ҚР Қарулы Күштеріне - 25 жыл

Абай дүниетанымындағы «ұлттық код» концепциясы

Абай дүниетанымындағы «ұлттық код» концепциясы

Хакім Абай – қазақтың ұлттық дүниетанымының тереңдігі мен даналық иірімдерін көрсететін тұғырлы тұлғасы, қазақ руханиятының ардақ тұтар данасы мен дарасы. Абай туған халқын жан дүниесінің ең тереңінен туындаған асыл сезімдерімен аялап, сүйе білді, жақсылығына қуанып, мұңына егіле білді. Қателігін түзету бағытында даналық ой алыбынан туындаған философиялық тереңдікке құрылған кемеңгер ойларымен түзетті, қазаққа даңғыл жол көрсетіп, ақиқат пен әділдікті, тура жол мен ізгілік жолын үйретті.

Осыған барар жолда кездескен қиындықтарға қарамастан, айта-айта жағы талмастан тек қана биік адамгершілік мұраттар мен жалпы адамзаттық құндылықтарды әрбір қазақтың бойына сіңіруге талпынды. Хакім Абай шығармашылығының өн бойында алтын жіптей өріліп жатқан көкейтесті мәселелер, өзекті тақырып қанша ғасыр өтсе де, қаншама қазақ қоғамы өзгеріске ұшыраса да, тағылымдық мәні мен маңызын жоймай тәуелсіздік дәуіріне жетті, әлі де ешбір күмәнсіз келесі дәуірлердің еншісіне бұйыратыны хақ. Енді Абай шығармашылығындағы «ұлттық код» деген мәселеге келетін болсақ, ең әуелі «ұлттық код» деген терминге нақтылы анықтама беріп алғанымыз жөн деп білеміз. Ақиқатында, ұлттық код дегеніміз не? Соңғы кезде жиі айтылып жүрген аталмыш ұғым нені білдіреді?!

Елбасы Н.Ә.Назарбаев ұлттық код деген ұғымға былайша кең түсінік береді: «Мен қазақстандықтардың ешқашан бұлжымайтын екі ережені түсініп, байыбына барғанын қалаймын. Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды. Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек», - деді Президент. Ұлттың коды дегеніміз не? Орыстар мақтанғанда жерін, елін, ғарышты бағындырғанын, соғыста жеңгенін айтады, коммунизмнің қаһарынан өзімізді ғана емес, Еуропаны, Американы азат еттік дейді. Қытайлықтар ұлттық ұстанымдарын ұмытпай әрбір мәдени шараға ұлттық киіммен қатысады. Салт-жоралғыларын да қалт жібермейді. Жері тар, сыймай отырса да тарихи-мәдени жәдігерлерін көзінің қарашығындай сақтап отыр. Ұлттық кодтың негізі – отансүйгіштік. Қазақ ұлтының коды – қазақылығы. Біздің мақсат ата-баба мұрасын қастерлеп, мирасына сызат түсірмеу». Міне, ұлт көшбасшысы бұл ұғымға терең түсінік беріп, тамыры тереңге жайылған  рухани кодтың, ұлттық жаңғыру ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейтіп, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, жаңашылдыққа қадам басудың маңыздылығына айрықша тоқталған.

Көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлы аталмыш мәселе жайында: «Ұлттық кодқа ерекше мән беру керек, бұл – шешуші мәселе!» - деп ерекше маңыз беру қажеттілігін назарға ұсынады. Расында әрбір қазақ Абайымен мақтанады, оның тұлғалық, даналық әрі далалық алып тұлғасын қазақ ұлтының синониміне балайтыны ақиқат. Яғни, Абайда қазақтың ұлттық болмысы мен ерекшелігіне қатыстының бәрі бар. Сондықтан хакім Абай – біздің руханиятымыздың мызғымас мақтанышы, мәңгілік көлеңке түспес күнгейі, Абайдың шығармашылығында ұлттық құндылыққа, ұлттық жаңаруға, ұлттық кодқа қатысты ой өзегі де баршылық.  Абайдың шығармашылық өнеріндегі  рухани мұрасы – халқымыздың ғасырлар бойы маңызын жоймайтын құнды қазынасы, ұлттық құндылығы. Жылдар жылжып, заман өзгеріп, қоғамдық санада күрт сапырылыстар пайда болған сайын бұл қазына өзінің жаңа бір қырларымен жарқырай ашылып, қадірін арттыра түсетініне Абайдан кейінгі көп уақыт айқын көз жеткізді. Қазақ ұлтының келешегін ойлаған Абай өзінің өмірлік мақсатын халықтың болашағымен байланыстырып:

Мақсатым – тіл ұстартып, өнер шашпақ.

