6 шілде - Астана күні: Қамалдан қаланған қала

Алдағы сәрсенбі  ел бағына баланған Елордамыздың туған күні. Қазір Сарыарқаның төсінде көзтартарлықтай боп бой тіккен бас қаламызға қазақстандықтар ғана емес, әлемнің түкпір-түкпірінен келгендер де тамсана қарап, сүйсінуде. Содан да болар, әртүрлі халықаралық жиындарда талай мәрте алыстан ат арылтып келген қонақтарымыздың қаламыздың қонақжайлылығы мен көркем келбеті жайлы лебіздері жылы есіп тұрады. Бұл – бүгінгі Астананың беделі. Бұл – бұл күнгі қазақ халқының үлкен мерейі.

Ал бұдан бірнеше ғасырлар бұрын бұл жер қандай еді?! Осыдан мыңдаған жылдар бұрын Есіл өзенінің сол жағалауында орын тепкен Қыпшақ сұлтанының әскери ставкасы жаңа ғасырда жаңарып, бой түзеген беделді бас орда болады деп кім ойлаған?! Біздей ұрпаққа бұл Боз-оқ қаласының үйіндісін ашып, зерттеу жұмысын жүйелі жүргізілуімен жеткен тарихи мәлімет еді.

Иә, тарихи зерттеулерге сүйенсек, сол кезеңде Ресей империясы отарындағы алыс мекендерін бақылайтын осындай әскери қамалдарды тұрғызып, Ақмола уездік қалашығын әскерилікке сай қорған еткен.

Басында қала емес, жай ғана қорған болған осы маңда қоныстанған қазақтар жылдың қай мезгілі болса да Қараөткелдің таяздау жерімен жылқы, түйе малын пайдаланып, жаз жайлауға, қыс қыстауға көшіп-қонып жүреді.

Өзеннің осы тұстағы өзен арнасын жабатын қара түсті құмнан Қараөткел пайда болған. Ал одан Нұра өзеніне қарай он сегіз шақырым жерді жұрт Ақмола деп атапты. Мұнда кезінде Аңырақай, Қалмаққырған мен Қарақұмда 1710-1729 жылдары болған жоңғар соғысында қыпшақтың 92 руының әскерін басқарған Тілеулі батырдың ұрпағы, Абылай ханның беделді кеңесшілерінің бірі Нияз би жерленіпті. Кейін осы Нияз бидің кесенесінің айналасына Ақмола бекінісін салу туралы шешім қабылданғанда осы жерге 1830 жылдың 28-мамырында құрылысқа Петропавлдан құрамында екі жүз адамы бар Ф. К. Шубиннің тобы бірінші болып шатыр тігіпті. Осы бір ғана зиратпен әйгілі болған жерге болашақ Ақмола бекінісі аймағының әкімшілік орталығының тұрғызылатын орнын ақылдасу үшін жергілікті рулардың ақсақалдары жиналып, сонда ақсақалдар Шубинге Есілдің екі жағалауының да тұрғындарына ыңғайлы болу үшін Қараөткелде көпір салуды ұсынған екен. Кеңеске құлақ түрген офицер ақсақалдардың қол қоюымен құжат жасап, сол бойынша Ақмола атауы өзгеріссіз қалып, бекініс салу басталыпты. Бұл сол жылдың 18-маусымында болған тарихи оқиға.

Міне, содан кейін бұл аймақта дала қорғаны құрылысының дүмпуімен 1832 жылдың 22-тамызында ресми түрде Ақмола бұйрығымен ішкі округ ашылады. Бас кезінде бұл жерде қорғаныс үшін бірнеше балшықтан, ағаштан жасалған үйлер салынады. Өзеннің жағалауында бірінші қатарда қазыналық ғимараттар мен кеңсе, лазарет пен асхана, ал екінші қатарға әскери тағайындаудағы ғимараттар, яғни, офицерлер үйі, казармалар мен қару-жарақтар қоймалары орналастырылады.  Сөйтіп, 1835 жылы округте 71 262 адамнан тұратын он бес болыс пен тоғыз, ағаш үйлі бір орыс поселкесі, ал бес жылдан соң бес мұнаралы көп қырлы формалы қабысқан далалық қорған салынады. Оның төменгі жағы балшықтан оқшашарға лайықтап жасалады. Бүгінде бұл қару Президенттің мәдени орталығында сақталулы.

Жалпы әскери-стратегиялық жағынан алып қарағанда қорған тамаша қорғалған болып саналады. Оң жағынан – ағып жатқан Есіл, батысы мен солтүстігінде – қамысты батпақ, ал шығысында — созылған сарыдала.

Міне, сол «Қорған» қазіргі Желтоқсан мен Кенесары көшелерінің орнында, ал «Орталық мұнара» Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионның орнында болыпты.

