Павлодарда Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, жазушы Бауыржан Момышұлының шипажайда түскен суреттері табылды.
1975 жылы Несібелді Әбдікәрімова есімді азаматша "Сарыағаш" шипажайына демалуға барғанда Бауыржан Момышұлын кездестіріп, бірге фотоға түсуін өтінген. «Баукең суретке түсуді ұната қоймайды екен. Сондықтан демалушылар ол кісіге жақындай алмайтын көрінеді. Дегенмен анам өзінінің пысықтығы мен тапқырлығының арқасында аңыз адаммен суретке түсіпті. Тіпті, бір суретте екеуінің әңгімелесіп келе жатқанын көруге болады, бірақ не жайлы сөйлескендері біздің есімізде қалмағаны өкінішті», - дейді Несібелді Әбдікәрімованың қызы Сайрам Аяшинова.