Жауынгердің сүйегі туған топырағына қойылды

   1944 жылы неміс-фашист басқыншыларынан Эстония жерін азат етуде шейіт болған жауынгер Николай Федорович Сорокиннің сүйегі туған жері – Семейге жеткізілді.

   «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының гарнизондық офицерлер үйінде ұйымдастырылған патриоттық акцияны «Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы, «Мы помним» іздестіру сайтының үйлестірушісі полковник Аманжол Оразбаев жүргізді. Жиналғандар алдында «Шығыс» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары – штабтар бастығы полковник Талғат Қабдыбекұлы Исмаилов екінші дүниежүзілік соғысқа бұрынғы Семей облысынан 100 мыңға жуық адамның аттанғанын баяндады. Семей өңірінде  330-шы гвардиялық атқыштар дивизиясының, 8-ші атқыштар дивизиясының және бірқатар әскери бөлімдердің негізі құрылғанын, 54 адамның Кеңес Одағының батыры, 11 адам үшінші дәрежелі Даңқ орденінің иегері екенін де жеткізді. Мінбеге ҚР Қарулы Күштерінің ардагері, Анголадағы жауынгерлік қимылдарға қатысқан запастағы генерал-майор Александр Мартынов, республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы әділет генерал-майоры Рүстем Қайдаров, әскери-тарихи «Front Line» (Эстония) клубының жетекшісі Андрей Лазурин, Кеңес Одағының Батыры, генерал-майор Иван Панфиловтың немересі Айгүл Байқадамова, Семей қалалық мәслихатының хатшысы Бейсенбек Ақжалов та шықты. Арада 76 жыл өткен соң сүйегі табылған Николай Федорович Сорокиннің қызы Галина Николаевна Сорокина қуаныштан көзінің жасын тия алмай, сөзін әзер айтты. Әкесінің мүрдесін жеткізуге күш салған азаматтардың әрқайсысына басын иіп тұрып, алғысын білдірді.

 

   Галина СОРОКИНА, Ұлы Отан соғысының жауынгері Николай Сорокиннің қызы: «Әкем соғысқа кеткенде мен бар-жоғы 2 жастамын. Ал, үлкен апайым 4 жарымда еді. Балалар үйінде тәрбиеленіп, анаммен 12 жасымда қауыштым. Сұм соғыстың естелігі – ардагерлерді көргенде анамыздың жүрегі қан жылаушы еді. Әкеміздің қай ұрыс даласында мерт болғанын, сүйегінің қайда қалғанын сол күйі біле алмай, 1969 жылы 3 қыркүйекте дүниеден озды. «Әкелерің міндетті түрде келеді, күтіңдер!» дегенді жиі қайталайтын. 76 жылдан соң сүйегін тауып, әрі туған топырағына жеткізгені үшін барлық жанашыр жандарға әулетіміздің атынан зор ризашылығымызды білдіремін».

 

   Аманжол ОРАЗБАЕВ, «Терроризмге қарсы комитет» республикалық қоғамдық бірлестігі президиумының төрағасы, «Мы помним» іздестіру сайтының үйлестірушісі: «1912 жылғы Николай Федорович Сорокин Қызыл Армия қатарына 1941 жылы 23 тамызда ҚазССР-і Семей қаласының Октябрск әскери комиссариатынан шақырылды. Майдан даласынан 1941 жылы желтоқсан айының басында жолдаған жалғыз хатында: «Ленинград түбінде дамылдап тұрмыз. Ертең шайқас. Антонина! Балаларға ие бол» деп қысқа жазады. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының «Мемориал» жалпыланған мәліметтер банкі «қатардағы Н.Сорокин 1942 жылдың наурыз айында қан құйлы ұрыста із-түссіз жоғалды» деп көрсетеді. Бірақ ол тірі қалып, Ленинград үшін шайқасқа қатысады. Сондағы ержүректілігі үшін «Ленинград қорғанысы үшін» медалі табыс етіледі. Ал, 1944 жылы 28 қаңтарда «Ерлігі үшін» медалі Ленинград облысындағы Лисий-Корпус елді-мекенін азат етуде артиллериялық қарудан тура нысаналап оқ атып, жаудың алты арбасы мен бақылау бекетін бұзғаны және жаяу әскердің алға жылжуын қамтамасыз еткені үшін беріледі. Осыдан кейін сарбаз туралы мәлімет болмады».

