Әлихан Бөкейханов және Алаш әскері

Мәңгілік Ел болуға қарышты қадам жасаған Тәуелсіздіктің қадірін тереңнен түсінген тәуелсіз елде азат ой бостандығымен өткенімізді саралап, Алаштық асқақ рухымызды көтеріп, келешектің кемесінде бостандықтың байрағын желбіретіп, алып мұхиттың арнасына жол салдық. Талай-талай тар жол, тайғақ кешулерден өтіп, өмір айдынындағы қытымыр қыс пен саясат ызғырығында сан мәрте қалтырап, сонда да қайсар рухымызды сындырмай, кешегі Алаш көсемдерінің көрегендігі мен ерен еңбегі нәтижесінде қазіргі тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Тәуелсіздіктің 25 жылдығын күллі ел болып атап өтіп, Алаштың нұрлы аспанына бөркімізді ата қуанып жатырмыз.

Жалпы, бүгінгі таңда Алаш тақырыбына қатысты  бұл тақырып ескірген, таптаурын болған ғылыми жаңалығы жоқ тақырыптардың бірі деген ұшқары, сыңаржақты пікірлердің де көрініс беріп қалатыны жасырын емес. Бірақ, Алаш қайраткерлерінің өмірі мен саяси-қоғамдық қызметтері, Алаш әскері, Алашәдебиеттануы тәрізді мәселелер ешуақытта ескірмейтін, өзектілігін жоймайтын мәңгілік тақырыптардың бірі екенін баса айтып өткім келеді. Өйткені бүгінгі таңдағы қолымыз жеткен тұғырлы Тәуелсіздігіміз осы Алаш қайраткерлерінің өмірін қатерге тіге отырып, атқарып кеткен жанкешті еңбектері мен өміршең идеяларының жемісі деп білеміз. Сол себепті бұл тақырып уақыт өткен сайын бүгінгі Тәуелсіздік талаптары туғызып отырған жаңа көзқарас биігінен саралана, зерделене бермек. Аталмыш тақырыпты белгілі тарихшы, әдебиеттанушы ғалымдар К.Нұрпейісов, М.Қойгелдиев, Т.Жұртбай, А.Ісмақова, С.Аққұлұлы, жас зерттеушілер Д.Анаш, Б.Мүрсәлім, Е.Тоқтарбай, Қ.Кемеңгер және т.б. салиқалы зерттеулерімен әр қырынан зерделеп, сүбелі үлестерін қосып келе жатқандығын барлық оқырман қауым біледі.    

Таусылмас табандылық пен жасымас жігерін көрсеткен дана болмысты, озық ойлы Алаш көсемдеріне сол үшін баршамыз қарыздармыз, олардың азаматтығы, ұлтына деген адалдығы мен қайсар қаһармандық үлгісі – бүгінгі ұрпаққа өшпес өнеге, ғажайып ғибраттың қайнары. Далалық дархандық пен мәрттікті болмысына сіңіріп, өр мінезі, айбынды мысымен жауының бетін қайтарып, жанарын жасытқан Алаш көшбасшыларының бірегейі – Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейханов еді. «Тірі болсам, қазаққа қызмет қылмай қоймаймын» деген  Әлихан Бөкейхановтың асыл болмысы мен ұлттық идеяға суарылған алып ойлары ақиқатқа айналып, атылып кеткенге дейінгі ғибратты ғұмыр жолдарында тек жаны да, ойы да  тек «қазақ» деп өріліп, көкірегіндегі терең күрсінісі мен жүрегі де  тағы «қазақ» деп соқты.

