Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ қыздары

Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ қыздары

Құрметті, оқырман қауым! Осыдан 30 жыл бұрын бүкіл Кеңес Одағын «аяғынан тік тұрғызып», азаттықтың алғашқы лебін төрткүл дүниеге жеткізген Желтоқсан оқиғасы қай уақытта болсын халықтың жадынан өшпейтіндігі анық. Өйткені, сол кездегі өрімдей жастарымыз батыр бабаларымызға тән қайсарлық пен өрлікті, ерлікті әлемге паш етті. Осы жолда жанын пида еткен азаматтар да бар. Жалпы, Желтоқсан оқиғасына қатысқан қазақ жастарының қай-қайсысы болсын, зор құрметке лайық. Аталмыш оқиғаның 30 жылдығы қарсаңында өздеріңізге желтоқсан оқиғасын терең зерделеп жүрген Динара Бегалының зерттеу мақаласын ұсынып отырмыз. Онда оқиға кезінде ер азаматтарша ерліктің, өрліктің ерен үлгісін көрсете білген қазақ қыздары әңгіме арқауы болған. Олардың іс-әрекеті бүгінгі жастарға үлгі болатыны анық.

Алаңға тек ер жігіттер ғана емес, нәзік жанды, қайсар мінезді қарлағаштарымыздың да қатысқаны барлығымызға мәлім. Сондықтан да олардың бізге жеткізген әр сөзі құнды әрі құрметті деп білемін. Соның ішінде бірнешеуіне тоқталғым келіп тұр. Соның бірі – Гүлбахрам апай. Ол кіс былай деп баяндайды:

1986 жылы «Қазақконцерт» бірлестігінде жұмыс істеп, «Қазақфильм» киностудиясында «Түрксіб туралы ән» деген фильмнің түсіріліміне қатысып жүргенмін. Фильмді Қапал-Арасан өңірінде түсіріп жатқан едік. 16 желтоқсан күні кешке Д.Қонаевтың орынынан алынғанын естідік. 17 желтоқсан күні түсіру тобы Алматыға қайтты. «Қазақфильмде» халық әртістері жиналып, мәселені талқылады. Киностудиядан шыққаннан кейін №61 автобусқа мініп, алаңға тарттым. Алаңға бет алғанымда , милициялар жолымды кес-кестеп , «қайда барасың?» деп жібермеуге әрекеттенді. «Алаңға әдейілеп келе жатырмын. Жолымды бөгемеңдер», – дедім. Олар : «Өлгің келсе, бара бер», – деді. Алаңның жиегіндегі шыршаларды жағалап , жастардың арасыныан бір-ақ шықтым. Адам деген қарақұрым. Сол кезде жастардың ешқайсысы шектен шығып, тәртіп бұзбады. Жасақшылар қолдарындағы дубинка, сапер күректерімен шерушілерді аямай ұрып, асқан қатігездік көрсетті. Біз арпалысып жүріп, қараңғылықтың басқанын аңғармай қалдық. Түнгі сағат 22.30 кезінде мені құқық қорғаушылар ұстап, қолға түскендердің жанына әкеліп , етбетімнен жатқызды. Көк мұздың үстіне біраз жатқаннан кейін Әуезов аудандық IIБ-сына алып келді. Сол жерде милиция болып істейтін ағамның Мұрат деген сыныптас досы мені көріп, шақырып алып әбден ұрысқаннан соң, IIБ-сы ғимаратының артқы есігінен шағарып, таксиге салып жіберді.
Ертеңіне тағы алаңға тарттым. Сөйтсем, алаңды жасақшылар сыртынан қоршап алған екен. Әрең дегенде қоршаудан саңылау тауып ішке өттім. Содан кешегідей оқиға бұл күні де жалғасын тапты. Кешкі сағат 7-нің шамасында алаңнан сытылып шығып, Әуезов театрына келдім. 18 желтоқсан күні театрда әзіл-сықақ кеші өтуі керек еді. Әртістер Әзірбайжан Мәмбетовтың бөлмесінде отыр екен. Мәмбетовтың кабинетіне кірген бетте «Қорқаулар сияқты неге тығылып отырсыңдар? Ана жақта жастарды қырып жатыр. Мұндайда сүт бетіндегі қаймақтардың үндемей қалғаны жараспайды», – дедім ашумен . Әзірбайжан аға: «Болды, жетеді! Бәріміз алаңға барамыз. Алаңға шықпағандар ертең жұмыстан шығады!» – деді. Әзірбайжан мен Тұңғышбай ағаға ілесіп , сыртқа шықтым. Содан үшеуміз Тұңғышбай ағаның машинасына мініп, алаңға тарттық. Өкінішке қарай, милиция бізді алаңға жеткізбей тоқтатты. Машинадан түскенде Ә.Мәмбетов: «Мен КСРО депутатымын», - деп, куәлігін көрсетті. Оған қарамай таяқтың астына алды. Тұңғышбай ағаны да ұрды. Мүйізі қарағайдай ағаларымызды ұрып жатқанын көрген соң, машинаның артқы есігінен шығып, арықтың ішіне түсіп алып, Абай даңғылығынан Сәтпаев көшесіне дейін еңбектеп жеттім. Жастардың тобына кіріп аман қалдым. Түнгі сағат 12-шамасында екінші рет ұсталдым. Сол кезде Фрунзе ауданы IIБ-ның қызметкері Мұңғатов Есенгелді деген милиционер «пагонымды жұлды» деп менің үстімнен арыз жазды. Осылайша жаламен күнәм ауырлай бастады. Бес күн қамауда жаттым. Бұл кезде «Қазақконцертке» де хабар жеткен. Үш рет сот болып , 4 жылға кетіп қала жаздадым. Соңғы 3-ші рет «Қазақконцерт» бірлестігінде жолдастық сот өтті. Сол кезде маған Шамисон деген еврей: «Баласы бар екен, аяушылық білдірейік . Ұжым болған соң бір-бірімізге қалжыңдаймыз. Біз оған ренжімейміз», – деді. Басқа да әріптестерім рақымшылық жасау керек деп шешті. Қысқасы мені «Қазақконцерт» ұжымы құтқарып қалды. Мен үшін директорымыз жұмыстан шықты. Жаңа директор мені жұмыстан шығарғанымен, жатханамдағы бөлмемді алмай, жасырын концертке жіберіп, қамқорлық жасады. Жазамды шартты түрде өтеп шықтым сондай қиын-қыстау кезінде Гүлжан Толпақова, Роза Рысбаева, Сара Тыныштығұлова – бәрі мені қорғап қалуға тырысты. Ал жастардың көрмеген қиянаты жоқ. Алаңда қолға түскендерді Медеу мұз айдынының астындағы тоңазытқышқа қамағанынан да хабарым бар.

