Жауынгер ерлігі – мәңгілік

Жауынгер ерлігі – мәңгілік

Жамбайбек Жолтаев Отан алдындағы әскери борышын кеңес-фин соғысында жалғастырып, Ұлы Отан соғысын аяғына дейін өткерді. Майдан жолдарын жүріп өтіп, талай қырғынды басынан кешірген жауынгердің бақилық болғанына биыл 40 жыл.

Кеңестік биліктің тоталитарлық саясатының ұлтқа жасалған геноциді – ашаршылықтан жаппай қырылып жатқан халықты көзімен көрген Ырысымбет өз отбасын Қырғызстанға  көшіріп әкетеді. Әйелі көп құрсақ көтерсе де, бәрі бала күнінде шетіней береді. Тек ізін жалғар жалғыз тұяқ – ұлы Жамбайбек пен қызы Зиякүл ғана аман қалады. Жамбайбек Жолтаев 1920 жылы 5 мамырда дүниеге келген, Жамбыл облысы Көлқайнар елді-мекенінің тумасы. Ырысымбеттің дәулеті жеткілікті болғасын, жалғыз баласын оқытқысы келмейді. Сол себепті Жамбайбек мектепке кеш барады. Сонысына қарамастан бір жылда екі класты тәмамдап, жеті жылдықты үздік бітіреді. Үлгерімі жақсы болып, әрі мамандардың жетіспеушілігінен бастауыш сыныптарға ұстаздық та етеді. 1938 жылы Қатипа Тілеубайқызымен отбасын құрады. Қаршадайынан еңбек еткен Жамбайбек Жолтаев 1938 жылдың күзінде Қырғыз КСР Талас облысының Киров ауданы Жуан төбе совхозынан әскер қатарына шақырылады. Аяғы ауыр әйеліне ұл туса «Әскер», дүниеге қыз келсе «Әскергүл» қоюын тапсырады.

   Гатчина қаласындағы Ленинград әскери округының 412-ші артиллериялық полкінің нысанашысы ретінде калибрі 152 мм гаубицалардың зеңбірегінен атыс жүргізуге, қуаттылығы жоғары әскери техниканың көмегімен қарсыластың орналасқан ауданы мен техникасын жою және алдыңғы шепке шығуына жол бермеудің әдіс-тәсілдеріне үйренеді. Әскери борыш мерзімінің бір жылы өткен соң, 1939 жылы қыстыкүні 19 жасар Жамбайбек 7-ші армияның құрамында «Маннергейм сызығын» (Финляндияның әскери және мемлекеттік қайраткері, маршал Карл Густав Эмиль Маннергеймнің бастамасымен салынған бекініс) бұзып өтуге бағытталған шабуылға  қатысады. Карель мойнағында орналасқан «Маннергейм сызығы» ұзындығы 135 шақырым, ені 90 шақырым жерді қамтыған терең орлардан, сым темірден өрілген қоршаулардан, оқ жаудыру көздерінен, қалыңдығы 2 метрге жететін бетон және гранит қабырғалардан тұратын қуатты қорғаныстық жүйе болатын. Шахмат тәртібінде қойылған доттардың үстіндегі топырақ үйіндісінде қалың шөп пен ағаш өскендіктен атысты төбеден оқ ату траекториясы бойынша жүргізуге тура келді. Фин әскерінің соғысқа дайындалғаны соншалық, арнайы киім-кешекпен, мұздың үстінде жүруге лайықталған бұдырлы бәтеңкелермен, сол уақыттың озық үлгідегі мерген винтовкаларымен жабдықталды. Ал, біздің жауынгерлер палаткаларда жан сауғалап, сақылдаған сары аязда шылғауларынан шыққан аяқтары етікке жабысып жатты. Олар мақтау мен марапат туралы ойламады. Рухы биік тұрып, тек туған жерге тірі қайтуды аңсады.    

