Арыстандай айбатты азамат

Арыстандай айбатты азамат

Талаптың мініп тұлпарын», өз өмірі мен білімін мемлекет пен халық қауіпсіздігін қорғауға арнаған,  қазақтың талантты тұлғаларының өмір тарихы тұнып тұрған өнеге көзі емес пе?! Жалындаған жастық шақтың жігерін, орта жастың кемел ақыл қуатын,  білімін, тәжірибесін Отан үшін сарқа жұмсаған, айбынды ағаларды ардақтап, қайратты інілердің тынысы мен ырысына айналған, ісімен жастарға үлгі-өнеге болған азаматтарымыздың бірі Сәбит Сәуменұлы Тауланов бүгінде мерейлі жас 70-ке толып отыр. Құрметті генералдың 70 жасқа толу мерекесіне орай тәлімі мол өмір белестерімен жас ұрпақты таныстыру өте абыройлы іс. Сәбит Сәуменұлы –  өмір жолы кейінгі ұрпаққа  үлгі боларлықтай танымал тұлға, қазіргі заманның батыры. Генерал ағамыздың басты адами қасиеттері: іскерлік, шыншылдық, жаңашылдық пен табандылық және қарапайымдылық, адалдық.

 Кең байтақ атамекенімізді қорғау үшін от кешкен, батырлардың шоқ жұлдыздары  шоғырланған Батыс Қазақстан жері даңқты Сырым батырдың, «Атадан туған әруақты ер, жауды көрсе жапырар»  деген дауылпаз жыршы Махамбет батырдың, ел тәуелсіздігі үшін жан қиған Исатай сынды батырдың  жері. Қазіргі бейбіт заманның да мылтықсыз майдандағы өз ерлері бар. Бұл сол әруақты батырлардың ізін басқан ұрпақтар екеніне күмән жоқ.  Қасиетті Орал өңірінде Жәнібек деген аудан бар.  Осы ауданда ел қатарлы қоңырқай тірлік кешкен Сәумен мен Сақыпжамалдың шаңырағында 12 бала дүниеге келіпті. Бала-шағаның қамы үшін күн-түн демей еңбек еткен ата-ананың үміті ақталып,  9 бала аман-есен болып, ер жетіпті, бой түзепті, «тірлік барда, қаза бар» демекші, үш перзенті мезгілінен бұрын фәниден озыпты. Бар арманын балаларына аманаттап, Сақыпжамал ана да 52 жаста денсаулығы сыр беріп, о, дүниеге аттанып кеткен екен. Анадан айырылу қайғысы өте ауыр болғанымен, өмір-өзен тоқтамайды. Үлкен әулеттің  тұңғышы 1947 жылы 29 тамызда дүниеге келген Сәбит аға екен... 11 жасынан бастап Меңдіғали атасына қолғанат болып, шопан өмірінің қыр-сырын түсінген бала Сәбит атасынан еңбекқорлық пен төзімділікті, ұлттық тәлім-тәрбиені, үлкенге құрмет пен кішіге қамқор болуды  бойына сіңіріп, қиындыққа төзімді,  болаттай қайсар  болып шыңдалыпты.

     Әкесі Сәумен – Ұлы Отан соғысы басталғаннан соңғы күніне дейін майдан шебінде болған «солдаттың етігіндей жаны сірі» майдангерлердің бірі. Жалауы желбіреген жеңіспен бірге абыроймен елге оралған әкесі 1946 жылдан өзінің өмір кешкен Жәнібек елді мекеніне келіп, балалар үйінің алғашқы директоры болады. Ал 1953 жылы колхоз бастығының қызметін атқарады. Ардақты әкесі Сәумен Тауланов барлық ғұмырын халыққа адал  қызмет етуге арнайды. Әке өнегесі жас Сәбиттің мәңгі есінде қалды.

          Ерке Ақ Жайықтың  сиқырлы ағысы, тамаша табиғаты Сәбиттің жас жанына туған жерге деген сүйіспеншілікті дарытты, бала кезден бойға сіңірген кәсіпті жалғастырып,  Меңдіғали атасының жолын қуып, алғаш мал дәрігері мамандығын меңгергенін генерал бүгінде өз естеліктерінде қызықтыра айтады, еңбектің үлкен-кішісі болмайды деп.

       Кейіпкеріміз 1962 жылы Жәнібек ауданындағы сегіз жылдық мектепті тәмамдап, Орал ауыл шаруашылығы техникумында білім алады.  1966 жылы күзде Жәнібек ауданындағы Калинин атындағы совхоздан әскер қатарына алынған ол бұдан кейінгі бүкіл өмірін Қарулы Күштермен байланыстыруға нық бел буған.

