Әлем елдері конституциялары

Тәуелсіз Қазақстанның ең алғашқы Конституциясы 1993 жылы 28 қаңтарда Жоғарғы Кеңестің XІІ шақырылымының ІX сессиясында қабылданды. 4 бөлім, 21 тарау, 131 баптан құралған Негізгі заң Тәуелсіздік құндылықтарын қалыптастыруға мүмкіндік беріп, еліміздің демократиялық, парламенттік республика екенін айшықтады. Қазіргі қолданыстағы ел Конституциясы 1995 жылдың 30 тамызда рәсімделді. Демократиялық жолмен референдум арқылы қабылданған жаңа заң Қазақстанды Президенттік республика етіп жариялады.

КСРО тарағаннан кейін посткеңестік кеңістікте пайда болған тәуелсіз мемлекеттер де бірінші кезекте өздерінің конституцияларын қабылдады: Өзбекстан 1991 жылы, Түркіменстан 1992 жылы Қырғызстан және Ресей Федерациясы 1993 жылы Беларусь, Молдова және Тәжікстан 1994, Әзірбайжан, Армения және Грузия 1995 жылы, ал Украина 1996 жылы қабылдады.

Бұл елдердің бәрінде де өздерінің құрылуына себеп болған оқиғалар нәтижесінде таңдап алынған мемлекеттік және қоғамдық қүрылысты баршаға жария етіп, заңдастыруда конституция шешуші маңызға ие болды.

Формасына қарай конституция жазылған және жазылмаған деп, сондай-ақ, өзгерістер енгізу тәсіліне қарай икемді және қатаң болып бөлінеді. Конституцияны айқындауға тиісті мәселелер жекелеген бірнеше заңнамалық актімен реттелетін болса, ол сараланбаған конституция болып табылады. Ал сараланған конституция конституциялық сипаттағы барлық негізгі мәселені реттейтін бірыңғай құқықтық акт.

НЕГІЗГІ ЗАҢДАР ӘЛЕМ ЕЛДЕРІНДЕ ҚАЛАЙ ҚАБЫЛДАНАДЫ?

Енді осыған назар аударайық. Сараланбаған конститу­циялар қабылданған елдер қатарына — Ұлыбритания, Жаңа Зеландия, Израиль мемлекеттерін жатқызуға болады. Конституциялар қабылдану тәсілі жағынан сыйланған, халықтық болып жіктеледі. Сыйға тартылған Конститу­цияның мысалы ретінде Ресей императорының 1906 жылы қабылдаған актісін айтуға болады. Ал халықтық конституция референдум, парламент, жоғарғы орган, құрылтай жиналысы, Конституциялық жиналыс арқылы қабылдануы мүмкін. Қазіргі уақытта Парсы шығана­ғындағы кейбір абсолютті монархиялық елдерінде (Сауд Арабиясында, Оманда) конституция жоқ, оның орнына қасиетті «Құран» кітабы қолданылады. Болжамды қолданылу мерзіміне қарай Конституция тұрақты және уақытша конституцияларға бөлінеді. Тұрақты конститу­цияда алдын-ала оның қолданылу мерзімі көрсетілмейді. Ал уақытша Конституциялар елдің түпкілікті Конститу­циялық құрылымын әзірлеу қажет болатын кезеңде қабылданады. Уақытша Конституция құрылтай жиналы­сын шақырмай-ақ немесе референдум өткізбей-ақ қабыл­дана береді. Ондай жағдай 1991 жылы Таиландта және 1985 жылы Суданда болған. Сол сияқты Оңтүстік Африка Республикасында 1994 жылы уақытша Конституция қабылданып, кейіннен бұл 1996 жылы тұрақты Консти­туцияға алмастырылған.

ӘЛЕМДЕГІ ЕҢ ҮЛКЕН КОНСТИТУЦИЯ ҚАЙ ЕЛДЕ?

Үндістанның 1949 жылы қабылданып, бір жылдан кейін күшіне енген, 395 баптан, 12 бөлімнен, 500 толықтыру мен түзетуден, 117 400 сөзден тұратын Конституциясы ең үлкен болып есептеледі. Еуроодақ Конституциясы 448 тараудан, 60 мың сөзден тұрады. Ұлыбританияның бірыңғай Конституциясы жоқ. Ал ең ежелгі Конституция 1600 жылы Сан-Маринода қабылданған. Бұл Конституция Сан-Марино қаласының 1300 жылы қабылданған жарғысы негізінде құрастырылған екен. АҚШ, Норвегия, Нидерланды Конституциялары ең ескі конституциялар болып табылады. Бір қызығы, АҚШ Конституциясында «демократия» сөзі бірде-бір рет кездеспейді екен.

АҚШ-тың Тәуелсіздік декларациясы 1776 жылы 4 шілдеде қабылданған болатын. Ол колониялардың Англиядан бөлінгенін және өз алдына дербес жаңа мемлекет Америка Құрама Штаттары қүрылғанын жария етті. Кейін, 1787 жылы 17 қыркүйекте АҚШ-тың қазіргі қолданыстағы конституциясы қабылданды.

Жыл сайын 17 қыркүйекте – Филодельфияда әлемдегі тұңғыш Америка Құрама Штаттары Конституциясының қабылданғанын атап өтеді.

