Әскери әндерге жарнама жетіспейді

Жуырда «facebook» әлеуметтік желісін қолданушы Айсұлтан Жақыпов есімді азаматтың парақшасынан мынадай жолдарды көзіміз шалды: «Осы біздің патриоттық, әскери әндеріміз неге аз? Басқа елге бармай-ақ, орыстардың «Любэсіне» сүйсінетінім жасырын емес. Олег Газмановтың әндерін қараңызшы, "Солдаты", "Погранзастава", "Кандагар", "Госпада офицеры" –  керемет әндер қай-қайсын алсақ та. Кейде әскери әндер тыңдағым келіп кетеді...»

Дәл жоғарыдағыдай пікірді қолдайтындар да, қостамайтындар да баршылық арамызда. Олардың бірі бір нәрсені біліп айтады, бірі бет-жүз жоқ байбалам сала береді. Ал шындығында, сарбаздар сапта жүріп салатын әндер аз емес деуге әбден негіз бар. Тап осы мәселені ілгерілету бағытында атқарылып жатқан шаруалар да жетеді. Айталық, «VIVAT, Казахстан!» әскери-патриоттық әндер фестивалі, оған қоса «Жас ұлан» әскери әндер фестивалі, 7-9 мамыр мерекелеріне орай ұйымдастырылатын жыл сайынғы шаралар әскери-патриоттық тақырыптағы шығармалардың талайын тудыруда. Эстраданың сахнасында жүріп, патриоттық, әскери мазмұндағы әндерімен көрермен көзайымына айналған «жұлдыздарды» да атап өте аламын. Мәдина Сәдуақасова, Ибрагим Ескендір, Ерболат Құдайберген, Қайрат Нұртас, Әли Оқапов және «Алашұлы», «Ринго» топтары.

Жақын арада еліміздің Қорғаныс министрлігі тағы бір үлкен байқау жариялады. Қазақстан Қарулы Күштеріндегі әскери қызмет туралы үздік музыкалық шығармаға арналған «Мен әскерде болғанда» байқауы көптеген таланттарды ұштап, жаңа есімдерді тағы танытады деген сенімдеміз. Бұл сынға жас әскери қызметшілер, жедел қызметтегі жауынгерлер, қазақстандық армия қатарында борышын өтеген, әскерден келген кез келген азамат қатыса алады.

Рас, кеңестік кезеңде әскерде болған ағалар сапта жүріп, «Вот приеду с победою», «Прожектор шарит», «У солдата выходной», «Не плач, девчонка» сынды орыс әндерін шырқады. Олардың жауынгерге рух, жігер беретінін де мойындауымыз керек. Ал Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан біздің әскери бөлімдерімізде қазақша, бірақ махаббат тақырыбындағы әндер көбірек шырқалды. Сарбаздар салған әндердiң қатарына Талғат Жорабаевтың орындауындағы «Сағыныш сазы», Ерболат Құдайбергеновтiң «Бiздiң жiгiттер», Тоқтар Серiковтiң орындауындағы «Көршiнiң қызы», Нұрлан өнербаевтың орындауындағы «Анашым» әндері, сондай-ақ, «Қызыл гүлiм-ай», «Отыздан асып барамын» сияқты той әндерi де «хит» болғанын жасыра алмаймыз. Бірақ мұны өткінші құбылыс деуге әбден болады. Себебі енді ғана егемендігін алған елдің сарбаздарына патриоттық, әскери тақырыптағы әндерді ешкімнің дайындап бере қоятындай мүкіндігі болған жоқ. Ал бүгінде Қарулы Күштер қатарындағы жауынгерлердің аузынан әскери сарындағы әндерді жиірек естиміз. Мәселен, Республикалық «Ұлан» қатарындағылар «Жігіттер, жігіттер», «Сарбаз», «Сарыарқа», «Қазағым» секілді патриоттық жанрдағы әндер көбірек шырқайтындарын айтады. Ескендiр Хасанғалиевтiң «Атамекен», Бекболат Тiлеуханның орындауындағы «Елiм менiң», Мәдина Сәдуақасованың орындауындағы «Ән сал, сарбаз» Сандуғаш Нұрғазина шырқайтын «Шекарашы сарбаздар», Артур Iзтiлеуовтiң репертуарындағы «Берiк болсын шекарасы қазақтың» деген тамаша әндер, «Жiгiттер» тобы шырқаған «Айбынды армия», Асқар Жүнiсбеков орындайтын «Жаса, Қазақстан» әндерi сарбаздардың барлығы сүйiп айтатын әндер екені даусыз.

Белгілі композитор Қайрат Жүнісов: «Қазір әндерімізді телеарнаға беру мүмкін болмай қалды. Әйтпесе, патриоттық тақырыптағы, әскерилерге арналған әндеріміз көп-ақ. Мақтанғаным емес, бас-аяғы 50 шақты патриоттық әнім бар. Осыған дейін 3 жинағым жарық көрді. Десе де, әскери әндерге жарнама жетіспейді» дейді. Міне, бар гәп осында сияқты. Әскери әндерге жарнама жетіспейді. Осы мәселені Мәдениет министрлігі қолға алып, насихаттап жатса, кез келген әскери бөлім сол әнді іздестіріп, тауып алар еді. Бренд болып тұрған әнді шырқау өнерге де, бөлімге де тиімді. Сонымен қатар осы тақырыпта жазатын композиторлар көбейіп, рухты көтеретін жақсы әндер пайда болады.

Ендi кезiнде көп айтылған “Отан” деген әндi (өлеңi Дихан Әбiловтiкi, әнi Латиф Хамидидiкi) есiмiзге түсiрелiкшi:

Отаным кең далам орманды,

Болаттан соғылған қорғанды.

Бақыттың, шаттықтың мекенi,

Қорғаймын қолдаймын Отанды.

 Туған жер алтын таң,

Кең далам таулы орман.

Ұл мен қыз қорғаймыз

Бақытты сенi Отан, сенi Отан.

Кеңес одағы кезiндегi бұл ән әлi де мазмұнды, маңызын жойған жоқ. Тек жарнамасын келістіріп, жаңғыртып жіберсе болғаны.

Әншi, режиссер Зәуреш Есбергеннің мынау пікірі де ойланарлық: «Патриоттық әндер қалай туады, қайдан туады? Ол үшiн халықтың шығармашылығын терең зерттеу керек. “Ел iшi – өнер кенiшi”, халықта не жоқ дейсiз?! Жылататын да, жұбататын да, жiгерлендiретiн де, рухтандыратын да, тiптi жүнжiтiп жiберетiн музыка да – халықта. Осындай әндер мен сарындарды iрiктеп, екшеп, талғап, iшiнен жауынгерлерiмiздi жiгерлендiре алатын, рухтандыратын, намысын оятатын екпiндi әуендердi алып, оны әнге айналдырып, осы әндердi Отан қорғаушы жастарға ұсыну керек». Бұл да әскери тақырыптағы әндердің көшін ілгерілетудің бір жолы.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"