Наданның көзін қойып, көңін ашпақ.

Үлгі алсын деймін ойлы жас жігіттер,

Думан-сауық ойда жоқ әуел баста-ақ», -дейді .

«Қазағым» деген сөзді «ұлтым» деген мағынада түсінген Абай туған халқының өмір шындығының араламаған түкпірін қоймайды және көрген-білгендерінің барлық бейнесін шығармаларына түсіріп отырады. Ол өмір шындығының тіркеушісі емес, көрген-білгендерінің сыншысы және кем-кетікті сынау арқылы түзетуге тырысушы.

Көп адам дүниеге бой алдырған,

Бой алдырып, аяғын көп шалдырған.

Өлді деуге  сыя ма, ойлаңдаршы,

Өлмейтұғын артына сөз қалдырған?!, - деуі арқылы адамгершілік биік мұраттарды үлгі ете келе, дүниеге бой алдырған пенденің соңы жақсылыққа апармайтындығын түсіндіріп, бұл пікірін ол «Харакәт қыл, пайдасы көпке тисін», деп әрбір адамның қоғамға және өзіне пайдалы істер атқаруын ұсынады. Абайдың ойынша, адал еңбек атаулының бәрі қоғамға да, жеке адамға да пайдалы, сондықтан қазақтың бір діңгегін берік орнатуға әркімнің мүмкіндігі мен шамасы бар екендігі шындық. Хакім Абай – қазақ әдебиетіндегі, жалпы қазақ руханиятындағы болмысы бөлек дара тұлға. Абай ақын ғана емес, хакім тұлға. Ол – көп қаламгерлер секілді өмірдің бар болмысы мен шындығын көркем бейнелеп қоюмен шектелмеген, өз шығармашылығы арқылы өзіндік танымын, адамгершілік ілімін жасаған ойшыл ақын. Ол өлеңдері мен қарасөздерінде оқырманына «адам бол» деп қана қоймай, сол адам болудың, адамгершіліктің қалыбын, ілімін жасаған ойшыл ақын. Ол өзіне дейінгі танымы мен төркіні терең адамгершілік ілімімен таныс болған. Өйткені оның ұзақ ізденіспен, треңінен толғатып тапқан толық адам танымы сонау Сократ, Платон, Аристотель заманынан іргесі қалана бастаған іргелі іліммен сабақтасады. Халқының мінез-құлқының бұзылып бара жатқанын көріп, «Толық адам» ілімін жасаған Абайды әрбір қазақ білуі керек. Абайды білсе, пенделік жолдан қайтады. Қазір көп адамның көкейінде тек қарын тойдыру, киім киіну. Одан басқа мақсат жоқ сияқты. Аш қарын тойынар, бірақ оның рухани қазынасы болмаса, қуыс кеуде пенде болып қалады. Біздің қаупіміз сонда. Жастарымыз қуыс кеуде болып қалмауы қажет. Дүниені өмір бойы жинап, ана дүниеге алып кеткен кімді көрдіңіздер?! Оның барлығы қалады. Сондықтан рухани қазынаға басымдық беру керек. Абайда 176 өлең, 3 поэма, 45 қарасөз бар. Ал, оқысаң таусылмайды. Хакім бұл шығармаларын ақша үшін жазған жоқ, ол өз жан дүниесін жазды. Ол өзі өмір сүріп отырған заманның шындығын, зарын жазды. Оның ішкі әлемі қайырлы. Сондықтан да оның мұралары өте терең, мәнді. Қазақтар үшін одан өтер дүние жоқ», - дейді М. Мырзахметұлы.

Туған жерді қия алмай,

Тентекті жеңіп, тыя алмай,

Әлі отырмыз ұялмай,

Таба алмадық өңге елді, - деген дана Абай қандай да болмасын, туған елінің тентегін тыя алмаса да, қазақтан өзге артық  елді таба алмайтындығын өлең тілімен суреттейді. Бұл ақын жанының қазақтың сайын сахарасы мен дархан даласын, әрбір тасы мен сайын, тентегі мен игі жақсысын жақсы көріп, туған жерін қия алмағандығын паш етеді.