   1942  жылдың қаңтар айында Выборг қаласынан бірнеше шақырым жердегі (Выборг – Балтық теңізінің жағасында, фин шекарасына жақын орналасқан  Ленинград облысындағы қала. Осы жерде 1944 жылдың маусым айында шабуылдау операциясында бұған дейін берік бекініс саналып келген «Маннергейм сызығын» кеңес әскері талқандады) ұрыс даласында жаудың оғынан ауыр жараланып, қардың астында қаны қатып қалған қатардағы Жолтаевты санитарлық взвод өлдіге санады. Өйткені есептоп түгелдей қырылған. Қарсыластың снаряды дәл тигендіктен қарудың да күл-талқаны шыққан. Госпитальде есін жиғанда жанында қан құйып отырған донор-қыздың «Қандай әдемі қазақ!» деген жылы сөзіне қымсынады. Шын мәнінде Жамбайбек Жолтаев сұңғақ бойлы, қою қара шашы артына қайрылған, көздері терең, жанары өткір еді. Екі айдай госпитальда емделген қатардағы Жолтаев денсаулығының жарамсыздығына байланысты Қызыл Армияның қатарынан босатылып, еліне жіберіледі. Оқ пен оттың ортасында жүргенде дүниеге келген қызы Әскергүлді құшағына алады. Алайда, арада үш ай өткенде, әлемдік тарихтың барысын түбегейлі өзгерткен екінші дүниежүзілік соғыс басталған күннен бастап көңілі жәй таппайды. Әскери комиссараттың «ауыл шаруашылығымен айналыс» дегеніне жауынгерлік тәжірибесін алға тартып, сан мәрте соғысқа сұранады. Әкесіне атқа барамын деп жалған айтып, әскери комиссарға келеді. «Ат басына күн туса-ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса-етігімен су кешер» кез келгенде тыныш жата алмайтынын жеткізіп, майдан даласына ерікті түрде жіберуін талап етеді. Кеңес-фин соғысынан сау оралғаннан кейін 1943 жылы дүниеге келген ұлы Аманкелдіні маңдайынан иіскеп, жау шебіне аттанады.

   202-ші атқыштар дивизиясының 645-ші атқыштар полкінің құрамында 1943жылы 30 тамыз бен 9 қыркүйек аралығында Орлов облысы Комаричск ауданының Глубокая, Радогощь, Кокино және тағы басқа елді-мекендерін азат етудегі ұрыста телефонист қатардағы Ж.Жолтаев қолбасшылық пен құрылымдар арасындағы байланысты үздіксіз қамтамасыз етудегі ержүректілігі үшін «Ерлігі үшін» медалімен марапатталады. Көп кешікпей жаудың артиллериялық оғының астында үзілген байланысты қалпына келтіріп, кәсіби біліктілік танытқаны үшін тағы да «Ерлігі үшін» медалі беріледі.

 

http://podvignaroda.ru/filter/filterimage?path=VS/440/033-0717037-1503%2b060-1503/00000276_1.jpg&id=45480298&id1=597aef16e64d9679c2756c570cfef42d 

 

 

 

 


  

1-ші Украина майданына қарайтын 17-ші атқыштар дивизиясының 22-ші минометті бригадасы 239-шы минометті полкінің барлаушы-бақылаушысына 1945 жылдың 24-26 қаңтарында Катовице ауданында жаудың әскері қуатты артиллериялық – минометті оқ жаудырғанда танытқан жанқиярлық батылдығы үшін «Қызыл Жұлдыз» ордені және маңызды барлау мәліметтерін жеткізгені үшін 1945 жылы 18 сәуірде тағы да «Ерлігі үшін» медалі табысталады.

http://podvignaroda.ru/filter/filterimage?path=VS/142/033-0686196-0644%2b040-0643/00000252_1.jpg&id=22905447&id1=dd989edf2244c0969af5b5fcecce8ca6

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

1945 жылдың мамыр айында Германия жерінде 239-шы минометті полктің құрамында аса маңызды жауынгерлік тапсырманы орындағаны үшін сержант Жамбайбек Жолтаев төртінші мәрте «Ерлігі үшін» медалін алады. Жамбайбек Жолтаевтың туылған жылы, әскерге шақырылған уақыты, әскери шені, әскери қызмет өткерген жері, ерлік көрсеткен күні, марапаттау бұйрықтары туралы тарихи дерек Ресей Федерациясы қорғаныс министрлігінің орталық мұрағаты берген анықтамада көрсетілген.

   Айта кетейік, 17-ші атқыштар дивизиясы Воронеж (1943 жылдың 20 қазанынан бастап 1-ші Украина) майданының құрамында Киев шабуыл операциясына қатысып, артиллериялық шабуыл жүргізуде жоғары шеберлік көрсетті. Киев және Житомир қалаларын азат етудегі жауынгерлік міндеттерді үлгілі орындағаны үшін «Киевтік», «Житомирлік» құрметті атағына ие болды. Дивизия Корсунь-Шевченко және Проскуров-Черновицк, 60-шы армияның құрамында Львов қаласын азат ету және Броды ауданындағы неміс-фашист әскерінің топтарын талқандау бағытындағы Львов-Сандомир шабуыл операцияларына да қатысты. Бұдан соң Польшаның аумағына еніп, Дембица қаласында 5-ші гвардиялық және 60-шы армияның әскеріне, ал 1945 жылы Сандомир-Силезский операциясында 1-ші Украина майданының 59-шы армиясын шабуылдауға бағытталған жаудың қорғанысын атыс соққыларымен жойды. 1945 жылы 19 қаңтарда Краков қаласы, одан әрі Домбровск көмір бассейні үшін шайқасты. Жоғары-Силезский операциясында Оппельн (Ополе) қаласының ауданындағы, Нейсе өзенінің сол жағалауында жаудың топтарын құрту және қоршау кезінде атыс міндеттерін нәтижелі орындады. 1945 жылы 27 сәуірде Виттенберг қаласын басып алу жөніндегі Берлин шабуыл операциясында 13-ші армияның құрылымдарына қолдау беріп, Берлиннің оңтүстік-батысында қоршалған жау топтарының көзін жойды. Жауынгерлік жолын Прага шабуыл операциясында аяқтады.   

