Рио-2016: Олимпиаданың он үшінші күні Қазақстан қоржыны 2 күміс 1 қола медальмен толықты

Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында өтіп жатқан Олимпиада ойындарының он үшінші күні Қазақстан қоржыны  2 күміс тағы бір қола медальмен толықты.

Бүгін қазақ спортшылары бір емес екі алтын алуға мүмкіндіктері болды. оның біріншісін бокстан 81 келі салмақта ел намысын қорғаған Әділбек Ниязымбетов алуы керек еді. Бұйырмайын деген дүние қанша жерден талпынсаң да бұйырмайды екен.

Әділбек Ниязымбетов финалда  кубалық   боксшы Хулио Сесар ла Круспен жұдырықтасты. Бүгін де қазақ боксшысының ақтық айқасына көрермен өте көп жиналды. Залдағы жұртшылықтың көбі Әділбекке жанкүйерлік етті. Себебі, оның соққысы қарсыласына қарағанда әлдеқайда пәрменді, жұдырығы көздеген жеріне дөп тиіп жатты. Өкінішке қарай төрешілер бірінші раундтың ұпайын кубалық боксшының еншісіне жазды. Екінші раундта да Жәнібек белсенділігімен көзге түсті. Бұны да төрешілер қарсыласының еншісіне жазды. Ал үшінші раундта Ниязымбетов қарсыласын қуып жүріп сабады десек артық айтқанымыз болмас.

Бұл жолы төрешілер ұпайды қазақ боксшысына сыйлады. Алайда, бұл ұпай керек емес еді... Себебі, бәрі де алғашқы екі раундта шешіліп қойды. Бірақ, Әділбек жекпе-жек аяқталған соң өзінің жеңісіне сенімді болды. Төрешілер ұпай санын есептеп, жеңімпаз деп қарсыласының қолын көтергенде қазақ боксшысы көз жасына ерік беріп, жылап жіберді.

Төрешілердің әділетсіздігіне ашынған ол рингті ары бері айналып, көз жасын тия алмады. Әдетте етінен ет кесіп алсаң да "қыңқ" етпейтін қазақ батырының көз жасы залда отырған көп адамды толқытты. Тіпті, қазақ жанкүйерлерінен бөлек, шетелдік көрермендер де көңілдерін босатып, бірге егілді... Төрешілердің қылығына шыдамаған жұрт төрешілерге төбе жақтан айғайлап жатты. Ол кезде құлағы керең, жүрегі тас төрешілер рингтен бастары салбырап алыстап бара жатқан еді. Осылайша бір алтынымызды кубалық боксшыға сыйға тарттық.

Бірақ, Әділбектің күмісі біз үшін алтыннан да қымбат екені даусыз. Ол осымен екі дүркін Олимпиаданың күміс жүлдегері атанды. Бұл Олимпиада тарихындағы қатарынан екі рет финалға шыққан екінші боксшымыз. Осыған дейін Болат Жұмаділов екі бірдей Олимпиаданың финалына шығып, екі мәрте күміс жүлдегер атанған болатын. Міне, бүгін Әділбек сол ағасының ерлігін қайталады. 

Екінші алтынды әйелдер арасында 75 келі салмақта ел намысын қорғаған Лондон олимпиадасының қола жүлдегері Гүзел Манюровадан күттік. Өкінішке қарай бұл балуан қызымыз бар мүмкіндікті пайдалана алмай, алтынды уысынан өзі шығарып алды. Бұл жерде ешқандай төрешілерге айтар уәжіміз жоқ.

Манюрова финалда канадалық балуан Эрик Уибеден ұтылып қалды. Сәл төзімділік танытып, кішкене жеңіс үшін талпынғанда алтынды уысында ұстап қалар ма еді, кім білсін?!

Ал бүгінгі қоржынымызға түскен қола медальді әйелдер күресінің шебері 63 келі салмақта сынға түскен Елена Пирожкова жеңіп алды. Ол жұбаныш белдесуінің  алғашқы белдесуінде швециялық балуан Хенна Йонхенсонды 5:0 есебімен ұтқан болатын. Екінші белдесуінде АҚШ балуанын таза ұтып, Рио Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Осылайша Қазақстан қоржынына жетінші қола медальды сыйлады.

Енді өзге спорт түрлеріне қысқаша тоқталып өтейік.

Бүгін Риода отандастарымыз  спорттың жеті түрінен бақ сынады. Солардың алғашқылары болып жарыс жолына шыққан ескек есушілеріміз Евгений Алексеев пен Алексей Дергунов байдарка және каноэда 1000 метрге жұптасып есу сайысында В финалында өнер көрсетіп, жүлделі орындардан көріне алмады. Олар 1000 метрді 2: 20,827 уақытта жүзіп өтіп, жалпы есепте 11-орынға табан тіреді.

Сосын байдарка және каноэда 200 метрге жұптасып есу сайысында Сергей Токарницкий пен Андрей Ергучёв те В финалында 35,497 көрсеткішке қол жеткізіп,  жалпы есепте жерлестеріміз 12-орынды місе тұтты. Ал 200 метрге каноэде жекелей есу сайысында Тимур Хайдаров аталған қашықтықты 40,549 секундта жүзіп өтіп, жалпы есепте 14-орынды иеленді.

Сонымен бірге ерлер арасында заманауи бессайыстан (семсерлесу, суға жүзу, конкур, жүгіру, тапанша ату ) ел намысын қорғаған отандасымыз Павел Ильяшенко жарыстың алғашқы күні 208 ұпаймен 21-орынға табан тіреді. Ол бүгін семсерлесу бойынша сынға түсті. Енді Павел Ильяшенко суға жүзуде бағын сынап көреді. Жарыс 20 тамыз күні өтеді. Ал осы сайыстан сынға түскен аруымыз Елена Потепенко 202 ұпаймен әзірге 20-орында келеді. Ол семсерлесуден бақ сынады. Енді бүгін суға жүзу жарысына қатысады.

Ал бүгін Иван Иванов ядро лақтырудан сынға түсті. Ядроны 17,38 метрге лақтырып, жалпы есепте артынан санағанда екінші болып, 33-орынға табан тіреді.

Сонымен қатар бүгін әйелдер арасында өткен 4x100 метрге жүгіру эстафетасында ел намысын қорғаған Ольга Сафронова, Виктория Зябкина, Юлия Рахманова, Светлана Голендова, Анастасия Тулапина, Римма Кашафутдинова сынды спортшыларымыз іріктеу сайысында 100 метр 4 айналымнан тұратын жүгіру эстафетасында 43,41 секундта жүгіріп, 7-орынды иеленді. Осы сайыс барысында төрешілер қазақстандықтарды жарыс ережелерін бұзғанын анықтап, жарыстан шығарып тастады. Сонымен қатар АҚШ және Бразилия спортшылары да осындай олқылықтарға жол бергені үшін жарыстан шеттетілді.

Сонымен бүгін Қазақстан 2 күміс, 1 қола медальмен Олимпиаданың он үшінші күнін де тәмамдады.

Қазір қазақ елі 3 алтын, 5 күміс, 7 қола медальмен жалпы есепте 20-орында келеді. 


Көшірмеге қайта келу

Жүгіртпе / Лента

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Парашютные системы Insider 300-S и Альфа-Аксиома

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"

Токаев: "Необходимо повысить престиж воинской службы и мотивировать молодежь на выполнение воинского долга"