Үмітті үкілеген спортшылар

Үмітті үкілеген спортшылар

Осы аптаның жексенбісінде бокстан әлем чемпионаты басталады. Ресейдің Екатеринбург қаласында. Ел үмітті. Қазақстан құрамасы сапындағы әскерилерге біз де үміт артып отырмыз. Олар кімдер?

Бірер сөз...

 

Сонымен апта соңында Ресейдің Екатеринбург қаласы әлем чемпионаты қатысушыларын құшақ жая қарсы алмақ. Қыркүйектің 8-інде басталатын чемпионат екі аптадан соң, 22 қыркүйек күні аяқталады.

Біреу білсе, біреу білмес, әлем біріншілігі осымен 20-шы мәрте өткелі отыр. Оған 91 елден 488 спортшы қатысады. Мұнда боксшылар 8 салмақ санатында ғана өнер көрсетпек. Олар: 52 келі: Сәкен Бибосынов, 57 келі: Қайрат Ерәлиев, 63 келі: Зәкір Сафиуллин, 69 келі: Абылайхан Жүсіпов, 75 келі: Тұрсынбай Құлахмет, 81 келі: Бекзат Нұрдәулетов, 91 келі: Василий Левит, +91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев. Алғаш аталған салмақ дәрежелеріндегі спортшыларымыз – әскерилер. Бірінің шені – кіші сержант (Қайрат Ералиев) болса, екіншісі қатардағы мерзімді қызметте (Сәкен Бибосынов) жүр.

 

Жетістік және жіберген есе

 

Осыған дейінгі әлем додаларына еліміз талай қатысты. Жетістігіміз де болды.

Қапы қалғанымыз да бар. Қолғап түйістірген ерлеріміз үшін ең табысты жыл – 2013 жыл. Осы жылы әлем чемпионаты өз елімізде, Алматыда өтті. Біздің боксшылар сол кезде қоржындарына 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медаль түсірді.

Ал 2015 жылғы Катарда өткен әлем біріншілігіне біздің құрамаға алтын алу түгілі күміс те бұйырмады. Қазақстан құрамасы бұл жолы екі қола медальды місе тұтты. Оларды Данияр Елеусінов (69 келі) пен Иван Дычко (91 келіден жоғары) жеңіп алды.

Араға тағы екі жыл салып өткен 19-шы кезекті әлем чемпионаты да біз үшін аса табысты бола қойған жоқ. Германияның Гамбург қаласында Мырзағали Айтжанов шәкірттері 1 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Сөйтіп, жалпы командалық есепте Куба мен Өзбекстаннан кейінгі үшінші орынға жайғасты.

Айта кетерлігі, соңғы екі әлем біріншігінде де біздің құрама Өзбекстаннан оза алмай жүр. Анығын айтқанда, өзбек боксшыларына есеміз кетіп жүргелі біраз уақыт болды. Әрісін айтпағанда, биыл 16-26 сәуір аралығында Таиланд астанасы Бангкокта өткен ХХХ Азия чемпионатында Өзбекстаннан тағы жеңілдік. Біздің құрама Таиландта 2 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль алды. Ал өзбектер 4 алтын, бір күміс, бір қола жүлдеге қол жеткізді.

 

Сенім артылған әскери спортшылар

Салмақ санатында (52 және 57 келі) көштің басында тұрғандар – Армия орталық спорт клубының спортшылары. Осы ұжым қатардағы Сәкен Бибосынов пен кіші сержант Қайрат Ералиевті үкілеп додаға қосып отыр. Сенім де жоқ емес.

«Қазір екі спортшымыз да дайындықтың екінші кезеңін Нұр-Сұлтанда өткізіп жатыр. Қыркүйектің 6-сында Ресейге ұшады. Екеуінен де зор үміттіміз», – дейді бокстан АОСК командасының бастығы аға лейтенант Біржан Жақыпов.

Жалпы әлем чемпионатына дайындықтың бірінші кезеңі Алматы облысының AIBA кешенінде өткен болатын. Жаттығу барысында спортшыларымыз күш жинады. Ендігісі Ресей аттанбақ. Сапарлары сәтті болсын дейміз.

Осы орайда айта кетелік, қатардағы Сәкен Бибосынов әлем чемпионатына алғаш рет қатыспақ. Ол елімізде өткен соңғы екі турнирде топ жарды. Биыл мамыр айында Қызылордада өткен Қазақстан Республикасының V Спартакиадасында және шілдеде Нұр-Сұлтан қаласында өткен ҚР Президенті Кубогына арналған VII халықаралық турнирде қарсылас шыдатқан жоқ. Жастың аты жас қой. Дайындығы да қарқынды. Жіберген талай есемізді қайтаратын азаматтардың бірі деуге болады. Өзі де онысын тілге тиек етіп жүр.

