ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Әр ғасырда өмір сүрген батырлар мен олардың ерліктері

Әр ғасырда өмір сүрген батырлар мен олардың ерліктері

Аң патшасы – арыстан болса да, қасқыр қай кезде де қасқырлығын жасайды. Циркке бағынбайтын да жалғыз аң дәл осы – қасқыр. Тіпті терісін тірідей сылып алса да, түз тағысы мүлдем қыңсыламайды деседі. Сонымен қатар қасқыр – айлакер аң. Бірақ оқ тиіп, өлетінін сезсе, бұл жыртқышыңыздың ешқашан қашпай, мылтыққа қарсы шабатынын да аңшыларымыз жақсы біледі. «Көкбөрінің тұқымымыз» деген аңыз- әңгімелерді қазақ та бекер айтпаса керек. Себебі қазақ – ақырған арыстан мен аюға қарсы тұратын қарымды қауқары бар көкжалдар сияқты қайсар мінезді батыр халық. Тіпті қазақтың қаршадай баласына дейін қасқырша қасқайып, тамырында намыстың қаны ойнап тұратыны өзіміз түгілі өзгеге де аян. Тағылымды тарихқа көз жүгіртер болсақ, жау жағадан алғанда ұлан-ғайыр жеріміз ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес үшін қарсы келгеннің қалпағын қайқайтып, тайраңдап жүргеннің тас-талқанын шығаратын батырларымыз аз болмаған. Ендеше әр ғасырда өмір сүрген батырларымыз бен олардың ерліктері туралы қалам тербеп көрмекпіз.

 

БАТЫРДА ДА БАТЫР БАР...

Әрине, қолына найза ұстап, атқа қонғанның бәрі бірдей батыр емес. Елдің қорғаны болған, жауға шапса, өліспей беріспейтін, ел-жұрты үшін жанын қиюға әзір тұратын әрі жан алысып, жан берісетін, небір шайқастарда суырылып алға шығып, өздерінің мықтылықтарын дәлелдей білген білекті де жүректі ерлерге халықтың өзі «батыр» деген атты таңып берген ғой. Қазақ ұлтының азат ел болуы жолында және Алтай мен Атырауға дейінгі кең байтақ жерімізді сақтап қалу мақсатында халқымыздың біршама соғысты бастан кешкені белгілі. Сол сойқан соғыстарда жұрттың рухын жандырып, қарсыластарын састырып, жаудың екі аяғын бір етікке тыққан тарихтағы талай тарландарымыздан бөлек, бүгінде тарих сахнасының сыртынан сығалап, есімдері тек көпті көрген аузы дуалы ақсақалдардың әңгімесі арқылы ғана оқтын-оқтын ел аузынан естіліп қалатын ерлеріміз де қаншама. Осы орайда әр кезеңде бір кісідей ерлік көрсеткен сондай батырларымыздың кейбіріне жеке-жеке тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Мысалы, аты Алты Алаштың тарихында алтын әріптермен жазылған баһадүр батырлардың бірі әрі бірегейі Қаракерей Қабанбайды бүгінгі күнде еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейінгі әрбір жан жақсы біледі. Жоңғар шапқыншылығы кезінде ерлігімен ел есінде қалған дала Дарабозының өмірбаяны мен оның бойға рух-жігер берер ерліктері мен жойқын жорықтары жайлы түрлі қызықты ақпараттар көптеген кітаптардан, ғаламтордан оңай табылады. Тіпті мектеп оқулықтарынан да ұшырастыруға болады. Алайда «Ерасыл» деп, азан шақырылып есім берілген баһадүр бабамыз туралы оқыған-білгенімізді оқырманмен бөлісіп, қаламымызға арқау етсек, оның да еш артықтығы бола қоймас. Тарихшы Камал қажы Әбдірахманның «Қаракерей Қабанбай батыр» атты жинағында (166 бет, «Көптің аузы дуалы», Қапшырбай Оспанов) былай деп жазылады:

«Ерасыл Есенбайдың кегін алып, Өлгежырғылды өлтіргенде, екі тұлпарды – Сарбауыр ат пен Ақжалды міне кетеді. Ертесіне бесінде қуып жеткен Арсланды, мұны бірде «Арсланбет» деп те ныспылайды, Ерасыл қарсы шығып, жекпе-жекке шақырады.