         Сәбит Сәуменұлы 1969 жылы Ташкент қаласындағы жоғарғы жалпыәскери командалық училищені бітірген соң, әскери қызметтің қызығы мен қиындығы мол жылдары басталады. Білімін жетілдіру мақсатымен  1973 жылы Түрікмен мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, 1978 жылы Термез мемлекеттік педагогикалық университетін «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша аяқтайды. Әскери қызметкерге ортамен қарым-қатынас жасаудың білгірі болу үшін тіл шеберлігі қажет екендігіне бұл бір тамаша мысал бола алады. Ол 1985 жылы Мәскеудегі әскери-саяси академиясын «Әскери саяси» мамандығы бойынша бітірді.

         Әскери қызметтегі өсу жолында 1966 жылдан 1992 жылға дейін Совет Одағы Қарулы күштерінде әртүрлі әскери-саяси қызмет атқарады, қай әскери қызметтің  басы-қасында жүрсе де өзінің ерекше адами қасиеттерімен, әскери істің білгірі ретінде көзге түседі.  Армия өмірінің бар қиындығында болаттай шыңдалған Сәбит Сәуменұлы 1979 жылдың мамыр айынан бастап 1981 жылдың мамыр айына дейін әйгілі Ауғанстан соғысына қатысып, қан майданда өзінің ерлігі мен әскери шеберлігін ұштайды. Отан алдындағы борышын адал атқарғаны үшін ол 1981 жылы Кеңестер Одағы Қарулы Күштерінің жоғарғы наградаларының бірі III дәрежелі «Отанға қызметі үшін» орденімен марапатталып, оған мезгілінен ерте «подполковник» атағы беріледі.

         1991 жыл миллиондаған адамдардың жүрегінде Кеңестер Одағының ыдырауымен, Қарулы Күштердің, партия ұйымдарының  тарауымен есте қалды. Бұл жылдар «тағдырдың сыйы» ретінде түрліше бағаланғанымен, біздің қаһарманымыздың өмір тарихының жаңа беттерін ашты. Бұл – жаңа кезең мен жаңа тарихтың бастамасы еді.

         1992 жылы Сәбит Сәуменұлын Ұлы Отан соғысының Батыры, генерал-лейтенант, аңызға айналған мемлекет қайраткері Сағадат Кожахметұлы Нурмағамбетов жаңадан құрылған мемлекеттік  Қорғаныс комитетіне бас маман ретінде – Қазақстан Республикасы өңірлік әскери ведомствасы кадрлар басқармасының бастығы қызметіне шақырады. Бұл тамаша мүмкіндік, мемлекетке пайдасы зор істі атқару бір кездегі Оралдан түлеп ұшқан қыранға табысталды. Бұл қиын да жауапкершілігі мол істі ол абыроймен атқарып шықты. 1992 жылдан 1999 жылдың желтоқсан айына дейін, яғни Қазақстан Республикасы Армиясының құрылған  күнінен бастап Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр жөніндегі Департаментінің бастығы болды. Осы уақытқа дейін Қазақстан Қарулы күштерінің генералдары, әскери қызметкерлері Сәбит ағаны жаны жайсаң тұлға ретінде, өздерінің әскери қызмет белестеріне өрлеуіне жол салған, әскери атақтарына қол жеткізуге жол ашқан, адам тағдырының білгірі ретінде мақтан тұтады, өзгелерге үлгі-өнеге етеді.

Сәбит Сәуменұлының  мемлекетіміздің әскери мамандарын тәрбиелеуге сіңірген еңбегін Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаев жоғары бағалап, 1994 жылы өз қолымен ҚР Қарулы Күштерінің алғашқы генералдық погонын тақты. Бұл оны қанаттандырды.

 Ол енді өзінің ұстаздық қызметін ағарту қызметі саласында жаңа арнаға бұрады. Өмірдің өзі – қозғалыс болса, өмірлік мол тәжірибесін ғылыммен ұштастырады. Ғылыми ізденістің алғашқы жемісі ретінде   тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесін қорғайды. Ғылым мен тәжірибені ұштастыру ойымен осы уақытта ол толығымен ғылыми ізденіс жолына бет бұрады.   2001-2002 жылдар ҚР республикалық білім беруді ақпараттандыру орталығы директорының орынбасары, 2002-2003 жылдары Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінде тәрбие жұмысы жөніндегі проректор қызметін, ҚР ІІБ шекаралық қызмет Академиясының педагогика кафедрасының профессоры қызметін атқарады.