«Чемпионатқа қарқынды түрде дайындалып жүрміз. Себебі, қарсыластарымыз өте мықты. Өз салмақ дәрежемдегі басты қарсыластарым 2016 жылғы Рио Олимпиадасының жеңімпазы, өзбекстандық боксшы Шахобиддин Зоиров және 2017 жылғы Әлем чемпионы, кубалық боксшы Йосвани Вейтия. Және де Ресей боксшысы Василий Егоров та бәсекелестік таныта алады» – дейді ол.

Яғни Сәкен әлемдік сындағы басты қарсыластарын Куба, Өзбекстан боксшылары деп санайды. Оларды жеңіп, олжалы болып қайтсам деген ойы да бар. «Бар күшімді салып, Қазақстанымыздың туын көкке көтеріп, жоғары нәтижелерге ие болуға үміттенемін» деген оған біз де тілекшіміз.

Ал кіші сержант Қайрат Ералиев – талай додаға қатысқан сақа спортшы. 57 келі салмақтың тізгінін әлі ешкімге берген жоқ. Ол бұған дейін әлем біріншілігінен 1 алтын, 1 қола медаль алған. Тәжірибесі мол.

Жоғарыда айтқанымыздай, 2017 жылы Гамбургте «алтын» алған жалғыз қазақстандық – осы Қайрат. Ал оған дейінгі халықаралық додаларда аса жолы болмады. Аяқтан шалынған тұстары да бар. Сүйіндірген де, күйіндірген де сол бір кез – 2016 жыл еді. Осы жылғы Рио Олимпиадасы елдің есінде болар. Ерекше тактикасымен баршаның назарына ілігіп еді. Айта кетсек, Олимпиада ойындарының 1/16 финалында Қайрат Ералиев шаршы алаңда 2013 жылғы әлем чемпионы Джавид Челебиевпен қолғап түйістіріп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Бұл жекпе-жек жанкүйерлердің көзінен таса қалмады. Әсіресе, Қайраттың соңғы раундта көрсеткен өнеріне көпшілік тәнті болды. Өйткені қорғану кезінде Ералиев ерекше тактика қолданды. Қарсыласы қанша соққы бағыттаса да, тигізе  алмады. Жұрт Ералиевтің қорғанысын Мұхаммед Әлидің стиліне ұқсатты. Танымал боксшының жұдырықтасу тәсілін қолданған Қайрат кейін өзбек Муроджон Ахмадалиевтің қарсыласы болды. Бізді «әттеген-ай...» дегізген ойын осы болды. Ел намысын қорғаған Ералиевті төрешілердің аяқтан шалғаны анық байқалды. Қайрат қарсыласын қанша жұдырықтағанмен, ұпай санынан өзбекстандық былғары қолғап шеберінен кем түсті. Осылайша, ала шапанды ағайындардың жолы болды. Осы жекпе-жек хақында ол: «Мен негізі жеңілген жоқпын. Қарсыласымнан артық жұдырықтаспасам, кем болған жоқ. Оның соққыларының барлығы менің қорғанысымнан өте алмады. Ал мен көптеген соққыларымды дөп тигіздім деп нық сеніммен айта аламын. Мені төрешілер аяғымнан шалды», – деген еді.

Әрине, бұл әділетсіздік тек спортшының жанына ғана батқан жоқ. Бұған жанкүйерлері де күйінді. Алайда, сол есені қайтарар уақыт келген сияқты.

Бапкерлері сенім артқан сақа спортшыға біз де сәттілік серік болсын деген ниеттеміз.

 

Тағы кімдерден үміттіміз?

 

Қазақстан құрамасындағы спортшыларымыздың қай-қайсысы болсын осал емес. Сегіз салмақ дәрежесінде өнер көрсететін олардың бәріне үміт артамыз. Алпысқа дейінгі салмақ дәрежесіндегілерді Армия орталық спорт клубының спортшылары екенін жоғарыда жаздық. Енді алпыс келіден жоғарыларды сөз етелік.

Сонымен, 63 келіде ел намысын кім қорғамақ? Ол – Зәкір Сафиуллин. Таиландта өткен Азия чемпионатында 60 келіде Зәкір Сафиуллин күміс, 64 келіде Санатәлі Төлтаев қола медаль алған. Осы екеуінің арасынан таңдау 32 жастағы Зәкір Сафиуллинге түскен екен. Енді Ресейде осы жігіт өнер көрсетеді. Ал 1999 жылы дүниеге келген егіз боксшы Саматәлі, Санатәлі Төлтаевтарға бұл жолы мүмкіндік берілмеді. Зәкір Сафиуллин жақында өткен Президент Кубогында үнді боксшысынан жеңіліп, күміс медаль алды.