- Ей, қалмақ, ер болсаң, жекпе-жекке шық. Мына жігіттердің – қырғыз Ердене, Естек пен Ержебені көрсетеді, - еш жазығы жоқ. Бауырыңды ағамның кегі үшін мен өлтірдім.

- Сенімен бе? – Арслан қарқылдай күледі. Ол да айтулы, беті қайтпаған қалмақ батыры ғой. Жанындағы көп батыр да Ерасылды мазақ етіп, мәз болады. Мұрты енді тебіндеген атамызды қорашсынғандары ғой. – Ал шығайық. Тек мынаны айтшы, алдымен басыңды шабайын ба, әлде найзаға түйреп, жаныңды шашайын ба?

- Кім өлерін Тәңірім біледі. Менің бір шартым бар. Орындайсың ба?

- Шынымен жекпе-жекке шықсаң, орындаймын. Бірақ сен оны көре алмайсың-ау, ит қазақ. Ал, айт!

- Онда былай. Сен өлсең, қасыңдағы қолың бізге шаппай, жөнімізге жібереді.

- Ал сен өлсең ше?

- Онда менің жолдастарымды жөніне жібересіңдер. Екі атты аласыңдар.

- Әй, естідіңдер ме? Онда не тұрыс? Ал, өлімге дайындал!

Ерасыл мен Арслан айқасқа түседі. Абырой болғанда Арслан да атамыздың қолынан майып кетеді. Жат десең де, жау десең де, сол заманның адамдары сөзге берік қой. Уәдеге тұрған қалмақтар қаптама соғысқа түспей, Арсланның сүйегін алып, кері қайтыпты.»

Бұл қаны «қазақ» деп соққан Ер Қабанбайдың жастайынан рухы асқақ, нағыз жау жүрек батыр болғанын көрсетпей ме?!

 

ЖАРҒАҒЫМЕН ТУҒАН ҰЛ

Қаракерей Қабанбайдың атқа мінсе, аяғы жер бауырлайтын алып денелі тұлға болғаны тарихтан аян. Тарихшы Камал қажы Әбдірахманның «Қаракерей Қабанбай батыр» атты тарихи соны мағлұматтарға бай, көз қарықтырар кітабына үңіліп отырғанда тосын туынды қылаң етіп, көңіл толқытар шығарма теңіз толқындарындай өзінің тұңғиығына тартып әкеткен еді. «Алып та анадан туады» дегендей, онда алтын құрсақты ананың батыр баласын қалай дүниеге әкелгені жайлы жазылыпты. Камал Әбдірахман жоғарыда аталған кітабында (188 бет, «Жарғағымен туған ұл») былай деген екен:

«... Қожақұл батыр қаңтар айының ортасына жуық тебіндегі жылқыны көруге аттанған екен. Арқадағы ең алай-түлей борасын уақыт бұл. Ат құлағын көрсетпей соққан дауыл адам түгілі, түз тағысын да інге тығып тастайды. Құжақұл ыққан жылқыны қайырысып, біраз бөгеледі. Ұйтқыған жел тоқтағанда шапқыншы жетеді.

- Батыр, жеңгеміз үш күн болды, толғатып тұр. Бақсы-балгер түгел үйде. Ем-дом, айлы-шарғы таусылды. Сізді шақыртып жатыр. Жеңгеміз әбден әлсіреді,- дейді. – Қайран кетіп барады.

Қосақ алған Қожақұл батыр «А, Құдай, мен жеткенше жанын аман ете гөр!» деп атқа тақым қысады. Жолай кездескен қостардан суын ат ауыстырып, бір тәулік шауыпты. Ауылға жете беріп, сілейіп, тұрып қалады. Қос қабат киіз жабылған алты қанат ақ үйін бұқа-сиыр қоршап алып, өкіріп-бақырып сүзгілеп жатыр. Енді болмаса, іргеден мүйіздеп, көтеріп тастайтындай. Қожақұл қылышын суырып, ат басын қоя береді. Сол бетінде көзі шатынап, буы бұрқырап, есікті мүйіздеп жатқан дәу көк бұқаның шаңырақ мүйіз басын бір-ақ шауып, арыстандай ақырып, жын соққандай долданып, үйге кіреді. Осы сәт шымылдықтың ар жағынан:

- Астафыралла! - деген әйел шошынысы шығады.

Мәми бәйбішесінің «уһ» дегенін естиді.