         Әскери өмір сабақтарын жас ұрпаққа  тәжірибе ретінде жинақтап беру мақсатымен ол педагогика ғылымының қыр-сырына үңіледі, әскери  ұстаздың өмірлік сабақтары докторлық диссертация болып жаңа өмірге жол тартады. Бүгінде Сәбит Сәуменұлы Қазақстан әскери қызметкерлерінің ішіндегі  жалғыз әскери педагогика ғылымдарының докторы. Бұл педагог генералдың жалғыз қыры емес, ол кісімен жүздескен жандардың бәрі өз сұрақтарына жауап алып, ойларына ой қосып, көңіл көкжиектерін кеңейтеді.

Енді Сәбит Сәуменұлының  қанатын кең жайып,  әскери, ғылыми қызметте биік  шыңдарға көтерілуіне дем берген отбасына тоқтала кетудің кезегі келгендей. Ер адамның қуатын асыратын да, бақытын жандыратын да - ақылды да, сүйікті әйелі. Сүйікті жары Талиға Төреғалиқызы – жан жарының әскери қызметтегі, өмірдегі   қиындығы мен қызығы мол тағдырының бір бөлшегі бола білген аяулы жан, ардақты ана, сүйікті немерелерінің асыл әжесі. Жүрегінің жыры, көзінің нұрындай қос қызы – Жанна мен Саида жоғары білімді мамандар, ата-аналарын Данияр мен Ислам, Томирис пен Айлин атты балдай тәтті немерелерінің қуанышына бөлеуде. Ардақты жары Талиға Төреғалиқызы Таулановтар әулеті шаңырағының құтты арқауы, қасиетті ұйытқысы болып отыр. Қызметтік өрлеу мен отбасылық бақытқа қол жеткізу үшін де көп тер төгіледі, ал екеуін қатар алып жүру үшін үлкен адамдық жүрек керек, Талиғадай сүйікті де адал жар керек. Тұрмыста да, өмірде де, әскери, ұстаздық  қызметте де Сәбит Сәуменұлы замандастарына,  әскери қызметтегі інілеріне, шәкірттеріне үлгі болуда.

Сәбит Сәуменұлы бүгінде әскери бейімдегі «Арыстан»  мамандандырылған лицейінің бастығы қызметінде жас ұрпақтың тәрбиесіне зор үлес қосуда. Себебі тәуелсіз мемлекетімізге әскери салада білім беретін   заманауи оқу орны аса қажет болды. Жастар, жасөспірімдер арасындағы отаншылдық тәрбиені жаңғырту, күшейту ісі оның көп көксеген арманы еді.

 «Арыстан» мамандандырылған лицейі – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік бағдарламасындағы білімді дамытудың мақсатты бағытының  орындалуы аясында «Нұрсұлтан Назарбаевтың Білім беру Қоры» Қоғамдық қорының қайырымдылық жобасын іске асыру мақсатында ашылған орта білім беретін республикамыздағы ең беделді лицейлердің бірі. Бұл Қоғамдық қордың директоры Динара Нұрсұлтанқызы Қулыбаева болса,  Лицейдің Қамқоршылар кеңесінің төрағасы Тимур Асқарұлы Құлыбаев. «Арыстан» лицейі әлеуметтік жоба ретінде құрылғандықтан,  мұнда білім алып тәрбиеленетін балалар тегін білім алады әрі тіршілік қажеттіліктерімен тегін  қамтылған: тамақ тегін беріледі, алты түрлі оқу формасы тегін,  материалдық әрі ғылыми базасы жақсы жабдықталған. Интернат типті заманауи оқу орны Қазақстан Республикасының әр облысынан келген 9-11 сынып оқушыларының алтын ұясына, қасиетті достық ордасына айналған.

    «Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін, ой өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтар қажет»–деген Елбасы сөзін жүзеге асыратын түрлі бағыттағы оқу орындары елімізде аз емес. Әскери бейімдегі, жаратылыстану бағытында білім беретін «Арыстан» лицейінің қазіргі жасөспірімдердің асыл арманына айналуына әсер еткен іс запастағы құрметті генерал-майор, педагогика ғылымдарының докторы Сәбит Сәуменұлының лицейдегі шебер басшылығы еді. «Ұлт боламын десең, бесігіңді түзе» деген заманымыздың заңғар жазушысы М.Әуезов айтқандай, ұлт қорғаны, мемлекет тірегі болатын ұланды жан-жақты дамыған тұлға болуға бағыттайтындай білгір басшылықтың  үлгісі осы «Арыстан» лицейі болып табылады.  Әрбір арыстандық шәкірттің ата-анасынын, қамқоршысының аузынан тек Сәбит Сәуменұлының атына   алғыс естіледі. Бұл  тәжірбиелі әскери ұстаздың басшылық  еңбегіне берілген  нақты халықтық бағалау, халық сүйіспеншілігі десек те болады.