Жылдар өтіп жатады. Ақмолаға Ресей мен Шығыстың сауда қатынасының көпірі іспеттес Сібір, Орал, Орта Азия көпестері қоныс аударған соң кішкене ғана қорған біртіндеп қоныстанушылар қаласына айнала бастады. Сөйтіп, Ресей империясының 1862 жылғы 7 мамырындағы шешімімен Ақмола станицасына қала мәртебесі беріледі. Ал 1868 жылғы жарлыққа байланысты Ақмола, Көкшетау, Петропавл, Омбы, Атбасар сияқты бес уезден тұратын Ақмола облысы боп құрылып, сол жылдардың талаптарына сай облыстың елтаңбасы бекітіледі.

Мұндағы халық та біртіндеп өсе бастайды. 1869 жылдың өзінде бұл жерде 5122 адам, 1910 жылы 13000-дай адам тұрғын болса, 1916 жылы облыс тұрғындарының саны бір жарым миллионға жеткен. Жергілікті тұрғындармен қатар, басқа да ұлттардың 228 мыңға жуық өкілі және шамамен 1 миллионға жуық Ресей мен Украинадан қоныс аударушылар да болған.

Біртіндеп қаланың дамуына да қан жүгіреді. Мысалы, сол кездері бой көтерген ас үйлерді бүгінде елорданың ескі орталығында көруге болады. Ал білім беру жүйесінде 1898 жылы облыста 3 қалалық, 12 шіркеу мектебі және бірнеше ауыл шаруашылық училищесі болыпты.

Бұл – ХVIII-XIX ғасырдағы қорғаннан Ақмола қаласына дейінгі қадамдарда қолға алынған істер. 

Бұдан кейінде бұл қала екі ғасыр бойы талай тарихи кезеңді бастан өткерді.  Кешегі уақытша үкіметтің кезінде, Колчак пен Кубриннің кезеңінде саяси, қоғамдық маңызға ие болған Ақмола Ұлы Отан соғысы жылдарында да тыным таппады. ҰОС жылдарында ересек тұрғындардың барлығы әуе қорғанысы және химия қорғанысы дайындығынан, ал 16 мен 50 жас аралығындағы ерлер міндетті түрде әскери дайындықтан өтіпті.  Бұл туралы мәліметтерді Ақмола қалалық атқару комитетінің қалада әскери құрылымды қабылдау және орнықтыру туралы, қызыл әскерге жылқы жіберу туралы сақталған құжаттардың түпнұсқалары шындыққа шығарып береді.

Сол жылдардың санағы көрсеткендей, 1945 жылдың басында он мың ақмолалықтар әуе қорғанысы мен химия қорғаны дайындығынан өткен. Ал 9172 адамды әскери іске баулыған. Жергілікті әуе қорғанысы штабы құрылып, қорғаныс топтары да дайындалып, ОСОАВИАХИМ және Қызыл Крест тобы да белсенді жұмыс атқарыпты. Осылайша Ақмола қазақстандық әскери бөлімшелердің құрылуында және соғыс жылдарында маңызды рөлге ие болған. Мәселен,  осы жерде құрылған 310, 387, 29 атқыштар және 106 кавалерия дивизиясы,  Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне арналып ашылған № 1600, № 3006-ші екі госпиталі, танк колоннасының құрылысы үшін ақмолалықтардан жиналған 3 миллион 719 мың рубль, іске асырылған 5 миллион 666 мың рубльдің лотереясы, майданға жөнелтілген азық-түлік, жылы киімдер – осының айғағы.

Мұнан кейін Ақмола тағы бір тарихи кезеңді бастан кешті. Ол – тың жерлерді игеру жылдары. Сонда Н.С.Хрущевтің 1960 жылдың 26-желтоқсанында тың игеру өлкесін құру туралы жарлығы шығып,  1961 жылы аты Целиноград болып өзгертілген қалада тың игеру жұмыстары жүргізіліп қана қоймай, 1963 жылдары 6-қарашада телеорталық іске қосылып, Латвия сәулетшілері П. Ю. Фогелс, О. Н. Крауклис, Д. К. Даннебергтердің жобасы бойынша тың игерушілер сарайы тұрғызылды. Бірақ Хрущев ойлағандай,  бұл аймаққа тың игеру өлкесінің ресми астанасы болып қалу маңдайына жазылмады. Өйткені 1992 жылы Целиноград деген атауы өзгеріп, Ақмола атанған бұл қала 1994 жылдың 6-шілдесіндегі ҚР Жоғарғы Кеңесінің елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Қаулысымен басқа қадамға барды. Ал үш жылдан соң 1997 жылы Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың елорданы Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы шешімі оның мәртебесін түпкілікті өзгертті. Сөйтіп, көп кешікпей ресми түрде Астана болып өзгертілген жас қала жаңадан тыныстанды.

Осындай тарихымен тұғырын биіктеткен Астанамыз жаңа ғасырда жылдан жылға гүлденіп, елордасына айналды. Тұғырың мығым, төрт құбылаң түгел болсын,  тәуелсіз елдің Астанасы!


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"