«Ұйбай-ау, енді қайттік? Мына бала тонды туды ғой. Мәми, Мәми шырақ...»

Төрт күнгі толғақ әл-қуатты түгестепті. Мәми саусағындағы алтын жүзігін жан-дәрмен шешіп алды. Бауырын жазды да, жарғақты тіліп жіберді. Осы сәт дем кірген нәресте «шар» етті.»

Міне, осылайша елді дүрліктіріп, төрт күн толғатқан анасының алтын құрсағынан жарғақпен шыққан қазақтың Қабанбайы дүниеге келген екен.

 

ЕРЛІГІ ЕЛ АУЗЫНДА

Өкінішке орай Қазақ елінің бодандықта болған жылдарындағы солақай саясаттың салдарынан ресми тарихқа енбей қалған батырларымыз да қаншама. Солардың бірі – 78 жыл өмір сүріп, өле-өлгенше аттан түспей, қарсыласынан қаймықпаған әрі ешқашан жеңіліп көрмеген Қаракерей Қабанбайдан да жолы үлкен, керек десеңіз, Қабанбай қолбасшының өзіне ағалық ақ батасын берген Кешу есімді батыр. Жоңғар шапқыншылығы кезінде небір қиян-кескі қырғын шайқастарда топ бастап, аты ұранға айналған Кешу батыр жайлы ақпараттарды ел аузынан естімесеңіз, оқулықтардан мүлдем ұшыраса қоймайды да. Батыр баба туралы тек 46 жыл ұстаздық еткен, оның 40 жылында мектеп директоры болып қызмет атқарған, КСРО және Қазақ КСР Халық ағарту ісінің озық қызметкері болған Қайнолла Кенжебаевтың «Қыржы ұрпағының бірі Кешу туралы шежіре» атты кітабынан ғана қажетті мағлұматқа қанық боласыз. Шығыс Қазақстан өңірінде өмір сүрген марқұм Қайнолла Кенжебаевтың жазуынша, Кешу Жиенұлы ел үшін, жер үшін жүріп жатқан соғыстардың бірінде тоғыз ұлынан бірдей айырылып, қайғыдан қан жұтқан екен. Ол туралы аталмыш кітапта былай деп жазылады:

«Кешу батырдың өзімен тізе қосып, соғысып жүрген тоғыз ұлының сегізінің өлігін көріп, үлкен ұлы Құтпанбетті іздейді. «Жау қолына түсіп кетті ме?» деп, іздеп келе жатса, бір төбенің басында найзасына сүйеніп тұрған баласын көреді. Санынан жаралы, атының жалы мен найзасына сүйеніп тұрған баласын көргенде батыр:

- Сенің жаның сегіз бауырыңнан артық па? Нағашыңда осалдық бар еді, соған тартқан екенсің ғой, әйтпесе осыны батыр адам елер ме? – деп жүріп кетіпті.

Бұл сөзге намыстанған баласы Құтпанбет соғысқа қатынасып, қансырап өледі. Кешудің бәйбішесі осыны естіп:

- Кемтар болса да, ұрпағымыз еді ғой. Енді ұрпақсыз қалатын болдық, - деп, батырды үйге енгізбеді.

Кешу батыр қаза тапқан тоғыз ұлы үшін тоғыз күн жер бауырлап, аза тұтады. Тоғызыншы тәуліктің таң алдында ұйықтап кеткен екен. Сол кезде ақ боз атқа мінген ақ сәлделі ақсақал тақап келіп:

- Тоғызыңды қайтарайын ба? Жоқ, әлде тоғызыңа татитын біреу берейін бе? – дейді.

- Бір де болса, бірегейі керек, ақ сәлделі ақсақал, әумин! – деп, бетін сыйпайды Кешу.

Ояна келсе, түсі. Аян берген Қызыр баба екен. «Иншалла, ұрпақсыз өтпейді екенмін» деп жорыпты батыр түсін.»

Кітаптағы мағлұматқа сүйенсек, кейінгі бәйбішесінен туған төрт ұлдың үлкені Солтанкелдіні Кешу батыр досы Көкжал Барақ батырдың қарындасына айттырыпты. Содан Қызыр бабаның аяны тура келіп, аты ұранға айналған «Арап» есімді батыр туған екен. Кейінгі кездесулерінің бірінде Кешу батыр ізін жалғаған інісі Қаракерей Қабанбайға баласы Арапты қосып жіберіпті. Жау әскері саны жағынан басым болғандықтан, қазақ жауынгерлері жеңіліс тауып жатқан уақытта алғырлығымен көзге түскен Арап Кешу атасы сияқты «Арап! Арап!» деп атын ұрандата топты алға бастап, сол жолы қазақ жасағы жеңіске жеткен екен.