Әлихан Бөкейхановтың жеке басына қатысты емес, ел мен жер мәселесіне қатысты негізгі бес ұстанымы болған екен. Ол жайында белгілі әдебиеттанушы-ғалым Тұрсын Жұртбай былай деп баяндайды:  «Әлихан Бөкейхановтың бес ұстанымы болды. Ең бірінші – Алаш ұлттық демократиялық мемлекет болуы тиіс. Ол үшін ең алдымен «жер, жер және жер» болуы керек. Жерсіз Отан жоқ. Бөкейхановтың ұйғарымы бойынша, қазақтың байырғы жерін қашан қазақтың өзі ғылым мен техникаға сүйеніп, толық игермейінше, жер жекеменшікке, қоныс аударушыларға берілмеуі керек. Екінші ұстанымы – Алаш жерінің астындағы, үстіндегі, көгіндегі барлық байлық қазақтың өзіне қызмет етуі тиіс. Ә.Бөкейхановтың сөзімен айтсақ:  «...қазақтың әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс». Үшінші ұстанымы – Бөкейхановтың жобасы бойынша, қазақтың жерінде өндірілген бір уыс жүн сол мемлекеттің азаматтарының үстіне тоқыма болып киілуі керек. Яғни, мемлекет толықтай экономикалық тәуелсіздікке қол жеткізуі тиіс болған. Төртінші ұстанымы – қазақ мемлекетінде мемлекет құрушы ұлттың тілі, діні, менталитеті өзге ұлттарға қарағанда үстем болуы керек дегенге сайды. Бұл идеологиялық ұстаным болатын. Ал, бесіншісі – ең негізігі ұстанымы бойынша ғылымға, соның ішінде тәуелсіз ғылымға, ұлттық дәстүрге негізделген, заңға сүйене отырып, Жапония үлгісіндегі ұлттық демократиялық мемлекет құрылуы керек еді» [1]. Бұл  ұстанымы негізінде дербес мемлекет құруды көздеген Әлихан Бөкейханов қазақ тарихындағы тұңғыш саяси ұйым Алаш партиясын ұйымдастырады. Артынша, 1917 жылы желтоқсан айында бүкіл қазақтардың құрылтайында Алаш автономиясын жарияланып, Ә.Бөкейханов сол алғашқы Қазақ Республикасының тұңғыш төрағасы болып сайланады.

Қазақ халқының тарихында ерекше маңызға ие оқиға Алаш автономиясы мен «Алашорда» үкіметінің құрылуы.   1917 жылы  желтоқсан айының 5-13 жұлдызы аралығында Орынбор қаласында екінші жалпы қазақ съезі өтеді. Бұл съезді өткізу туралы шешім осы жылдың сәуір айындағы Торғай қазақтарының жиынында қабылданған. Негізгі ұйымдастырушылар: Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, Е.Омаров,  С. Досжанов, М.Дулатовтар. Әлихан Бөкейханов руға, жүзге бөлінуге жаны қас болған адам. Адамның әлеуметтік жағдайына немесе біліміне қарай қарым-қатынас жасамаған. Халықты біртұтас бірлікте көруге тырысқан. Ол Қазақстанда демократиялық сайлау дәстүрінің негізін қалаған тұлға десек артық айтқандық емес.

Алаш әскерін құру идеясы 1917 жылғы І-ші жалпы қазақ съезінде көтерілген, бірақ ондағы «...анархия  болу  қаупі  бар,  сол себепті осы күнгі  әскер  орнына  халық  милициясы құрылсын» деген сөздер сол күйінде қалды. Одан кейінгі ІІ-ші жалпы қазақ  съезінде «мемлекет  халі  тайғақ  кешуде,  тар  жолға  душар  болып  тұрғанда жан-жақты  қоршаған  қалың  бәледен  сақтану  үшін  халық  әскерін  жасау  керектігі қайта жаңғырып, милиция құрудың мақсаты анықталды, қазақ  милициясын құру  жоспары жасалып, бекітілді» [2]. Алаш немесе Алашорда әскері бастапқыда «халық милициясы», «халық әскері», «алаш әскері», «қазақ полкі» сияқты әртүрлі атаулармен аталды. Бастапқы қолданыстағы «милиция» сөзінің астарында елдің тыныштығы мен қауіпсіздігін қорғайтын әскер  ұғымы жатқаны анық.