Ал 69 келіде сенім артылған спортшымыз – Абылайхан Жүсіпов. Бұл салмақта мықтыларымыз жоқ емес. Мәселен, Асланбек Шымбергенов. Оның «алтын» алмағанына көп болды. 2018 жылы Азия ойындарында, биыл Азия чемпионатында өзбек Бобо Усман Батуровтан жеңілді. Содан да болар, таңдау Абылайханға түсті. Ол бокстан жасөспірімдер арасындағы Нанкин Олимпидасының чемпионы. Ересектер арасында әлем және Азия чемпионатының жүлдегері. Қарағандылық Абылайхан – осы күні «қазақтың салмағы» саналатын 69 келінің көшбасшысы. Жас. Небары 22 жаста. Демек, алар асуы көп.

75 келіде Тұрсынбай Құлахмет. Бұрын бұл салмақта Жәнібек Әлімханұлы болатын. Дәл осы Жәнібектің Риодағы Олимпиада ойындарында есесін (Әзербайжан боксшысынан жеңіліп еді) Тұрсынбай қайтарды. Кейін осы салмақтың көшбасшысы Әбілхан Аманқұлды жеңген өзбек боксшысының да апшысын қуырды. Оған жанкүйер қауым биылғы Азия чемпионатында куә болды. Әбілханды жеңген өзбек боксшысы Исраил Мадримовты Таиланд жерінде қуалап жүріп сабады. Нұр-Сұлтанда өткен Президент кубогында да қарсылас шыдатқан жоқ. Оның үстіне Әбілхан Аманқұл жарақатынан толық айықпады. Сол үшін Тұрсынбай тағы бір мәрте өзін дәлелдеуге мүмкіндік алып отыр.

Сондай-ақ 81 келі салмақтағы Бек Нұрмағамбет те жарақатына байланысты әлем чемпионатына бара алмады. Негізі 81 келінің мықтысы – Азия чемпионатында еш қиындықсыз жеңіске жеткен осы Бек. Бұл жолы бапкерлер Бекзатты одан осал түспес деп үміт артып отыр. Ол мамырда Қазақстан Спартакиадасына қатысып, қола медаль алған. Ал шілдеде Президент кубогында «күміске» қол жеткізді.

Соңғы 92 және одан жоғары салмақтағы саңлақтарымыз – Василий Левит және Қамшыбек Қоңқабаев.

Бүгінде 31 жастағы Василий халықаралық жарыстарда көп нәтижеге қол жеткізіп үлгерді. 2016 жылы Олимпиадада күмістен алқа тақты. 2017 жылы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды. Ал Азия чемпионатында 2009, 2015, 2017 жылдарда чемпион болды. Яғни 91 келіде – бірінші номерлі боксшы Василий Левит. Бірақ оны Таиландта өткен Азия чемпионатында кәріс боксшысы нокаутқа түсіріп кетті.

91 келіден жоғары салмақта көшбасшы – Қамшыбек Қоңқабаев. Жұдырығы – қуатты. Соққысы – пәрменді. Онысын 2017 жылы бокстан Азия чемпионатында көрсетті. Ташкент төрінде Монғолияның мықтысы Ерболат Түлекті нокаутқа түсірді. Екінші раундта-ақ нокдауынға жіберді. Үшінші раундта басынан ұрып, тағы да тәлтіректеткен еді. Жойқын жұдырықтың иесінің орнын алмастыратын әзірше спортшы жоқ. Азия чемпионатында күміс, Президент кубогында алтын медаль алған ауыр салмақты саңлағымызға артар үміт көп.

P.S. Міне, ел үмітін үкілеп үлкен додаға осындай спорт саңлақтары аттанып барады. Ресей төріне әр тараптан әлемнің үздіктері жиналады.

Екатеринбургта есе қайтарып, қарсыластардан қалыс қалмай, спортта Азияның көшбасшысы болатындай уақыт жетті. Жаһандық додада жаңылыспай, былғары қолғап шеберлері барын салатынына сенім артамыз. Жеңісті күндер мен жемісті істер күтеміз, ел спортшылары!

 


Көшірмеге қайта келу

Құрметті оқырмандар!

Электронды пошта арқылы Қазақстан және әлем әскерлерінде болып жатқан оқиғалар, жаңа қару-жарақтар мен әскери техникалар жөніндегі ақпараттарды, әскери қызметшілердің ар-намыс, әскери борыш жайындағы керемет әңгімелерін оқу үшін біздің жаңалықтар жіберіліміне тіркеліңіз. Онда «Сарбаз» газеті мен «Айбын» журналындағы материалдар жарияланады. Сіз әр аптаның басында бірінші болып, әскери жаңалықтарды біле аласыз!
Пікірлер

Жаңалықтар жүгіртпесі

 Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Жаңа КАМАЗ жүк көліктері ұсынылды

Семь граней Великой степи

Семь граней Великой степи