   Андрей ЛАЗУРИН, Эстонияның әскери-тарихи «Front Line» клубының жетекшісі: «2016 жылы 22 сәуірде Сиргала (Ида-Вирумаа уезі, Эстония) поселкесінің ауданындағы іздестіру жұмыстары барысында №811663 «Ерлігі үшін» медалімен қоса, 1944 жылы Эстония жерін неміс басқыншыларынан азат ету жолында қаза тапқан Қызыл Армия жауынгерінің мүрдесі табылды.  Медаль РФ ҚМ Орталық мұрағатының анықтамасына сәйкес, 1944 жылы 1 ақпан күнгі бұйрық бойынша 124-ші атқыштар дивизиясы 781-ші атқыштар полкінің 76 мм қару нысанашысы қатардағы Николай Сорокинге берілгені анықталды. Семей қаласында тұратын қыздары Галина Николаевна (1936 жылы туылған), Зинаида Николаевна (1940 жылы туылған) және немерелерінің мекен-жайы да тез табылды. Енді міне, екінші дүниежүілік соғыста із-түссіз жоғалғандардың тізімінен Николай Федорович Сорокин алынып тасталды. Жүректі сыздатса да, көңілді қуантатын хабарлар көбейе берсін».

 

   Айгүл БАЙҚАДАМОВА, Кеңес Одағының Батыры генерал-майор Иван Панфиловтың немересі: «Бұл – өлгендер үшін емес, тірілер үшін қажет. Ғаламтордың көмегіне жүгініп, көп іздену қажет. Бір сайтта түгел жинақталып, дайын тұрған ештеңе жоқ. Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің сайтында «ЦА МО РФ», яғни Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігі Орталық мұрағатының «ОБД Мемориал», «Подвиг народа», «СОЛДАТ. ru» парақтарын ашып, солардағы «іздеу» деген орынға атасының тегін бірнеше нұсқада жазып көру керек. Мәселен, «Подвиг народа» парағы ерлік көрсеткен жауынгерлерді марапаттау туралы бұйрықтар бойынша жасалған. Бұған қоса, соғыс болған елдердің барлығы бүгінгі күні «Книга Памяти» кітаптарын жарыққа шығарған. Оны да ғаламтор арқылы табу қиын емес. Бүгінгідей патриоттық акциялар батыр аталарымыз бен олардың жауынгерлік жолы туралы тарихты білуге үміттендіреді».

  

   Шара барысында республикалық «Генералдар кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атынан Ұлы Отан соғысында қаза тапқан қатардағы Қазис Сүлейменовтің (1905 – 28.01.1945) РФ Калининград облысының Гурьевск қаласындағы Мемориалды кешенде, кіші сержант Сәкен Данияровтың    (1907 – 28.02.1943) РФ Калужск облысы Людиновск ауданының Котовичи деревнясындағы бауырластар қабірінде, гвардия кіші лейтенанты Абжан Құсайыновтың (1916 – 20.03.1943) РФ Смоленск облысы Велиж ауданының Рытовка деревнясындағы бауырластар зиратында жерленгенін растайтын сертификаттар да берілді. Оған Семей өңіріндегі Ұлы Отан соғысы ардагерлері мен тыл еңбеккерлері, Ауған соғысы және тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік қимылдар мен әскери қақтығыстардың ардагерлері, «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері, Семейдегі дарынды балалардың Шоқан Уәлиханов атындағы «Жас ұлан» ерлер лицейінің тәрбиеленушілері де куә болды. Акцияға қатысушылар от пен оқ кешкен батырларды еске алып, бір минут үнсіздікте тұрды. Бұдан соң қатардағы Николай Федорович Сорокиннің сүйегі өмірлік жары болған Антонина Павловна Огородникованың зиратымен қатар аза тұтып қойылды.

   Аға ұрпақтың қахарман ерлігін ел жадында мәңгілік сақтауға шақыратын көп шараның жалғасы ретінде ШҚО тарихи-өлкетану музейінің Семейдегі «Ерлік пен Еңбек даңқы» бөлімінде тағы бір семейлік жауынгердің бұрышы ашылатыны анық. «Артында ұрпағы барда батырдың шырағы сөнбейді» деген асыл сөздің ақиқаты осы болса керек.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"