Алаш зия­лылары 1918 жылға таман Семей қаласына ойысты. ІІ жалпы қазақ-қырғыз съезінің қаулысымен Семей Алаштың уақытша тұратын орны болып белгіленген. С.Сейфуллин «Тар жол, тайғақ кешуінде» Алашорда бастықтарының осы кезде Ақмола уезін басып, Семейге өткенін жазады. Ә.Бөкейханов күні бұрын тап басып айтқандай, большевиктер Орынборды тонап, бейбастақ әрекеттерге барды. Семейдегі жайды Жүсіпбек Аймауытов: «Алаш қаласында қазақ басшылары жиналып, Алашордасын көтеріп, қызметке кірісе бастады. Алашорданың қазіргі мақсаты – қазақты жұрт қылып, автономия алу. Осы жолда Алашорда милициясын жасап, қазынасын толықтыруға кірісіп жатыр», - деп білдірді [3]. Кенесары қайтыс болғаннан кейін күллі қазақ баласы қалың жасақ, әскер болудан қалды. Ресейдің өктем билігіне қарсы шыққан, әр жерде бір тұтанған отты ошақтар болмаса,  атты әскер болуға да, қару ұстауға да құқы жоқ болатын. Ресей қазақты құнарлы жерінен қуып, күн өткен сайын үстемдігін жүргізуді жалғастыра түсті. Осындай алмағайып кезеңде ұлтты ұйытып, елдік мақсат пен ортақ мүддеге жұмылдыратын ұлт көсемдері ауадай қажет болатын. Тар түнектен жарыққа алып шығатын ұлттың қамқоршысы да, қолдаушысы да – оқыған азаматтар еді [4 ].

Терең білімнің иесі Әлихан Бөкейханов бастаған қазақ оқығандары түрлі амал-шарғылармен қазақтың қақысын алып беруге амал қылды. Соның бірі – қазақты әскер қатарына алдыру болатын. Әсіресе, соғыстан қарумен қайтқан орыс мұжықтарының көптігі мен олардың тасырлығынан қазаққа бейқам қалуға болмайтынын ашып айтты. Бұл – Алаштың әскерін даярлай беруге бірнеше қадамдар жасатты.

Аумалы-төкпелі заманда дүниеге келген Алашорда үкіметінің бір тірегі әскери күші болатын. 1917 жылы 5-13 желтоқсанда ІІ жалпықазақ құрылтайы өтетіндігін жарты айдан астам уақыт бұрын «Қазақ» газеті арқылы қазақтың игі жақсыларына хабарландыру айтылған. Жеделхат түрінде берілген үндеуде Ресейдің саяси тұрақсыздық жағдайында қазақтың елдігі мен жерін қорғау үшін «қазақ милициясын құру» (әскерін) және тағы басқа өзекті мәселелер қаралатыны айтылды. Дәл осы жиында Алаш автономиясы және Алашорда ұлт кеңесі құрылды. Бірақ, ұлт зиялылар Ресейдегі саяси ахуалға байланысты автономияны ресми түрде бір айдан соң жариялаған жөн деп шешті [1].

Бұған дейін де әскер құру жұ­мыстары қал-қадерінше тың­ғы­лықты атқарылып жатты. Се­мейдегі Алаш әскерін жасақтау 1918 жылдың қаңтар айынан бас­талды. Өйткені, Алашорданың Орталық комитеті Семей қала­сының Заречная Слободка атты бөлігіне осы уақытта орналасып жатқан-ды. Семей жұртшылығы арасында Алаш атауымен белгілі бола бастаған қаланың маңындағы қырда І Алаш атты әскер полкі жасақталып, жаттыға бастады. Алаш жасағының алғашқы құ­ра­мына Семейдегі семинария студенттері мен түрлі орындар­да жұмыс істеп жүрген жастар (М.Әуезов, Ж.Аймауытов сынды) өз еріктерімен енді.

1918 жылы 2 сәуір күні «Алаштың» төрағасы Әлихан Бөкейханов пен «Алаштың» Семейдегі төрағасы Халел Ғаббасов және Әлімхан Ермеков үшеуі Семейден тікелей байланыс желісі арқылы Мәскеуге шығып, В.И.Ленинмен, содан кейін ұлт істері халық комиссары И.Сталинмен сөйлеседі. Қазақ автономиясы туралы мәселені сұрайды. Лениннің «Өмірнамасында»: «Көкек айының  2-жұлдызы. Ленин мен Сталин екеуі оларды тікелей желі арқылы байланысқа шақырған «Алаш-Орда» үкіметінің өкілдерімен, Ә.Бөкейхановпен, Х.Ғаббасовпен, Ә.Ермековпен сөйлесті», - деп жазылған. Байқап қарасаңыз, «Алаш-Орданы» («Алаш» партиясымен шатыстырмау керек – Т.Ж.) Мәскеу үкімет ретінде мойындаған [5, 101].