   Жамбайбек Жолтаев кеңес-фин және Ұлы Отан соғыстарының бел ортасында жүрді. Жер бауырлап жорғалады. Суда жүзіп, қалың ну ормандардан өтті. Жолдастарының өлімін, неміс-фашист басқыншыларының қатыгездігін, аштық пен суықты да басынан кешті. Қыстың аязы мен бұршақша зулаған оққа қарамастан жауынгерлік тапсырмаларды аса шеберлікпен орындай білді. 1945-ші жылдың 9-шы мамырында Жеңісті Берлиннің түбінде қарсы алғанымен, 1946 жылы ғана демобилизацияланды. Елге келіп, мұғалімдікке қайта оралды. Жамбыл педагогикалық училищесінде сырттай оқып, алғашқы түлектерімен қатар бітірді. Сырттай педагогикалық институтты, ал 1952-1955 жылдар аралығында Бішкектегі жоғары партия мектебін де бітіріп алды. Қырғызстанның Фрунзе және Талас облыстарына қарасты елді-мекендерде ферма меңгерушісі, мектеп директоры, аудандық партия комитетінің қызметкері, партия комитетінің хатшысы қызметтерін атқарды. 1959 жылы өмірлік жары Қатипаның денсаулығына байланысты Қазақстанға көшіп келген соң Жамбыл облысының Куйбышев совхозында партия комитетінің хатшысы, Билікөл совхозында ферма меңгерушісі, Ильич атындағы совхозда директордың орынбасары және тағы да басқа лауазымдарда тер төкті. Әулеттің анасы Қатипа Тілеубайқызы 1970 жылы дүние салды. Өткеніміз бен бүгінімізді сабақтастырып, Жеңістің белгісіндей болған Жамбайбек Ырысымбетұлы Жолтаев 1977 жылы бар-жоғы 57 жасында бақилық болды. Өзі басшылық еткен Талас ауданының Ильич атындағы совхозда жерленді. Талай қырғынды басынан кешірген жауынгердің дүниеден өткеніне биыл – 40 жыл. Батырдың «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» және «Берлинді алғаны үшін» медалдері, «Қызыл Жұлдыз» ордені, «Ерлігі үшін» төрт медалі, «Жауынгерлік қызметі үшін», «Киев қорғанысы үшін», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің жиырма жылдығы», «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің отыз жылдығы» мерекелік медалдері – ұрпағы үшін мәңгілік ерлік пен өрліктің мұрасы. Аллаға шүкір, бүгінгі күні тоғыз баласынан 30 немере, 53 шөбере, 10 шөпшек бар. Ал, қиын-қыстау заманда тірі қалған Зиякүл апайдың жалғыз ұрпағы Дәмен апай отбасымен Талас облысындағы Шолпанбаев атындағы ауылда, бірқатар ұл-қыздары Бішкекте тұрады.  

   Сөз соңында. Ұлы Жеңістің 72 жылдығы да жақындап қалды. Айтулы күннің қарсаңындағы шаралардың барлығы жастарды Отанын сүюге, жерін құрметтеуге, елінің патриоты болуға тәрбиелейді. 9 мамыр – бұл күрестің, адамгершіліктің, нағыз ізгіліктің күні. Бұл – ұрыс даласында мерт болғандарды да еске алатын күн. Ұлы Отан соғысы – мәңгілік тақырып.

Екінші дүниежүзілік соғыстың отты жылдарында неміс-фашист басқыншыларын жеңу үшін шейіт болғандар да, аман-есен оралғандар да, көзі тірі қалғандар да ешқашан ұмытылмақ емес. Отанын қорғау үшін жары мен бала-шағасын тастап, қолына қару алған әр жауынгердің тағдыры әрқилы. Олар туралы тарих ұл-қыздарымызды батылдық пен ержүректілікке, қаһармандыққа шақыратын үндеу ретінде қабылдануы керек. Жыл өткен сайын батыр бабаларға деген сый-құрмет көбеймесе, азайған емес. Уақыт өте келе, Жамбайбек Жолтаев секілді қаһармандардың рухына сан мәрте тағзым етілетініне, олардың ерлік жолдары туралы талай тарихтың жазылатынына да еш күмән жоқ.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана

Условия конкурсов "АрМИ-2017", которые пройдут на территории Казахстана