Францияда Ұлы француз революциясының маңызды құжаты Адам және азамат құқықтарының декларациясы қабылданды. Ол Ұлттық құрылтай жиналысы тарапынан 1789 жылы 26 тамызда, ал Францияның алғашқы конституциясы 1791 жылы қабылданды.

1958 жылдың 28 кыркүйегінде V Франция Респуб­ликасының І Конституциясы жалпыхалықтық референдум бойынша қабылданды. Бұған сайлаушылардың 79 пайызы дауыс берді.

Алдымен, парламенттік билікке негізделген 1946 жылғы Конституцияға қарағанда, Францияның жаңа Консти­туциясы президенттің өкілеттігімен бірге мемлекеттік биліктің негізгі органдарының құзыретіне мән берді.

Әлемдік тарихта ел басына қиын жағдай туғанда мемлекет басшылығының тізгіні бір адамның қолында шоғырланған оқиғалар болған. XX ғасырдың 20 жылда­рының соңы мен 30-жылдарының басындағы бүкіләлемдік экономикалық дағдарыстан есеңгіреген АҚШ-ты үлкен апаттан алып қалған Франклин Рузвельтті үшінші мерзімге ғана емес, төртінші мерзімге де (Конституция бойынша 2 мерзім болса да) АҚШ халқы сайлады. 50-жылдардың соңында Алжир мәселесіне байланысты елде азамат соғысы тұтанып кету қаупі туғанда Францияда жаңа конституция қабылданып, күшті прези­денттік басқару нысаны дүниеге келді. Осы конституция негізінде 1958 жылғы 21 желтоқсандағы сайлауда генерал Шарль де Голль республика президенті болып сайланды. 1965 жылы ол екінші рет 7 жылдық мерзімге қайта сайлан­ды. Ол билік жүргізген кезде парламенттің билігі шектелді, президентке қосымша өкілеттіктер берілді. Голльдің тұсын­да Франция атом қаруын жасап, ядролық державаға айналды.

Парламенттік басқарудан президенттік басқаруға көшкен Францияның саяси тарихынан мынандай деректерді де келтіре кеткен артық болмайды. 1875 жылғы Конституция бойынша Франция парламенттік республика болып жарияланып, 1875 жылдан 1914 жылға дейін 48 рет үкімет билігі ауысты. XX ғасырдың 30 жылдарындағы бүкіләлемдік экономикалық дағдарыс пен Еуропада фашизмнің күшеюі кезіндегі саяси дағдарыстан да Франциядағы үкімет билігі тұрақтамады. Осы кездегі үкіметтің билік басына келуінің орташа ұзақтығы алты айдан аспады. 1946 жылғы қабылданған конституция бойынша да Франция парламенттік республика болып қала берді. Бұл кезде де саяси жағдай тұрақты бола алмады. Мұның басты дәлелі 1946 жылдан 1958 жылға дейін 25 рет кабинеттің өзгеруі болып табылады. Осындай жағдайда Франция президенттік басқару жүйесін тандады.

Буржуазиялық қалыптасуы ертерек басталған Англияда Конституциялық сипатқа ие құжаттар қабылданды, мәселен, 1653 жылғы Басқару құралы, 1679 жылғы халықтың бостандығын сәтті қамтамасыз ету мен теңіздерге бақылау жасау туралы акт, т.б. Алайда, қазіргі ұғымдағы алғаш рет жазылған Конституция АҚШ-та 1787 жылы және Франция мен Польшада 1791 жылы қабылданды.

Қазақстан Республикасы Конституциясы филосо­фиясының (концептуалдық) тамыры тереңде жатыр. 1995 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы әрі оның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси философиясына негізделген. ҚР Конституциясы концептуалдық, жекелей алғанда институттық және қызмет етуі жөнінен Француз Республикасының V Конституциясына бағдарланып әзірленген.

Біздің мемлекетіміздің құрылымы бойынша, Конституцияның беделі Конституциялық Кеңеске байланысты. Ал басқа елдерде бұл жүйе әртүрлі жолға қойылған. Мәселен, АҚШ, Жапония (т.б.) мемлекет­терінде Конституциялық заңдарды тексеру соттарға жүктелген. Гвинея, Камерун (т.б.) елдерінде бұл қызметті Жоғарғы Сот жүзеге асырады. ГФР, Ресей, Италия (т.б.) елдерінде жалпы юрисдикция органдарынан бөлінген арнаулы орган Конституциялық Сот жұмыс істейді. Ал Франция, Алжир (т.б.) елдерінде конституциялық бақылау сот сипатындағы емес, арнаулы органға жүк­телген. Міне, әлем елдеріндегі Негізгі заңның сипаты осындай.

1993 жылғы Конституция жерге жекеменшік мәселесін шеше алмады, тіл мәселесі де түбегейлі шешімін таппады. Сайып келгенде, 1995 жылдың 30 тамызында референдумға қатысқан адамдардың 90 пайызға жуығы (ал бұл оған қатысуға құқығы бар 7 миллионнан адам азамат деген сөз) жаңа Конститу­циямызды қабылдауды жақтады. Осылайша, Ата Заңымызды бүкіл Қазақстан халқы болып таңдауға зайырлы түрде қол жеткіздік.


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений

Инфографика: как в казахстанской армии работают над профилактикой правонарушений