 Бәсекеге қабілетті, кемел көш басшысы болуға лайықты қазақстандықтардың  болашағы жарқын болуының негізгі кепілі – елдің ертеңін қалыптастыратын интеллектуалы жоғары, білімді, текті ұрпақ тәрбиелеу. Лицейдің басты міндеті – жастарға ең жоғарғы деңгейде білім беру, сонымен қатар олардың адамдық келбетін қалыптастыру, әскери мамандыққа баулу, шыдамдылық, табандылық,  мінезділік, мәдениеттілік, азаматтық міндет пен ұлтжандылық сезімін дамыту. Мамандандырылған «Арыстан» лицейі – Сәбит Сәуменұлының бала арманын  жүзеге асырған құтты білім беру ордасы, қиялды шындыққа айналдырар тәртіп ұстаханасы.

 «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген қазақтың даңқты батыры Бауыржан Момышұлының қанатты сөзі  арыстандық лицеистеріміздің ар-намыс Кодексінің заңдылықтарының бірі болып табылады. Кемшіліксіз адам болмайды, республикамыздың жан-жағынан келген, түрлі ортада тәрбиеленген жасөспірімдерді бір идеяға, тәртіпке, бір мүддеге бағындырып, олардың жарқын болашағына жол ашатын сапалы білім мен тәрбие беріп, сан қырлы педагогтар мен әскери қызметкерлерді жұдырықтай жұмылдырып отырған кемел ақыл иесі Сәбит Сәуменұлына ұжымының айтар алғысы мол. Қазірде лицейде педагогика ғылымдарының докторы,  2 PhD докторы, 2 ғылым кандидаты, 11 жоғарғы санатты оқытушы, 10 бірінші санатты мұғалім, сондай-ақ 5  жоғары білімді әскери маман, жас мамандар қызмет атқаруда. Лицейдің білім  беру базасы осы заманға сай соңғы  компьютерлік технологиялармен жабдықталған.

ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаев 2013 жылы сәуір айындағы арнайы   келген сапарында «Арыстан» лицейінің бұл қайырымдылық  жобасы негізіндегі  жеке  капиталдың жастарға мемлекеттік-жеке меншіктік механизм серіктестігі  арқылы  қолжетімді, сапалы білім берудегі жарқын көрінісі  болып табылатын айтып, лицей басшылығының ісіне жоғары баға беріп өтті. Бұл – лицей үшін үлкен жетістік еді.

         Лицей өзі құрылғаннан бері  5 мәрте  өз түлектерін қанаттандырып, білімнің ақ жолына аттандырды. Лицей түлектері ҚР Білім министрлігінің  жоғары әскери оқу орындарында, ҚР қауіпсіздік комитетінің шекара қызметі Академиясында, КБТУ, ҚазҰТУ, МУИТ, Евразия университетінде, ҚР ІІМ Академиясында, Ресей Федерациясының әскери оқу орындарында, Беларусь, Украина, АҚШ, Қытай мен Түркияда әскери білімдерін жалғастыруда. Осындай тамаша идеяны шындыққа айналдыру тек Сәбит Сәуменұлы сияқты көреген  басшының ғана қолынан келетіні рас. Сәбит Сәуменұлын «Арыстан» түлектері мен лицеистері «ӘКЕ» деп атауы таң қалдырмайды,  себебі тағдыр оларға осындай тамаша тұлғадан тәрбие алу бақытын сыйлады, атадай қамқор болған генералға еліктемейтін шәкірт жоқ. Ол әрбір арыстандыққа лицейді бітіру қоштасу кешінде аталық батасын беріп, міндетті түрде жан тебірентер сүйікті музасы «Храни тебя, сынок»  әнін шырқайды, оған бүкіл «Арыстан» лицейі қосылып, Алатау жаңғырады. Осы бір  әскери білім беру мекемесінің бастығы запастағы генерал-майор Сәбит Сәуменұлы Тауланов  мырза да биыл өмірінің бір ұлы белесіне – 70 жастың асқар шыңына көтеріліп отыр. Мерейлі жас иесіне өмірге құштарлығыңызбен, шуақты адами тұлғаңызбен, әскери даңқыңызбен, ұстаздық ұлағатыңызбен ортамызды нұрға толтырып, аман-есен жүре беріңіз дегіміз келеді.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: основные причины ДТП

Инфографика: основные причины ДТП