Ал, енді Гүлнар Кеңесқызы Байбосынованың «сөйлетіп» көрейік: «Арамызда таяқтан бет-жүзі адам танымастай өзгеріп кеткен бір жігіт болды. Оның көзі шығып кеткен еді. Содан бізді жеті түнде Шамалған жақтағы жүгері егетін алқапқа апарып тастады. Күн суық, бәріміз оңбай таяқ жегенбіз. Жолдың бойымен қалаға қарай жүгірдік. Ешқандай машина тоқтамайды. Әйтеуір, таң ата жатақханаға жетіп жығылдым. Суық қатты өтіп кеткен еді. Бір ауруханада жаттым» - дейді бір жазбаларында. Сонымен қатар Гүлнар қазақ қыздарын рухтандырып, алға бастап жүрді деп айтсам кем айтқаным емес. Себебі, «ЖепПИ, КазМУ, Нархоз, КазПИ қайда?», «Жүріңдер, көше аралап , сондағы қыз-жігіттерді қатарымызға тартайық!», «Қыздар, жігіттер бөлінбейік!» - деп ұрандатты. Бес ай қатарынан тергеуде болып, жазасын өтеген қайсар да, батыл Гулнар Желтоқсан оқиғасына қатысқанына өкінбейтінін айтып, керісінше бұл ісін мақтан тұтатынын айтты. Осындайда қазақ қыздарына қайран қаласың. 
«1986 – да, желтоқсанның ызғарында қақаған, 
Қайсар ойларың кісендерін үзіп, сан жылдар байлап, матаған,
Саналарыңнан бағынғыш, құлшыл, үркек сезімдерің өтті өліп,
Шәмшінің «Менің Қазақстаным» әнін ту етіп шырқап, көтеріп , 
Жаңа ұран айтып қиюына қашқан заманға, 
Топтасып едіңдер Бержнев атты алаңға..» -деген М.Шахановтың өлең жолымен желтоқстан құрбандарына тағзым етуіміз қажет. Жылдан жылға оқиға жайлы зерттеліп, желтоқсан оқиғасы құрбандарының тізімі толығу үстінде. Мысал ретінде ел мен ердің намысын ту етіп қылмыстық кодекс бойынша жазаланғанған апаларымызды еске алғым келеді:

