасыр ақыны Қалнияз Шопықұлының «Ер Қармыс» жырының: «Жорықта ал деп жанымды, // Әуелден тілек салғанмын», – дейтін қаһарманы жауды жеңген соң, «омыртқадағы он жара, қабырғадағы қырық жарадан» бақилық болып бара жатқанда, алыс сапарға алаңсыз көңілмен аттанады. Өйткені, жаугершілік заманның зердесінде оның өлімі – нағыз ақ өлім. 

Сол секілді, Дәуіт ақын Алыпқаш батырға арнаған жоқтауында да алпыс үш жасында дүниеден өткен «асылдан шыққан болатқа», «шықшыдан шыққан бекзатқа» балаған ардақтысының от басында өлмей, жау қолынан мерт болғанын көңіліне жұбаныш көреді.

 

Асан ЫСТЫ


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"