Абай қазақ қауымы ішіндегі жағымсыз құлықтар мен берекесіздіктің және басқа кемшіліктердің түп тамыры надандығында, оқымағандығында деп түсінеді де, халқының көкірек көзін ашып, ұлттық сана-сезімін жетілдіріп, еліне қалтқысыз қызмет ету үшін қазақ жастарын оқуға, білім алуға шақырады. Ол:

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін,

Жоқ-барды ертегіні термек үшін,

Көкірегі сезімді, ойы орамды,

Жаздым үлгі жастарға бермек үшін, - деп бар үмітін парасатты, талапты қазақ жастарға артады.

Абайдың дүниеге көзқарасындағы ұстаған негізгі принципі – «Адам бол». Ойшыл ақынның аңғаруынша көптеген адамдарда «адам» деген ат бар, бірақ, «Адам» деген қасиет жоқ. Сондықтан да Абай «... Адам бол мал тап, Қуансаң қуан сол кезде», «Бес нәрседен (өсек, өтірік, мақтаншақтық, еріншектік, текке мал шашпақтық) қашық бол, Бес нәрсеге (талап, еңбек, ойшылдық, қанағат, рахым) асық бол, Адам болам десеңіз» деп, өз елін, келешек ұрпағын жалпы гуманистік рухқа, бірлікке шақырып, «Біріңді, қазақ, біріңді дос, көрмесең, істің бәрі бос», - дейді. «Пендешіліктен туатын жағымсыз қасиеттер де көп болмаса, аз емес. Ондай қасиеттер бойын жайлаған адамдарды Абай жарым адам, жарым мұсылман деп атайды. Олар надандық, еріншектік, зұлымдық, қиянатшылдық, ұятсыздық, арсыздық, менмендік, күндестік, мақтаншақтық, мансапқорлық, тәкаппарлық, жігерсіздік, талапсыздық, салғырттық, жеңілдік, өсемпаздық, ашуланшақтық, қапашылдық, маскүнемдік, тамыршылдық, қанағатсыздық. Бұл қасиеттердің бәрін Абай бір деңгейге қоймайды. Олардың біразы бірін-бірі тудырып, адамды азғындатып жатады. Жалғыз қазақ емес, жалпы адамға тән қасиеттер ретінде, хакім үшеуін атайды. «Күллі адам баласын қор кылатын үш нәрсе бар. Сонан қашпақ керек. Әуелі надандық, екінші – еріншектік, үшінші – залымдық деп білерсің».

Қорытындылай келе, «ұлттық санамыздың тірегі» болған Абайдың философиялық лирикасы, ойлары – біздің ұлттық кодымыз» - деп тұжырымдаған ғалым Мекемтас Мырзахметұлының қазіргі абайтанудағы зерделі ой толғамдары мен пікірлерінің маңызы қашанда зор деп білеміз.

Ақиқатында, хакім Абайдың әрбір өлең жолдарындағы даналық ойлар ұлтты сүюге, ізгілікке үйіретін, адамдық сипатта бой түзеуге насихаттайтын һәм парасаттылық пен өркениетке үйретіп, ұлттық тұрғыдан рухани жаңаруымызға бағдаршам болатын темірқазық екендігі даусыз. Осы орайда Елбасының «Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу. Онсыз жаңғыру дегеніңіздің құр жаңғырыққа айналуы оп-оңай», деуінде салиқалы, парасатты ой жатыр. Демек, Абай шығармашылығын, дүниетанымын жаңа қырынан тереңнен зерделеу нәтижесінде біз жаңа тұрпатты жаңғырудың басты құралы – ұлттық кодымызды «Мәңгілік ел» ретінде сақтап қалатындығымыз анық деп түйіндейміз.

Д.МҰХАМАДИЕВ

Радиоэлектроника және байланыс

әскери-инженерлік институты

Мемлекеттік тіл кафедрасының доценті,

филология ғылымдарының кандидаты


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?

Что ждет военнослужащих после внесения изменений в законодательство о воинской службе?