Өзіндік соғыс тактикасы да өзгеше, бітім-болмысы да бөлек болған Кешу батыр жау шапқанда қазандағы қайнап жатқан асты «дұшпанның аузына қор болмасын» деп, асап-асап, қылғыта жұта салатыны сияқты ел аузындағы аңызға татырлық әңгімелер де кез келген адамды таң қалтырып қана қоймай, жігерлендіріп те жіберетіні анық. Марқұм Қайнолла ақсақалдың шежіре кітабында жазылғандай, Кешу батырдың қарттық жасқа жеткендегі Қабанбайға берген батасы қабыл болған деседі. Қалай десеңіз, қос батырдың тағдырларында ұқсастықтары біршама болған екен. Мысалы, екеуі де өле-өлгенше аттан түспеген, екеуінің де жауырыны ешқашан жер иіскеп көрмеген. Сонымен қатар Қабанбай батыр да Кешу ағасының жасында, яғни 78 жасқа келіп өмірден өткен екен.

 

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ДАҢҚТЫ ПЕРЗЕНТІ

Қазақ батырларының ізін жалғап, өз дәуірінің қайталанбас тұлғасына айналған ерлердің бірі әрі бірегейі – 1941-1945 жылдардағы неміс фашистеріне қарсы соғыста ерен ерлік көрсеткен Ұлы даланың даңқты перзенті, Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлы. Әрине, бүгінде батыр Бауыржан туралы білмейтін жан кемде-кем. Ең алдымен оның тегіндегі «ов» деген қосымшадан бас тартып, тіпті өзінен шені жоғары өзге ұлт өкілдеріне тілдерін бұратқызып, «Момышұлы» дегізуінің өзі оның бойындағы көп дүниені аңғартып тұр емес пе?! Бұл оның ең алдымен ұлтқа деген сүйіспеншілігінің қаншалықты деңгейде екенін көрсетсе керек. Сондай-ақ майдан даласында командирдің «налево, направо!» деген тәрізді орыс тіліндегі командасын түсінбегені үшін қазақ сарбазын көз алдында атып тастағаны Бауыржан Момышұлын бей-жай қалдырмай, әп-сәтте ол да топтың ішінен орыс сарбазын алдына шақырып, оған қазақ тілінде «оңға бұрыл, солға бұрыл!» деген команда беріп, түсінбегені үшін оны да атып тастағаны туралы болған оқиғаны естімен ел де жоқ шығар. Мұны естіген қай қазақтың болмасын, ырза болмауы мүмкін емес. Әрине, бұл батырдың ұлтына деген жанашырлығы екені анық. Сонымен қатар бұл бір беткей Бауыржан Момышұлының сол кездегі солақай саясаттан қорықпайтын, ағысқа қарсы жүрген ер жүрек азамат болғанының да дәлелі болса керек. Ұлы даланың даңқты перзентінің мұндай жан сүйсінтер ерлікке толы оқиғаларын Әзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» деген кітабынан және басқа да бірқатар жазушылардың көптеген кітаптарынан оқуға мүмкіндік мол. Сонымен қатар өткір көзді, өр мінезді батырлығымен қоса, қаламы жүйрік жазушылығы болған Бауыржан Момышұлының өзінің де майдан даласындағы естеліктерінен мол ғибрат алуға болады. Мысалы, ол «Қанмен жазылған кітап» атты жинағында 10 сарбазбен 120 неміс фашисін қалай сұлатқаны жайлы былай деп жазады:

«Мәскеу өлкесіндегі қырғын соғыстың кезі...

Қарашаның 26 жаңасы. Жерге шідеріден жоғары қар түскен. Солтүстіктен соққан қара жел қарып жеп, кісінің өңменінен өтіп барады. Немістің басым күшінің алдына көлденең түсіп, Мәскеуге қарай жібермей бөгет болып, күніне үш-төрт шабуылын тойтарып, С. қыстағының маңайында жанталасып соғысып жатқанымызға төртінші күн болғанда мені күтпеген жерден дивизияның штабына шақырды.