Сәбитова Жансая Әлкейқызы — Алматыдағы №19 жұмысшы жастар орта мектебінің оқытушысы, 5 жыл.
Салықова Нағима Аскарқызы — Алматы бас киімдер фабрикасының бухгалтері, 3 жыл.
Еспенбетова Қаншайым Мұхатқызы — «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл 6 ай.
Махметова Айткүл Әбдірахманқызы — №1 баспахананың жұмысшысы, 2 жыл.Әбілқайырова Гүлнар Бердіқожақызы — бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 3 жыл.
Панинова Гүлвира Төлебайқызы — бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Шамаева Галимат Әбенқызы — бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Лепесбаева Гүлнар Сабырғалиқызы — бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Рақымжанова Гүлмира Әкімжанқызы — бас киімдер фабрикасының тігіншісі, 2 жыл.
Иманбаева Қайыпхан Сұлтанқызы — «Поршень» зауытының токарі, 3 жыл.
Рамазанова Ғалия Файзуллақызы — тігінші-мотористка, 1 жыл (еңбекпен түзеу жазасы).
Мергенова Бақша — мүгедектігіне байланысты жұмыс істемеген, 3 жыл.
Әлиева Раушан — Қарағанды мемлекеттік университетінің студенті, 1 жыл.
Еркінбекова Әлия Төреханқызы — Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Досанова Жанат Әбдірахманқызы — Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.
Мусина Гүлден Қанафияқызы — Қарағанды медицина институтының студенті, 1 жыл 6 ай.

Сәрсенбекова Раиса Мырзабекқызы — бухгалтер-ревизор, 2 жыл.

Кәрімғазина Гүлжан Ғазизқызы — кооператив техникумының студенті, 1 жыл.
Серекенова Анар Жемісханқызы — Заң техникумының студенті, 1 жыл 6 ай.
Айтжанова Жанат Нәукенқызы — пединституттың студенті, 1 жыл 6 ай.
Шынықұлова Ләйлә Бекенқызы — пединституттың студенті, 1 жыл еңбекпен түзеу жазасы.
Шоқаева Ғалия Құдысқызы — жатақхана вахтері, 2 жыл.
Мусина Мәншүк Жанатқызы — юристік техникумының студенті, 1 жыл 6 ай қара жұмысқа жіберілген. 
Мұхамеджанова Сәбира Есімбекқызы 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасының құрбаны. 1985 жылы Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ақмектеп аулының «Ленин жолы» сегіз жылдық мектебін үздік бітіреді. Сол жылы облыс орталығы Өскемен қаласындағы педагогикалық училищеге оқуға түседі. 1986 жылғы 17-18 желтоқсанда Алматы қаласында болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы көтерілісін қуаттап 22 желтоқсанда Өскемен қаласында бірге оқитын студент жастармен бірге наразылыққа шығады. Студент қыздардың бұл әрекеттері барып тұрған ұлтшылдық деп бағаланып, сол күні кештен бастап партия, кеңес, комсомол, мемлекеттік қауіпсіздік, құқық қорғау орындары тарапынан тергеу, олардан жауап алу басталады. Нәтижесінде орынсыз қорлау мен жала жабу мен тергеуге шыдай алмаған Сәбира Мұхамеджанова барлығын ұйымдастырған мен деп мәлімдеп, жатақхананың бесінші қабатынан секіріп, мерт болады. Сөйтіп ол Желтоқсан құрбаны, батырына айналды. 
Асанова Ләззат Алтынайқызы Желтоқсан оқиғасының құрбаны. 1985 жылы Алматыда П.Чайковский атынддағы музыкалық училищеге оқуға түскен. Алматыда 1986 ж. 17-18 желтоқсанда болған қазақ жастарының отаршылдық және әміршілдік жүйеге қарсы азаттық көтерілісіне белсене қатысқан. Ол Орталықтың билеп -төстеушілігіне наразылық білдіріп, қаладағы Жаңа Алаңға алғашқы ереуілшілер қатарында “Қазақтар! Кіріптарлық құлдықта өмір сүргеніміз жетеді! Біз еліміздің тәуелсіздігін жеңіп алған кезде ғана азат бола аламыз!” – деген ұранмен шықты.
Бұдан бөлек 200-ге жуық әйел (Асымбекова Рысты Мұрзайқызы, Елеусінова Зәуре Чкалқызы, Қадырова Гүлзина Дүйсеханқызы, Әбішева Бибізада Есетқызы, Исманғужинова Зейнаш Мадыханқызы, Сейітова Лаура Қожмұханқызы, Ішлікова Бағдагүл Ансызбайқызы, Досынбекова Гүлжами, Кубеева Гүлназ Асқарбекқызы, Мұрзатаева Ғалия Қасымқызы, Медетбаева Райгүл Сабырданқызы, Алиақпарова Жайнат Қасымқызы, Мұқанова Райхан Қимұқанқызы, Тойтаева Гүлмира Әбдікәрімқызы…) ауруханаға түскендермен (барлығы-286 адам, қыз-келіншектер-73) тізім жалғаса береді.

Мінекей осындай апаларымызға тағзым ете отырып, олардың ерліктерінен үлгі алумыз қажет.

Тұрса да биік өр басын, 
Қазаққа бақыт орнасын. 
Сексен алтыншы жылғыдай, 
Желтоқсан желі болмасын! 

Күн кешіп лапылдаған жастарым, 
Дүрліктірді желтоқсанның аспанын. 
Жерді, дінді, тілді баба дәстүрін 
Қорғау үшін көтерді олар бастарын!


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана