Газет тарихы

1992 жылғы 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Орталық баспасөз органы – "Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана" газеті құрылған болатын. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысы және Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің Директивасы негізінде Қарулы Күштердегі ұйымдастыру-штаттық шараларына байланысты "Қазақстан сарбазы – Воин Казахстана газеті таратылды. Кейін аты "Сарбаз" деп аталды. 

11 ақпанда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университетінде әскери басылымдардың шығу тарихын зерделеу мақсатында ғалымдар мен профессорлардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті.


Басқосуда қозғалған басты мәселе ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты «Сарбаз» газетінің шығу тарихы болды.Осы отырыста баяндама оқыған Александр Рожков мырза «Сарбаз» газетінің түпкі шығу тегіне тоқталып және оған жан-жақты сипаттама берді. Александр Рожков өз баяндамасында «Қазақстандағы әскери баспасөздің тарихы 1992 жылдан емес, 1969 жылы шыққан «Боевое Знамя» және одан әрі 1929 жылы тұңғыш қазақ тілінде шыққан «Қызыл әскер» газетінен бастау алады» деген өз топшылауын жеткізді.

- 1992 жылдың 16 желтоқсанында сәрсенбі күні Алматыда орыс және қазақ тілінде «Қазақстан сарбазы» газетінің бірінші саны шықты. Бұл басылым ҚР Қорғаныс министрлігіне қарасты шыққан елдегі жалғыз әскери газет болды. Газет халықтың қорғаныс саласына деген қызығушылығын тудыра білетін, әскери саясатты зерделей алатын, әскерилерді патриоттық рухта тәрбиелейтін, әскери реформаға бейімдейтін негізгі құрал бола білді. Газеттің бірінші санында Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың: «Газет Республиканың әскери күшін, мемлекеттер арасындағы достық қарым-қатынасын айтушы негізі басылымға айналуы тиіс. Газет жастардың әскери борышын өтеуге ынтасын және олардың патриоттық рухын оятуы керек. Бұл маңызды іс» деп сөзі бар,  - деді Рожков мырза.

 

Рожков мырза өз баяндамасында «Қазақстан сарбазы» Ортаазиялық әскери округіне қарасты «Боевое знамя» газетінің базасы негізінде шығарылғандығын да айтып өтті.

- Сол кездің ресми құжаттарына қарайтын болсақ, «Қазақстан сарбазы» Ортаазиялық әскери округінің «Боевое знамя» газетінің базасында шығарылған деп көрсетілген.  Бұған қоса, жаңа басылымға ғимарат, типоргафия, тарату жүйесі берілген. Алғашқы кезде «Қазақстан сарбазы» газеті бұдан бұрынғы басылымды қайталады. Әсіресе полиграфиялық ұқсастықтар болды. Сонымен қатар, қызметкерлердің көбі «Боевое знамя» басылымынан еді. Олар: Григорий Красилов, Николай, Завьялов, Николай Мальцев, Александр Бавтуто, Василий Даньшин, Людмила Бондарцова және Орталық Азия бойынша танымал әскери фототілші Виктор Дубровченко. Бірінші редакторы подполковник Виль Рахманкулов болды. Майданда болған әскери журналистер - жазушы Әзілхан Нұршайықов және белгілі ақын Сағынғали Сейітов газетпен шығармашылық қарым-қатынас жасап тұрды.

Газеттің басшылығына подполковник Сапарғали Жағипаровтың келісімен басылымнан оң өзгерістерді байқауға болады. Газеттің бет-келбеті өзгеріп, қорғаныс саласындағы барлық жаңалықтар белсенді жазыла бастады. Әскери жаңалықтардан өзге ойын-сауықтық материалдар, ақпараттар, әңгімелер, сөзжұмбақтар беріліп тұрды. Қызметтік толықтырулар да болды. Әскери журналистердің қатарын лейтенант Сәндібай Күмісбеков, лейтенант Құдайберген Медиманов, капитан Борис Грибачев, майор Марат Нүрсейтов, майор Владимир Кульгускин, подполковник Кәкімхан Құттыбаев, қатардағы Гүлмира Тойболдина, капитан Алтынбай Дәуренбеков, Ауданбек Қуандықов және Михаил Андронов толықтырды. Газет А3 форматында аптасына екі рет шығып тұрды.   

Рожков мырза екі газеттің ұқсастығы басым болғандықтан «Қазақстан сарбазының» шығу тарихы «Боевое знамядан» бастау алады деп айтуға толық негіз бар екендігін алға тартты.