Барсам, штаб бастығы, полковник Серебряков мейірімді жүзбен күлімдей қарап:

- Жүріңіз, жолдас аға лейтенант, командирге ертіп барайын, сізді шақырған сол кісі еді, - деді.

Көптен ұйқы көрмеген қарт генерал қажыңқырап-ақ қалған екен. Менің сәлемімді алып:

- Отырыңыз, - деп орындыққа қарай басын изеді де, темекі тұтатып тартып, біраз ойланып, менің басымнан аяғыма дейін екі рет қарап, бір нәрсені ұмытқан адамша жуық арада сөз бастай қойған жоқ. Ондай мінезді мен бұрынғы бірнеше рет жолығуымда генералдан көрген де, сезген де емес едім. Не болған деп таңғалып, мен де үн шығармай отыра бердім.

Жұлып алғандай:

- Бүгін, түн ортасында Десятидворкада жатқан 120 немістің бірін қалдырмай қырып тастағаныңызға жол болсын. Ең болмаса он шақтысын тірі ұстап алып келмегеніңіз бе? Одан кейін, ол жерге өзіңіз баруға мен рұқсат берген емеспін. Менің қай жер болса сол жерге жұмсап, шаша беретін командирлерім жоқ. Мейлі, абырой болып, аман-есен қайтқаныңызға шүкір, бірақ та бұдан былай сізге әр додаға кірісе беру жарамайды, - деп, - ай, жастық, жастық, кейде алды-артын ойлатпайтын жастық! Егер де жазатайым болып кетсеңіз, сонда (жаман айтпай жақсы жоқ деген ғой) батальонды кім меңгеріп, кім басқармақ? Сол жағын аттанардың алдында сіз ойландыңыз ба?

- Менен басқа адам құрып қалды дейсіз бе? – деген сөз аузымнан қалай шыққанын сезбей қалыппын. Генерал қатал дауыспен:

- Сізден басқа адам құрыған жоқ, бірақ та сіз сықылдылар көп те емес. Соны еске алу керек. Сіз батальон командирі, сіз сықылдыларды қазақ мыңбасы дейді. Қай қазақтың мыңбасшысы мыңды тастап, онбасының қызметін атқарған еді, - деді де, түсін жылыта беріп, - қой, шырағым, қызулықты! Шошаңдамай өз орныңда отырып, қарамағыңдағы командирлерді жұмсап, басқарып меңгергін.

- Ойпырым-ау, жолдас генерал, не бүлінді менің түнде жорыққа барғанымнан?

Сәті түскен іске генералдың айтқан сөздері маған ұрысқандай болып көрініп, ішімнен аздап құсаланып отырғанымды сезгендей, мейірімдене, күлімсірей қарап:

- Болған оқиғаны толығынан баяндаңызшы, мен тек шет жағасын ғана естіп едім, - деді генерал.

Кеше неміс бізге үш рет шабуыл жасады, онысын біздің жігіттер тиісті сыбағасын беріп тойтарды. Жау ет жемесе де, сорпа ішкендей болып, беті қайтып, өршуі басылып, ымырт жабыла шабуылын тоқтатты. Ол туралы полк командирі сізге айтқан болар, мен оған толығынан айтқам – уақтылы. Сағат кешкі тоғызда менің бақылаушыларым Десятидворканың әр үйіне 20-30-дан бөлінген неміс даланың суығына шыдай алмай, қонуға барды деген хабарды жеткізді маған.

Батальонды орынбасарыма тапсырып, бетінен барсақ сезіп қояр деген оймен,  қасыма 10 жігіт ертіп, бір пулемет, бір миномет, бір кішкене зеңбіректі шанаға тиеп, 12 километр орайлап айналма жолға салып, түнгі сағат 2 шамасында немістер жатқан қыстақтың дәл артына шықтық. 300-600 метрдей жақындағанда қару-жарақтарды қыстаққа кезеп орналастырдық. Әбден ұйықтап жатқан немістер шошып оянып, опыр-топыр үйден далаға шығару мақсатымен зеңбіректің болат тесетін он оғын жарқыратып, бірінің артынан бірін дамылдата жібердік.

Күтпеген жерден шүйдеден соққан қандай жаман, кешікпей-ақ немістер орындарынан қарғып тұрып, у-шу болып көшеге шыға келгенде, кезеп қойған пулеметке сөз беріп, 500 оқ шығардық. Оның үстіне минометті құрбақаша бақылдатып, 70 минаны қайдан шықсаң онан шық деп немістерге сәлемдеме жібердік...

Біз келген жолымызбен қайта сызып тұрдық. Қыстақтан біз екі шақырымдай ұзағанда, баяғы біз тұрған жерге немістің барлық ауыр минометтері таң атқанша әупілдеп атып, мина жаудырумен болды.

Батальонға келе салып 20 шақты автоматчиктер жіберіп едім, олар барып 120 немістің өлігін санап, документтерін алып келді. Оны полктың штабына тапсырдық... бұл істі басқаруға қарамағымдағы командирдің біреуін жіберуге, әлде көңілдегідей істей алар ма екен деген қауіппен батылым бармай, өзім бардым. Менің бар жазығым осы, жолдас генерал, - деп қысқаша айтып бердім.»

Бұл естеліктен Бауыржан Момышұлының қандай тәуекелшіл, ер жүрек батыр болғанына көз жеткізіп қана қоймай, оның қазақ халқына ғана емес, соғыс алаңында генералдарға да қаншалықты қымбат болғанын анық байқауға болады.

 

ҰЛТТЫҢ МАҚТАНЫШТАРЫ

Сонымен қатар батырлық туралы сөз болғанда ұлт азаттығы, тәуелсіздік жолында құрбан болған Қайрат Рысқұлбековті де айтпай кетуге болмас. «Қайрат деген атым бар, Қазақ деген затым бар, Атам десең, атыңдар» деп, ұлты үшін қасқайып тұрып шыбын жанын құрбан етіп, қыршыннан қиылған Қайрат Рысқұлбековтің де өрлігі бүгінгі ұрпаққа өнеге екені даусыз. Сондай-ақ арғы-бергі тарихымызға бой жүгіртсек, қазақ қыздарының да шетінен батыр болғанын айтпай кету әбестік болар. Мысалы, 1941-1945 жылдардағы неміс фашистеріне қарсы соғыста ерлікпен қаза тапқан, «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия Молдағұлова мен Мәншүк Мәмбетованың жаудың талай сайыпқырандарын сұлатып, жеңіске жетуге зор үлес қосуы қазақ қыздарының қандай екенін көрсетсе керек. Сол сияқты тәуелсіздік жолындағы көтерілісте Ләйлә мен Сәбира сынды талай қазақ қыздарының да ұлт азаттығы үшін еш қаймықпастан жастық ғұмырларын құрбан етуі бойларындағы батырлықтың белгісі болар.

Жоғарыдағы батырлардың, жалпы, қазақтың әр замандағы батырларының қай-қайсының да мақсаты бір, дала дарабоздарының қай-қайсысы болмасын – қазақтың қамы үшін соңғы демі қалғанша шайқасуға әзір болған ұлы күрескерлер, дара тұлғалар, ұлттың мақтаныштары. Оларды бір-бірінен бөліп қарауға да болмайды, тіпті олай ету мүмкін де емес. Себебі баһадүрлеріміздің тарихта да, ел жадында да, тіпті тарихқа енбегендері өз ұрпақтарының алдында да алар орындары тым бөлек.

Сен құрметте оны!

Түсіндің бе, қарағым?!

Сенің келешегің үшін берді ол

азаттық жолда аяғын! – деген өлең жолдарынан ақын Әбу Сәрсенбаевтың жастарды ерлік көрсеткен ардагерлерді құрметтеуге шақырып тұрғанын көруге болады. Расымен де олар өте үлкен құрметке лайықты. Сондықтан барлық ерлік иелерін, өр мінезді баһадүр батырларымызды құрметтей отырып, олардың рухын бойымызға сіңіре түсіп, қанымызда батырлықтың желі есіп тұрғанын есімізден еш шығармай, намысымызды ешкімге таптатпай, жұдырық болып жұмылып, көк туымызды биікте ұстасақ, біз бағындырмайтын белес жоқ! Әманда қазақтың абыройы асқақтай түсіп, ұлтымыздың батыр ұлдары көп болғай!

Нұрдәулет КӘКІШЕВ,

Астана қаласы.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: полная картина военного парада 2017 в Астане

Инфографика: полная картина военного парада 2017 в Астане