1918 жылдың мамыр айында Семейден Алашорда үкіметінің атынан А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, Р.Мәрсекұлы және С.Аманжоловтар Ақсуат, Бақты өңірі арқылы шекара асып, Қытайдағы Шәуешекке сапар шегеді. Мұның бір қыры шеттегі қазақтарды Алаш туының астына біріктіру болса, екіншіден, Шәуешектегі Ресей консульдығы арқылы большевиктерге қарсы күрес жүргізуге қытай өкіметінен қару-жарақ алу туралы келіссөз жүргізуге барған болуы мүмкін.

1916 жылғы дүрбелеңнен кейін қазақ халқы «солдат» деген сөзден үркіп қалған еді. Зиялылардың «Алаш әскері» атауын «милиция» сөзімен алмастырып қолдануы осы себептен болуы да мүмкін. С.Мұқановтың мемуарында да Алаш милициясына адам жинау ісі жөнінде жазылған еді. Аққусақ болысы, миллионер Әлтидің Садуақасы ауылында 1918 жылдың маусым айының соңында өткен жиында құрамы жүздей болатын Алаш азаматтарының қандай үлкен, биік құрметке ие болғандығы, оқыған азаматтарға деген төрт тараптан келген елдің ықыласы болса-дағы әлденеше күн кеңестің жеме-жемінде әскерге жігіт бергісі келмеген жұрттың райы танылады. Алаш көсемі Ә.Бөкейханов әскер тарапында нақты қадамдар жасап, іске кірісті. Семей уездік земство басқармасының төрағасы А.Қозыбағаровқа жіберген қатынас құжатында Алаш милициясына уездің әр болысынан 30 адамды алу, оларды Семейге жедел жеткізу жөнінде тапсырма жүктейді. Алаш тақырыбына қалам тербеп жүрген зерттеуші Е.Сайлаубайдың ШҚО мұрағаттарынан алған деректеріне сүйенсек, Алашорда әскері құра­мына шақырылуға тиіс 30 адамды кейбір болыстар жібермеген. Алашорда әскерін жасақтау оңайға соққан жоқ. «Көп ауыз біріксе, бір ауыз жоқ болады» дегендей, оқығандардың сөзі халыққа бірде жетіп, бірде жетпей жатты [3].

1918 жылдың  8 маусымында Ә.Бөкейхановтың  басшылығымен өткен Кеңес қаулысында көрсетілгендей, біріншіден, милиция керек; екіншіден милиция атты болады; үшіншіден милицияға  жігіт беру  міндетті  емес,  ұлт  үшін  тіленіп жазылғандар  кім болса  міндетті  қылып  алу  Алашордада болсын; төртіншіден милицияға  керек  ат,  ақша  жұрттан  салықпен  алынсын,  байдан  байша,  кедейден  кедейше; бесіншіден қанша  ат,  қанша ақша  жинау  еркі  Облыстық  Комитетке берілетін болды [2].

Алаштанудың негізін салушылардың бірі, белгілі ғалым Кеңес Нұрпейісовтің еңбегінде капитан Х.Тоқтамышевтың Уақытша Сібір үкіметінің соғыс министрі атына жазған хатында: «Семейде құрамында 750 жауынгер мен 38 офицер бар Алаш полкі құрылып, Зайсанда қазақ милициясының 200,  Павлодарда – 150, Қарқаралыда – 250, Өскеменде – 250 адамнан тұратын бөлімдері жасақталғанын, бірақ, оларға қажетті қару-жарақ пен киім-кешек жоқ екенін, ақша тапшылығы орын алып отыр деп көрсетілген. Бұл дерек айтыскер, зерттеуші Қалихан Алтынбаевтың «Қалбатау» (1997) еңбегінде көрсетілген. Ал, зерттеуші Марат Әбсәметов Алаш әскерінің өзіндік формасы болғанын алға тартады. Оның жазуына қарағанда, форма «жағасына жүні өсіңкі емес тері жүргізіп, пішінін мұсылман шәкірттерінің камзолына ұқсатып тіккен». «Бірақ бұл форма барлық Алаш әскерлерінде болмаған сияқты. Мысалы, Батыс Алашорда әскерлері бешпент, түйе шекпен, қызыл бөрік, қысқа тон киген. Ұлттық әскердің тұңғыш негізін салушы Алаш әскерінің туы ақ түсті, ортасында киіз үйдің суреті және «Жасасын, Отанның адал Ұлдары!» деген жазу болған», - деп жазады Сейітқали Дүйсенов [1]. Оның деректеріне қарағанда,  Семейде 1918 жылдың қаңтар және мамыр айларында бірінші Алаш атты әскер полкі жасақталады. Оны ұйымдастыру мен жабдықтауда Ә.Бөкейханов, капитан Х.Тоқтамышев, Семей уездік земствосының төрағасы А.Қозыбағарұлы, М.Тынышпаев, Р.Мәрсеков көп еңбек сіңірген. Семей өңірінің қалталы азаматтары да көмек қолын ұсыныпты.

«Ұлтына, жұртына қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деп жазады Ә.Бөкейханов. Қазақ ұлттық найзағай намысын алға қойған Ә.Бөкейханов ел мен жер мәселесіне келгенде өткір мінез танытудан тайынбаған.  Дұшпанының мысын басып, сағын сындырған рухы биік, зерделі  Ә.Бөкейханов «не ойы, не білімі көлемді емес», деп есептейтін Сталинмен кездесуден бас тартқан.  Ол туралы Ә.Ермеков естелігінде: «...В.И.Ленин өзі төрағалық еткен алғашқы мәжілістің аяғында: «Автономияны кұру жөнінде қазір Сталинге барып пікірлесіңдер, оның дайындаған жобасы бар, сонымен танысып, бар ойларыңызды түйістіріңіздер», - деп кеңес берді. Мәжіліске қатысушылар үзілісте түгелдей дәлізге шықтық. Қазақстандық делегацияның құрамы 15-тей адам болатын. Бәріміз Әлихан Бөкейхановты тостық. Әлекең Ленинмен оңаша пікірлесіп, әңгімелесіп қалған болатын. 15-20 минуттен кейін ол кісі де шықты. Біз: «Сізді Сталинге бірге кіру үшін тосып тұрмыз», - дедік. Әлихан бәрімізге салқындау қарап: Сталин не шешер дейсің, оның не ойы, не білімі көлемді емес, қанша бір жетіскен жоба бар дейсің. Онан да өзіміз жеке шешкен дұрыс, - деп жүріп кетті» дейді [1].

Әлихан Бөкейханов Алаш әскерінің құрылып, жандануына барлық күш, жігерін салып, Алаш елінің қуатты мызғымас мемлекет болуына саналы ғұмырын арнады. Қазақ ұлтының алдындағы перзенттік міндетін: «Хан баласында қазақтың қақысы бар еді, тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын», - деп айтып, бүкіл ата-бабасының аманатын жалғыз өзі арқалап, қылышынан қан тамған қызыл империяның тұсында-ақ Алаш жұртын тәуелсіз ел етуге  ұмтылды.

Қазақ елі үшін асыл ғұмырын сарп етіп, қабырғасы қайысқан  әрі мемлекетті Алаш әскері арқылы қуаттап, қаһармандық үлгісін көрсету – Әлихан Бөкейхановтай тұлғаға ғана тән адалдық, Алаш кемеңгеріне тән көрегенділік пен тұрақты табандылық деп  білеміз. Қаламы мен қаруын күрес құралына айналдыра білген,  азаттық, тәуелсіздік сынды қасиетті ұғымды бүгінгі күнмен ұштастырған Алаш көсемдерінің жанқияр ерліктері Мәңгілік Ел перзенттерінің жадында  ғұмыр бойы жанданып, жаңғыра бермек.

 

 

Д.Мұхамадиев

РЭжБӘИИ Мемлекеттік тіл кафедрасының

доценті, филология  ғылымдарының кандидаты


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"