"Қара келі қара кемпірмен әлі бірге жасасып келеді"

Ұлық мейрамымыз - Ұлыстың ұлы күні жақындағаннан-ақ Наурыз көже қайнатқысы келгендер ауылдың шетіндегі кішігірім ақ үйге аяңдайтын. Ал, бұл ақ үйде ауылдықтарға етене таныс қара кемпір бала-шағасымен тұрады. Олар жыл бойы қара келімен түйген жүгерісін ерте көктемнен сұрыптап, сатуға қамдай беретін еді. Қара кемпірдің қолымен қара келіде түйілген жүгеріден дайындалған тіл үйірер көжені ауылдықтар тамсана ішіп отыратын... Қара келінің тарихын қара кемпір ел басына қара бұлт үйірілген сол бір жылдармен сабақтастырып, қамыға еске алып, немерелеріне жиі әңгімелеп беретін. Қара келі - қара кемпірдің әжесінен қалған мирас екен. Ғасырға жуық тарихы бар қара келідегі уақыт табы сонау алағай да бұлағай заманнан сыр тартып тұрған куәгер іспетті...  Жүзіндегі тереңдей түскен әжімдері қара кемпірдің де тәлкекті тағдырдың құқайын талай көргенін жеткізіп тұр... Қара кемпір мен қара келі әлі күнге бірге жасасып келеді. Қара келі...

Тазагүл тұлымшағы желбіреген  қара қыз еді. Ауылдастары «Қара кемпір» деп атап кеткен әжесі және тетелес өсіп келе жатқан бес-алты жас шамасындағы екі інісі бір шаңырақтың астында тұрады. Әкелері ұжымшардың меңгерушісі болған. Ел басына қара бұлт үйіріліп, ері де қаңғып кетуге аз қалған заманда кедей-кепшіктерге үш келі бидайдан үлестіріп бергені үшін «Халық жауы» атанып, атылып кеткен көрінеді. Әлде, «Итжеккенге» айдалып кетті ме екен?.. Ол жағы Тазагүлдің отбасына беймәлім. Әйтеуір, қызыл жағалылар жеті қараңғыда қара мәшинемен келіп, өздерінің зар илеп жылағанына қарамай, әкелерінің екі қолына темір кісен салып, алып кеткенін көздерімен көрген. Шешелері Тазагүлдің бала шағында-ақ көз жұмған. Содан бері бұлар қара кемпірдің қолына қарап отыр. Ал, қара кемпірің есімін ешкім білмейді. Сірә, өзі де ұмытып қалған-ау шамасы! Ол бәріне «Қара кемпір».

Қара кемпірдің қара келісі бар. Қара келі ес білгенінен қара кемпірдің көз алдында. Келсабы да келі секілді қарайып, желіне бастаған. Әр жерінде жарықшақтар пайда болған. Өте қатты ағаштан домбаштап жасай салғаны көрініп тұр. «Ауылдағы кәрі кішкене ұста шалдың қолынан шыққан дүние еді»,-деп айтып отырады қара кемпір...

Олар төбесі қамыс араласқан лай-балшықпен жабылған кішкене-кішкене үш бөлмелі үйден таң алакеуімнен тізбектеле шығып, орылған тары егістігіне бет алатын. Қара кемпір өзінен бастап немерелерінің мойындарына бір-бірден дорба іледі. Әлі ұйқыларын аша қоймаған кішкене екі немересінен алқапта көз жазып қалмас үшін Тазагүлдің етегінен ұстатып қояды. Немесе бәрі бір арқанды белдеріне байлап жүре береді. Осылай бірнеше шақырымдағы егістік алқабына жеткеннен кейін масақ теруге кіріседі. Тарының масағы. Тіпті өнімсіз. Ашқұрсақ балаң көңілдер бір масақ тапса жерден жеті қоян тапқандай қуанады дейсің. Тарының масағын күнкөріске талғажау ететіндер алқапта көп-ақ. Бәрі егістікке жақын ауылдардың адамдары. Бұлар соның өзін тыныштықпен термейтін. Егістіктің калхоздың арық қарагер атын мінген содыр қарауылы бар. Бұларға күн көрсетпейді. Ұстап алса жандарын шырқырататын. Әсіресе, қара кемпір мен немерелерінің қас дұспаны, осы қауқарсыз жандарға өш-ақ!.. Себебі, бұлар «Халық жауының» жақындары.

Бүгін де солай болды... Қара кемпір әдеттегідей көздерін тырнап ашқаннан немерелерімен масақ теруге шыққан. Жақындағаннан-ақ алқаптан өздері секілді қара құрым масақшылар көзге шалынады. Бұлар алқапқа аяқ басқаннан күнделікті жұмыстарына кірскен. Ұйқысырай аяңдап, көзге шалынған тары масағын мойындарына ілінген дорбаларына тастай берді. Дорбаларының түбі томпайған сайын жүздері де жадырай түседі және шаршай береді, талықси бастаған аяқтарын әзер басады... Күн сәскеге таянған шақта алаңсыз жүрген масақшыларды қарагер атын қос кеудеден тепсіне шаңдатып шауып келе жатқан содыр қарауылдың бақырып айқайлаған даусы елең еткізді. «Өй, әкеңнің, мен сендерді итжеккенге айдатам!.. Сендер халық жауысыңдар! Сүйектерің Сібірде шіритін болады!»,-деп аузынан жан түршіктірер былапыт сөздерді шұбырта екпіндетіп келеді. Алдына келгенін аяйтын емес. Кездескенін сегіз өрім қамшымен жонарқадан осып-осып өтеді. Қамшының астында қалғандар сол жерде сілейіп жатыр. Қалған масақшылар жан-жаққа бытырай қаша жөнелді. Қара кемпір де немерелерімен анау сайдан аса жығылды. Өрекпіген демдері басылар емес. Тазагүл мен інілері ызадан жас боп аққан өксігін әжелеріне көрсеткісі келмей, кірлей бастаған жеңдерімен кезек-кезек сүртеді. Содыр қарауылдың үні бәсеңдеп барып, өшті ғой деймін... Сай жағалап жан сақтағандар алқапқа қайта үйіріле бастады.

Ақшам уақытысы да таяп қалған. Қас қарая қара кемпір немерелерін жетектеп, ауылға қарай аяңдады. Солыңқы жүздерінен әбден шаршағандарын байқау қиын емес. Жәпірейген үйдің табалдырығын аттай Тазагүл мен інілері сүріне құлады. Күні бойғы жүріс бәрін де шаршатқан. Екі інісі мұрындары пыш-пыш етіп ұйқыға кетті. Тазагүл олардың үстіне қолына іліккен әкесінен қалған шапан-шекпендерді қымтай жауып, біразға дейін ойға шомады. Терезеден түскен ай сәулесі інілерінің көз жастарымен айғыздалған жүздерін айқын көрсетіп тұр. Оған үңіле қараған бойжеткен қыз балалардың алқымдарынан құшырлана иіскейтін де көзі іліне беретін...

Ал қара кемпірге әлі ұйқы жоқ. Сығырайған шамның жарығымен күні бойы жинаған тарыны сұрыптайды, желпиді, тазалайды. Қара келіге уыстап салып, түйеді. Түйген сайын тарының қабығы аршылып, тазара түсетін. Сосын суға салып бір қайнатып алады. Содан кейін неше күннен бері жиналмаған төсегіне барып жантая кететін...

Таң азанымен қара кемпір бірінші оянатын. Кешегі дайындаған азығын суға қайнаған қалпында темір тостағанға кішкене-кішкенеден салып, жаңа ғана ұйқыдан тұрған немерелерінің алдарына қояды. Ішектері шұрқыраған олар соның өзін қанағат тұтып, асықпай жеп алатын. Кей-кездері тазаланған тарының аз-ақ боп қалатыны бар. Ондайда қара кемпір төрде ілулі тұрған көк ешкінің терісін жерге төсеп, үстіне дайындаған тарыны шаша салады. Барлығы жапатармағай теріге үңіліп, саусақтарына ілінгенін жей беретін...

Осылай күндер өте берді... Қара кемпір дүниеден озды... Қара келі бой жетіп қалған қара қызға қалды...

...Тазагүл шалғайда жатқан ауылдарыдың біріне өзінен он жас үлкен қойшыға тұрмысқа шықты. Әжесінің көзіндей болған қара келіні өзімен бірге ала кетті. Екі інісі интернатта жетіліп, кейін шаңырақ көтеріп, үйлі-күйлі болды. Қара келіде қара кемпірдің қолымен дайындалған аппақ тарыны қылдай бөліп жеген ағайындылар аралары алыс болса да араласып, құраласып тұрады...

Бүгінде қара қыз да қара кемпір болған. Шиеттей бала-шағасы, немерелері бар. Оның да өмірі өзін асыраған әжесі-қара кемпірдің өміріндей өгіз жүрістен жаңылмады. Тағдырдың салмағы мойнынан бір де түскен емес. Шалы көз жұмды. Баяғы қара кемпірдей қолына қараған бала-шағасына нан тауып беру үшін қара келіні қолына алды. Бірақ, тары емес жүгері түйеді. Жыл бойы түйіп дайындаған жүгерісін Ұлыстың Ұлы күні жақындағаннан ауылдастарына пұлдайтын. Қара кемпірдің қолынан дайындалған жүгеріден қайнатылған Наурыз көже тіл үйірер дәмді болатын. Па, шіркін, қандай дәмді еді!..

...Қара келі қара кемпірмен әлі бірге жасасып келеді.


Көшірмеге қайта келу
Тақырып бойынша материалдар:

8 Марта

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"