- 1969 жылы 1-ші қарашада Алматы қаласында «Боевое знамя» газеті шыққан. Бұл Ортаазиялық әскери округінің құрылуына байланысты ашылған басылым еді. Кеңес уақытында барлық округтердің өзінде басылым органдары болатын. 20 жылға жуық уақытта газет Ортаазия әскери округіндегі әскери  өмір жылнамасын жүргізіп отырды. Айтпақшы, «Боевое знамя» деген атаумен Кеңес әскері кезінде әр жылдары 20 газет шыққан. Бірақ соның ішінде ең көлемдісі әрі танымалы біздің газет болған.

Оругтің таратылуына байланысты 1989 жылы «Боевое знамя» газеті өз жұмысын тоқтатады. Газет тігіндісі Ресей Федарциясы Қорғаныс министрлігі Орталық архивіне берілді. Сонымен, әскери басылымның тарихын 1969 жылы шыққан деп бекітуге болады. «Боевое знамяның» жалғасы «Қазақстан сарбазы» деуге негіз бар. Бірақ, әскери басылымдар одан да бұрын шығып тұрды емес пе?! Ендеше, одан әрі ерте кезді қараған жөн, - деді Рожков мырза.

Александр Рожков мырзаның айтуынша 19 ғасыр жауынгерлік іс-қимылдың жиі орын алып тұрған кезі. Сол уақытта әскери басылымдар көптеп шықты. Бірқатар әскери газеттердің атауын атай келе, «Қызыл әскер» әскери газетіне баса назар аударуымызды өтінді.

- «Qьsьl әsker» («Қызыл әскер») газеті Қазақ әскери комиссариатының, кеңес қоғамдық-саяси қорғаныс ұйымының және «Еңбекшіл қазақ» баспасының апталық газеті болатын. Басылым 1929 жылдың 7-ші қарашасынан бастап, 1936 жылдың 31-ші қазанына дейін Алматыда аптасына бір рет, қазақша латын әріптерімен және кішігірім ақпараттар араб әріптерімен жазылып шықты. Басылым форматы үлкен - А0. Газет жазылу арқылы және жеке сатылымға да беріліп отырды. Газетпен Ілияс Жансүгіров, Асқар Лекеров, А.Кошимов шығармашылық қарым-қатынаста болды. Газеттің мақсаты – қорғаныс саласында жүргендерді сөзбен демеу, әскери қызметке жастарды тарту және офицерлердің әскери білімін жетілдіру еді. Газет бетінде алғашқы әскери дайындық (соның ішінде әйелдер үшін де), шетелдегі әскери  жаңалықтар, сонымен қатар, ақын-жазушылардың өлеңдері мен әңгімелері жарияланып тұрды, - деді.

Бұдан бөлек Рожков мырза газетте шыққан мақалалардың қысқаша мазмұнын тілге тиек етті. Мәселен, газетте сол уақыттың өзінде фотолар, кестелер, түрлі  қызықты суреттер жарияланғандығын және барлық мәселені қамтуға тырысқандығын, мақаланың публицистикалық стильде жазылғандығын айтты. Аталмыш газет тігіндісі бүгінде толық болмаса да, бүтін күйінде Алматыдағы ғылыми-техникалық ақпараттық орталығында сақталған. Айта кету керек, «Қызыл әскер» газетінің арқасында қазақша әскери терминдер қолданысқа енгізіле бастаған екен.


2007 жылы «Қазақстан сарбазы» газеті атауы «Сарбаз» болып өзгертілді. «Сарбаз» газеті жөнінде Александр Рожков мырза былай деді:

«Сарбаз» газеті – бұл шығарылымның жаңа түрі. Сараптай келе, біз жоғарыда аталған әскери басылымдардың тақырыптық, патриоттық және тілдік қолданыс (қазақ тілі) жағынан ұқсастығын байқаймыз. Бүгінде газет аптасына бір рет шығатын әскери-патриоттық басылым. Сонымен қатар, «Айбын» атты әскери журнал бар.

Сонымен, апталық әскери қазақ газеті «Қызыл әскерді» әскери басылымның бастауы деп айтуға болады. Шығу тегін бекіттік деп ойлаймын. 90 жылға таяу тарихы бар «Сарбаз» газетінде мыңдаған мақалалар мен фотосуреттер жарияланды. Бұдан кейін енді тіпті көбейе түспек». 
"Сарбаз" газеті №33 - 18 тамыз 2017 жыл
Жаңа нөмір

"Сарбаз" газеті №33 - 18 тамыз 2017 жыл

Жаңалықтар жүгіртпесі

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

«Қарағай» мен «Ақтерек» станциялары

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"

Инфографика: минно-тральный корабль "Алатау"